Жаңалықтар

"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ..."

ашық дереккөзі

"КӨТЕРIЛIП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ..."

(Әлiмхан Ермеков)

3.

Сонымен Коминтерннiң конгресi өтiсiмен, Әлихан Бөкейхановтың тiкелей кеңесiмен Әлiмхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кiрiстi. Онда әр сөз бен сөз тiркесiне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттiк мағына мен астар бердi. Әсiресе қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстiк облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерiнiң құрамында қалдыруға жанкештi дәлелдер iздестiрiлдi. Ал жер жөнiнде, соның iшiнде солтүстiк облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегi Кеңес өкiметi ғалымдарының iшiнде Әлихан Бөкейхановпен теңдесетiн маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Кейiн одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлерi Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдында Ә.Бөкейхановтың пiкiрiне жүгiнiп барып талқыға ұсынып отырғанын тергеу деректерi де растайды.

Әртүрлi мүдделер мен ұсыныстарды жинақтап, талапкер жақтардың дәлелдерi мен сараптамаларын саралап, жан-жақты дайындалған комиссия мәжiлiсi 9-10 тамызда Ұлттар жөнiндегi халық комиссариатының коллегия мүшесi А.З.Каменскийдiң төрағалығымен өттi. Қазақ мемлекетiнiң тағдыры шешiлген, тәуелсiз Қазақстанның бүгiнгi территориясын түбегейлi анықтап берген қасиеттi мәжiлiс болғандықтан да және оның аса маңызды құжат екенiн ескерiп, "Алашорда" тарихын алғаш құжаттық тұрғыдан егжей-тегжейлi зерттеген тарих ғылымының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолованың пайымдауын негiзге ала отырып, комиссия мүшелерiнiң тiзiмi мен лауазымын, пiкiрлерiн қоса ұсынамыз.

Мәжiлiске: Ұлттар жөнiндегi халық комиссариатынан – М.Сұлтанғалиев, Жер жөнiндегi комиссариаттан – А.Д.Цюрупа, баяндамашы ретiнде Семей облысы атынан – Ә.Ермеков, Қазревкомнан – С.Пестковский, М.Мырзағалиев, Г.Кулаков, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Г.Әлiбеков, Мәскеудегi қазақ өкiлдiгiнен – П.Петровский, Орынбор губаткомынан – И.Мартынов, Түрккомиссиядан – Г.Сафаров, Сiбiрревкомынан – В.Соколов, Омбы ревкомынан – И.Полюдов, Челябi губкомынан – Поляков, Бөкей ордасынан – С.П.Милютин мен Д.Темiрәлиев, Ақмола облысынан – Итбаев пен Оразаев, Астраханьнан – А.Каримов қатысты.

Баяндамашы Әлiмхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөнiндегi халық комиссариатының ұсынысына жүгiне отырып: Астрахань, Урал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемi 3 467 922 шаршы шақырым жердi Қазақ республикасының құрамына берудi ұсынды. Көрсетiлген жердiң 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкiл тұрғындардың 54% екенiн атап өтiп ол:

"Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенiң этникалық, экономикалық және мәдени ерекшелiктерiн ерекше ескеру керек. Егерде қазақтардың денi осы уақытқа дейiн көшпелi өмiр салты мен мал шаруашылығын басты кәсiп ретiнде сақтап қалғанын назарға iлсек, … онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екенi көзге анық көрiнiп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстiк және оңтүстiк облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкiн әрi нақты өмiрлiк сыпат алады, бұл мәселе керiсiнше шешiлген жағдайда, Автономия тiршiлiк көзiнен айырылады. Сонымен қатар, мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сiбiр ревкомы және т.б.) талап етiп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстiк облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тiрi өлiкке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып Қазақ автономиясының құрамын көрсетiлген шекара бойынша бекiту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретiнде қаралып отыр", – деп (сонда, 361 бет) мәселенi тiкесiнен және шешiмдi түрде қойды.

