ЕРКЕКТЕРДI ӘЙЕЛ ЕТКЕН КИНОФИЛЬМ НЕМЕСЕ "ЭХ, ЖIГIТТЕР"
ЕРКЕКТЕРДI ӘЙЕЛ ЕТКЕН КИНОФИЛЬМ НЕМЕСЕ "ЭХ, ЖIГIТТЕР"
Қазақ киносы бiршама iлгерiлеп келедi. Кино өндiрiсiнiң дамуына қара шаңырақ "Қазақфильммен" қатар әуесқой режиссерлер де өзiндiк "үлесiн" қосуда. Сол үлестердiң салмағы қандай? Үздiк шығып, көрерменнiң көзайымына айналар ма, жоқ па, бұл туралы пiкiрлер сан алуан.
Бұл күнде режиссер атанып, кино түсiру сәнге айналғандай. Олай дейтiнiмiз, соңғы кездерi әншi де, актер де, кәсiпкер де, тiптi аспаздар да кино саласын өзiндiк бизнеске балап жүр. Қолыңда камераң, қалтаңда ақшаң, ойыңда қандай да бiр сценарийiң болса, режиссер атану әсте қиындық тудырмайтын сияқты. Бiрақ режиссерлiк кәсiптен хабары жоқ жандардың түсiрген кинофильмдерi қазақты мазақ етiп, келiндердi масқаралаудан, "Ойпырмай" дегiзiп, қазақ жанұясын жұпыны етiп көрсетуден арыға бара алмай отыр. Барыс жылында экранға шыққан "Қайрат чемпион немесе пәк жiгiт №1" киносы да бiраз дау тудырғаны есте. Жiгiттердi масқаралаған аталмыш кинофильм халық қалаулыларының шамына тиген-дi. Ел ағалары фильмдi сынның астына алып жатқанда, жастардың көбi фильмдi көруге ынтық боп, кинотеатрларға асықты. Ең сорақысы, Қайрат есiмдi қазақ жiгiтiнiң өзге жiгiттерден "артықшылығын" баяндаған кинотуынды көрермендердiң пiкiрi бойынша, 2010 жылдың үздiк фильмдерiнiң бiрiне айналыпты. Бұған қоса Еркiн Рақышев қазақ жұртын масқаралаған "Борат" кинотуындысына қарсы жауап ретiнде "Менiң ағам – Борат" атты жаңа кинофильмдi түсiргенiн айтып, сүйiншi сұрады халықтан. Тiптi әуесқой режиссердiң кинолентасы мұхиттың ар жағындағы жұртшылықты да елең еткiздi деседi. Еркiн Рақышев өзiнiң ерекше туындысы туралы әлемнiң мүйiзi қарағайдай беделдi басылымдарына сұхбат берiп те үлгергенi мәлiм. Барыс жылы киноөндiрiсiмiзге елеулi үлес қосты деуге ауыз бармайды. Жеңiл күлкi, мәнсiз сценарийлер басымдау түскен сияқты. Ал қоян жылының наурыз айында "Күлкi керуенi" әзiл-оспақ театрының актрисасы Гүлжан Қалыбаева "Эх, жiгiттер" атты тырнақалды туындысын киносүйер қауымға ұсынбақшы. Бұрынғы актриса, жаңа режиссердiң алғашқы туындысын көру үшiн "Цезарь" кинотеатрына жиналдық.
Комедиялық жанрда түсiрiлген фильмнiң сценарийiн Гүлжан Қалыбаеваның өзi жазыпты. Кинолентаның желiсi бойынша үйлi-баранды төрт жiгiт демалып жүрiп кенеттен басқа әлемге енедi. Бұл – матриархат әлемi. Киноның жалпы шарықтау шегi дәл осы тұстан бастау алады. Әйелдер билiк құратын әлемде отбасының тiрегi һәм асыраушысы – ер адам емес, әйелдер. Бәрi де ханымдардың қалауымен жүргiзiледi. Мейрамханаларда әйелдер емес, еркектер қызмет көрсетедi. Сыраханада әйелдер отырып, күйеулерiн қалай жәбiрлейтiнiн талқылайды, сот та – әйел, жол полицейi де – әйел, құрылысшы да – әйел, үйлену туралы ұсынысты еркек емес, әйел бiлдiредi, еркек әйелге емес, әйел еркекке гүл бередi. Ол ол ма, матриархат әлемiнде әйелдер бiрнеше күйеуге шығуға құқылы. Бiр сөзбен айтқанда, әйелдiң қызметiн еркек, еркектiң қызметiн әйел атқарады. Ал еркектер сәйкесiнше әйел атқаратын тiрлiктi мойнына алып, отбасы – ошақ қасынан орын алады. Бiр қарағанда комедиялық жанрда түсiрiлгендiктен фильмдегi бұл фарстың ешбiр ағаттығы жоқ сияқты. Бiрақ қызықтың көкесi әлi алда. Өзге әлемге енген төрт дос бiр күнде кiр жуып, үй тазалап, бала-шағаны бағып-қағып, теледидардың алдына жайғасады. Үндi фильмiн көрiп, күнұзаққа сұлу тәнiн сақтаудың амал-айласын ойлап отырады. Ал олардың әйелдерi сыра iшiп, темекi тартып, сауналарды жағалайды. Фильмде әйел қалпына енген еркектер беттерiне опа-далап жағып, әйелдерше майысып, шығыс билерiне қатысады, араққа лықа тойып келген әйелдерiнен күнде зәбiр көрiп, көз жасы көлге айналады. Ал әйелдер жағы былапыт сөздер айтып, үйiне мас күйiнде түнделетiп келедi, бокс көрiп, бiр-бiрiн "бабы" деп атайды. Киноның соңында мұның бәрi төрт жiгiттiң көрген түсi боп шығады. Көрген түстен секем алған төрт жiгiт әйелдi құрметтеу керектiгiн түсiнедi.
Екi жылдай түсiрiлген фильм қазақ және орыс тiлдерiне дубляжданған, тiптi ағылшын тiлiндегi субтитры да бар. Режиссер бұл туындысын әлемдiк байқауларға қатыстыруды жоспарлайтын сияқты. Айтпақшы, кинотуындыда басты кейiпкерлердiң бiрiн көпшiлiкке Күлпаш образымен танылған, "Шымкент-шоу" әзiл-оспақ театрының актерi – Берiк Тұрсынбеков сомдайды. Берiк өзiнiң ойынына онша риза емес секiлдi. "Шынымды айтсам, киноның қандай болатынын бiлмедiм. Бүгiн алғаш көрiп отырмын. Кей тұстарда өзiме көңiлiм толмайды. Әсiресе матриархат әлемiндегi ойыныма", – дедi Тұрсынбеков ағынан жарылып. Сондай-ақ фильмде Лермонтов атындағы орыс драма театрларының актерi Андрей Кочинов, өзбекстандық актер Вячеслав Цзю сияқты актерлер де бар. Әдетте кинофильмдердегi актерлердiң ойынына көңiлiмiз толмаушы едi. Бұл жолы ер адамдарға әйелдiң рөлiн, ал әйелдерге еркектiң рөлiн ойнау ұнаған-ау шамасы, киноәртiстерiмiздiң ойыны әжептәуiр сияқты.
