Жаңалықтар

ӘКIМНIҢ ЕЛГЕ ЕСЕП БЕРУI МЕРЕКЕ МЕ?

ашық дереккөзі

ӘКIМНIҢ ЕЛГЕ ЕСЕП БЕРУI МЕРЕКЕ МЕ?

Бiз Арыс ауданындағы жиыннан осындай сұрақ түйдiк

Елбасының пәрменiмен әкiмдердiң елге есеп беруi биыл да жалғасын тапты. Алдымен ауыл әкiмдерi жұртшылықпен жүздессе, ендi екi аптадан берi ел аралаған аудан, қала әкiмдерi бiртiндеп қорытынды есеп беру жиынын аяқтап жатыр. Солардың бiрi, Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықовтың өткен жұмаға белгiлеген жиыны Астанада Парламент палаталарының бiрiккен отырысында Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлi Жолдауын арнайтын уақытпен дәл сәйкес келгенiне әдепкiде таңданғанымыз рас. "Ел ендi әкiмнiң есебiн тыңдай ма, әлде Елбасының Жолдауын тыңдай ма?" дестiк. Сөйтсек Арыс қалалық әкiмдiгi бұл жағын алдын-ала қамдастырып қойыпты. Залға жиылған жұртшылық алдымен экраннан Елбасының Жолдауын тыңдады. Осыдан кейiн мiнбеге қолына баяндамасын ұстаған Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықов көтерiлдi.

Оның сөзiне сүйенсек, салық түсiмi жақсарған, бiрқатар өндiрiс орындары iске қосылған. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру артқан. Каналдарды жөндеу қолға алынған. Ұзақ-сонар айтып қайтемiз, әкiмнiң баяндамасынан қысқаша ұққанымыз: былтыр Арыста әдемi тiрлiктер аз атқарылмапты. Ол баяндамасын оқып бiтер-бiтпесте өзiн қажылар қауымдастығының төрағасымын деп таныстырған азамат сөз сұрағанда сыбыр-күбiр көбейiп кеттi. Елдiң сыни пiкiрiн естiмеген сыңай танытқан қажекең iркiлiп қалмады. "Әкiмнiң есеп беруi – бiз үшiн мереке. Барлықтарыңызды осы мерекелерiңiзбен құттықтаймын" дегенi не мақтауы, не мазағы екенiн түсiнбедiк. Айтпақшы, қажекең "туған күнге" қатысқандай әкiмге тамаша тiлектерiн арнауды да ұмытқан жоқ. Байқайсыз ба, ел асыға күтетiн Елбасының Жолдауын емес, қала әкiмiнiң есебiн мереке есептейтiндiгiне қарағанда, кiм бiлсiн, Қанат Сыдықов шындығында да бiз бағаламайтын мықты адам шығар. Өйткенi қажекең салған соқпаққа түсiп, әкiмнiң мақтауын асырғандар аз болмады. Есеп беру емес, расында да мереке дерсiз. "Өте жақсы жұмыс iстеп жатырсыз. Осылай талмай еңбек ете берiңiз…" дейтiн тағысын тағы да тамаша тiлектер. "Қанеке, көп тiрлiк iстеп жатқаныңызды көрiп жүрмiз…", "Сiз сыпайы да, байыпты әкiмсiз", – дедi мiнбеге шығып сөз алғандардың бiрi.

"Сiздiң жұмысыңызға оң баға беремiн, тырнақ астынан кiр iздеп қайтемiз, одан да әкiмге қолдау бiлдiрейiк" дедi және бiр азамат. Абырой болғанда "мерекеде" қызды-қыздымен әкiмнiң үстiне шапан жауып, басына бөрiк кигiзген ешкiм болған жоқ, әйтеуiр.

Дегенмен топ арасынан суырылып шығып, тырнақ астынан кiр iздемей-ақ, қалыпты тiршiлiктiң түйткiлдерiн тарқатып, айтып-айтып тастайтын арыстықтар жоқ емес екен. Солардың бiрi аудан кәсiпкерлерiнiң атынан сөз алған Сағынбек Жолбарысхан былай дедi:

– Бiрiншiден, Арыс – темiржолшылардың қаласы. Қаладағы жұмысшылардың 70 пайызы сонда еңбек етедi. Бiрақ темiржол кәсiпорындарының тоқырауға ұшырағанына 20 жыл болды. Соның салдарынан көптеген жұмысшы қысқартуға iлiктi. Сондықтан Арыс қаласынан темiржолға қызмет ететiн кәсiпорын салу қажет. Екiншiден, Көксарай су реттегiшi осы Арыс қаласының аумағынан салынды. Көксарай қазiр көрiктi орынға айналды. Осындай әсем жерлер бiреулердiң қанжығасында кетпей жатып, демалыс орындарын салу қажет.

