Жаңалықтар

ТЕҢГЕ ТАҒДЫРЫ НАУРЫЗДА ШЕШIЛМЕК

ашық дереккөзі

ТЕҢГЕ ТАҒДЫРЫ НАУРЫЗДА ШЕШIЛМЕК

ТЕҢГЕНIҢ БАСҚАРМАЛЫ КУРСЫ

"Егер қазiр Қазақстанда және сыртқы нарықта қалыптасқан жағдайды сараптап қарасақ, теңге курсының тұрақтылығы анық байқалады", – дедi Ұлттық банк басшысы Г.Марченко. 2011 жылдың бiрiншi жартыжылдығында теңгенiң қал-ахуалы қандай болмақ деген сауал кiм-кiмнiң де көкейiнде тұр. Ең алдымен Парламенттiң Жоғарғы палатасы теңге болашағына қатты алаңдаулы.

"20 наурызда теңге басқармалы еркiне жiберiледi. Бұдан кейiн пәлендей өзгерiс болмайды. Теңге тұрақты және құнсыздану қаупi жоқ. Сондықтан дәлiздi ұстап отыруға ешбiр негiз де жоқ, сол себептi Қазақстанда 2009 жылдың 4 ақпанына дейiн болған басқармалы айналымына қайта ораламыз", – деп көкейдi тескен сауалдың жауабын айтты.

Теңге тұрақтылығының сақталуын тоқтату үшiн 2011 жылдың қаңтарында Ұлттық банк 1,5 миллиард доллар сатып алды. "Мен былтыр да айтқанмын, бiз 2 миллиард доллар сатып алдық. Осы жылдың қаңтарында 1 миллиард 8 миллион доллар сатып алдық, ендi ақпанда да сатып алуды жалғастырамыз", – дедi Ұлттық банк басшысы. Оның айтуынша, Қазақстанның экспорттық тауарының көлемi мен бағасы артып тұрғанда, банк секторының қарыздары реттелсе, теңге тұрақтылығын жоғалтпайды, керiсiнше құны арта бередi. Мұндағы экспорт тауарлары – мұнай, металл мен астық.

Сондай-ақ девальвацияның болмайтыны да айқын. Әрине елдегi және елден тыс нарықта өзгерiстер орын алмаса… Естерiңiзде болса, 2009 жылдың 4 ақпанында Ұлттық банк теңгенi бұрынғы дәлiз бойынша ұстап отыруды өзгертiп, доллар бағасын 120 теңгеден 150 (-3/5) теңге деп бекiттi.

МАРЧЕНКО ЖӘНЕ СЕНАТ

Теңге. Ұлттық валюта. Инфляция. Осы тақырыптар күн санап қарапайым халық пен билiктiң ойын сан-саққа жүгiртiп, әбiгер күйге алуда. Наурыз айына жүктелген валюта дәлiзi ерекше қауiп төндiрiп отырғаны белгiлi. Дегенмен Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко жағдайды уысымызда ұстап отырмыз деп жұбату айтып келедi. Мұндай мәлiмдемеге қанағаттанбаған Парламенттiң Жоғарғы палатасы Ұлттық банк төрағасының сенатқа келiп, ауызба-ауыз түсiндiргенiн талап еткен-дi. Себебi теңгенiң тағдыры қолында тұрған мырза Сенатқа келмегенiне бақандай 3 жыл болыпты.

Сенаттың наразылығын тудырып отырғаны да осы жайт. Есеп беру немесе валюта құнының көтерiлу-құлдырауын Григорий Марченконың орынбасары ғана таныстырып отырған. Ал бұл уақытта Ұлттық банк төрағасы шетелге iссапармен кетiп, әлiптiң артын алыстан бағып отырады. "Ұлттық банк төрағасының Сенатқа келуi керек болса, дереу шетелге iссапарға шыққалы жатыр деп менi жазбаша құлақтандырады да, өз орнына орынбасардың келуiн сұрайды. Бұл үрдiске айналып барады, осылайша мiне үш жыл өтiптi", – дейдi сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлбетте, теңгенiң ертеңi мен бүгiнi бейқам қарап отыруды жақтыртпайды. Сондықтан алдын-ала қимылдау – әсте ұтымды шаруа. Бұл жағдайда сенат депутаты Ғани Қасымов нақты дәлел келтiредi. "Өткенде "Казахстанская правда" басылымына сұхбат берген Ұлттық банк төрағасы елiмiздiң ахуалының жақсы екенiн айтып, 2011 жылы болжалдық көрсеткiштер жоспарлы дәлiзбен келедi дептi. Бiрақ мұндай тәжiрибе басымыздан өткен жоқ па? Алдыңғы жылдары девальвация өткiзген соң, тұрғындар жинақ ақшасының 25 пайызын жоғалтқан-ды", – дедi депутат мырза.

Бiр қызығы Марченко мырза сенат алдына барғаннан гөрi бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа ойын жеткiзудi тәуiр көредi. “Әрбiрден соң Ұлттық банк төрағасын тағайындауға бiз келiсiм беремiз”, – дедi Ғ.Қасымов. Оның үстiне Үкiмет алдында есеп берiп, алдын алу шараларын Үкiмет қалай ұйымдастыратынын айтуын талап етiп отыр. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сылтауы көп төрағаның келмеуiн екi түрлi жорып едi: "Мұнда екi-ақ себеп бар. Ол сенаттан қорқады, болмаса сенатты бағаламайды", – дейдi. Алайда таяуда баспасөз өкiлдерiмен кездескен Г.Марченко мырза жағдайдың қалай өрбiгенiн баяндады: "Бiз қызуқандылықты қояйық та, тек фактi бойынша сөйлейiк: Мен сол кезде үкiмет комиссиясы құрамында Давоста болғанымды барлығы да жақсы бiледi. Менiң басқалардан бiр ерекшелiгiм – бұл орынға сұранып келген адам емеспiн. Мемлекеттiк қызметтен өз еркiммен үш рет кетiп қалғанымды да көпшiлiк бiледi. Сондықтан мұндай мәселе маған үрей туғыза алмайды", – деп тағы да баспасөз өкiлдерiмен кездесумен ғана шектелдi.

Ақниет ОСПАНБАЙ