Жаңалықтар

"Жаһан" жаңалықтары

ашық дереккөзі

"Жаһан" жаңалықтары

АССАНЖҒА ҚАТЫСТЫ СОТ

Лондонда әлемдiк iрi тұлғалардың құпиясын жарияға жар сала таратқан Джулиан Ассанжды Стокгольмге экстрадициялау жөнiнде сот тыңдауының бiрiншi күнi аяқталды. Швеция үкiметi атышулы "Уикиликс" сайтының негiзiн қалаушыны әйел зорлады деп айыптап отыр. Алайда Ассанж өзiне тағылған кiнәнi мойындаған жоқ. Ол мұның астарында саясаттың сұлбасы қылтияды дегендi айтады.

Естерiңiзге сала кетсек, "Уикиликс" өткен жылы Америка дипломаттарының мыңдаған құпия хат-хабарын жариялаған болатын. Сондықтан қорғаушылар Швеция Джулиан Ассанжды АҚШ-қа жөнелтуi мүмкiн екенiн жоққа шығармайды. Ал Вашингтон оны жасырын құжаттарды жариялағаны үшiн не өлiм жазасына кеседi, не Гуантанамо түрмесiне қамайтынын айтты.

"ИСЛАМТАНУ" ПӘНI БАҒДАРЛАМАДАН АЛЫНДЫ

Тәжiкстан Бiлiм министрi мектеп бағдарламасынан "Исламтану" пәнiн алып тастау туралы шешiм шығарды. Бұған не себеп? Әзiрге министрлiк те, билiк өкiлдерi де жергiлiктi халықтың көкейiндегi сауалға жауап берген жоқ. Бiр белгiлiсi, мұның орнына "Тәжiк халқының тарихы" пәнiнiң сағаты көбеймекшi. Мұның аясында оқушылар ислам тарихын да терең меңгеретiн болады.

Айта кету керек, "Исламтану" пәнi Тәжiкстанға 2009-2010 оқу жылында енген. Бұл жалпы бiлiм беретiн мектептiң 8-сыныбында аптасына бiр мәрте жүргiзiлдi. Халықтың 99 пайызы ислам дiнiн ұстанатын Тәжiкстанда қазiр шамамен 3,5 мыңдай мешiт және ресми түрде тiркелген 19 мешiт жұмыс iстейдi.

МЕДВЕДЕВ ПУТИНДI ТҮЙРЕП ӨТТI

Ресейдiң "Домодедово" әуежайында болған лаңкестiк әрекет кезiнде 36 адамның қаза болғандығы туралы ақпарат бүкiл жұртты дүр сiлкiндiрген. Жойқын апатты ұйымдастырған қандықол қарақшыларды анықтауға шұғыл кiрiскен Ресей билiгi құқық қорғау орындарына тапсырма жүктедi. Тергеу жұмыстарының алдын ала жасаған қорытындысы бойынша өзiн өлiмге қиған азаматтың Солтүстiк Кавказ өңiрiнен екендiгi расталған.

Жан-жақты жүргiзiлiп жатқан тексеру шараларына нүкте қойылмаса да, таяуда ғана Ресей премьерi В.Путин "Домодедоводағы" лаңкестiк қылмыс толығымен ашылды" деп жергiлiктi БАҚ-ты шулатқан едi. Алайда Путиннiң асығыс жасаған шешiмiн сынға алған Ресей президентi Д.Медведев: "Домодедоводағы" лаңкестiк әрекеттi анықтау iсi бiз ойлағандай болмай отыр. Ашылмаған шындық та жеткiлiктi", – дедi. Ол Тергеу комитетi мен ФСБ басшыларымен болған кездесуде: "Аз уақытта зерттеу шарасы айтарлықтай нәтиже беруде. Бiрақ толық ашылды деуге әлi ерте", – деп қадап айтты.

ТАЙЛАНДТА САЯСИ АХУАЛ ТҰРАҚСЫЗ

Тайланд пен Камбоджа арасында соғыс өртi тұтанды. Екi елдiң шекарасындағы жауынгерлерiнiң қақтығысып жатқанына да бiрнеше күн. Соңғы мәлiметке қарағанда, атыс кезiнде 5 адам қаза тауып, мыңдаған бейбiт тұрғын үйлерiн тастап кетуге мәжбүр болған. Әзiрге жанжалды қай жақтың бiрiншi бастағаны белгiсiз. Қазiр өршiп бара жатқан жанжалға БҰҰ араласып, екi тарапты да өзара ымыраға шақырды. Бiр айта кетерлiгi, екi мемлекет көп жылдан берi шекарада орналасқан индуистiк шiркеуге таласып келедi. Камбоджа бұл ескерткiштi 2008 жылы ЮНЕСКО-ға өзiнiң мәдени мұрасы ретiнде тiркеген. Алайда Тайланд билiгi көршi елдiң шешiмiмен келiспей, ең алдымен шекараны шегендеп алуға ұсыныс жасады. Камбоджа мен Тайланд шекарасындағы қарулы қақтығыстың толастайтын түрi жоқ. Екi елдiң әскерлерi миномет және артиллерия қолдануға көштi.

