Жаңалықтар

2012: АЛМАТЫ ӘЛЕМ СПОРТШЫЛАРЫН ҚАРСЫ АЛАДЫ

ашық дереккөзі

2012: АЛМАТЫ ӘЛЕМ СПОРТШЫЛАРЫН ҚАРСЫ АЛАДЫ

VII Қысқы Азиада ойындары Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында салтанатты кешпен аяқталған болатын. Азиада – Қазақстан егемендiгiнiң жиырма жылдығына орайластырылған шаралардың алғашқысы. Сайыс барысында тартыс та, ауа-райының нашарлауы да болды. Алайда осы жағдайларға қарамастан құрлықтық ойындар жоғары деңгейде өттi.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда VII Қысқы Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсiмiне қатысты. Президент Азия ойындары елiмiздiң халықаралық өмiрiндегi iрi оқиға болғанын атап өттi. Астана мен Алматының спорттық алаңдарында 27 мемлекеттiң үздiк атлеттерi бақ сынасты. Алғаш рет 69 алтын медаль сарапқа салынды. Қазақстан осындай жоғары деңгейдегi жарысты өткiзуге қабiлеттi континенттiк елдер қатарына қосылғанын мақтанышпен айтуға болады.

– Мен бiздiң спортшылар командалық есепте тамаша нәтижелер көрсеткенiне қуаныштымын. Азиада күштiң, әдемiлiк пен мәрттiктiң нағыз салтанатына айналды. Бiз спортты бейбiтшiлiк пен достықтың мерекесiне айналдырдық! Бiздiң бәрiмiз, әр халықтың өкiлдерi, рухани бай және жомарт бола түстiк. Бiз бiр-бiрiмiздi жақсы түсiндiк. Осыны Азиаданың басты жетiстiгi деп санауға болатынына сенiмдiмiн! – дедi Елбасы. Қысқы Азия ойындарымен қимай қоштасқан Елбасы: "Ойындар бiзге керемет те ұмытылмас әсерлер сыйлады. Бұл Азиада кереметке толы болды. Баршаңызды VII Қысқы Азия ойындарының аяқталуымен құттықтаймын, менiң сiздерге: "Көрiскенше!" дегiм келедi!" – деп Азия ойындарын жабық деп жариялады. Осылайша Азиада байрағы Жапонияның Саппоро қаласына аттанды, келесi Қысқы Азия ойындары жапон аралдарында өткiзiледi. Сондай-ақ Елбасы елiмiз үшiн жақсы жаңалықтардың шет жағасын айтып өттi. Оның бiрi – 2012 жылы бенди бойынша әлем бiрiншiлiгi Алматыдағы әйгiлi "Медеу" мұз айдынында өтедi. Сүйiншi хабар жалғыз бұл емес, 2012 жылы Алматы трамплин стадионында Әлем кубогының бiрқатар сындары өткiзiлетiн болды.

Азиада қонақтары да думанды шараның ашылу және жабылу салтанатының сәттi өткенiн айтып отыр. Шаңғыдан Үндiстан ұлттық құрамасының бапкерi Джагат Тахур: "Азия ойындары өте жоғары деңгейде ұйымдасқан. Объектiлерiнiң барлығы халықаралық стандарттарға сәйкес келедi. Бiзге барлығы ұнады", – деп лебiзiн бiлдiрдi. Ал Австралиядан келген саяхатшы Анна Адамс: "Менiң ойымша, бұл – Қазақстан және оның имиджi үшiн үлкен тәжiрибе. Осы жарыстардан кейiн шетел азаматтары Қазақстанды картада танитын болады", – дедi.

Өткен ойындардың басты сенсациясы ретiнде трамплиннен секiрушi Евгений Левкин мен конькимен жүгiрушi Денис Кузинның "алтындарын" атап кеткен жөн. Конькимен жүгiру сайыстарына өте жоғары деңгейдегi спортшылар қатысқан болатын. Олардың арасында олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерi, әлем кубогының иелерi бар.

Айжан ҚҰРМАШЕВА