ҚЫРҒЫЗ АЛТЫНЫН КIМДЕР ҰРЛАУДА?
ҚЫРҒЫЗ АЛТЫНЫН КIМДЕР ҰРЛАУДА?
Қырғызстан табиғи жаратылысы жағынан қандай өлке? Бұл сұраққа жауап ретiнде ел арасында кең тараған бiр әзiл-оспақ бар. Тiптi бұл "әңгiменi" Қырғызстанның тұңғыш президентi Асқар Ақаевтiң қызы Бермет Ақаева Англияда iссапармен жүргенде ақсүйек қауымға айтып, оларды бiр жағымды күлкiге де кенелткен.
Әзiл-оспақтың ұзын-ырғасы мынадай: "Баяғы жер қаймақтанған заманда Алла Тағала бiр биiк таудың басында отырып, дүниежүзiндегi халықтардың өкiлдерiн жинап, оларға жер үлестiре бастапты. Асықпай жүретiн әдетi емес пе, қазақтардың өкiлi ең артынан келiптi. Алла Тағала қазаққа: "Сен мына атқа мiн де, Батысқа қарай шаба бер, атың зорығып құлаған жерге дейiнгi аралық сенiкi болады" деп, бiр тұлпарға мiнгiзiп, жөнелтiп жiбередi. Қазақ мiнiптi де, шауыпты. Аты зорығып құлап бара жатқанда, бұл жер үрiм-бұтағыма аз болып қалмасын деп, басындағы қалпағын да шиырып алға лақтырыпты. Қалпағы Орал тауларына жете құлапты, сөйтiп қазекең кең-байтақ жердi иеленiп қалады. Күн түс болып қалғанда, ендi Алла Тағалаға: "Маған да үлесiмдi берiңiз", – деп қырғыз да келедi. "Қайда жүрсiң кешiгiп, саған жер қалған жоқ", – деп Ұлы Жаратқан ары ойланып, берi ойланып: "Менiң өзiмнiң бiр саяжайым бар едi, саған соны бермесем, басқа амал қалмай қалды", – деп осы Тәңiртаудың (Тянь-Шанның) терiскейiндегi тау баурайынан сулы да, нулы жердi қырғызға сыйлапты".
"Қырғызстанның жерi – бейiш қой, астымыз да, үстiмiз де толған байлық, қадiрiн толық бiле бермеймiз, ебiн тауып алмаймыз", – деп қырғыздардың өздерi әрi сүйiнуiн, әрi күйiнуiн жасырмайды.
Өткен жылы сәуiр оқиғаларынан кейiн Қазақстанның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Табиғи бай ресурстарға ие Қырғызстанды кедей өлке деп есептемеймiн", – деп айтқаны да есiмiзде.
Қырғызстанның жер үстi байлығының негiзгiсi – суы десек, жер асты байлығының негiзгi көзi – алтыны. Алтынын өндiрiп, пайдасын халықтың мұқтажына жарату мәселелерi соңғы мезгiлде ел арасында да, үкiметтiк мiнберлерден де жиi-жиi айтыла бастады. 26 желтоқсанда Қырғыз үкiметiнде өлкенi алдағы үш жылдық кезеңде әлеуметтiк-экономикалық дамытуды, үстiмiздегi жылдың республикалық бюджетiн бекiтудi талқылаған мәжiлiс өттi. Осы алқалы жиында алтын өндiрiсiнен түсетiн кiрiс бюджеттi қамсыздандырудың бiр көзi ретiнде қаралды. "Бiз барлық активтердi, табиғи байлықтарды, экономикалық кәсiпкерлiк нысандарды халықтың игiлiгiне қызмет ететiндей жолға салуымыз керек. Алтынның үстiнде жүрiп, жарлы болғанымыз мәжiлiске жарамайды. Кейiнгi күндерi Құмтөрдегi жағдай бойынша елдiң наразылықтары бiлдiрiлуде. Соңғы жылдары бұл кәсiпорыннан бюджетке болар-болмас қана пайда түстi. Өткен он жылда Құмтөрде 250 тоннаға жуық, яғни құны 10 миллиард доллардан көп алтын өндiрiлiптi. Мемлекет халықтың пайдасы үшiн компанияның активтерiн басқаруы қажет. Миллиардтаған доллар активтер тұрғанда, бiз болмашы бiр 20 милллион долларды қайдан табамыз деп қиналамыз. Бiз "Центерраның" ақшаларын пайдаланбаймыз. Бiз қайыршы сияқты ақша сұраймыз", – дедi Премьер-министр Алмазбек Атамбаев мәжiлiсте. Осылайша үкiмет басшысы шындықты ашып салам деп, өзiнiң қызбалығын да көрсетiп қойды.
