Жаңалықтар

ТӘЛIМ АНТОЛОГИЯСЫ

ашық дереккөзі

ТӘЛIМ АНТОЛОГИЯСЫ

Қазақтың тәлiмдiк ойлар Антологиясының отыз ғасырлық он томдығы жарық көрдi

Қазақ Мемлекеттiк Қыздар педагогикалық университетiнiң бiр топ ғалымдары 2004 жылдан берi Қазақ тәлiмiнiң 30 ғасырды қамтитын 10 томдығын шығару (редакторы және құрастырушы проф. С.Қалиев) iсiмен үздiксiз айналысып келедi. Таяуда Тәлiм Антологиясының соңғы 9 және 10 томдарын "Сөздiк-Словарь" баспасы арқылы шығарып, оқырман көпшiлiкке ұсынып отыр.

Антологияның әр томы әр дәуiрдiң мәдени мұраларын сөз етуге арналған. Мәселен 1-том "Жыр тағылымдары" деп аталып, ауыз әдебиетi үлгiлерiнiң халықтық тәлiм өнегелерi мазмұны мен тәлiмдiк мәнiне қарай 41 тармақшаға бөлiнiп: жыр, тақпақ, толғау, жұмбақ, мақал-мәтел, айтыс түрлерiнде берiлген. Онда баланың денесiн, ақыл-ойын жетiлдiру, еңбекке, өнерге баулу, төрт түлiктiң пайдасы, қоршаған ортаның сырын танып-бiлуге баулу, аңшылық пен қолөнерiнiң адамға пайдасы, жас ұрпақты мергендiкке, батырлыққа, шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу т.б. мәселелерге зер салынған.

2-том "Қарасөз тағылымдары" деп аталып, халық ертегiлерiнiң мазмұны мен мәнiн ашудың жолдары көрсетiлген. Бұл томның халық медицинасына арналған бөлiмiнде ауру-сырқауларды, жануарлар ағзасы мен өсiмдiктердiң гүлi, тамырымен емдеудегi халықтық бай тәжiрибелер сөз болады.

3-том "Көне жазба мұралар тағылымы" деп аталып, бiздiң жыл санау дәуiрiмiзден бұрынғы 1 мыңжылдықтағы Заратуштра, Авеста жырлары, Анахарсис, Тұмар, Зарина патшалардың ерлiк iстерi жайындағы аңыздар мен жазба деректер, "V-VIII ғғ. жазба тағылымдар" (Орхон жазуы, Оғұз қаған, Қарлұқ Кемеңгер, "Ырқ бiлiг" ескерткiштерi) – "IX-XIII ғғ. мұсылмандық тағылымдар (Қорқыт ата, Әл-Хорезми, әл-Фараби, Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ж.Баласағуни, М.Қашғари, А.Иүгнеки, А.Иасауи т.б.) туралы мағлұматтар берiлген.

4-том "Хандық дәуiрдегi (XV-XVIII ғ.ғ.) билер мен ақын-жыраулардың тәлiмдiк ойларына" арналып, Майқы би, Асан Қайғы бастаған қазақтың 30-ға тарта шешен-билерi мен ақын-жыраулардың ой толғаулары ұсынылған.

5-том "Қазақстанның Ресейге бағыну кезiндегi ағартушылық-демократиялық ойлар" деп аталып, оған Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрiм бастаған 14-15 ағартушы ақын-жазушылар еңбектерiнен үзiндiлер берiлген.

6-том "Кеңестiк дәуiрдегi педагогика ғылымының қалыптасып дамуы" деп аталып, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Жұбанов, М.Әуезов бастаған 80-ге тарта ағартушы қоғам қайраткерлерiнiң ғылыми еңбектерi, оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк құралдарының мазмұны баяндалған.

7-том "Мерзiмдi басылымдар тағылымы" деп аталып, "Дала уәлаяты", "Түркiстан уәлаяты", "Қазақ" газеттерi мен "Айқап", "Мұғалiм", "Абай" журналдарынан бастап, XX ғ. аяғына дейiнгi әр жылдарда жарық көрген 100-ге тарта газет-журналдар беттерiнде жарияланған оқу-ағарту, мектеп, ұлт мәдениетi жайындағы мақалалардың үлгi-үзiндiлерi сұрыпталып ұсынылған.

8-том "Шетел ғалымдарының қазақ Тәлiмi жөнiндегi ойлары" деп аталып, бес бөлiммен берiлген. 1-бөлiмде Ежелгi тарихтың атасы Геродот бастаған Грек, Рим ғалымдары Аммиани Марцеллин, Гильом де Рубрук, Плано Каприни, Марко Пололардың (IX-XIII ғғ.) еңбектерiнен үзiндiлер келтiрiлген. 2-бөлiмде Қытай, Моңғол, Жапон ғалымдары Су-Бихай, Ваң Минжы, Уан Пинхуа, Ваң Хуан, Тың Шымин, Вэй Лэнтоо, Уан Чилун, Цевен Жамерано еңбектерiнен үзiндiлер берiлген. 3-бөлiмде парсы, араб саяхатшы ғалымдарының (IX-XV ғғ.) көшпендiлер мәдениетi жөнiндегi жазбалары ұсынылған. 4-бөлiмде XVIII-XX ғ.ғ. Ресей, Батыс Еуропа елдерiнiң 14-15 саяхатшы ғалымдарының қазақ мәдениетi жөнiндегi жазбалары берiлген болса, 5-бөлiм XIX аяғы мен Кеңестiк дәуiр кезiндегi XX ғ. Ресей отаршыларының тоталитарлық саясатын әшкерелейтiн АҚШ, Канада, Австралия ғалымдары еңбектерiнен үзiндiлер ұсынылған.

9-том "Шетелдердегi қазақтар тағылымына" арналып, Қытай, Моңғолия, Ауған, Түркия, Иран, Өзбекстан, Түркiменстан, Қырғызстан, Ресей елдерiндегi қандастарымыздың бала тәрбиелеу дәстүрлерiне арналған.

10-томда "Қазақстандық диаспоралар тағылымы" деп аталып, егемен Қазақстанда қазақ халқымен бiрге еңбек етiп, ұлттар достығын күшейтуге тиiстi үлес қосып отырған 40-тай мәдени орталық өкiлдерiнiң бала тәрбиелеу дәстүрлерi сөз болған.

Антология томдарын құрастыруда тарихи құжаттар мен архив материалдарының түпнұсқамен сәйкестiгi, фотосуреттер мен түсiнiксiз сөздерге түсiнiктемелер беру мәселелерiне де мұқият қарауға тура келдi.

Қорыта айтқанда, әр кiтаптың оқырман үшiн қызықты да тартымды, ғылыми мағлұматтарының мол берiлуi ескерiлдi.

С.ҚАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары Академиясының академигi, Қазақ Мемлекеттiк Қыздар педагогикалық университетiнiң профессоры