Жаңалықтар

БАРЛЫҚ НАЗАР – БIЛIМ МЕН ҒЫЛЫМҒА

ашық дереккөзі

БАРЛЫҚ НАЗАР – БIЛIМ МЕН ҒЫЛЫМҒА

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың елiмiздегi бiлiмдi, талантты жастарға деген ықыласы ерекше екенi жасырын емес. Мейлi республиканың аймақтарына iссапар кезiнде болсын, мейлi "Жас Отан" жастар қанатының құрылтайында болсын, мейлi беделдi жоғарғы оқу орнының мәжiлiс залында немесе Ақордадағы қабылдау кезiнде болсын, Елбасының жастарға бағыштаған сөзiнен қамқорлық пен шынайы тiлектестiктiң лебi анық сезiледi.

Бұл орайда, елiмiздегi бiлiмдi, талантты жастардың да Елбасыға деген ырзашылығы айрықша.

Бiлiмдi де талапты жастардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатын қолдауының өзiндiк себептерi бар. Өйткенi бұл саясат көкiрегi ояу, көзi ашық жастардың бiлiм алуға ұмтылып, ғылым iздеп, тәжiрибе жинақтауына жол ашады.

Осы орайда, Қазақстанда талапты жастарды қолдайтын бiрнеше бағдарлама бар. Олардың iшiндегi ең сүбелiсi әрi көрнектiсi – ҚР Президентiнiң халықаралық "Болашақ" стипендиясы.

Бұл стипендия туралы әркiм-ақ құлағдар. Бiзде ғана емес, әлемнiң жетекшi елдерiнде "Болашақ" бағдарламасының жай-жапсарымен танысқандар тамсанып жатады. Ендi ше, әлемнiң маңдайалды 200 университетiнiң бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламасы бойынша қазақстандық кез келген талапты жас бiлiм тереңдетiп, халықаралық диплом алуына жол ашық. Оған қоса, 100-ден аса ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тәжiрибеден өту мүмкiндiгi де қарастырылған. Былайша айтқанда, қиялы жер-жаһанды кезген талантты, бiлiмдi жасқа тосқауыл жоқ сияқты.

1994-2010 жылдары аралығында 7356 талапкер осы стипендияға ие болған екен. Жалпы, осы стипендияның арқасында жалпы саны 3000-нан астам қазақстандық түлек әлемнiң озық жоғарғы оқу орындарында оқып, жоғары дәрежелi диплом алып, елге оралды.

Бұл түлектердiң басым көпшiлiгi – қазақ жастары. Соңғы уақытта талапкерлер арасында ауыл жастарының қатары өстi. Соңғы мәлiметтерге жүгiнсек, "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсыратын талапкерлер саны жыл сайын 500-ден 1000-ға артып отырған көрiнедi.

"Болашақты" базбiреулер "VIP-стипендия" деп атайды. Шындығында, 2005 жылы Назарбаев осы стипендияны жыл сайын 3000-ға жеткiзу туралы пәрмен бергелi, "Болашақ" елiмiздегi әрбiр талапты жасқа қолжетiмдi бағдарламаға айналды. Ал шетел тiлiн жеткiлiктi түрде меңгеруге мүмкiндiгi болмаған ауыл жастарына осы бағдарлама аясында арнайы квота бөлiнген. Былайша айтқанда, жыл сайын ашық байқау түрiнде өтетiн осы бағдарламаның мүмкiндiгiн пайдаланбаған жастың ешкiмге өкпелеуге қақысы жоқ.

Шетелде бiлiм алатын жастар елдегi саяси өзгерiстерге бейғам емес. Ел көрiп, жер көрiп, пiкiр байытқан жастардың патриоттығы еселеп арта түсетiнi белгiлi жайт қой. Жыл басында Н.Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн созу туралы мәселе көтерiлгенде, "Жас Отан" жастар қанатына Қытайда бiлiм алып жүрген 4300 қазақстандық студенттiң атынан "Жас Қыран" жастар ұйымы жолдаған хат келiп түстi. Назарбаевты қолдайтындарын айтқан жастар үндеу-хатта: "Мемлекетiмiздiң қарқынды дамуы Президентiмiздiң қажырлы еңбегiнiң арқасы екенiн көрiп-бiлiп отырмыз. Әлемдiк державалар Қазақстанның даму қарқыны мен Елбасының еңбегiн жоғары бағалайды" деген.

Қазiргi таңда "Болашақтың" жабылып қалу қаупi туралы әңгiме айтылып жүр. Шындығында, талабы бар жастар бұл бағдарламаның әлi де жалғаса түскенiн қалайды.

Бiлiмiн тереңдетiп, әлемдiк жоғарғы оқу орындарында талантын ұштағысы келетiн жастар Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды.

Өйткенi "Болашақ" – Елбасының жеке бастамасы.

Назарбаевтың жастарға арналған саясатының тағы бiр жемiсi – Назарбаев мектептерi мен Астанадағы Назарбаев университетi. Әуелi Алматы мен Астана қалаларында ашылған Назарбаев атындағы интеллектуалдық мектептер бiртiндеп республиканың барлық аймақтарында ашылмақ. Жалпы саны 20-ға жететiн бұл мектептер қазақ баласын ғылым мен техникаға жастайынан баулуды қолға алмақ. Қазақтың қарадомалақ баласы қаршадайынан "бiлiмдi мыңды жығады" деген қағиданы бетке алып өспек.

Ал бұл мектептердi үздiк бiтiрiп, жастайынан талантын жарқырата танытқандарды Назарбаев университетi құшақ жая қарсы алмақ. Бұл университетте әлемнiң озық жоғарғы оқу орындарынан келген атақты профессорлар дәрiс оқиды. Оқу негiзiнен ағылшын тiлiнде. Заманауи бiлiм алу талаптарына толық сай келетiн жоғарғы оқу орнының Астанада ашылуы – қазақстандық жастардың келешекке деген сенiмiн бекiте түстi.