Үшiншiден, қалалық әкiмдiктiң кәсiпкерлермен байланысы жоқ. Мәселен қалада қазiр 8 диiрмен бар болса, соның 7-еуi iстемей тұр.

Төртiншiден, 3 жылдан берi қаланың iшкi жолдары жөнделiп жатыр. Биыл бiтуi тиiс. Оған қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлiнген. Сол жұмыстардың барлығы жобаға сәйкес емес. Асфальт 2-3 (?) сантиметрден артық төселiп жатқан жоқ. Жолдың екi жағы бекiтiлмеген. Бұл қалыппен олар ұзамай бұзылады. Осыны бақылауға алу қажет.

Жиынды қорытындылаған облыс әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев мiнбеге аудандық қаржы және бюджеттi жоспарлау бөлiмнiң бастығын шақырды.

– Қаланың бюджетi былтыр 3 миллиард 675 миллион теңгенi құрады. Бiрақ оның тек 17 пайызы ғана жергiлiктi жерден жиналады. Қалғаны облыстан, республикадан бөлiнген. Жергiлiктi кiрiстi арттыру үшiн не iстеп жатырсыздар? – деген оның сауалына бөлiм бастығы "жер салығын көбейтiп жатырмыз" дегеннен артық жарытымды жауап қайыра алмады.

– Былтыр қалада 24 заңды тұлға тiркелген, бiрақ оған жұмысқа орналасқан азаматтардың саны 27-i ғана. Мұны қалай түсiнемiз? Сонда әр мекемеде 1 адам ғана жұмыс iстей ме? Былтыр бюджеттiң 16,9 миллион теңгесi игерiлмей қалған?

Бұл сауалға да "дұрыс айтасыз" дегеннен басқа жауап ести алмадық.

Әли Бектаев бұдан кейiн қаладағы шешiлмей тұрған тағы бiрнеше мәселеге тоқталды. Қала аумағында 18 мың гектар суармалы жер болса, соның 5800 гектары ғана игерiлген. Бiрде-бiр асыл тұқымды шаруашылық жоқ. Монтайтастағы апатты жағдайда тұрған мектептiң құрылысы 2010 жылдың соңында аяқталуы тиiс едi. Аяқталмады. Кәсiпкерлерге берiлген несиелер қайтпаған. Қаладағы коммуналдық қызметтердiң жұмысы сын көтеретiн халде емес. Ауызсумен айналысатын "Ақаба-сервис" және "Арыс-жылу" мекемелерiнiң 5 миллион теңгеге жуық қарызы бар.

Аудандағы қылмыстық ахуал да мәз емес екен. Былтыр қылмыс 37 пайызға өскен. Мал ұрлығы өршiп тұр, ал пәтер ұрлығы 3,5 есеге артқан. "Арыстықтардың барлығы бiр жылда ұры болып кеткен бе?" деген сауалға Қалалық iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары Әуелбек Әбдiрашов: "Мал ұрлығы облыс бойынша өршiп тұр. Мал ұрлығы көбейген ауылдардағы инспекторларды орындарынан босаттық, қалада темiр-терсек, ұялы телефон ұрлығының көбейгенi рас, бiрақ оларды қабылдайтын мекемелердi бiз тексере алмаймыз", – деп ақталды.

Жалпы шенеунiктердiң халық алдындағы есеп беруiнiң түпкi мәнi әкiмнiң бiр жылда атқарған жұмысын көрсету ғана емес қой. Есептi халыққа берген соң, халық бұл есепке қанағаттана ма, жоқ па, атқарылған жұмысқа қандай баға беретiнi маңызды емес пе? Алайда жиын соңында бұл мәселенi көтерген ешкiм болған жоқ. Соған қарағанда әкiмдердiң есеп беруi күнде өтiп жүрген басқосулардың бiрiне айналып бара жатқан сияқты.

Әкiмнiң есебiн тыңдап шыққан арыстықтар мерекеден қайтқандай емес, у-шусыз тарап бара жатты.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы