Жаңалықтар

ҚАЖЫҒҰМАР ШАБДАНҰЛЫ

ашық дереккөзі

ҚАЖЫҒҰМАР ШАБДАНҰЛЫ

2011 жылы ақпанның 15-i күнi 86 жасқа қараған шағында, 40 жыл өмiрiн түрме азабында өткiзген, Қытайдағы белгiлi қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы өмiрден озды.

Қ.Шабданұлы 1925 жылы сол кездегi Семей облысы, Үржар ауданының Таңсық ауылында туған.

Қазақстанды ашаршылық жайлаған жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесiндегi Тарбағатай аймағына бас сауғалаған. 1944 жылы Үрiмжiде оқып жүрген кезiнде ұлттық азшылықтар көтерiлiсiне байланысы бар деген айыптаумен Қытай билiк орындарының қудалауымен абақтыға түскен. 1952 жылы қызмет бабымен Үрiмжi қаласына шақырылып, әуелi "Одақ" журналының, кейiн "Шұғыла" журналының бас редакторы қызметтерiн атқарған. 1958 жылы "оңшыл", "солшыл" деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айрылған ол 22 жыл бойы Такламакан шөлiндегi Тарым лагерiнде айдауда болады. 1980 жылы жазасын өтеп әрi ақталып бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсан айының отызы күнi тұтқындалып, "ұлттық дербестiктi көздейтiн "Үмiт" атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады", "шетел жансызы" деген айыптаулармен 15 жылға және бас бостандығынан айырылады. Жаза мерзiмiн Үрiмжi қаласының №1 түрмесiнде өтейдi.

Түрмеден шыққаннан кейiн өмiрiнiң соңына дейiн Қытай билiгi оны үйқамақта ұстады.

Қытай үкiметi тарапынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшiн Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде штаб-пәтерi Лондон қаласында орналасқан Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы оны "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қытайдың құзыреттi ресми орындарынан ол кiсiге байланысты әдiл тергеу мен ашық сот жүргiзуiн жүйелi түрде талап еткен.

Қарт қаламгер өзiнiң кiндiк қаны тамған жерi – Қазақстанға оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан Президентiне хат та жолдаған болатын. Арада бiрнеше жыл өткенде тағы хат жазды. Бiрақ бұл арманы орындалмай, қазақ қаламгерi ақтық демi үзiлгенше туған жерге жетудi аңсап өттi.

Қазақстанда тұңғыш рет 2009 жылы толық көлемде Алматыдағы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының "Атажұрт" баспасынан екi мың данамен жарық көрген Қажығұмар Шабданұлының "Қылмыс" романын 2010 жылы қаңтар айында Мәдени саясат және өнертану институты Қазақстанның мемлекеттiк сыйлығына ұсынған болатын. Бiрақ сыйлық тағайындайтын комиссия "бұл шығарманың Қазақстанға қатысы жоқ" дегендi көлденең тартып, оны тiзiмiнен алып тастады.

Қажығұмар Шабданұлы бүгiн, ақпанның 17-сi күнi Қытайдың Шәуешек қаласында жерленедi.