Бұл университетте қазiргi таңда 500 студент бiлiм алуда. Биылғы жазда тағы 1000-ға тарта студент оқуға қабылданбақ. Студенттердiң барлығы ммелекеттiк бiлiм гранты бойынша бiлiм алады. Университет басшылығы әлемнiң алдыңғы қатарлы 30 университетiмен әрiптестiк жөнiнде келiсiм жасаған.

Осы университеттiң 500 студентiнiң 100-i – қазiрдiң өзiнде "Жас Отан" жастар қанатының мүшесi. Мұның өзi бiлiмдi жастардың саяси белсендiлiгi жоғары болатынын байқатса керек.

Назарбаев университетiнде бiлiм алғысы келетiн және осы университетте оқып жүрген жастар Назарбаевтың саясатын қолдайды.

Өйткенi Назарбаев университетi – Елбасының жастарға деген қамқорлығының жемiсi.

Назарбаевтың жастарға деген қамқорлығының тағы бiр көрiнiсi – ҚР Президентi жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесi. Елбасы ғылымды реформалау, жас ғалымдарды қолдау, инновациялық экономиканы дамыту, ғылымды басқару модельдерiн жасақтауда алдыңғы қатарлы шетел тәжiрибесiн қолданып келедi. Жастарды ғылымға шақырған сөзiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: "Бiз Евразия кеңiстiгiнде ғылыми-инновациялық саланың көшбасшысы болуымыз қажет. Бүгiнде Қазақстан әлемге ашық. Сондықтан жастар экономика, ғылым және мәдениет секiлдi әралуан салаларда өз бағын сынауға бар мүмкiндiктер жасақталған". Соңғы 10 жылда ғылымның өркендеуiне жұмсалған қаражат 7 есе артқан екен. Былтырдың өзiнде ғылыми зерттеулерге бөлiнген қаржы көлемi IЖӨ-нiң 2 пайызын құрады.

Назарбаевтың жастар саясаты "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" жастар қанаты арқылы да жүзеге асып жатыр.

"Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының "Жас Отан" жастар қанаты бүгiнде 100 000-нан астам жастың басын бiрiктiрiп отыр. Осыдан 3 жыл бұрын өткен "Жас Отан" жастар құрылтайына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев: "Мемлекет ересек өмiрге қадам басқан әрбiр бозбала мен бойжеткеннiң өз қажыр-қайраты мен еңбегiнiң арқасында өздерiнiң негiзгi төрт құқығы мен мiндетiн орындауға мүмкiндiк беруi тиiс: сапалы кәсiби бiлiм алуға; жоғары жалақысы бар тұрақты жұмысқа тұруға; отбасын құру үшiн жеке баспаналы болуға; салауатты өмiр сүруге қажеттi мүмкiндiктерге ие болуға", – деген едi.

Қазiргi таңда Қазақстандағы тұрғын халықтың жалпы санының 28,7 пайызы – 14 пен 29 аралығындағы жастар. Елбасы әр кездерi айтқан сөздерiнде "болашақ қазақстандықты – бәсекеге қабiлеттi тұлғаны" тәрбиелеу жөнiнде ой айтып жүр. Болашақ қазақстандық – Президент айтпақшы, "қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiн еркiн меңгерген, әлеуметтiк жағынан белсендi, мобильдi, өзгерiстерден қорықпайтын ұрпақ".

Белсендi жастардың Елбасыны қолдайтыны Н.Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiнде бүкiлхалықтық референдум өткiзу туралы бастама көтерiлген кезде анық сезiлдi. Республиканың жер-жерiнде жастардың бастамасымен түрлi шаралар өткiзiлдi. Солардың бiрi – қаңтар айында Қостанайда өткен флеш-моб акциясы. Жастар жергiлiктi әкiмшiлiктiң алдына жиналып, "Бiз Назарбаевты қолдаймыз!", "Бiз референдумды қолдаймыз!" деген ұран көтерген.

"Нұр Отан" партиясының XIII құрылтайында сөйлеген сөзiнде Қазақстан Президентi жастар туралы ойымен бөлiстi. "Мен сiздердi қалыптасқан тұлға, бiлiктi маман, шынайы патриот кейпiнде елестетемiн. Бұл формуланы жас кезiмде мен өзiм үшiн өмiрлiк қағида ретiнде қабылдаған едiм, өмiр бойы соған сүйенiп келемiн. Ол маған ұдайы көмектесiп келдi, менiңше, бұл – әмбебап қағида", – дедi Елбасы.

Сондай-ақ Елбасы 2016 жылы бiлiм саласына бөлiнетiн қаржыны IЖӨ-ге қарағанда 5 пайызға ұлғайту жөнiнде тапсырма бердi.

Жалпы бiлiмдi, талантты, талапты жастар Нұрсұлтан Назарбаевқа болашақтың символы деп қарайды. "Нұр Отан" партиясының XIII съезiнде Назарбаев университетiнiң студентi Екатерина Пономаренко: "Бүгiнде болашақты таңдау барысында бiз – қазақстандықтардың жас ұрпағы, Сiздi таңдаймыз. Сондықтан да мен алдағы сайлау кезiнде Қазақстанның барлық жастары бiрауыздан Сiзге, өзiнiң Президентiне қолдау бiлдiретiндiгiне сенiмiм кәмiл. Бiз үшiн Сiз – кемел болшақтың және қарқынды дамушы Қазақстанның басты символысыз", – дедi.

Бiлiмдi жастар саналы түрде таңдау жасайды.

Гүлбиғаш Омарова