Жаңалықтар

Қазақстан нарығы: АУДИТОРЛАР ЖӘНЕ АЛАЯҚТЫҚ

ашық дереккөзі

Қазақстан нарығы: АУДИТОРЛАР ЖӘНЕ АЛАЯҚТЫҚ

Аудиторлық есеп жүргiзетiн үлкен төрттiктiң әлемдi аузына қаратып отырған жайы бар. Бұрмалаушылыққа бой алдыратын аудиторлар әрекетi бiрталайдан берi жалғасып келедi: дүниежүзiндегi ұлттық, трансұлттық, коммерциялық iрi компаниялар аудиторлық есепте осы әйгiлi төрттiктiң көмегiне сүйенедi. Олар – PricewatеrhouseCoopers, Deloitte Touche Tohmatsu, Ernst & Young, KPMG төрттiгiнiң аудиттiк шаруада былығы белшесiнен. Аталған аудиторлық компаниялардың атын шығарған iстерiнiң көбi шатаққа ұласатын сияқты: есептi қасақана бұрмалау, алаяқтық, толық мәлiметтi жасыру және клиенттерiне салықтан бұлтартудың жолдарын үйреткен. Нәтижесiнде әйгiлi төрттiк қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тартылып, миллиондаған айыппұлмен құтылып келген. Сонда да болса осы аудиторлық компаниялардың қызметiне кез келген елде қызығушылық бар. Соның iшiнде Қазақстан да зәру.

Бұл дегенiңiз Қазақстан нарығына әлемдiк деңгейдегi аудиторлық компаниялардың белсене араласып кеткенiн бiлдiредi. Неге екенiн қайдам, республикадағы беделдi ұжымдар шетелден келген аудиторларды таңдайды. Нелiктен? Оған жауап ретiнде, отандық кәсiпорындар мына фактiлердi алға тартты: бiрiншiден, шетелден шақырту әдетке айналған, оның үстiне белгiлi бiр компания бухгалтерлiк есептерiн құпия сақтағысы келсе, отандық аудиттен аулақ болуды қалайды және шетелдiк нарыққа қадам басқысы келген ұлттық компаниялар осы төрттiкке жармасады. Себебi олардың есептерi – брэндтi бағалайтын шетелдiк инвесторлар мен серiктестерiн қызықтыру үшiн таптырмас құрал. Иә, өз кәсiбiн дөңгелетiп отырған кәсiпорындарға отандық аудиторды жалда деп айта алмаймыз. Бiрақ былық-шылығы беделiнен асатын әйгiлi төрттiк әлемде шыншылдығынан гөрi, алаяқтығымен танымал болғанын көптеген халықаралық сарапшылар жиi сөз етуде.

АЙЫППҰЛДАН КӨЗ АШПАЙТЫН АУДИТОРЛАР

Соттасудан көз ашпайтын төрттiк шатақтарынан мысал келтiре кетейiк. Бұл төрттiк алыптарының бiрi – KPMG, түп-төркiнi Швейцариядан шығады. Осы компания Қазақстан нарығына 1996 жылдан бастап араласқан. Өз бәсекелестерiнен артықшылығын айқын байқату үшiн бұлар 150 жылдық аудиттiк есеп тәсiлiн ұсынады, бiрақ бұл тәсiлдiң қандай күйге апаратыны қазiргi таңда баршаға аян. 2003 жылы KPMG компаниясы Rite Aid және Oxford Health компанияларына аудиттiк тексерiс жүргiзгенде жiберiлген қателiктер кесiрiнен айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Өзiн-өзi ақтай алмаған KPMG дауды шешу үшiн 200 миллион доллар көлемiнде айыппұл төледi. Бұл даулы iске араласқан PricewatеrhouseCoopers басқа да бұрмалаушылықтардың бетiн ашып бердi. 1990 жылдардан берi KPMG аудиттiк есеп жүргiзген Rite Aid және Oxford Health табысын 1,6 миллиард долларға көтерiп жiберген екен.