Кино – адамға эстетикалық ләззат сыйлайтын көркем туынды. Яғни фильмдi тамашалаған көрермен одан белгiлi бiр тәлiм-тәрбие алып, ой түю керек. Фильмдi көрiп отырып, бiр сәт бойымызды жиiркенiш сезiмi билегенiн жасырмаймыз. Қара күштiң иесi, отбасының асыраушысы, әйелдiң тiрегi саналар ер адамның әйел киiмiн киiп, әйел затының алдында боз-боран жылап, ұятты жерлерiн көрсетiп, бөкселерiн бұраңдатуы, мүсәпiр халдi бастан кешiруi көзге түрпiдей тидi. Ал нәзiктiк пен пәктiктiң символы атанған әйел қауымының саунаға кiрiп, темекiнiң буын будақтатып, күнi-түнi iшiмдiк iшiп, бiр-бiрiне бейәдеп қылық танытқандарын көргенде iштей ызаланып, ұялдық та. Тiптi кинозалда отырған ер адамдар ұяттан жерге кiрер тесiк таппағандай болған. Егер режиссер көрерменнiң бойында әйелдiң еркекке, еркектiң әйелге деген жиiркенiш сезiмiн тудырғысы келсе, онда фильм өзiн-өзi толықтай ақтайды. Ал егер көрерменге ой тастағысы келсе, онда фильм сәттi шықты деу әсте қиын. "Ер адамды мұншама масқаралау қаншалықты қажет?" деген сұрақ санада қылаң бердi. Бұл сұрағымызға Гүлжан Қалыбаева: "Мен ел iшiн көп аралаймын. Гастрольдерде жүрiп әйел затының басынан өткен түрлi жағдайлар туралы естiдiм. Әйелiн ұрып, өзiнен төмен санайтын еркектер баршылық қой", – деп жауап қатты. Режиссердiң жауабынан фильм еркектердi ойландыру мақсатында түсiрiлдi деп түйдiк бiз. Алайда "Эх, жiгiттерде" тек қана ер адамдар ғана емес, әйелдер қауымы да басқа кейiпке енедi ғой. Сонда режиссер кiмдi ойландырғысы келдi? Жалпы еркектердi масқаралап, әйелдiң табанының астына салғаннан режиссер не ұтты? Ер адамдар әйелдерiне сыра iшкiзiп, сауна жағалаттырса, өздерi опа-далап жағып, шығыс биiне әуестенсе, арагiдiк әйелдерi ерлерiн ұрып тұрса, еркеккiндiктiлер әйелдiң қоғамдағы орнын терең түсiнедi деп ойлай ма режиссер? Ер адамдарды дәл осы жолмен ойландыра аламыз ба? Бұрын-соңды құлағымыз шалмаған "қызтеке" деген атау қоғамда белең алып, онымен күресу үшiн жiгiттердiң бойында ер адамға тән қасиеттердi барынша тәрбиелеудi қолға алған мына заманда "Эх, жiгiттер" сияқты утопиялық фильмдi көпшiлiктiң назарына ұсыну қаншалықты дұрыс? Онсыз да Батыстың осы iспеттес фильмдерi көгiлдiр экранды жаулап, санамызды улап жатыр. Комедия жанрының хас шеберi Роб Шнайдердiң "Цыпочка" кинофильмi, Гоша Куценко мен Кристина Орбакайте ойнайтын ресейлiк "Любовь – морковь" кинотуындысы қалың бұқараның назарына сан рет ұсынылды. Мұндай фильмдердi жаппай көрсету әйелше киiнген еркек, еркекше мiнез танытқан әйелдерiмiздiң көбеюiне әкелген жоқ па?
Әрине кино түсiру – оңай шаруа емес. Гүлжан Қалыбаеваның өзi "Кино түсiру қиын. Тiптi мұндай қиыншылықты қас жауыма да тiлемес едiм", – деген едi. Бәлкiм осы кинофильмдi түсiруге жiберген күш пен қаражатты мағынасы терең, айтар ойы бар фильмдi түсiруге жұмсаған жөн бе едi? Әйелдiң қоғамда, отбасында алар орнын көрсету үшiн басқа жанрда, басқалай мағынадағы фильм түсiрген жөн шығар, шамасы. Бұл – әрине бiздiң жеке пiкiрiмiз. Ал көрермен 3 наурыздан бастап елiмiздiң барлық кинотеатрларында көрсетiлетiн "Эх, жiгiттер" фильмiнен соң өзгеше ой түйер бәлкiм, кiм бiлсiн?!
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