ПАЛЕСТИНА ҚАСIРЕТI
ПАЛЕСТИНА ҚАСIРЕТI
Таяу Шығыстағы ойран қалай басталды?
Тарихта екi ұлттың бiр-бiрiне өшпендiлiгi әлемдiк соғысқа ұласқан кезi көп. Таяу Шығыс та – талай жылдан берi әлемдi алаңдатып келе жатқан күрделi аймақ. Еврейлер 1935 жылы Филастинде (Палестина) араб атаулыға айрықша хайуандық қатыгездiкпен қарайтын "Иргун цвейлеуми" деген жасырын террорлық ұйым құрады. Бұл ұйымдағы баскесерлер өз жиындарында:
Қанға бөгiп, отқа оранып,
Иудея құлады.
Сол қан, сол от күшiменен
Қайтадан ол тұрады, – деп келетiн әндi қайта-қайта айтатын болған. Әсiресе 1944-1948 жылдар аралығында Палестинада сионистер терроризмi жан түршiктiрiп тұрған кезде олардың ұйытқысы осы – "Иргун цвейлеуми" террорлық ұйымы едi. Бiр ұлттың екiншi бiр ұлтқа деген өшпендiлiгiн сионист-еврейлердiң сол кезден бергi араб жұртына, Палестина, Ләбән (Ливан), Сирия сияқты араб елдерiне жасап келе жатқан жүгенсiздiгiнен анық аңғаруға болады. Ежелден Израиль мемлекетiнiң АҚШ пен Англияға арқа сүйеген және ешбiр ақтауға келмейтiн қаскөйлiгiнiң тамыры тереңде жатыр. Сионизм "патриархтары" арабтарға деген өшпендiлiгiн ешқашан жасырған емес. "Жерi жоқ халыққа – халқы жоқ жер" деген формуланы ойлап тапқан да солар болатын. Бұны екi түрлi түсiнуге болады. Бiрiншiден, жерi жоқ халық дегенiмiз – арабтар болуы мүмкiн. Сонда оларға тек мола ғана, яғни халқы жоқ жер бұйырады деген сөз. Екiншiден, сол кездегi жерi жоқ, мемлекетi жоқ халық – еврейлер. Демек ендi бұл жерде арабтар жойылуы керек деген сөз. Ал кнессеттiң (Израиль парламентiнiң – М.К.) бұрынғы депутаты, сионист, бiр кезде Израильдiң Қорғаныс министрi, кейiн Сыртқы iстер министрi болған Моше Даянның әкесi Шмуэль Даян туралы израильдiк журналист Шабтай Тевет: "Ол арабтарды осы бiр жабайы мекеннiң шыбын-шiркейi, құрт-құмырсқасы, әлдебiр тағы жануарлары деп есептейтiн едi. Оның ойынша, олар сондықтан арам шөп пен тiкенек бұта ретiнде өртеп жiберiлуге тиiс болатын", – деп жазыпты. ("Горизонт", Берлин, №42. 1973). Дүниежүзiлiк Сионистер Ұйымы веналық еврей журналист Т. Герцльдiң бастамасымен 1897 жылы Базель қаласында құрылып, онда дүниедегi шашырап жүрген еврейлердiң "ұлттық ошағын" (орталығын – М.К.) құруға шешiм қабылданды. Болашақ еврей мемлекетiн арабтың Филастин (Палестина) жерiнде құру туралы шешiм де осы Базельдегi жиында қабылданған едi.
Ал сол кезде Оттоман империясының құрамындағы Филастиндi отарлау 1882 жылы осында – Палестинаға еврейлердi көшiрiп қоныстандырудан басталған болатын. Бұл жұмыспен сол кездегi еврей миллионерi Ротшильдтiң банк тобы айналысты. Олар әуелi жергiлiктi араб және түрiк байларынан жер сатып алатын неше түрлi қаржылық мекемелер, топтар құрды. Еврейлердiң әлгi "базель жоспары" бойынша Палестинаны "игеруiне" сол кезде Англияның билiк басындағылар зор ықыласпен көмектескен болса, содан былайғы жерде Израиль мемлекетiнiң құрылып, күнi бүгiнге шейiн небiр халықаралық бассыздық пен жүгенсiздiктер жасауына АҚШ одан өткен "қамқоршылық" көрсетуде. Сонау Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде-ақ олардың (сионистердiң) орталығы Лондонда болды. Болашақ Израильдiң президентi Хаим Вейцман осында У. Черчилль, Л. Джордж, А. Бальфур, Г. Сэмюэль, Р. Сесил, лорд Мильнер сияқты саяси қайраткерлерге Англияның сионизмдi қолдаудан көп пайда табатынын дәлелдеп-ақ бердi.
Осылайша 1948 жылдың мамыр айында Тель-Авивте болған Ұлттық кеңестiң мәжiлiсiнде Д.Бен-Гурион Израиль мемлекетiнiң құрылғанын жариялады. "Тәуелсiздiк Декларациясы" деп аталған сол құжатта бұл мемлекеттiң "бостандық", "әдiлет және бейбiтшiлiк" қағидаларын сақтауды өз мiндетiне алатыны, азаматтардың дiнiне, нәсiлiне, жынысына, тiлiне, дiни сенiмiне қарамастан әлеуметтiк және саяси теңдiгiн сақтайтыны атап көрсетiлген едi. Онда: "Бiз Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Израильдiң ұлттар шаңырағының астына бiрiгуiне мүмкiндiк беруiн өтiнемiз. Бiз барлық көршi мемлекеттермен және халықтармен бейбiт достық қарым-қатынаста болуға уәде беремiз", – деп жазылған болатын. Әттең… "Израиль басшылары әлемдiк қауымдастық алдында берген мiндеттемелерiнiң бiрде-бiрiн ешқашан орындаған емес, Израильдiң содан бергi бүкiл тарихы жаңағы "Декларацияның" негiзгi ережелерiн және Бiрiккен Ұлттар Ұйымына Израиль басшылары салтанатты түрде берген уәделердi әдейi және жүйелi түрде бұзудың үлгiсi деуге болады". (В чем обвиняется сионизм. И. Ярославцев. Изд." 1984. 4-бет). Немесе: "Уағдада айтылған әлеуметтiк және саяси теңдiкке негiзделген қоғамның орнына Таяу Шығыстың географиялық картасында әлеуметтiк және таптық терең қарама-қарсылыққа, нәсiлдiк, ұлттық және дiни белгiлерiне байланысты ашықтан-ашық кемсiтушiлiкке толы, жергiлiктi арабтарды ұдайы қырып-жою заңдастырылған мемлекет пайда болды" (бұл да сонда).
Арабтарды атамекенiнен ығыстырып, тықсыру 1948 жылдың наурызында жасалған "Д жоспары" деп аталатын бағдарламадан басталды. Бұл бағдарлама АҚШ-тың сол шақтағы президентi Г.Трумэннiң Х.Вейцманға жолдаған жасырын хатынан кейiн жүзеге асырыла бастады. Хатта егер сионистер Израиль мемлекетi дегендi жариялайтын болса, АҚШ оны дереу қолдайтыны хабарланған едi. Ал жаңағы "Д жоспары" бойынша, мұнда ұдайы ұрыс, шайқастар туғызып, ақырында бүкiл Палестинаны басып алу көзделген болатын. Мiне, осы жоспар бойынша жасалған талай қантөгiстердi АҚШ пен Англиядағы және өзге де сионист тарихшылар арабтардың дұшпандық әрекеттерiне қарсылық деп жұртшылықты алдаумен келедi. (J.Davis, Ор. сit. р 58).
Әлi де солай. Қазiр олар оны "ислам террористерiне" қарсылық деп өзгертiп алды. Осы тұста әңгiмеден сәл ауытқуға мәжбүр боламыз. Яғни осы күнi АҚШ пен Израиль ешбiр дәлел-дерексiз қалаған, мұсылман елiн қансоқтаға салу үшiн сылтау ретiнде пайдалана салатын "Терроризмнiң" түп төркiнi қайда жатыр? деген сауалға тоқталайық. Бүгiнде Таяу Шығыста – Ливан мен Палестинада АҚШ пен Англияға арқа сүйеп алған Израиль жүргiзiп жатқан соғысқа өзге ТМД елдерi қалай қарайтынын бiз бiлмеймiз. Яғни олардан келiп жатқан ақпараттардан бейхабармыз. Бiр ғана бiлетiнiмiз ТМД елдерiнiң көшбасшысы Ресей бұл жағдаятқа екiұшты саясатпен қарайды. Кремльдегiлер АҚШ Ирак және Ауғанстанға соғыс ашпақ болған алғашқы сәттерде бұл жөнсiздеу деген ишараны байқатқанымен жеме-жемге келiп, АҚШ-тың пышағы мұсылманның алқымына тақалғанда жалт бергенi баршаға аян. Орыстар бүгiнгi Палестина мен Ливандағы жағдайда да осылай екiжүздiлiк танытуда.
Ал Қазақстанның Таяу Шығыста болып жатқан жан түршiгерлiк уақиғаларға тәуелсiз, өз тiзгiнi өз қолындағы мемлекет ретiнде нақты пiкiрiн айтатын кезi келген сияқты. Бұл мәселе халықаралық талқыға салынып жатса, бiз ең алдымен елiмiздiң 80 пайызға жуығы мұсылман екенiн, екiншiден араб елдерiне Израиль жасап жатқан бұл қырғын террористерге қарсы күмәндi соғыс емес екенiн, мұнда Израиль әскерлерi бесiктегi бейкүнә сәбилерге дейiн қырғынға ұшыратып жатқанын ашық айтуымыз керек.
Және Қазақстанның бiрқатар телеарналары алдағы уақытта батыс ақпарат құралдарының бiржақты ақпараттарын ойсыз қайталап, террористер, содырлар, экстремистер деп бiрыңғай араб халқын кiнәлауын доғаруы тиiс. Мұны талап етуiмiз қажет. АҚШ, Израиль, Англия және кейбiр Еуропа елдерi исламға таңып жүрген терроризм мәселесiне келсек, белгiлi саясаткер Г.Павловскийдiң сөзiмен айтсақ, "исламда терроризм деген ұғым жоқ". Екiншiден, нағыз қанқұйлы террорлық ұйымдарды сонау ХХ ғасырдың бас кезiнде кейбiр еврей содырлары құрғанына тарих куә. Мысалы 1908 жылы Палестинаға қоныс аударып келген еврей содырлары "Бар-Гиора" деген шағын-шағын қарулы топтар құрды. Ал 1909 жылдың сәуiрiнде солардың негiзiнде "Гашомер" деген террористiк ұйым құрылды. 1921 жылы Дүниежүзiлiк Сионистер ұйымы "Хаганы" деп аталатын қарулы отрядтарға ерiктiлер алынатыны туралы хабарлады. Сөйтiп 1929 жылы сол "Хаганыдың" орталығы құрылып, оған жеке қарулы құрамалар жинақтау, әскери даярлықтар өткiзiп, жасырын түрде қару-жарақ сатып алу, арабтарға қарсы ұрыс қимылдарының әдiс-тәсiлдерiн жасау жүктелдi. Бұл террористiк ұйымдардың ұзақ жылдар бойы жасаған небiр сұмдық iстерi туралы айтып тауысу да оңай емес. Бiр ғана мысал: "1948 жылы көкектiң 9-ынан 10-ына қараған түнi "Иргун цвей леуми" және "Штерннiң бандасы" сияқты қос террористiк ұйымның екi тобы арабтардың Құддус қаласы (қазiргi Иерусалим – М.К.) маңындағы Дэйр-Ясин ауылын қоршап алып, қырып салған. Халықаралық Қызыл Крест өкiлiнiң мәлiмдеуiне қарағанда сол түнi сионистер еркегi, әйелi, бала-шағасы аралас 254 адамды бауыздап тастаған" (И.Ярославцев. В чем обвиняется сионизм. 26 стр).
ЛИВАНДЫ БӨЛШЕКТЕУДIҢ АМАЛДАРЫ
Бұл соғыстың айырмашылығы "террористiк ұйым" дегеннiң аты ғана өзгертiлiп алынған сияқты. Израиль мен оны қолдаушылардың соғыс ашардағы басты сылтауы "Хесболлаһ" деп аталатын ұйымға қатысты болғаны белгiлi. Ал Ливанды бөлшектеу жоспары сонау 1897 жылы өткен Сионистер конгресiнен басталды. Сол жылдардағы ұсынған жобалардың бiрiнде болашақ Израильдiң құрамына бүкiл Ливанды қосып алуға ұсыныс жасалған болатын. Ал Израильдiң бiрiншi премьер-министрi Давид Бен-Гурион Ливанды конфессиялық негiзде бөлшектеп, Ливанның iшiнен христиандық шағын мемлекет құру, әр түрлi дiни қауымдардың арқасында сепаратистiк, яғни жiкшiлдiк пиғыл туғызу арқылы Израильге қосып алуды көздедi. Сол Бен-Гурион еврей мемлекетi жарияланбай жатып-ақ, сонау 1947 жылдың мамырында: "Араб коалициясының Ахиллестiң өкшесiндей ең осал тұсы – Ливан. Мұндағы арабтардың жасанды басымдығын оп-оңай жоюға болады. Ол жерде христиан мемлекетiн құру керек. Бiз ондай мемлекетпен одақтас болар едiк, – дей келiп, – Сосын Трансиорданияны алып, Сирияны, Мысырды, Порт-Саидты, Александрияны, Каирды бомбалап, ата-бабамыздың кегiн қайтарар едiк", – деп жазыпты. (И.Ярославцев. В чем обвиняется сионизм. 35 стр).
Сонымен Израиль мемлекетi құрылғаннан берi қайғы-қасiреттен арылмай келе жатқан – Палестина сонша уақыттан берi қарақошқыл түтiн мен қызыл жалынның астында ауыр дем алып, қан түкiрiп жатқан жаралы бейкүнә жан иесiнiң күйiн кешуде. Бiз бұл жерде бiр-ақ нәрсенi айта кеткiмiз келедi. Ол – АҚШ пен Англияға арқа сүйеген израильдiктердiң Ливандағы соғысы сонау 80 жылдардағы соғысынан аумайтыны. Ол кезде Израиль "Амаль" деп аталатын ислам қозғалысын жоймақпыз деген сылтау айтса, қазiр олар "Хесболлаһ" деген ұйым мүшелерiне қарсы соғыс жүргiзiп жатырмыз дейдi. Әлде әлем халықтарын саңылаусыз, ессiз көре ме, әлде арқасүйерi мықты болғасын шаршысына сыймай тасынып тұр ма, кiм бiлсiн, сол кездегi Израиль премьерi Эхуд Ольмерт: "Бiз Ливан халқымен соғысып жатқан жоқпыз, бiз террористермен соғысып жатырмыз", – дедi.
Тiптi АҚШ-тың мемхатшысы қызметiн атқарып тұрған шағында Кондолиза Райстың: "Мұнда (Ливанда) "соғысты уақытша тоқтатудың қажетi жоқ, ұзақ мерзiмдi тыныштық керек", – деген көлгiрлiгiнiң өзi-ақ қараңғы ниеттiң қуыс-қалтарысына дейiн ап-анық көрсетiп тұр-ау. Сонда ол неге бiржолата орнаған тыныштық емес, тек "ұзақ мерзiмдiк тыныштық" болуы керек? Ұзақ мерзiм дегенiмiздiң өлшемi қандай? Яғни ол әлденеше күндерге, әлденеше айларға ғана созылуы керек пе? Қазiр бұл аймақта – тыныштық. Бiрақ бүгiнгi Палестина Өлiм мен Өмiрдiң шекарасын мекендеген адамдардың тұрағы iспеттi.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