Жаңалықтар

ЖҮРСIН, СЕН КIМСIҢ?

ашық дереккөзі

ЖҮРСIН, СЕН КIМСIҢ?

Жүрсiн дос! Сен туралы есiлген жiбектей эссе жазғым кеп, қолыма қалам алдым. Бiрақ кiдiрдiм. Мүдiрдiм. "Неге?" дейсiң ғой. Замандасыңның, қаламдасыңның қадiр-қасиетiн тәспiдей тiзiп тәптiштегенмен, бүкiл болмысың бiр мақалаға сия қоя ма? Сыймайды-ау. Сен сегiз қырлы жiгiтке жатпайсың. Қырың көп. Сырың көп. Қай қырыңнан келерiмдi бiлмей "тупикте" тұрған пойыздай жылжымай қойғаным рас. Әйгiлi классик Марк Твеннен шәкiртi "Сiз қалай жазасыз?" деп сұраса, ол ойланбастан "Жазудан оңай нәрсе жоқ. Қолыңа қалам, қағазыңды аласың да, ойыңа не түссе, соны сүйкей бересiң. Бiрақ сорақысы сол – сорғалаған ойды басыңа келтiру қиын" деп әзiлдесе керек. Сен – тарау-тарау жолы бар талантты қаламгерсiң. Менiң қиналғаным – тоғыз тарау, тоқсан орау жолыңның қайсысына түсерiмдi бiлмей, iз кескен аңшыдай аңырдым.

Он бестегi жасым-ай,

Жарда ойнаған лақтай.

Жиырмадағы жасым-ай,

Көлге бiткен құрақтай.

Отыздағы жасым-ай,

Таудан аққан бұлақтай.

Қырық деген жасыңыз

Қырымдағыға көз салып,

Байлаулы тұрған құр аттай.

Елу деген жасыңыз,

Қайта көшкен ел екен.

Алпыс деген жасыңыз,

Қоңыр салқын күн екен…

Бұл – жетi ғасыр жырлап өткен аузы дуалы ата-бабаларымыздың артына қалдырған алқынды жырынан үзiндi. Ата сақалың аузыңа түсiп, алпысқа келген сен де осы өлеңдегiдей өмiр сүрiп, баянды ғұмырыңды бастан кешiрдiң. "Тоқта, ботам, атаң келедi артыңда" (Мұқағали) дейтiндей, артыңа қарайлаған жеткiншектерге Ата болып анадайдан көрiнесiң. Қызғалдақ, Дархан, Ардақтай алақанға салып, аялап өсiрген ошақтың үш бұтындай ұрпағыңнан он бiр немере сүйiп отырсың. Құдай қаласа, шөберенiң қолынан май жалайтын күн де таяу. Ата болмағанда нең қалды, Жүрсiн-ау! "Неғұрлым ертерек iшсең, соғұрлым ертерек мас боласың" деп жарықтық Шәкең, Шәмшi Қалдаяқов ағамыздың кекеп айтқан кердерi сөзiне арқа сүйесек, сен махаббатқа ертерек мас болған жiгiтсiң. Ажарына ақылы сай Бақытжамал аруды шашын тарап үлгермей шаңырағыңа келiн қылып түсiрдiң. Сен сонда неше жастасың? "Жарда ойнаған лақтай" он жетiде едiң. Мектептiң "аттестатынан" бұрын Бақытжамалды алған жоқсың ба? Мiне, махабббатқа мас болудың алғашқы нышаны. Бiрақ мен сенiң үйлену тойыңа қатысып, ақ тiлегiмдi айта алмадым. Қалай айтам? Бiз бiр-бiрiмiздi танымаймыз ғой. Сен – Ұлытаудың Қарақұмындасың, мен – Қаратаудың күнгейiндегi Қызылқұмындамын.

"Ұлытауым, ұлығым,

Ұлтым менiң,

Ұран iлер басыңа бұлт iлмегiн.

Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,

Бауыры бүтiн бар дейсiң бұл күнде кiм,

Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менiң!" – деп кейiндеу жазған азаматтық поэзияның iргетасын құйып жүрген кезiң. Алда-жалда отау құрған ордалы тойыңның үстiнен шыға қалғанымда, кавказдықтар секiлдi сол дәуiрдегi советтiк салт бойынша шолақ орысшаммен былайша "тост" көтерер ем: "Ночь. Луна. Он. Она. Он сказал "Да!". Она сказала "Нет!". Прошли года. Ночь. Луна. Он. Она… Она сказала "Да!". Он сказал "Да!". Но возможности уже были не те. Поздно. Так выпьем же за своевременность! Выпьем за своевременную любовь молодого поэта Журсина Ерманова!"

Бiр қызығы, сенiң ұлың да, қызың да Ата жолын қуып, он жетi жастарында отау құрды. "Азаматтың қосы оңбай, iсi оңбайды" дейдi ғой. Қосың да оңып, iсiң де оңып, Алматыдағы КазПИ-дiң тiл-әдебиет факультетiне кеп түстiң. Мен сол жылы (1968 ж) КазГУ-дiң журналистика факультетiне қабылдандым. Елп еткенге елеңдеп жүрген кезiмiз емес пе!

КазПИ-де "Мен мамандықты не үшiн таңдадым?" деген тақырыпта диспут, пiкiр-сайыс өтетiнiн естiп, бiраз студент соған ағылдық. Ағынан жарылып, сан-салалы жастардың арасынан саңылау тауып, мiнбеге көтерiлдiм де, қыңыр сөйледiм. "Мен әкемнiң аты тасқа басылып, тарихта қалу үшiн журналист мамандығын қаладым" дедiм. Сен сол сәтте мiнбеге атып шығып, менiң быт-шытымды шығардың. Коммунизмнiң моральдық кодексi шеңберiнде теориялық ой-пiкiрiңдi саралай келiп, "Осындай жiгiттердiң КазГУ-де оқып жүргенiне таң қалам!" дедiң. Жұрт алдыңнан арқан керiп әрең тоқтатты. Кейiн аңғардым, сөйтсем сен курсыңның "старостасы" яғни қоңыраулы қошқары болып, студенттер пiкiр-сайысын ұйымдастырған екенсiң. Мен сияқты "осалдардың" орнын толтыру үшiн маған ерегiсiп, оқып жүрген оқуыңды тастадың да, келесi жылы КазГУ-дiң журналистика факультетiне артымнан қуып кеп түстiң. Ал содан не ұттың? Бiр курс кейiн бiтiрдiң. Оқуыңды тастағаныңа осы күнге дейiн өкiнесiң. Бұдан төрт-бес жыл бұрын "Сенiң сөзiңе жынданып, КазПИ-ден бекер кеттiм. Оны бiтiргенiмде осы күнi ғылым докторы, профессор, академик атанып, бiр университеттiң ректоры боп отыратын ем-ау!" – дедiң жастық шақты еске алып. Сол кезде Елбасының пәрменiмен Қазақстандағы алты-жетi жоғарғы оқу орындарының ректорларын бiрден босатқан болатын. Мен айттым:

– Ей, Жүрсiн дос, сен маған рахмет айт. Ректор болуын боларсың-ау… Бiрақ сол орнынан алынған ректорлардың iшiнде сен де кететiн ең ғой. Абыройың бар екен, атың шықпай аман қалдың. Қазiр кiмсiң? Жүрсiнсiң! Ақындар университетiнiң ешқандай бұйрықсыз бекiтiлген ректорысың. Сенi ешкiм орныңнан алып тастай алмайды! – дедiм әзiлге жығып.

Күлдiң. Риясыз күлдiң. Мойындап күлдiң. Расында да айтыс арқылы алты Алаштың аузына iлiнген ақын жiгiттерiмiздiң атын атап, түсiн түстемегеннiң өзiнде, кешегi Сара мен Ұлбикенiң үрдiсiн жалғастырған қаншама ақын қыздарымыз қауызын жарған гүлдей қаптап шықты. Бағын ашқан кiм? Айтыс. "Босағада тұрғызбай, төрге ұмтылдырған" (Қасым Аманжолов) ақындар айтысы. Олар кiмдер дейсiз ғой? Тәушен Әбуова, Надежда Лушникова, Әсия Беркенова, Шолпан Қыдырниязова, Әселхан Қалыбекова, Жамиға Қарасаева, Фапиза Мұштанова, Ханша Райсова, Лена Әбдiқалықова, Әлфия Орманшина, Жадыра Құтжанова, Айгүл Түсiпбекова, Алтынкүл Қасымбекова, Ақмарал Леубаева, Айнұр Тұрсынбаева, Карима Оралова, Құралай Камалиева, Анар Жаппарқұлова, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова, Жiбек Болтанова, Назгүл Кәрiмова, Жаңылсын Тәуiшова, Қарлығаш Әубәкiрова, Айсәуле Бейсенхан, Аякөз Серiкқазы, Жансая, Күмiсай, Салтанат… Көрдiң бе, Жүрсiн, сен ақындар университетiнiң ғана емес, ақын қыздардың, яғни "ЖенПИ"-дiң де ректорысың. Айта қойшы, айналайын, "екi оқу орнын" бiрдей басқарып тұрған сенен басқа қай ректор бар?

"Жылы орнымнан жылжытты" деп, сен маған өкпелеме. Мақұл, КазПИ-дi бiтiрсең, диссертация қорғарсың. Филология ғылымының докторы боларсың! Одан елге не пайда? Орыстың бiр жас ғалымы 1964 жылы "Н.С.Хрущевтiң коммунизм құрудағы жетекшiлiк ролi" деген тақырыпта кандидаттық диссертация жаза бастағанда, жарықтық Никита Сергеевич күзге жетпей, орнынан босады. Тақтан тайды. Бейбақ ғалым қатты қамығып, қайтадан тақырып iздеген. Сен де тақырыптан тақырып iздеп жүрiп, доктор болмай кетуiң мүмкiн ғой. Қазiр шүкiр, өзiң диссертацияның тақырыбына айналдың.

Бейнелi әңгiмеге бетiңдi бұр, Жүрсiн-ау. Мемлекеттi қалай басқаруға болады? Бұл сауалға ежелгi Қытай данышпаны Конфуций үш тұжырыммен жауап қайырған.

1. Мемлекетке жеткiлiктi азық-түлiк болсын.

2. Қару-жарақпен қамтамасыз етiлсiн.

3. Халық өз патшасына сенетiн болсын.

– Егер осы үшеуiнiң бiреуiн қысқартуға тура келсе ше?

– Онда қару-жарақты шектеу керек.

– Ал қалған екеуiнiң бiреуiн қысқартуға мәжбүрлесе ше?

– Ендеше азық-түлiктi алып тастаған жөн. Себебi ас-ауқатсыз ашығып қиналғаныңмен, патшаға сенiм болмаса, ол ел мемлекет болып көгертпейдi.

Ақындар айтысы да айдарлы мемлекет сияқты. Неге?

1. Өзектi талдырмайтын өнер жанашырлары – Өмiрзақ Сәрсенов, Амангелдi Ермегияев, Иманғали Тасмағамбетов, Серiк Үмбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұртай Сабильянов, Дәулет Тұрлыханов секiлдi демеушiлер айтыстың "азық-түлiгiн" қамтамасыз етiп жүр.

2. Айтыс ақындарының қаһарлы сөздерi қару-жарақтан кем бе?!

3. Ақындар айтысындай айдарлы мемлекеттiң айбарлы патшасы кiм? Жүрсiн Ерман! Ең бастысы – елдiң сенiмi мен ықыласына иесiң. Ұрпақтан ұрпаққа мұра боп жалғасып келе жатқан айтыс өнерiн өркендету үшiн отқа да түстiң – жанбадың, суға да түстiң – батпадың. Баяғының батырындай күн кештiң. Әу баста ақын ретiнде танытқан поэзияңа да қайырылмай кеткен қайран күндерiң аз болған жоқ.

Бiр күнiңнен аумайды бiр күнiмiз,

Жамалатын түрi жоқ жыртығымыз.

Саңырауға беретiн сәлемдей-ақ

Кiмге дәрi осы өлең шiркiнiңiз? – деп терiс бұрылғанда өзiңдi емес, әдебиетке әрiден қараған оқырмандарға налыдың.

Аз түскен жоқ шығармын отқа, сiрә,

Соғайын, болмас ендi соқпасыма.

Мен саған қайтып келдiм, қалқам, Муза,

Серiдей қайта оралған отбасына! – деп, поэзия рухына басыңды идiң. Бүгiнгi заманда шөптi де, шөңгенi де өлеңдетiп, том-том кiтап шығару машинаға мiнiп-түскендей оңай шаруа. Абай атамның бүкiл өлеңiн жиғанда, бiр томнан аспайды. Мұқағалидың күллi дүниесi де сол көлемде. Ақын Қуандық Шаңғытбаевтың "Ар" деген алғашқы кiтабынан кейiн екiншi жинағы 27 жылдан кейiн жарық көрген. Өлең таппай қалғаннан ба? Жоқ! Поэзияға құдiреттей жүгiнгеннен, сезiм тазалығынан. Ақын құрдасым Серiк Ақсұңқарұлының бiрауыз пiкiрiне құлақ түрейiкшi. "Жүрсiннiң өте талғампаз ақын екендiгi соншалық – осыдан үш жыл бұрын "Таңдамалы 70 өлең" деген кiтап шығарды. Мысалы осы 70 өлеңдi мен халтурщиктердiң 70 томына айырбастамас едiм".

Жүрсiн досым-ау, сенi Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның еңбегi сiңген қайраткерi" деп бағалады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин "Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екi мәрте иегерi" деп құрметпен қарады. Iрiлi-ұсақты атақ-даңқың мен атқа мiнген абыройлы қызметтерiң бiр төбе. Осындайда еске түседi. Немiстiң ұлы ақыны Гете бес рет министр, оның iшiнде екi мәрте Қорғаныс министрi болған. Әйгiлi Сүлеймен Демирель алты рет Премьер-министрдiң тағына отырып, ақыр соңында Түркия президентiнiң антын қабылдаған. Димаш аға Қонаев бiр орынға екi рет келген. Сен ше? "Қазақстан" телерадио корпорациясының құзырындағы Бас директор, Бас редактор секiлдi уәзiрлiк жұмыстарға қанша рет келiп, қанша рет кеттiң? "Қазақ радиосына" арнаған ақындық сезiмiңдi ақжарма өлеңмен ақтарғаның да есiмде.

Сен ғарышта, аспанда, ауадасың…

Дауысыңа дүние дауаласын.

Көктен үнiң құйылған күндiз-түнi,

Көрiнбес Адам ата, Хауа-Анасың.

Қай толқынды эфирде бұрады иең,

Сенсiз мылқау секiлдi, сiрә дүниең.

Ата-анамның даусындай аяулысың

Ей, менiң қазақы ұлттық радиом!

Профессор, академик Тұрсынбек Кәкiшев "күнi бүгiнге дейiн айтыстың отымен кiрiп, күлiмен шығып жүргенiңе" ризашылығын бiлдiрiп, сенiң төзiмдiлiгiңнiң арқасында "ұлтымыздың ең бiр қызық та өткiр өнерi өзiнiң шырқау биiгiне көтерiлiп келе жатқанына" қуанды. Ұлттық Ғылым Академиясының академигi Серiк Қирабаев "Киiс көрген керзi етiктiң шұлығындай тозып барам" секiлдi дүниелерiңе назар аударып, "Ақын қайғысы – халық қайғысы", – дедi. Профессор, академик Рымғали Нұрғали "Ескi өнердi қалпына келтiрген реставратор, жаңа дәуiрге лайықталған реформатор екендiгiн бүгiн айтпағанда қашан айтамыз?" десе, ақын ағамыз Сәкен Иманасов: "Әр өлеңi қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр", – дедi. Темiрхан Медетбек "Тастақ жердегi тұлпардың тұяғындай – нақ, сағаттың соғысындай – дәл" деп көрсеттi.

Тұманбай ағам бұдан жиырма жыл бұрын "Өтiрiк күрсiну, өтiрiк мұңаю, өтiрiк шаттану, өтiрiк жылау – ақындық өнердiң қас жауы", – дедi. "Дарынды, ақылды туған бiр дарамыз", – деп сенi меңзедi. Бiлген ғой.

Оралдық шәкiртiң Бауыржан Халиолла сенi "қыпшақтың қайқы қылышына" теңедi. Замандас досың Нұртiлеу Иманғалиұлы "Жүрсiн, сен кiмсiң?! Бiлмегендер бiлсiн…" деп өлеңдеттi. Ақын iнiң Ұлықбек Есдәулет секiлдi "достарың кейде көбейiп, кейде азайып" тұрды. Өмiр ғой… Сәл-пәл шегiнiс жасайын. Елу жасқа толғаныңда мен де сен туралы себезгiлеген жаңбырдай эпиграмма жазып, өз ойымды өлеңмен жеткiзуге тырыстым. Сен 1945 жылдың сәуiр айындағы Берлин секiлдi көрiндiң. Берлиндi жаулап алу үшiн Сталин соғыстың қандай "тактикасын" қолданғанын бiлесiң ғой. Берлинге бержағынан емес, аржағынан яғни ту сыртынан тұтқиылдан шабуыл жасаған. Мен де сөйттiм. Құдай қосқан қосағың Бақытжамалға деген iшкi сезiмiң мен иiрiмiңдi өз тiлiңмен өрнектедiм. Саған түрiк жұмбағын жасырайын: "Бәрiмiзде бар! Менде де бар, сенде де бар, бiрақ әйелдер ғана күйеуiнiкiн пайдалана алатын нәрсе не?" Ал тапқыш болсаң, тауып көр. Бас қатырып қайтесiң, ойланбай-ақ қой, шешуiн өзiм айтайын. Бұл жұмбақтың шешуi – "Фамилия". Бақытжамал сенiң фамилияңа дейiн жаулап алған жоқ па?

"Бабы күштi ақынның басына бақ боп қонған бәйбiшесi Бақытжамал Ерманова туралы баллада немесе Жүрсiн Ермановтың Жүрек сыры" деп аталатын салақұлаш өлеңiмнен үзiндi келтiрейiн.

Айналайын ақ құсым,

Балапандай баптадым.

Басқа қонған бақпысың,

Аққуымдай аппағым!..

Гитарадай мүсiндi,

Пернедегi әнiмсiң.

Жанбай тұрған iсiмдi

Жандыратын жалынсың.

Аспандағы айымсың,

Кейде сенi "Нұр!" десем…

Бiрде – бишi қайыңсың,

Бәйтерексiң – бiрде сен.

Ұйықтағанда – патшамсың,

Оянғанда – уәзiрiм.

Кассадағы – ақшамсың,

Картадағы – көзiрiм.

Өлеңдегi – лиригiм,

Айтыстағы – ақыным.

Алынбаған сыйлығым,

Жарылмаған атомым.

Бақшадағы – өрiгiм,

Жұпар иiсiн жұтамын.

Ғасырдағы – қорығым,

Менiң "Қызыл кiтабым".

Берекедей сезiнем,

Беделiм мен бет-арым.

Жұртбаевтай – шежiрем,

Омашевтай – деканым.

Таптың қыз бен ұлды да,

Ғұмырымсың жалғасқан.

Айтовтай сұңғыла,

Майтановтай – марғасқам.

Саясатта – тiрегiм,

Парламенттей сөзiмсiң.

Кандидаттың бiрi едiң,

Депутатым – өзiңсiң.

Шығарасың заңыңды

Шыр-пыр болып ей, жаным.

Шығарады жанымды,

Шырылдатып кей заңың.

Шымырланып ширықтым,

Одан сайын ұштадың.

Аюындай цирктiң

Менi үйретiп ұстадың.

Кәмпит берiп, қамшылап

"Алэ-оп!" деп билеттiң.

Айналамыз – аншлаг,

Дос жиюды үйреттiң…

Мен бұл өлеңдi Тұрсын Жұртбай, Намазалы Омашұлы, Несiпбек Айтұлы, Бақытжан Майтанов секiлдi майталман курстастарыңның мерейiн өсiре отырып, ердiң жасы елуге толғаныңда жазған едiм. Қазiр ойласам, бiр жерден қате кетiппiн. "Қай тұстан?" дейсiз бе? "Жүрсiн парктегi аю секiлдi. "Алэ-оп!" десең айтқаныңа көнiп, билейдi" деген өз пiкiрiме өзiм қарсы шығам. Сiрә, көпшiк қойып көсiлте салғанмын ғой. Жақында сенiң мерейтойыңа байланысты "Алаш айнасы" газетiне берген сұхбатымда ағымнан жарылдым. Сол пiкiрiм мынау: "Егер әдебиеттi циркке теңесең, ондағы барлық хайуанаттар адамның айтқанына көнедi, айдағанына жүредi. Бүкiл жан-жануардың iшiнде тек қасқыр ғана циркке бағынбайды екен. Менiң досым Жүрсiн Ерманов әдебиеттегi қасқыр сияқты. Оны үйрете алмайсың, таяқтың үстiнен секiрте алмайсың. Ол – өзiндiк мiнезi, өзiндiк қаны бар қаламгер". Осы пiкiрiм – пiкiр. Ендi айнымаймын.

Жүрсiн дос!

Сен iскерсiң. Мектепте оқып жүргенiмiзде "Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейдi" деген қағиданы құлағымызға құйып өстiк қой. Сен осы қағиданы жоққа шығарған жiгiтсiң. Қалай? Сен – жоқ нәрсенi жонып, бар жасайтын қабiлеттi қаламгерсiң. Сол қасиетiң туралы мынандай пародия жазғам:

"Кәнiгi кәсiпкер, әйгiлi меценат Өмiрзақ Сәрсенов демеушiлер жөнiнде күй шығарған өнерпаздарға бәйге жарияласа, қай өнерпаз қайтер едi? Бәлкiм, қоңыр домбырасын қолына ұстап Қоразбайдың Алтынбегi елден бұрын жетер ме едi? Алда-жалда қара көрсетсе:

– Өмеке, өзiңiзге мәлiм, алты Алаштың аузында жүрген "Үшқоңыр", "Сарыарқа" деген әндерiмнiң сөзiн жазған Елбасының өзi! – дейдi Алтекең арқаланып. – Одан бұрынырақ Заманбек Нұрқадiловтiң "Өмiр де өмiр, өмiр-ай!" деген өлеңiне ән шығардым. Мақпал орындады. Ендi сiз туралы "Демеуқожа" деген күй шығарам, Өмеке!

– Қанша сұрайсың?

– Бес мың доллар! Бiр мыңын өзiм алам, бiр мыңын бала-шағама берем, үш мыңын есеп-шотыма салып қоям.

Серiлердiң соңғы тұяғындай Секен Тұрысбеков:

– Өмеке, – дейдi алыстан орағыта, – баяғыда бiреу аққулардың қанатын қырқып жатса, "Әй, мұның не?" дейдi көршiсi көрiп. Сөйтсе әлгi әпендi айтыпты:

– Ұшып кетпесiн деп қырқып жатырмын!

Сонда көршiсi:

– Айналайын-ау, қанатын қайшыламай-ақ, аққудың алдына жем шашып тұрсаң, өзi-ақ ұшпайды ғой! – деген екен.

Сол айтқандай, Өмеке, сiз қаншама аққуға қанат қақтырдыңыз. Анаңызға арнап "Ақжүнiс" деген күй шығарсам, ендi сiзге "Демеу толқыны" деген күй арнаймын.

– Қанша сұрайсың?

– Он мың доллар! Бес мыңын өзiм алам, үш мыңын бала-шағама ұстатам. Екi мыңы – есеп-шотыма. Бiттi!

Домбырасын шертпей, жүйрiктерiн ертпей Жүрсiн Ерман келедi де:

– Өмеке, – дейдi келтесiнен кесiп сөйлеп, – сiздiң туған жерiңiзге арнап "Бақанас – елдiң байтағы" деген әнге сөз жазғанымды бiлесiз. Дегенiме көнсеңiз, сiзге шашетектен пайда әкелем, күйдi де күмбiрлетем.

– Қанша сұрайсың?

– Жүз мың доллар! Елу мыңын өзiм алам! Маған демеушi болғаныңыз үшiн қырық бес мыңын өзiңiзге берем. Бес мыңы – Қоразбаевқа! Күйдi сол-ақ шығарсын!".

Мысалы бiр бөрененi олақ ұстаға берiп, "Осыдан келi жаса!" деп тапсырайықшы. Ол "Ойбай, келi шықпайды, келсап жасаймын!" дейдi. Келсапты жонып-жонып, "Ойбай, келсап шықпады, кетпен сап жасаймын" дейдi. Ақыр аяғында келi де жоқ, келсап та жоқ, кетпен сап та жоқ… "Мiне, мен тiс шұқығыш жасадым!" деп қуанады. Ал, сен бiр бөренеден бiр үй тұрғызасың. Қалай? Өзiң бiлесiң ғой… Дәлел керек пе? Айтыс ақындарына мiнгiзген машинаңның саны жүзден асады. Айтыс өнерiн мемлекет өз қарамағына алып, тәуелсiздiк күнiне орай Астанада үлкен дүбiр өттi. Айтыстың бас бапкерi Мырзатай Жолдасбеков төрт доңғалақ тiгiп едi, ойда жоқта Қайрат Сатыбалды үш ақынға үш машинаның кiлтiн ұстатты. Мiне, бiр бөренеден бiр үй тұрғызу деген осы. Қазақтың төл мұрасы ақындар айтысын Мәскеу мен Париж сахнасында, Ташкент төрiнде дәрiптеуге мұрындық болдың. Өз сөзiңмен айтқанда "айтыс үшiн сайтанмен де тiл табыса" бiлесiң.

Физика ғылымының негiзiн салған әйгiлi ғалым Альберт Эйнштейннiң жазған диссертациясы үш жарым-ақ бет екен. Қорғауға келгенде ғылыми кеңестiң мүшелерi:

– Ей, мынауың не? – деп шуламай ма… Сонда жас ғалым:

– Мен ашқан жаңалығымды ғана жаздым. Оның себеп-салдары мен дәйегiн келтiрiп, үш жүз бетке толтырғаннан не пайда? – деген екен.

Ал өзiмiздiң Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов "Маркстiң үш том "Капиталын" атам қазақ үш-ақ сөзбен баяғыда айтып қойған" дейтiн.

1. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды"

2. "Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей"

3. "Бай – байға құяды, сай – сайға құяды"

"Мұнымен не айтпақшысың?" дейсiң бе? Эйнштейн секiлдi төте жолға түсейiн немесе Қалтай ағамдай қажеттi ойымды iрiктеп, тоқ етерiне тоқтайын.

1. Механика теориясы бойынша, үлкен шестерня бiр айналғанда, кiшi шестерня шыр айналады. Айтыс өнерiнiң механизмiнде Жүрсiн Ерман – үлкен шестерня. Ал айтыс ақындары – кiшi шестерня.

2. Қасиеттi хадиске зейiн қойсақ, "Бiлiмдi бойына жинаған, бiрақ оны айналасына таратпаған адам пайдаға асырылмай жатқан мол қазынаның сақтаушысына ұқсайды". Жүрсiннiң табиғи таланты мен бiлiктi бiлiмi жасырын жатқан алтын көмбе секiлдi. Әсiресе поэзиядағы тотықпайтын қазынасы толық ашылмаған.

3. Ұлытаудағы Қарақұм ауылына күмбезден мешiт салдырды. Бұдан бес жыл бұрын 25 айтыс ақынының иманын толтырып, Мекке-Мединеге солармен бiрге қажылық сапар шегiп қайтты. Ендi мiне, ақпан айының екiншi жартысында Қайрат Сатыбалдының демеушiлiгiмен 50 ақынды бастап, ғұмыра қажылығына бара жатыр. Жүрсiн – жауапты да сауапты iстiң арасында жүрген атпал азамат.

4. Жүрсiннiң бер жағы бетпақ болғанмен, ар жағы әппақ, жүрегi жұмсақ. Ақын – алмас қанжар, өлең – оның қайрағы. Дана қазақ алмас қанжарын жұмсақ қайраққа қайраған.

… Жүрсiн-ау, қанжарыңды қайрай бер, қайрай бер!..

Көпен ӘМIР-БЕК