КАИРДЕ ЕРЕУIЛ БАСЫЛМАЙ ТҰР

Каирдегi Тахрир алаңына қайта жүздеген мың адам жиналып, президент Хосни Мүбарактың қызметiнен дереу кетуiн талап еткен едi. Шерушiлер үкiмет ұсынған ымыраға келуден бас тартып отыр. Ал Хосни Мүбарак ел конституциясына өзгерiстер енгiзетiн комиссия құрып, онда бiр адам екi мерзiмнен артық президенттiк қызметке сайланбайтындай өзгерiс енгiзу көзделiп отыр. Египеттi 30 жыл басқарып келген Хосни Мүбарак қыркүйек айында өтетiн сайлауға өз кандидатурасын ұсынбауға уәде берген едi. Алайда оппозиция президенттiң бұл уәдесiне сенбей, қызметiнен дереу кетуiн талап етуде.

Қазiр Египет үкiметi елдегi наразылықты тыюға арналған бiрқатар шешiмдер қабылдады. Билiк бюджет саласы қызметкерлерiнiң жалақысы мен зейнетақысын 15 пайызға өсiретiндiгiн хабарлады. Елдiң қаржы министрi Самир Радванның мәлiмдеуiнше, бұл мақсатқа 960 миллион доллар бөлiнген және осылайша 6 миллион адамның күнкөрiсi жақсармақ. Сонымен қатар наразылық бойкөрсетуiн ұйымдастырды деп қамауға алынғандар бостындыққа жiберiлуде. Дегенмен мұндай игi бастамалар Египеттегi наразылықты толық тоқтата қойған жоқ. Каирдiң Тахрир алаңында президент Мүбарактың билiктен кетуiн талап еткен наразылық жалғасып жатыр. Мысырда екi аптаға созылған дүрбелеңдер барысында аз дегенде 297 адам қаза тапқан.

ӘЛЕМДЕ АЗЫҚ-ТҮЛIКТIҢ ҚЫМБАТТАУЫ СЕЗIЛУДЕ

БҰҰ-ның Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымының мәлiметi бойынша әлемдегi азық-түлiк бағасы өсiп, жаңа рекордтық деңгейге жеттi. Баға өзгерiсiн бақылайтын ұйымның баяндамасында азық-түлiк бағасы жетi ай бойы өсiп келгенi айтылған. Қаңтар айында еттен өзге азық-түлiктiң барлық түрi күрт қымбаттаған. Мысалы астық 3 пайызға, май өндiрiлетiн дақылдар 5 пайызға, ал сүт өнiмдерi 6 пайызға қымбаттапты. Австралия, Аргентина және АҚШ сияқты ауыл шаруашылығы дамыған елдердегi табиғи апаттар да азық-түлiктiң қымбаттауына өз әсерiн тигiздi. Сонымен қатар, АҚШ доллары бағамының төмендеуiнiң салдарынан инвесторлар қаржысын тауар биржаларына құйып, бұл да сұраныстың артуына әкелген. Халық наразылығынан қауiптенген Таяу Шығыс және Африкадағы мемлекеттер азық-түлiкпен қамданып, әлемдiк қорларды ортайтып тастаған. Ұйым мамандарының болжамынша, алдағы бiрнеше айда азық-түлiк әлi де қымбаттайды.

ХАЛЫҚ БЕРЛУСКОНИҒА НАРАЗЫ

Милан қаласының маңында Италия премьер-министрi Сильвио Берлусконидiң вилласы алдында наразылық шеруi өттi. Шерушiлер Сильвио Берлусконидың отставкаға кетуiн талап еттi. Еске сала кетсек, 74 жастағы саясаткердiң жезөкшелермен қарым-қатынаста болған деген болжамға қатысты дау былтырдан берi жалғасып келедi. Полиция Италияға заңсыз келген әрi кәмелеттiк жасқа толмаған Руби есiмдi марокколық қызды тұтқындаған. Алайда Сильвио Берлускони бұл iске жеке өзi араласып, телефон соққаннан кейiн, Рубиды босатты. Ендi тергеушiлер Сильвио Берлусконидiң кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынаста болған-болмағанын анықтауды көздеп отыр. Италияда жезөкшелiкке тыйым салынбаған, алайда кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынаста болғаны үшiн қатаң жаза қарастырылған.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН