Жаңалықтар

АЛЫП АЖДАҺАНЫҢ ӘЛЕМГЕ ЫҚПАЛЫ

ашық дереккөзі

АЛЫП АЖДАҺАНЫҢ ӘЛЕМГЕ ЫҚПАЛЫ

Әлемдiк экономикалық дағдарыстың кесiрiнен қарызға белшеден батқан кәрi құрлықты қаржылық тұрғыда қолдауға ниет бiлдiрген Қытай саяси сахнадағы ықпалын арттыруға және әскери күшiн нығайтуға тырысуда. Аспанасты елiнiң мұндай белсендiлiгiне АҚШ, Ресей мен Жапония алаңдап отыр.

ЕУРОПАНЫҢ ҚАРЫЗЫ – ҚЫТАЙДЫҢ МОЙНЫНДА

Жаңа жылды экономикалық, дипломатиялық тұрғыда белсендi қадамдармен бастаған Пекин әлемдiк саяси сахнадағы салмағын арттыра түскендей. Өткен аптада Еуропалық Одақ шеңберiнде өткен екiжақты кездесулерде Қытай Еуроаймақты қыспаққа алған дағдарыстан құтқару үшiн қаржылық тұрғыда қолдау көрсетуге әзiр екендiгiн бiлдiрдi. Iссапар барысында Германиямен жаңадан миллиардтаған сомаға келiсiмшарт жасасқан Қытай вице-премьерi және ҚКП Саяси бюросы Тұрақты комитетiнiң мүшесi Ли Кэцян еуропалықтарға: "Қысылтаяң шақта сiздер бiзге арқа сүйей аласыздар. Бiз – сiздердiң ХХI ғасырдағы нағыз достарыңызбыз", – деп ресми түрде ашық мәлiмдедi. Spiegel журналының хабарлауынша, Мадридте Испания королi Хуан Карлоспен жүздескен Ли испандық мемлекеттiк қарыздарды үздiксiз сатып алумен келген Қытайдың Испанияға көмек қолын созудан бас тартпайтынын айтты. Испандық El Pais газетiнiң хабарлауынша, аспанасты елi сатып алған мемлекеттiк мiндеттемелер 6 млрд. еуро көлемiнде көрiнедi. Валюталық қоры 2,2 трлн. еуроға тең Пекинмен "тамырластыққа" Мадрид қана емес, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердiң көпшiлiгi асық. Алайда аспанасты елi тарапынан Еуроодаққа қанша сома көлемiнде көмек берiлетiнi әзiр белгiсiз. Белгiлiсi – былтыр жыл соңында еуроаймақ тiзiмiнен шыға жаздаған Португалия, Ирландия мен Грецияны, сонымен қатар кәрi құрлықтағы қарызға батқан өзге де елдердi құтқаруға Қытай шынымен мүдделi. Өйткенi экспорттық потенциалы өте жоғары әрi экономикасы қарқынды дамып келе жатқан қытай негiзiнен батыстық тұтынушыларға қарап бой түзейдi. Мысалы 2010 жылы бүкiл әлем бойынша экономикалық өсiм тұрғысынан алғанда, рекордтық көрсеткiштерге қол жеткiзген аспанасты елi экспорттан 1,58 трлн. доллар пайда тапты.

ҚЫТАЙ ҚАРУ-ЖАРАҚҚА КӨҢIЛ БӨЛУДЕ

Бүгiнде батыстық бағытта Германияны таңдап алған Қытай экономикалық көрсеткiшi жоғары болған немiстермен қарым-қатынасты нығайта түсуге бейiл. Өйткенi былтыр экспорттық кiрiсi 950 млрд. еуродан асқан Германия кәрi құрлықтағы Қытаймен терезесi тең серiктес ретiнде қабылданады. Оның үстiне Батыс нарығына бағытталатын қытайлық экспорттың 30 пайызын немiстер тұтынады және екiжақты сауда айналымы 2010 жылы 140 млрд. долларға жеткен. Өткен аптада Берлин мен Пекин арасында бекiтiлген 8,7 млрд. еуро көлемiндегi келiсiмшарт екiжақты қатынасты нығайта түсерi анық. Кездесу барысында қытайлар Еуропа 1989 жылы қару-жарақ тасымалына қатысты қойылған эмбаргоны алып тастауға ықпал етудi өтiнген. Арада ұзақ уақыт өтпей-ақ, Еуропалық Одақтың Сыртқы iстер және қауiпсiздiк саясаты жөнiндегi Бас өкiлi Кэтрин Эштон еуропалық көсемдердiң көпшiлiгi эмбаргоны алып тастау туралы ұсынысты жақтайтынын мәлiмдедi. Өйткенi эмбаргодан бас тарту – экономикалық тұрғыда Еуропа үшiн өте маңызды. Әрi аспанасты елiнен алыста жатқан кәрi құрлық әскери күшiн нығайтқан қытайлардан келiп-кетер қауiп те жоқ. Есесiне қытайлардың батыстықтардан қару-жарақты көптеп сатып алуға белсене кiрiсуiне Ресей алаңдаулы. Эмбарго туралы мәселе көтерiлiсiмен-ақ, ресейлiк саясаттанушылар елдiң еуропалық бөлiгiнде орналасқан әскери күш пен техниканың бiр бөлiгiн шығыс бағытқа қарай бұру жайлы әңгiме қозғады. Саяси, экономикалық және әскери, яғни қару-жарақ мәселесiнде аспанасты елiн басты бәсекелес санайтын Жапония мен Үндiстан да қарап қалмасы анық. Өйткенi Қытайдың күшеюiне олар мүдделi емес. Биылдан бастап әскери шығындарды шектеуге бел буған АҚШ та Еуроодақтың эмбаргоны алып тастауына қарсы шығары сөзсiз. Есесiне аспанасты елiнiң кәрi құрлықпен етене жақын болуға тырысуының бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, әскери қуаты жағынан алғанда, АҚШ, Үндiстан мен Ресейден Батыс әлдеқайда әлсiз әрi Еуропа мен Қытай арасында ешқашан тарихи тартыстар болған емес. Сондықтан ЕО Пекинге сенiмдi серiктес ретiнде әбден лайық. Екiншiден, экономикасы экспортқа тәуелдi қытайлар үшiн қалталы тұтынушыларға бай батыстық нарық – таптырмас пайда көзi. Үшiншiден, өзге елдер бүгiнде заманауи техника мен технологиясы қарыштап дамып келе жатқан Еуропаның шаңына да iлесе алмайды. Оның үстiне, Брюссель мен Вашингтон аса iрi саяси мәселелерде ауыздары бiр болуға тырысқанмен, араларында ежелден қалыптасқан экономикалық бәсекелестiк бар. Мұндайда Пекин Американы емес, Еуропаны жақын тартатыны айқын. Қазiр халықаралық саясатта қалыптасқан пiкiр: "Қытай әлемдi екi жолмен бағындыруға мүдделi: бiрiншiсi, "бейбiт" жолмен, яғни демографиялық және экономикалық экспансиямен, екiншiсi, әскери күш қолдану арқылы". Әзiр алып аждаһа ешкiмге қару қолданып, қарсы шыққан жоқ. Есесiне көптiгiмен әрi экономикалық тұрғыда тиiмдi ұсыныстарымен әлемдiк ықпалын арттырып келедi.