Бұл – аса тағдырлы да тауанды талап едi. Ол талаптан бас тарту – қазақ жерiн телiмдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердiң назарын өзiне қаратып, көзқарасын қазақ автономиясының мүддесiне бейiмдеп, дәлелiне сендiрiп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлiмхан Ермековтiң туа бiткен шешен де өжет мiнезi, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн қалап, территориясын анықтауда шешушi қызмет атқарды. Ол өзiнiң аса жүйелi және батыл қисындары арқылы оппоненттерiнiң пiкiрлерiн шарасыз жансыздандырды, олардың талаптарын: Кеңес өкiметiнiң шешiмiмен, "байырғы халықтар еркiндiктi қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемiстерiн жинауы" үшiн құрылып отырған автономияға қарсылық боп көрiнуi мүмкiн екендiгiн тегеурiндi емеурiнмен жеткiздi. Жанын үшкiрiп Әлiмханның жанына қосқандай болып отырған, мысымен де, демiмен де демеп отырған Әлихан Бөкейханов:

"Мен сен сөйлеп отырғанда көтерiлiп-басылған жанартаудың үстiнде отырғандай болдым. Сөйлегендегi жалының бетiмдi шарпыды", – деп баға бердi.

Бұл пiкiрдi Сiбiр ревкомының өкiлi В.Соколов та өзiнiң алпысыншы жылдары жарияланған естелiгiнде:

"Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбетi қазақтардан оқшаулау жас қазақ жiгiтi жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабiлетiмен комиссияның ықпалын өзiне қаратып алды", – деп (Мәдениет және тұрмыс, 1964, № 11) жазды.

Шындығында да мүлдем басқа талап қойып, солтүстiк облыстарды Ресейдiң құрамында қалдыруға өкiм дайындап келген В.Соколов қарар үшiн дайындаған сөзiн жұмсартып:

"Баяндамашының пiкiрiне негiзiнен қосыламын. Алайда Солтүстiк облыстардың Сiбiрден бөлiнуi, онда шоғырланған орыс тұрғындарының Қазақстанға мәжбүрлi түрде қосылуының салдарынан, ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алып келуi мүмкiн. Сонымен қатар, Орынбор әкiмшiлiк орталық ретiнде казактар мен қазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршiтуi мүмкiн, сөйтiп қазақтар көтерiлiстiң отына шарпылатын қауiптi жағдайға тәуекел етiп отыр. Ресей тарихы қазақтарға Қазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттiк аппарат құратындай мардымды бiлiм мен ұйымдастыру тәжiрибесiн игеруге мүмкiндiк берген жоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономиясы таяу арада өз-өзiнен ыдырап тынады. Жердi бiрте-бiрте өз үлесiне қаратып, басқару аппаратын құрғанша бiрталай уақыт керек, сондықтан да бұл мiндеттi қазiр Қазақ ревкомымен тығыз байланыста басқарып отырған Сiбiрревкомы мен Түрккомиссиясының құрамында қалдыру қажет", – деп (сонда, 361-бет) ұсыныс айтты.

Қазiр бұл пiкiр ашық қарсылық есебiнде бағалануы мүмкiн және Сiбiр ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейiн ұстанып, солтүстiк облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегi, сол күнгi психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда бұл "жұмсақ пiкiр" едi. Әйтпесе мәселе Қазақ автономиясына солтүстiк облыстарды беру – Ресейдi бөлшектеу, қазақ еңбекшiлерiн социалистiк қоғамнан шеттету, пролетариаттық-интернационалдық парыздан бас тарту, Қызыл армияның төгiлген қанын қорлап, кеңес өкiметiнiң орнығуынан бас тарту ретiнде мәлiмдеме жасалса, бұл мәселенiң дәл сол кезде шешiлуi және шешiле қалған жағдайда да солтүстiк облыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл едi. Ал жаңағыдай "автономияны мойындай отырып келтiрiлген "бiрақ тар", сөз арасындағы саяси "брак" – сылтау ғана едi. Түркiстанның бiлгiрi, "Түрккомиссияның" өкiлi Г.Сафаров та:

"Түркiстандағы қазақ облыстарында Кеңес өкiметi әлi орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетiнше жұмыс iстей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелi негiзгi құрылымды нығайтып барып, содан кейiн ғана бiрте-бiрте iске кiрiскенiмiз жөн", – деп солқылдақтық танытты.