Құмтөр кенiнiң тiзгiнiн ұстаған "Центерра Голд Инк." компаниясының Құмтөр кенiшiнiң тiзгiнiн ұстаған "Центерра Голд Инк" компаниясының президентi Стивен Ланг Президент Роза Отынбаеваның, сосын Премьер-министр Алмазбек Атамбаев пен бiрiншi премьер-министр Өмiрбек Бабановтың қабылдауында болып, ертеңiне Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбековпен кездестi. Бұл кездесулер А. Атамбаевтың ащы мәлiмдемесiне байланысты болды ма, жоқ алдын ала жоспарланды ма, оны тап басып айту қиын. Қырғызстандағы билiктiң жоғарғы үш бұтағының баспасөз қызметтерi таратқан ақпараттарына қарағанда, Стивен Ланг мырза компанияның 2010 жылы атқарған iстерi бойынша есеп берген және 2009 жылы Қырғызстан мен компанияның арасында жасалған келiсiмнiң өзгермейтiнi белгiлi болды. Оған сәйкес, Қырғызстанның "Құмтөр" алтын кенiнен түскен пайданың 67 пайызы канадалық компанияға, 33 пайызы (77,3 миллион акциямен) Қырғызстанға тиесiлi.
А. Атамбаевтың мәжiлiсте сөйлеген сөзiне зер салсақ, қырғызстандық үлестi көтеруге күш салатын сияқты.
Акциялар күн сайын өзгерiп тұрады. Мысалы өткен жылдың 7 желтоқсанында Қырғызстанның акциядағы үлесi ақшаға шаққанда 1,769 миллиард долларды құраған. Жыл аяғындағы және осы жылдың басындағы "Қырғызстанның Құмтөрдегi үлесiн 67 пайызға жеткiзу" деген ұрандармен өткен шерулердiң нәтижесiнен бе, акцияның құны қазiр бiраз төмендедi. Өткен жылдың 1 желтоқсанында Торонтодағы қорлар биржасында бiр акцияның құны 20,9 канадалық доллар болса, 25 қаңтарда бiр акцияның құны 16,3 долларға түскен.
Өткен жылы "Құмтөр" кәсiпорны 17 тонна 660,7 килограмм алтын өндiрiп, бюджетке 100 миллион доллар көлемiнде салық қаражатын аударған. Биыл одан да көп ақша түсiру жоспарланып отыр. "Құмтөр" өзiнiң өндiрiсiн кеңейтуге биыл 200 миллион доллар жұмсамақшы.
Халықаралық кәсiпкерлер кеңесiнiң 2010 жылғы зерттеуiне сүйенсек, Қырғызстан дүниежүзiндегi алтын өндiрушiлердiң iшiнен 22-орынды иеленген. Соңғы кездерi жылына 18 тоннаның о жақ, бұ жағында алтын алынуда. Егер Құмтөрдi қосқанда өлкедегi жетi iрi – Бозымшақ, Чаарат, Талдыбұлақ, сол жағалаудағы Талдыбұлақ, Андаш, Шәмбiсай кендерi толыққанды жұмыс iстесе, жылына 44 тоннаға дейiн алтын өндiруге болады. Онда Қырғызстан 15 орынға жоғарыламақ. Қырғызстанның табиғи ресурстары жөнiнде министрлiгiнiң өткен жылғы мәлiметiне қарағанда, өлкеде 2700-ге жуық кiшiгiрiм алтын кенiштер бар.
Қазiр Қырғызстан жылына 100 тоннадан аз алтын өндiрушi 87 елдiң қатарында. Әлемнiң 8 елiнде – Қытай, Австралия, АҚШ, Оңтүстiк Африка, Ресей, Перу, Канада және Индонезияда 100 тоннадан 300 тоннаға дейiн алтын өңделiп шығарылады.
Қырғызстанда алтын өндiру, оны пайдалану мәселесiнiң төңiрегiндегi талас-тартыстар бiраз жылдардан берi жалғасып келедi. Ыстықкөлдiң күнгей қапталындағы тау етектерiне жайғасқан Қырғызстанның ең iрi кен орны – "Құмтөрде" қырғыз геологтары өткен ғасырдың 70-80 жылдарында барлау жұмыстарын жүргiзiп, ол маңнан 716 тонна алтын өндiруге боларын анықтаған. Ең тиiмдiлiгi оның 316 тоннасы жердiң үстiңгi ашық қыртысында орналасқан. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, Қырғызстан мұнда алтын өндiру зауытын салуға үлгере алмай қалды. Ақаев билiгi тұсында бұл жұмысты канадалық "Камеко" компаниясы қолға алып, 27 айда, iске қосады. 1994 жылы жасалған келiсiмшартқа орай Қырғызстан өндiрiлген өнiмнiң 67 пайызына ие болуы тиiс болатын, он жыл бойы жарытымды пайда көрген жоқ. 2003 жылдың 31 желтоқсанында сол кездегi премьер-министрдiң қол қоюымен жаңа келiсiм жасалды. Қырғыз-канадалық бiрлескен халықаралық "Центерра Голд Инк." ашық акционерлiк қоғамы (ААҚ) құрылып, "Камеко" компаниясынын үлесi – 67, "Қырғызалтын" ААҚ-ның үлесi – 33 пайыз болып белгiленген. Бес жыл бойы бұл келiсiм де жүзеге асқан жоқ. Қырғызстан 7,5 миллион дана акциясын сатып жiбергендiктен, үлесi 15,6 пайыз ғана болып қалған.
2005 жылы билiкке Қ.Бакиев келгеннен кейiн, "Қырғызалтын" ААҚ-ның директорлар кеңесiнiң басқарушысы болып президенттiң ұлы Максим Бакиевтiң досы Елисеев деген тағайындалды. 2007 жылы жаңа келiсiм жасалып, кәсiпорынды шағын топтың жем сауытына айналдырған.
2009 жылы сәуiр айынан бастап Жоғарғы Кеңестiң қысымымен қырғызстандық 33 пайыз үлес қайта қалпына келтiрiлген едi.
"Алтын көрсе, перiште де жолдан таяды" демекшi, егемендiк алған уақыттан берi Қырғызстанда алтынмен айналысқан адамдардың талайы жолдан тайғаны шындық. Алтынның басы-қасында жүргендердi былай қойғанда, министрлiктен алынған лицензияларды екiншi, үшiншi қолға қайта сату арқылы көптеген пысықтардың мол пайда көргенi бүгiнде белгiлi болып отыр. Осы тұста кеңес дәуiрiндегi мына бiр жайт ерiксiз еске түседi. Өткен ғасырдың сексенiншi жылдары болатын. Кешкiлiк басуға кетiп бара жатқан газетке "лито" өкiлдерi (цензура) қол қоймай керi қайтарып жiбердi. Себебi Қырғызстанның "Мақмалалтын"деген кен орнының қызметкерiнiң туысқаны дүниеден өтiп, кәсiпорын соған көңiл айту бiлдiрiптi. Цензураның шарты бойынша, алтын кенiшiнiң аты газет бетiнде жарияланбауы керек. Осының өзiнен-ақ ол кезде тәртiптiң өте қатаң болғанын байқауға болады.
Биыл жыл басында "Қырғызалтын" ААҚ-ның басқармасының төрағасы ауысты. Уақытша техникалық үкiмет кезiнде энергетика министрi болып, жаңа үкiмет жасақталғанда бiрер ай қызметсiз қалған Осмонбек Артықбаев кәсiпорынға жетекшiлiкке келдi. Жаңа төраға iсiн өлкенiң қиыр шығысындағы Тоғызторау ауданындағы "Мақмалалтын" кенiнiң жағдайымен танысудан бастады. 1986 жылдан бастап iстеп келе жатқан кен орнының қазiргi жағдайы өте мүшкiл екен. Кәсiпорын өткен жылды 100 миллион сом шығынмен аяқтаған. О.Артықбаев мұның басты себептерiнiң бiрiн өндiрiлген алтынның ұрлануымен байланыстырды. "Бұрынғы билiктiң уағында "Мақмалалтында" ұрлыққа жоғарғы шенеунiктер араласқан, алтын ұрлаудың күрделi кестесi жасалған. Құқық қорғау органдары араласып, солардың жәрдемiмен тоқтатылмаса, бұл өте зор түйткiл болып қалыпты", – деп мәлiмдедi төраға.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi