МАЙЛЫ ЕТ ТҮСКЕ ҒАНА КIРГЕЛI ТҰР
МАЙЛЫ ЕТ ТҮСКЕ ҒАНА КIРГЕЛI ТҰР
Базардағы ет өнiмдерiнiң бағасы 30 пайызға қымбаттады
Газетiмiздiң өткен сандарында ("Түркiстан" газетi, №3, "Мәсiмов ауыз жиғанша, баға басқа шығып кеттi"; №4, "Жабыны жауға мiнбеңiз, жал-құйрығы қаба деп…") мал басы мен ет өнiмдерiнiң экспорты, жалпы саудасы туралы мақалалар жарық көрген едi. Қазақстан Үкiметi мал тұқымын асылдандыру арқылы ет өнiмдерi экспортының көлемiн ұлғайтып, Ресейдiң басты тұтынушы ретiнде қарастырылып отырғаны алға қойған жоспардың ұтымды тұсы деп бағаланғаны белгiлi. Және бұл болжамдар 2013 жылдан бастап жүзеге аспақшы едi. Мiне, осы ауқымды жоспарлардан кейiн көп ұзамай Қазақстан нарығындағы ет бағасы шарықтап кеттi. Қара базардағы сұранысы көп қой, сиыр етi 30 пайызға дейiн қымбаттады.
Қазақстан нарығы ешқашан да еттен тарыққан емес. Экспорттық етке де мұқтаж емес. Қайта елiмiздегi ет саудасында еттi малдың аймағына қарай таңдау мүмкiндiгi де бар. Биылғы қымбатшылық халықтың наразылығын тудырды. Нелiктен? Жалпы қара халық жыл сайын қымбатшылықтың әйтеуiр бiр болатынына көндiккен. Бiрақ бiрден бағаның аспандап кетуi зейнетақы, жалақы, жәрдемақы, шәкiртақыға қосылған 30 пайыздың есебiнен шығарылып отыр ма? 2010 жылдың ақпан айында да дәп ет бағасында бiр серпiлiс орын алған екен.
Таяуда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында ет өнiмдерiнiң экспорты туралы ауқымды жоспарлар баса көрсетiлдi. "Аграрлық секторда еттi мал шаруашылығын дамыту жөнiнде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзiнде ет экспорты 60 мың тоннаға жетедi, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелiк несие ресурстарын бөледi", – дедi. Iле-шала ел Үкiметi бұдан былай сыртқы сауданың қамымен iшкi нарықты бiржолата ұмытатын сыңай танытып шыға келдi. Ет экспортының әлеуетi жоғары болғанмен, iшкi нарықты толық қамтамасыз етiп, бағаны тұрақты ұстау басты мiндет емес пе? Жыл басынан берi ет өнiмдерiнiң бағасы түскен жоқ. Себебi базарлардағы мерекелiк бағаны ұстап қалуға тырысқан кәсiпкерлер 2011 жылдың алғашқы жалақысын күттi. Не үшiн екенi белгiлi, әрине. Қаңтар айының өзiнде-ақ ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы Мәжит Есенбаев Үкiмет отырыстарының бiрiнде өз ойын анық айтып едi. Агенттiк төрағасының айтуынша, республика өңiрлерiндегi жекелеген азық түрлерiнiң, соның iшiнде ет пен сүт өнiмдерi бағасының көтерiлуi Астана, Алматы, Өскемен және тағы да басқа қалаларда тiркелген. Ал бағаның қандай жолмен тiркелгенiн анықтаған М.Есенбаев: "Бағаның өсуi объективтi үрдiс екендiгi түсiнiктi. Экономика өсiп, тұрғындардың сатып алу қабiлетi артуда. Бiрақ бұл бағалар қалай өсуде? Бiрқатар қалаларда орын алған ет бағасының алыпсатарлық жолмен көтерiлуi салық қызметi мен жергiлiктi полиция қызметкерлерiнiң әкiмдiктермен бiрлесiп байсалды түрде тексеру амалдарын жүргiзудi қажет етедi", – дедi. Осы тұрғыда Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң Алматы облысы және қаласы бойынша аймақтық инспекцияның мәлiмдеуiнше, ет бағасының нелiктен қымбаттағаны әлi де тексерiлiп жатыр. "Бәрiмiзге белгiлi, Алматы қаласына ет "Алтын орда" базары арқылы таратылады. Осы жерде жаңа баға қойылады. Ендi ең қиын нәрсе – еттiң "Алтын ордаға" қай жақтан келетiнi белгiсiз. Оны таппасақ, бiз бастапқы бағаны анықтай алмаймыз. Олай болса қанша алыпсатардан, қанша кәсiпкердiң қолынан өтедi, ұзақ жол ма, алыс жол ма, шығынын есептей алмаймыз. Сол себептi де бағаның қаншалықты көтерiлгенiн анықтау қиын болып отыр", – дейдi аталған агенттiктiң ұйымдастыру-құқықтық қамту бөлiмiнiң бастығы Еркiн Мағзұмбеков.
Республика бойынша облыс әкiмдерiнiң есебiнде ет пен сүт өнiмдерiнен көп нәрсе жоқ. Қор да жеткiлiктi, қамба да толы, базарды жекелеген кәсiпкерлер қамтамасыз етедi делiнедi. Бiрақ ет мол облыстардың өзiнде қысқа қарай баға қымбатшылығы лап ете қалады. Биыл да сол. Алматы облысына жан-жақтан ет әкелiнедi, тiптi Қырғызстаннан да заңсыз жолмен жеткiзiлiп тұрады. Мол еттiң орталығына айналған Алматы базарларындағы қой етi – 950, сиыр етi – 1300 теңге, жылқы етi одан да қымбат. Етсiз тамақ iшпейтiн қазақтардың қандай баға болса да, еттi сатып алатыны аян. Сонда бұдан тек кәсiпкерлер мен алыпсатарлар ғана ұта ма?
Әр қымбатшылықтан сыбыс келгенде халықтың Үкiмет жаққа үмiт артып, жаутаңдай қарайтыны белгiлi. "2011-шi жылдың басымдығы: бiздiң барлығымыз қатаң бақылауда ұстауымыз керек нәрселер – инфляция мен әлеуметтiк маңызды азық-түлiк тауарларының бағасын реттеу мәселесi болады", – дедi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов. Осыдан-ақ тауар бағасын қалай қарай реттелетiнi белгiлi болды. Көп жағдайда Үкiмет азық-түлiк жетiспеушiлiгiн, болмаса қымбатшылықты бүкiл әлем бастан кешiп жатыр деумен құтылып келдi. Иә, бұл жасырын емес, ашаршылық, қымбатшылық, су тапшылығы – БҰҰ-ның бүгiнгi таңдағы ең маңызды проблемасына айналған. БҰҰ-ның Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымының мәлiметi бойынша 2011 жылы кейбiр кедей елдерде азық-түлiк бағасы 11 пайыз, ал азық-түлiкке зәру елдерде 20 пайызға қымбаттайды екен. Ал қоян жылының соңына қарай әлем елдерiнде дәндi-дақыл 7 пайыз, яғни арпа 35 пайыз, жүгерi 12 пайыз, астық 10 пайызға азаюы мүмкiн. Сондай-ақ соңғы екi жылда бағаның өсуiн Кедендiк одаққа қарай ысыру да әдетке айналған. Кедендiк одаққа кiрген соң, сауда-саттықты реттеген соң, болмаса нарықта ортақ бағаны қалыптастырған соң… деген сияқты мәлiмдемелер құлақты жауыр еткелi қашан?!
Ақниет ОСПАНБАЙ