Жаңалықтар

Сайлау елiмiздiң саяси және экономикалық жетiстiгiнiң көрсеткiшiне айналмақ

ашық дереккөзі

Сайлау елiмiздiң саяси және экономикалық жетiстiгiнiң көрсеткiшiне айналмақ

Қоян жылының басты саяси бастамасы – бүкiлхалықтық референдум өте ме, өтпей ме деген мәселенiң шешiмi табылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауын өткiзу туралы мәлiмдеме жасады. Тәуелсiз Қазақстан тарихындағы төртiншi президент сайлауы биыл 3 сәуiрде өтпек.

Рет жағынан төртеу болса да, елдегi президент сайлауларының бiр-бiрiнен бiрқатар айырмашылықтары бар. Әрбiр сайлау – Қазақстанның демократиялық жолындағы бiр белес сияқты. Мысалы 1991 жылы өткiзiлген сайлау – баламасыз дода болатын, ал 1999 жылғы сайлау – тұңғыш баламалы, бiрақ кезектен тыс президент сайлауы едi.

2005 жылы баламалы, кезектi президент сайлауы болса, ендi мiне, 2011 жылы баламалы, кезектен тыс президент сайлауы өткiзiлмек.

Осы орайда, бұған дейiнгi президент сайлауларының барысына шолу жасаған жөн болар.

1991 жылдың 1 желтоқсанында президент сайлауы өткенге дейiн Жоғарғы Кеңес Нұрсұлтан Назарбаевты ҚазССР президентi етiп сайлаған едi. Ал жалпыхалықтық баламасыз сайлауда ол электораттың 98,7 пайыз қолдауына ие болып, президенттiк лауазымын заңдастырды.

Бұдан соң 1999 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өттi. Бұл – Кеңес Одағы ыдырап, республика тәуелсiздiк алғаннан кейiн баламалы түрде өткен бiрiншi президент сайлауы болатын.

1999 жылғы президент сайлауына 8 үмiткер қатысуға тiлек бiлдiрдi. Олардың iшiнде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, "Азамат" қозғалысының бұрынғы жетекшiсi Мұрат Әуезов те болды. Бiрақ Қажыгелдин мен Әуезов Конституциялық соттың шешiмiмен тiркеуден өтпей қалды. Бұған дейiн екеуi де рұқсат етiлмеген жиынға қатысқаны үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған-ды.

Ресми тiркеуден төрт үмiткер өттi: ҚР Президентi Н.Назарбаев, сол кездегi Кеден комитетiнiң төрағасы, генерал Ғ.Қасымов, Қазақстан Коммунистiк партиясының жетекшiсi С.Әбдiлдин, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауiпсiздiк жөнiндегi Парламент комиссиясының мүшесi Э.Ғаббасов.

Бұл додада президенттiкке үмiткерлер 1998 жылдың 30 қарашасына дейiн 170 мыңдай қол жинап, Орталық сайлау комиссиясына тiркелу үшiн 2,4 миллион теңге (31 мың доллар) төлеуi керек болған. Тағы бiр маңызды шарт – үмiткерлерге қазақ тiлiнен емтихан тапсыру мiндеттелдi.

Басты үмiткер – Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев едi. Президент кеңесшiсi Ермұхаммед Ертiсбаевтың айтуынша, Назарбаевтың бұл додадағы "басты қаруы" – әлеуметтiк саясат болды.

Ғ.Қасымов патриоттық сипаттағы бағдарлама жасады, ал С.Әбдiлдин бұрынғы қағидаларға қайта оралуды ұсынды. Э.Ғаббасов сайлауалды бағдарламасында экология мәселелерiн көтердi.

Орталық сайлау комиссиясының мәлiметiне сәйкес, бұл сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 79,78 пайыз дауысын алып, жеңiске жеттi. Қалған үмiткерлер: Әбдiлдин – 12,08 пайыз, Қасымов – 4,72 пайыз, Ғаббасов – 0,78 пайыз дауыс жинаған.

Бұл сайлау Қазақстандағы саяси технологиялар тарихында үмiткерлердiң дода барысында PR-әдiстерiн барынша мол пайдалануымен есте қалды. Оның жарқын мысалы – генерал Ғани Қасымовтың сайлауалды науқаны кезiнде жүргiзген кампаниясы. Бұл үмiткердiң сол кездегi сайлау науқанын ұйымдастыруға тәжiрибелi PR-технологтар жұмыс iстедi деуге негiз бар. Мысалы, "КТК" телеарнасында М.Устиновпен "тiкелей эфирде" сұхбат жасап отырып, "Қаннан қорықпайсыз ба?" деген сұраққа алдында тұрған стаканды сындырып, алақанын қанатып, "Жоқ, қорықпаймын" деп қысқа-нұсқа жауап беруi электораттың көңiлiнен шықты. Тағы бiр сұхбат үстiнде генерал алдында тұрған үстелден гүл салынған вазаны жұлып алып, жерге атып ұрып сындырды. Алматы қаласындағы Орталық базарда сайлаушылармен "кездесу" үстiнде әйел адамның намысына тиген бiр еркекке жұдырығын ала жүгiрген. Оның әрбiр басқан қадамын ақпарат құралдары жiтi назарында ұстап, дер кезiнде репортаждар дайындап, қызу талқыға салып жатты. Мұның бәрi үмiткер Қасымовтың қарапайым сайлаушылар арасындағы танымалдығын арттыра түстi.

Бұл PR-әдiстер үшiн сайлаушылар Қасымовты кiнәлаған жоқ. Керiсiнше, Қасымовтың танымал саясаткер, шешен, батыл адам ретiндегi имиджi бiраз уақытқа дейiн қоғамдық санаға орнап қалды. PR-әдiстерi Қасымовты президенттiкке жеткiзбесе де, оны аз уақыттың iшiнде республикадағы ең танымал саясаткерлердiң қатарына қосып, кейiн депутаттық мандатқа ие болуға көмектестi.

1999 жылғы сайлаудың сабағы – басты үмiткер Президент Н.Назарбаевқа иық тiресетiндей қарсылас болмаса да, электорат көзiнде белгiлi бiр деңгейде бедел жинап, саясаткер ретiнде халық арасында танымалдығын арттырудың мүмкiндiгi мол. Осы мүмкiндiктi келесi сайлауда да кейбiр оппозиция өкiлдерi құр жiбермедi.

Қазақстан тарихындағы үшiншi президенттiк сайлау 2005 жылы 4 желтоқсанда өткiзiлдi. Бұл жолғы сайлауға ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" қозғалысының жетекшiсi Жармахан Тұяқбай, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов, Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымов және "Табиғат" экологиялық ұйымының жетекшiсi Мэлс Елеусiзов үмiткер ретiнде тiркелген. Сайлау нәтижесiнде Н.Назарбаев сайлаушылардың 91,5 пайыз даусымен анық жеңiске жеттi.

Ал Кәрiшал Асан-Ата, Асылбек Амантай-қажы, Жақсыбай Базылбаев, Уәлихан Қайсаров, Мақсұт Оразай, Сәлiм Өтен, Балтабай Рахымжан, Мекемтас Тiлеулес деген азаматтарға 24 қазанда Орталық сайлау комиссиясы қажеттi құжаттарды тапсырмағандығына орай ҚР президентi сайлауына түсуге рұқсат бермей қойды.

Бұған дейiн Тiлепалды Жамбылов, Оразалы Сақаев деген азаматтар Конституция талаптарына сай келмегендiктен үмiткерлiкке тiркеле алмай қалған едi.

Бiр қызығы, бұл азаматтардың денi – үмiткерлiкке өзiн-өзi ұсынғандар. Республика азаматтарының өзiн-өзi ел басшылығына ұсынып, саяси белсендiлiк танытуға мүмкiндiк берiлуiнiң өзi – демократияның нышаны емес пе?

2005 жылғы президент сайлауының басты ерекшелiгi – осы жолы Қазақстан президентi сайлаулар тарихында тұңғыш рет үмiткерлер арасында тiкелей эфирде теледебат өткiзiлдi. Бұған дейiн Парламент сайлаулары кезiндегi саяси партиялар жетекшiлерiнiң телесайыстары өткен.

Орталық сайлау комиссиясының мұрындық болуымен Қазақстан президенттiгiне төрт үмiткер теледебатқа қатысты. Олар: М.Елеусiзов, Ә.Байменов, Е.Әбiлқасымов және Ж.Тұяқбай. ОСК бекiткен регламентке байланысты теледебат үш раундта өткен: бiрiншi раундта әр үмiткерге өзiн-өзi таныстыру үшiн 3 минуттан уақыт берiлдi. Екiншi раундта жүргiзушi барлық үмiткерлерге бiрдей бiр-бiр сұрақтан қойып, оған әр үмiткер 2 минуттың iшiнде жауап беруге тиiс едi. Ал қалған уақытта үмiткерлер өзара сұрақ алмасты.

Талқыға салу үшiн үмiткерлерге үш тақырып ұсынылды: Қазақстанның экономикалық дамуына байланысты, әлеуметтiк реформаларға қатысты және елдiң саяси жүйесiне байланысты өз ойы мен ұсыныс-тiлектерi.

Сайлауалды науқан кезiнде сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың басым дауыспен бiрiншi кезеңде-ақ жеңiске жететiндiгiне күмәнсiз екендерiн мәлiмдеумен болды. Н.Назарбаев шамамен 65 пен 75 пайыз аралығында, ал оппозиция өкiлдерi 20 пайызға жуық дауыс жинайды деген болжам жасалды.

2005 жылғы президент сайлауында Еxit-poll – сайлау нәтижесiн алдын ала анықтау жүйесi iске қосылды. Қазақстан әлеуметтiк-экономикалық ақпарат және болжам институты өткiзген зерттеуге сәйкес, Н.Назарбаевқа сайлаушылардың 77 пайызынан астамы дауыс бергенi сайлау өткен түнi-ақ мәлiм болған. Ал Ж.Тұяқбай 13 пайыз дауыс алды делiндi.

Ресми деректерге жүгiнсек, бұл жолы Н.Назарбаев сайлаушылардан 91,5 пайыз дауыс жинаған. Ал одан басқа төрт үмiткердiң бәрiнiң жинаған даусын қосқанда, 10 пайызға да жетпегендiгi көп жайтты аңғартса керек.

91,5 пайызды құраған сайлаушылардың даусы – Қазақстанның саяси және экономикалық саясатын, Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған бағытты қолдайтын азаматтардың таңдауы едi.

Бұл сайлау сайлаушылардың саяси белсендiлiгi жоғары болғанымен де есте қалды. ОСК сайлаушылардың 75 пайызы дауыс беруге келдi деген мәлiмет таратты. Оппозицияның өзi сайлаушылар белсендiлiгi 60 пайыздан жоғары болғанын мойындаған.

Осы сайлаудан соң Н.Назарбаев журналистерге арналған баспасөз мәслихатында былай деген: "Кезiнде Шарль де Голль айтты ғой: "Мен оппозицияны сыйлаймын, бiрақ оның шектен шығуына жол бермеймiн" деп. Мен Голльдiң екiншi сөзiмен келiспеймiн. Мен шыдадым, оны өздерiңiз де көрдiңiздер ғой. Демократиялық жолға түскен мемлекет оппозициясыз өмiр сүре алмайды. Мен бұл оппозицияны өзiм тәрбиеледiм, саяси партиялардың құрылуына өзiм атсалыстым. Бiздiң қарсыластарымыздың бағдарламаларының жақсы тұстары болғанын айту ләзiм. Егер оппозиция конструктивтi ұсыныстар айтатын болса және ол ұсыныстар халқымыздың қолайына жағатын болса, бiз ол идеяларды пайдаға жаратамыз. Сайлау өттi, ендi сайлаудан кейiнгi қалыпты өмiр басталады. Менiңше, оппозиция халықтың қамын ойлап жұмыс iстеу керектiгiн түсiнедi".

Сонымен, бұған дейiнгi президент сайлауларында оппозиция өкiлiнiң жеңiске жету мүмкiндiгi шамалы болғаны анық. Бiрақ оппозиция өкiлдерiнiң додаға қатысып, белсендiлiк танытуы – бiр жағынан, олар үшiн алдағы Парламент сайлауында сайлаушылардың ықыласына ие болу мүмкiндiгi болса, екiншi жағынан, жалпыхалықтық сайлаудың демократиялық талаптарға сай өтуiне ықпал етпек.

Үш бiрдей президент сайлауының шежiресiне көз жүгiрткенде аңғарылатын жайт – бұл сайлаулар науқаны кезiндегi басты сұрақ "Сайлау нәтижесiнде жеңiске кiм жетедi?" деген емес, "Н.Назарбаевтан кейiн дауыс жинай ала ма?" деген сұрақ.

Бұл сұрақ алдағы президент сайлауы науқанының да күн тәртiбiнде.

Гүлбиғаш Омарова