Түркiстан республикасын "әсiрекеңестендiрiп, бiр күнде социализм орнатпақ болып, мемлекеттi анархиялық жағдайға әкелгенi үшiн" Кремльге шақыртылып алынып, "Түрккомиссиясының" жетекшiлiгi мiндетiн атқарған Г.Сафаров "қазақ автономиясының" құрылуына мүдделi емес болатын, керiсiнше Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергiлiктi қайраткерлердi Сталиннiң ырқымен билiктен ысырған "аралық қайраткер" едi. Автономияның құрылуына тiкелей мүдделi Қазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдiң өзi:

"Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принциптi ұстану ғана ақылға сияды", – деп түпкi пиғылын танытты.

Ал "кеңестiк жер иесi" мекемесiнiң өкiлi А.Д.Цюрупа:

"Егерде шөлейттi далаға құнарлы жер қосылмаса, онда бұл өлке өмiр сүре алмайды. Қазақ өлкесiнiң барлық басқару құрылымы Қазақ ревкомына бағындыра шоғырлануы тиiс, әйтпесе осыған дейiнгi қалыптасқан жағдай өзгермейдi", – деп орынды пiкiр бiлдiрдi.

"Түрккомиссияның" тiзгiнi қолынан шығып бара жатқанын сезген Г.Сафаров тағы да өзеуреп:

"Орынборда отырып Жетiсу мен Сырдарияны басқарамын деу – мазақ қана емес, арандату. Мұндай саясат – ұлттық утопия", – дедi.

Ал Ахмет Байтұрсынов үшiн бұл қиял емес, нақты тарихи мүмкiндiк едi. Ол осы автономия үшiн "Алашорданың" мүддесiн Кеңес өкiметiмен байланыстырған және оған кепiл ретiнде өз басын тәуекелге тiккен тағдырлы тұлға болатын. Сондықтан да өзеуреген "Түрккомиссиясының" алдын ала Сталинмен келiсiп тұжырымдаған пiкiрiнiң бетiн бiрден қайырып:

"Әңгiменiң басын бiрден ашып алу керек. Егерде Қазақ өлкесi өзiн-өзi билей алмаса, онда республика құру мәселесiнiң пiсiп-жетiлмегенi, оны құруға тиiстi жағдайдың жасалмағаны ғой, онда бос сөздi доғару қажет. Демек бәрiнен бұрын басты мәселенi – бұл республиканы құрудың қажеттiгi бар ма, жоқ па соны шешiп алу қажет. Егерде бұл мәселе оңды шешiлсе ғана, содан кейiн барып сол республиканы басқара алатын күштердi құруды қолға алу қажет, ал ондай күш бар", – деп сенiммен айтты.

Ал Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың беделiнiң алдында Г.Сафаровтың сүреңi оңып сала беретiн. Сол кезге дейiн әсiресолшыл, бiр жылдан кейiн әсiреұлтшыл бағытты ұстаған Сталиннiң орынбасары М.Сұлтанғалиев үш жақты пiкiрдiң "алтын өзегiн" ұстап:

"Егерде Түркiстан мен Сiбiрдегi билiк әлсiз болса, ал мұның шындық екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды, онда олардың iс-әрекеттерi Қазақ ревкомының, орталықтың өкiмiмен үйлесетiндiгiне ешкiм де кепiлдiк бере алмайды. Сондықтан да бұл облыстардың ревкомының жұмысы орталықтың өкiлеттi қарарларымен реттелiп отыруға тиiстi. Басқару билiгi Қазақ ревкомында болуға тиiстi, ал қалған орталықтар соның ұлттық, әлеуметтiк-экономикалық шешiмдерi бойынша жұмыс iстеп, Қазақ ревкомының шешiмдерiн жетекшiлiкке алуы тиiс", – деген пiкiр бiлдiрдi.

Мiне, осы арада бас баяндамашы Әлiмхан Ермеков өзiнiң ұстанымы мен дәлелiн түбегейлi орнықтыру мақсатында қайыра жарыссөзге шығып:

"Автономия беру мәселесiн принциптi түрде бiрауыздан қолдай отырып, автономияны құруға келгенде сөз бен iстiң арасынан алауыздықтың туып отырғаны түсiнiксiз. Анығында мәселе: республиканы құрудың қажетi бар ма, жоқ па? – дегенге тiрелiп тұр. Егер мен дұрыс түсiнсем: тек насихат үшiн ғана емес, нақты iс жүзiндегi жұмыс iстейтiн автономия туралы сөз болып отыр, ендеше соған сай басқару аппараты құрылуы тиiс, онсыз: қазақтар өзiн-өзi басқара ала ма? – дегендi былай қойғанда, республика жөнiнде сөз қозғаудың өзi мағынасыз бос мылжың ғана. Ал Қазақ ревкомын қызметкерлермен қамтамасыз етудi орталық мойнына алсын", – деп басты назарды автономияның жариялануына аударды.

Сөйтiп 10 тамыз күнi комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе:

"Қазақ республикасын құру – шешiлген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиiстi мекемелер өкiмет билiгiн республиканың басқаруына берудiң жолдарын қарастырсын", – деп жариялады.

Бұл – үлкен жеңiс едi. Алайда бұл жеңiстi тиянақты ету үшiн автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннiң алдында қорғап шығуы тиiс болды.

Ә.Ермеков (Естелiктен): "Москваға келгеннен кейiн В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында мен Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейiн Түркiстан республикасындағы жағдай туралы "Түрккомиссиясының" мүшесi жолд. Сафаров сөйледi. Аса қуатты жiгерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайы мен Столыпин реформасынан кейiн қоныс аударушылардың кесiрiнен туындаған қиыншылықтарды сондай бiр сенiмдi де нақты дәлелдермен жеткiзе бiлген тиянақты баяндама жасады. Ол: өзiнiң ата қонысынан айырылған және келiмсек-кулактардың аяусыз тәркiсiне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашына айтты. Ол: "шұғыл түрде жер реформасын жүргiзiп, барлық кулактардың жерiн тартып алып, олардан алынған жердi бұрынғы иесiне қайтарып берудi талап еттi. "Сонда ғана бұратана халық бостандықты сезiне алады, ұлы қазан төңкерiсiнiң жемiсiн көре алады",– дедi. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан бiраз уақыт өткен соң Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркiстанда жер реформасы жүргiзiлдi".

12 тамыз күнi Лениннiң төрағалығымен өткен мәжiлiсте Ә.Ермеков негiзiнен қазақ автономиясының шекаралық аудан мәселесiне баса назар аударды.

Ә.Ермеков (Естелiктен): "Мен өзiмнiң баяндамама кiрiспей тұрып, Ұлы Октябрь революциясы көсемiнiң алдында қатты толқыдым. Бiрақ оның қарапайымдылығы, мейiрiмдiлiгi, кiшi халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер еттi. Баяндама кезiнде менi оның ширақтығы, ойының өткiрлiгi, аз халықтың баяндама жасаған өкiлiн әдiл де батыл қолдауы бей-жай қалдырмады.

Көтерiлген барлық мәселелердi талдауы мен ондағы қойылған мәселелердiң барлығынан хабардар болуы және оған бойлай енуi таңқаларлық едi. Ол менiң баяндамама да катысты қызығушылық пиғыл көрсеттi: мұқият тыңдады, мүмкiн болатын қателiктерден сақтандырды, ал әдiл шешiмдi талап ететiн қажеттi шараларды батыл қолдады. Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрi қызына пiкiр айтып, бүкiл баяндаманың басынан бастап аяғына дейiн белсене қатысып отырды. Сөйтiп, адамзаттың ұлы данышпаны маған ұмытылмас әсер қалдырды. Осынау ұлы ойшыл-революционердiң рухы алдында басымды иiп тағзым етемiн.

Ендi Владимир Ильичтiң баяндамадағы шиеленiскен мәселелердi дұрыс шешуге катысып, берген көмегi туралы, елу жылдан кейiн де есiмде қалған жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын.

Мен өзiмнiң баяндамамда, негiзiнен Қазақстанның шекарасын анықтауда үлкен маңызы бар күрделi де шиеленiскен жер мәселесiне тоқталдым (Бұл мәселелер Лениннiң көзi тiрiсiнде шешiлген болатұғын, сондықтан да қазiр тарихи-анықтамалық қана сипат алады.

Патшалық Россия кезiнде сол кездегi қолданыстағы заң ережелерiн бұза отырып, қазақ жұртының иелiгiндегi өзен, көл жағалауын, орман алқабын, саяжай орналасқан тоғайларды, қара топырақты жерлердi, жасыл алқаптарды тартып алған болатын. Ал бұл "белдеулердiң" Ертiс бойындағы көлемi әуелiде енi 10 десятинадан бастап ұзындығы 70 десятинаға дейiн жеттi, ал Каспий теңiзiнiң солтүстiк жағалауындағы әйгiлi "миллиондық қор" деп аталатын аса iрi атырау мал өндiрiсiмен айналысушылардан тартып алынып, шiркеуге, қазыналық қарашығын деп аталатын салғырттың есебiне және қазынаның жеке билiгiне берiлдi.

Қазақтардың пайдалануындағы жерлердi тартып алатын мұндай әпербақандық – Ресейдiң iшiндегi аса iрi жер иелерi мен помещиктердiң: құлқын жоқтайтын столыпиндiк реформадан кейiн тiптi өрiстеп кеттi. Ол Мемлекеттiк Дума мiнбесiнен: "Қазақ даласы мен Түркiстандағы ұйымдасқан кулактардың қожалығы жергiлiктi тұрғындардың мүддесiн ескермеуi тиiс, керiсiнше ол – патша режимiнiң тiрегi болуы тиiс", – деп ұран тастап, патшалық саясаттың тiрегiне айналды. Сөйтiп жергiлiктi тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркiстанда кулактардың иелiгiндегi шаруашылықтың қанат жаюына бар күшiн салған едi. Онда (мәжiлiсте – Т.Ж.) Каспий жағалауы туралы мәселелер өткiр пiкiрталас тудырды. Ал жергiлiктi тұрғындардың жер туралы мәселесi, тiптi қаралған да жоқ болатын. Ертiстiң он шақырым сол жақ бетi 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкiметiнiң қаулысымен Сiбiр казактарының иелiгiне берiлген. Ал қазақ елi өзiнiң ата-бабасының жерiнен айырылып қана қоймай, оның үстiне осы жайылымдыққа малын бағу үшiн орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлiкке ұшырады. Сөйтiп олар әрбiр казак семьясына қызмет ететiн үй шаруасындағы жұмысшы ретiнде батырақтарға айналды. Қазақ өлген кiсiсiн жерлеу үшiн зират орнына алтын ақша есебiмен 18-20 сом төлегенi туралы деректер архив құжаттарынан белгiлi.

Мен баяндамамның соңында: осы он шақырымдық жердi қазақ халқы ежелден иеленiп келгендiктен де, өздерiне қайтарып беру туралы ұсыныс жасадым.

Ал Каспий теңiзiнiң солтүстiк жағалауы – салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкiметi қазақ тұрғындарын иеленген жерлерiнен көшiре алмады. Себебi Каспийдiң солтүстiк жағына карай "Рың (Нарын – ? – Т.Ж.) құмдары" деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңiзi жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемеде жұмысшы болып iстеп, күн көрiс мүмкiндiгiне ие болды.

Баяндамамның соңында: қазақтардың бұрын иеленiп келген жерлерi өздерiне қайтарылсын және жергiлiктi қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып бiткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн, – деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менiң сөзiмдi бөлiп: "Қызық екен, орталықтағы жолдас, бiздiң ЦК-ның мүшесi Сафаров: Түркiстаннан барлық кулак шаруашылығын көшiрiп жiберу керек, – десе, сiз: тек жергiлiктi қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше қоныс аударуды тоқтату керек, – дейсiз. Бұл қалай? Мен мұндай пiкiрдi күтпеп едiм", – деп бiр сәт күмiлжи қарады. Мен: "Сафаровтың Түркiстанның жағдайын жақсы бiлетiнiн, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет iстегенiн айта келiп, ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек", – дедiм. Және де өз ұсынысыма негiз ретiнде солтүстiк аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалык мәлiметтердi келтiрдiм. "Орыс тұрғындарын көшiрiп жiберемiз деген шешiмнiң орындалу мүмкiндiгiне сенбеймiн, себебi ұлттар арасында алауыздық туу қаупi бар" – дедiм. Сонда Владимир Ильич: "Ендеше ойлану керек", – дедi.

Бұдан кейiн: "он шақырымдық кесiмдi жер" мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығын ұйымдастыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: "Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?", – деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едiм): жердi өңдеуге және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтiп ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ, – деген тiлек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: "Керегi жоқ, керегi жоқ. Бiз ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы, тiптi Орталық Россияда да әлi ойластырғамыз жоқ", – дедi. Владимир Ильичтiң тарапынан айтылған мұндай сiлтеме ұсынысқа мен қатты абыржып қалдым.

Комиссияның мәжiлiсiнде жасаған баяндамамның бiздiң республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңiзiнiң солтүстiк жағалауының – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиiмдi екендiгi жөнiндегi жоғарыдағы ұсынысымды қайталап айттым. Менiң бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Iрi басшылар, әсiресе Астрахань губерниялық атқару комитетiнiң председателi (фамилиясы есiмде жоқ), Лежава, Брюханов секiлдi басшылар: Каспийдiң балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, елiмiз азық-түлiк қиындығын бастан кешiп отыр, – деген сылтауды алдыға тартты. Сөйлеушiлердiң бұл мәселеге терiс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: "Бiздiң экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секiлдi, ұялмаңыз, өзiңiздiң ойыңызды еркiн айта берiңiз, ендi сөз сiзге берiледi", – дедi.

"Мен, кеше ғана институтты бiтiргенмiн, жақсы тәжiрибенi үйренуге дайынмын. Бiрақ кейбiр жолдастардың менiң ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткенi Қазақстанның өзiнiң ұлттық-тұрмыстық ерекшелiктерiне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы – РСФСР-дiң қарамағына кiредi. Соған қарамастан, бiздiң Каспий жағалауының республика шекарасына кiргiзiлуiн мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебi ол жерде негiзiнен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейдi және де бұл жағалау Қазақстан территориясының iшiне кiрiп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бiрге бiздiң республиканың шекарасына кiргiзсе, бiз оларды ұйымдастырып, Астрахань губерниясына қарағанда Орталыққа әлдеқайда көп балық жiберетiнiмiзге сенiмдiмiн", – дедiм.

Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетiнiң председателiне бұрылып, одан: "Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы қандай?" – деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәлiметтер жоқ дегендi сылтау етiп, сұрақтан бұлтарғысы келiп едi, Владимир Ильич: "Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар – деп отырғаным жоқ, осы өңiрдегi тұрғындардың қайсысы басым?", – дедi. Сонда председатель амалсыздан: "Қазақтар басым секiлдi", – дегенге сайды. Владимир Ильич: "Мәселе түсiнiктi болды", – деп дауысқа салмақ едi, сол арада хатшы Крестинский: "Ермеков жолдас "Данциг дәлiзiн" ұйымдастырмақ болып отыр", – деп қыстырылып едi, Владимир Ильич: "Крестинский жолдас мәселенiң маңызын түсiнген жоқ. "Данциг дәлiзiн" Астрахань губаткомы мен бiздiң шаруашылық басшылары жасап отыр", – дедi. Теңiз жағалауын бiздiң республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтiң өзi дауыс бердi және оның ұсынысы көпшiлiк дауыспен қабылданды", – деп еске алды.

Иә, Ленин мен Әлiмхан Ермековтiң көзбе көз тiлдесуiнiң нәтижесiнде бүгiнгi Атырау өңiрi Қазақстанның құрамына мәңгiлiк қосылды. Автономия мен территория мәселесi 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннiң қатысуымен өткен ең соңғы шешушi мәжiлiсте түбегейлi бекiтiлдi:

Бұл туралы аталған естелiкте Ә.Ермеков: "1920 жылдың 24 тамызда Халық Комиссарлар Кеңесi Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесi жөнiндегi мәжiлiске баяндамашының бiрi ретiнде мен де қатыстым. Мәжiлiстегi атмосфера аса iскерлiк жағдайда болды, әрқайсысы өздерiнiң жауапкершiлiгiн сезiнiп, қатал тәртiп сақтап, байсалдылық танытты. Бұл мәжiлiске Владимир Ильичтiң өзi және бiздiң тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөнiндегi халық комиссарының төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзiнiң жауапкершiлiгiн қатты сезiнiп, баяндама барысында көп қиналды.

Владимир Ильич декреттi қарап отырып: "Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына берiлiптi, неге НКПС-тiң (Байланыс жөнiндегi халық комссариатының – Т.Ж.) қарауына берiлмеген? – деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: "Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын", – деп жауап бердi. Владимир Ильич таңданыс бiлдiрiп: "Ендеше ол ережеде мұндай шешiм неге қабылданған?", – деп сұрақ қойды да мәселенiң барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту бердi. Мен бұл мәселенiң мән-жайын Пестковский жолдасқа: "Бiздiң республикамыздағы темiр жолы торабының көлемi шамалы, оның есесiне салынып жатқан темiр жолы құрылысы ЦСНХ-ның басшылығына қарайды", – деп түсiндiрдiм. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешiмнiң мән-жайын түсiндiрiп бердi. Владимир Ильич бұған: "Мұндай түсiнiктемемен келiсуге де болады, келiспеуге де болады, бiрақ баяндамашы болса Татар республикасы жөнiндегi осыған сәйкес ережеге сiлтеме жасағысы келедi", – деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзiне түскен барлық жауапкершiлiк пен ауырлықты қатты сезiнiп қиналды, сөйтiп осында отырғандарға алдағы уақытта ескерiп жүретiндей үлкен сабақ болды.

"Сөйтiп Декреттiң жобасы тездете тұтас оқылып, қабылданды. Тиiстi қосымшалар мен өзгерiстерiмен қоса РСФСР Халкомсовының Декретi 1920 жылғы 26 тамызда бүкiл елге жарияланды", – деп еске алды.

"Алашорда" үкiметi арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды. Оның басында сол жолда жанын құрбандыққа атаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлiмхан Ермеков және … автономия туралы пiкiрталаста:

"Егерде сенiммен қолға алсақ бұл мәселенi толық шеше аламыз. Тек… бiз әлi таптық жiгiмiздi ажыратып үлгергемiз жоқ. Сондықтан да бiз қазақ халқының ұлтшылдық ырқына да көндiк, онсыз ештеңенi жүзеге асыра алмайтын едiк", – деп салмақты өзiне аудара сөйлеген Әлiби Жанкелдин тұрды.

Оған Алаш азаматтары М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлiбеков дауыстарын қосты.

Ал бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң қазақ мемлекетi алдындағы тарихи миссиясы болатын. Сөйтiп "Алашорда" көсемi өкiмет билiгiн ресми түрде Ленинге табыстап, ал Алаштың рухани туын жаңа Қазақ автономиялық өлкесi үкiметiнiң қазақ iстерi жөнiндегi орынбасары Ахмет Байтұрсыновқа ұстатты. Оған Декларация жарияланысымен Әлихан Бөкейхановтың Ленинмен оңаша он бес минут сөйлесуi толық дәлел. Өзi: "Не ойы, не бiлiмi көлемдi емес",– деп есептейтiн Сталинмен кездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлiмхан Ермеков:

"В.И.Ленин өзi төрағалық еткен алғашқы мәжiлiстiң аяғында: "Автономияны кұру жөнiнде қазiр Сталинге барып пiкiрлесiңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйiстiрiңiздер", – деп кеңес бердi.

Мәжiлiске қатысушылар үзiлiсте түгелдей дәлiзге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәрiмiз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пiкiрлесiп, әңгiмелесiп қалған болатын. 15-20 минуттан кейiн ол кiсi де шықты. Бiз: "Сiздi Сталинге бiрге кiру үшiн тосып тұрмыз", – дедiк. Әлихан бәрiмiзге салқындау қарап:

"Сталин не шешер дейсiң, оның не ойы, не бiлiмi көлемдi емес, қанша бiр жетiскен жоба бар дейсiң. Онан да өзiмiз жеке шешкен дұрыс", – деп жүрiп кеттi.

Бiз бәрiмiз де аңтарылып қалдық та Әлекеңе iлесiп Кремльден шығып кеттiк. Осы күнi: "Бәлкiм кiрiп пiкiрлескенiмiз дұрыс болар ма едi? Кейбiр мәселелер мүмкiн басқаша шешiлер ме едi?", – деген ой келедi.

Осы мәжiлiстен кейiн бiр жетi өткен соң В. И. Ленин Қазақ АССР-iн құру жөнiндегi декретке қол қойды", – деп еске алған.

Ә.Ермеков (1931 жылға 28 қазан күнгi жауабынан): "Ал 20 жылы мен Мәскеу қаласындағы Байтұрсынов пен Валидовтың арасындағы келiссөзге кездейсоқ қатыстым. Ол маған Байтұрсынов арқылы белгiлi болды. Байтұрсынов ол кезде Қазақстан үкiметiнiң өкiлi болғандықтан да кездесуден бас тарта алмайтынмын. Ешқандай ұйым туралы сөз қозғалған емес. Оның мән-жайы алдыңғы жауаптарда айтылды. 20 жылы қазан айында оқуымды тәмамдау үшiн Томскiге бардым. 21 жылы педагогикалық тәжiрибеден өттiм. Сол жылдың күзiнен бастап мектеп меңгерушiсi болдым".

Мiне, ендi тергеудегi жауаптың ретiне қарай тағы да Заки Валидовке қайтып ораламыз. 1921 жылғы түрiк тектес халықтардың тағдырына арналған "Революциялық қозғалыстың дамуы және бiздiң Шығысқа көзқарасымыз" атты бiрiккен мәжiлiсте Заки Валидов:

"Қазан төңкерiсi шығысқа ешнәрсе берген жоқ. Орыстар өкiмет билiгiн қолына алды, сонымен бәрi де бiттi, әлдебiр губернатордың орнын жұмысшы алмастырды, бар өзгерiс сол ғана… Осы уақытқа дейiн шығыс халқы партиялық жұмысқа белсендi түрде тартылған жоқ. Егерде шаруашылықты басқару республиканың қолына берiлмесе, осы күнге дейiн ЧК (төтенше комиссия, қазiргiше алғанда қауiпсiздiк комитетi – Т.Ж.) жергiлiктi емес тұрғындардың қолында болса, онда қандай революция туралы айтуға болады. Бiз шығыстың билiк тiзгiнiн өз қолымызға алып, барынша төңкерiске жұмылдыруға тиiспiз", – деп сес көрсеттi.

Сес көрсетiп қана қойған жоқ, үкiмет қызметiнен бас тартып, Орта Азияда астыртын ұйым құрып, әскер жасақтап, большевиктерге қарсы күресу мақсатымен Бұқара мен Самарқанға жасырын кеттi. Мiне, тергеушiлердiң қазақ зиялылары мен Валидовтiң арақатынасы, байланысы хақында қайталай қазымырлап сұрақ қоюының себебi осында. Ә.Ермеков бұл сұраққа пәлендей қысылып-қымтырылмай тұрмыстық етекбасты көрiнiс ретiнде баға бередi:

Ә.Ермеков (жалғасы): "…1926 немесе 1927 жылы кеште Халел Досмұхамедовтiң үйiнде қонақта отырғанымызда ол маған және Елдес Омаровқа ертегiге айналып кеткен ежелгi әңгiме ретiнде: Түркiстандағы қозғалыс туралы, оған өзiнiң қатысқанын, мұның өзi Валидовпен жолығуы тиiс болғанын, бiрақ та Валидовтiң әйелi қайтып келген соң (Уфадан Ташкентке – Т.Ж.) мұның бармай қалғанын айтып бердi. Кетiп бара жатқанда өзара оның қай-қайдағыны бекер еске алғанына өкiнiсiп тарастық. Ашығын айта кетейiн: тарихтың еншiсiне айналып кеткен мұндай тылсым, жартылай күңгiрт жайлар туралы шолақ сөздердi жиi тыңдауға болады және ол туралы жалпы қауесеттi (нақтылы емес) партияда барлар да, жоқтар да бiлетiн".

СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттiң құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркi жұртына ортақ 1). Түркiстан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2). Түркiстан – Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3). Россия құрамындағы Түркiстан автономиясын құру (еуропалықтар) туралы күрес жүрiп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсiз мұсылман мемлекетiн құру мақсатында "мұхаррамдық" (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