АЗИЯЛЫҚ АЙМАҚ ПЕКИННIҢ УЫСЫНДА

Кәрi құрлықтың көңiлiн тапқан Қытайдың кейiнгi кездерi азиялық аймақтағы беделi де арта түскен. Бұған дейiн Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекеттерiмен тiл табыса алмай келген аспанасты елi мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлген үш бастамасының, яғни 1978 жылғы реформалау мен ашықтық, 1990 жылғы көршiлермен тату болу саясаты және 2002 жылғы "әлемдiк державаға айналу" стратегиясының арқасында халықаралық қауымдастықтың өзiне деген көзқарасын өзгерте бастады. Сыртқы нарыққа қаржы құя отырып, саяси және экономикалық қиындықтарын оңай әрi оңтайлы шешуге ұмтылатын Пекин Азиядағы бәсекелестерiнiң де қабағын жiбiттi. Соңғы кездерi оңтүстiк-шығысазиялық елдер көсемдерi мен Қытайдың жоғары лауазымды шенеунiктерi бiр-бiрiне жиi сапарлап, экономикалық қатынастарын нығайтуда. БҰҰ таратқан деректерге сүйенсек, АСЕАН (Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнiң ассоциациясы) құрамындағы 10 мемлекетпен (Қытай, Жапония мен Оңтүстiк Корея бұл ұйымға мүше емес) қоян-қолтық араласа бастаған Пекин 2009 жылы аталған ұйымға 2,8 млрд. доллар көлемiнде қаржы құйған. Былтыр жыл басында құрылған халқының саны 1,9 млрд. адамға тең АСЕАН-Қытай еркiн сауда аймағындағы ЖIӨ бүгiнде 6 трлн. доллардан асып түскен. АСЕАН елдерiмен сауда айналымын 2010 жылы 37,5 пайызға, яғни 293 млрд. долларға өсiрген Қытай экономикалық интеграцияның арқасында азиялық аймаққа ықпалын осылайша арттырып келедi. Арзан жұмыс күшiн пайдалана отырып, экономикалық қиындықтарын шешiп алуға ұмтылған аспанасты елi Комбоджа, Индонезия мен Тайландта кәсiпорындар ашып, шикiзат қорларына қол жеткiзуде. Жыл басында Дүниежүзiлiк банк Қытайдың ЖIӨ көлемi шамамен 8,7 пайызға өсуiнiң арқасында, азиялық-тынықмұхиттық аймақтағы дамушы елдердiң экономикасы 8 пайызға көтерiлетiнi туралы хабар таратты. Әрине қазiр саяси, экономикалық және қауiпсiздiк мәселесiнде Қытайдың азиялық аймақтағы басты бәсекелесi саналатын Жапония да қарап жатқан жоқ. Жедел қарқынмен дамып келе жатқан Қытайға есе жiберiп алмас үшiн Токио Вашингтонмен қатынасын нығайта түсу мақсатында, бiрқатар келiсiмдерге қол қойды. Сонымен қатар аспанасты елiнiң өзге бәсекелестерi Үндiстан мен Австралияға достық ниетпен бiрқатар ұсыныс бiлдiрген және арадағы саяси, экономикалық, әскери қатынастарды арттыруға мүдделi екенiн мәлiмдеген Жапония Вьетнамды АҚШ-пен жақын болуға көндiрдi. Әрине бұл азиялық алпауыттар бiр-бiрiнен бас тартады дегендi бiлдiрмесе керек. Керiсiнше әлемдiк саяси сахнада салмағы бар өзге елдер саяси тепе-теңдiктi сақтай отырып, Қытаймен серiктес болуға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