"МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГIЛIК ЖЫР"
"МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГIЛIК ЖЫР"
Ақиық ақын тойының дүбiрi басталып-ақ кеткендей. Жер-жерлерде ат шаптырып, бәйге берiп, ұлан-асыр тойға ұласпаса да, жоғары оқу орындарында Мұқағали Мақатаевтың туған күнi қарсаңында әдеби кештер мен кездесулер үздiксiз өткiзiлдi. Бұл поэзия сүйетiн қалың қауымның ақынға деген ерекше ықыласы мен iлтипатын танытса керек.
Күнi кеше Қазақ Мемлекеттiк Қыздар педагогикалық университетi филология факультетiнiң Алматы қаласындағы ЖОО студенттерi арасында өткiзген "Мұқағали – мәңгiлiк жыр" атты командалық байқауы – осының дәлелi. Байқаудың басты мақсаты – ақын шығармашылығын насихаттау, өлеңдерi мен әндерiн кеңiнен орындау, жастардың рухани өмiрге белсене араласуына қолдау көрсету болса, байқау өзiнiң көздеген мүддесiнен шыққан секiлдi.
Байқау негiзiнен үш талап бойынша жүзеге асырылды. Оның бiрi – "Поэзия, менiмен егiз бе едiң?" деп аталады. Ол бойынша басты талап, таңдалып алынған шығармалардың көркемдiк, идеялық қуаты, тақырып өзектiлiгi, қатысушылардың актерлiк шеберлiгi есепке алынды. Ал "Жүзден – жүйрiк, мыңнан – тұлпар" атты екiншi турда командалар сауалдарға жауап қайтарды. "Жырлайды жүрек" атты соңғы турда байқауға қатысушылар Мұқағали Мақатаев өлеңдерiне жазылған әндердi орындады.
Сонымен үш тур бойынша, бас жүлденi ҚМҚПУ-дiң "Күнғұмыр" командасы жеңiп алды. Бiрiншi жүлденi С.Демирел атындағы қазақ-түрiк университетiнiң "Муза" командасы иемденсе, екiншi жүлдеге ҚазҰУ-дың "Хантәңiрi" тобы ие болды. Үшiншi орын – "Мұзбалаққа" бұйырды.
Махаббат Әдiлханқызы