Бұл бiрiншi және соңғы да сорақылық емес. 2005 жылы аталмыш компанияның америкалық бөлiмшесiне салықтан бұлтартудың схемасын үйреттi деген айып тағылды. Нәтижесiнде KPMG-ға қылмыстық айып салынып, оның орнына 456 миллион доллар көлемiнде айыппұл бекiтiлдi. Бұл жағдай Ресей Федерациясында да таңсық емес. Ernst &Young компаниясының ресейлiк бөлiмшесiне де осындай айып тағылып, 2004 жылы 390 миллион рубльден астам қаржыға күмән келтiрген. Салық инспекторлары жүргiзген тексерiстiң нәтижесiне қарағанда компания 630,3 миллион рубльдi кемiтiп жiберген екен.

Қаржылық есептердi бұрмалау мен нақты құжаттарды жойып жiберу әйгiлi аудиторлық компаниялардың үйреншiктi әдiсiне айналған сияқты. Бұған мысалдар өте көп, компанияның табысын жасырып, шығынын ұлғайтып көрсету ұтымды тәсiл ретiнде қолданылады. 2000 жылдары Ernst & Young Пекин банктерiне есеп жүргiзiп, нәтижесiнде нашар несиелеудi шығарып берген. Алайда ҚХР басшылығы қайта тексерудi қолға алып, қасақана қателiктердiң бетiн ашқаны мәлiм.

ОПЫҚ ЖЕГЕН КIМ?

Алғашқы аудиторлар Италия, Франция, АҚШ, Германияда шыққан. Ал елiмiзде соңғы онжылдықта дамып келедi. Мiне, аудиторлық тексерiстен кейiн қайта тексерудi талап ететiн әйгiлi төрттiк қызметi Қазақстан нарығымен бiте қайнасып кеткендей. Осындай былықтарға батып отырған әйгiлi төрттiктiң қызметiн көре-тұра отандық компаниялар да оларға кетәрi емес. Үлкен төрттiктiң бетiн қағып отырған бiреуi жоқ. Керек десеңiз, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының өзi Ernst & Young компаниясының көмегiне жүгiнiп отыр. Жуық арада бас тартатын сияқты емес. Түрлi қитұрқылықтар мен бұрмалаушылықты үйрететiн аудиторлық компаниялар елiмiзде аз емес. Айтқандай, бұл төрт компанияның жылдық айналымы 100 миллион доллардан асып түседi. Сонда осы компаниялардың жағымсыз да жағымды беделiнiң маңызды болмағаны ма?

АҚШ нарығында аудиторлық компанияларға сенiмсiздiк өршiп келедi. Онсыз да дағдарыстан белi қайысқан америкалық банктер мен компаниялар бар кiнәнi аудиторлық компанияларға жауып отыр. Онысы орынды да. Аудиттiк есепте компанияның болашағы, әсiресе шығыны мен табысы айқын шығарылады. Ендеше банкротқа ұшырауына не жорық? Аудиттiк есептерден кейiн жұмысы жемiстi деп табылатын компаниялардың күйреп жататыны қалай? Ал Қазақстан нарығында оңбай опық жеген кiм бар? Әрине, БТА банкi. Бұл банктiң аудиттiк есебiн – Ernst & Young компаниясы жүргiзген, әлi де жүргiзiп келедi. Бiрақ бұл аудиторлар Әблязовтың кезiнде миллиондаған соманы қымқырып жатқанын байқамай қалады. Бүкiл банктiң бухгалтерлiк есебiне тексерiс жүргiзе отырып, ондаған миллиард доллардың қымқырылып жатқанын қалай байқамайды? Ең бастысы, шетелдiк компаниялардың шырқын бұзған аудиторлық төрттiктi елiмiзде неге жалдайды? Оның үстiне бұл алпауыттардың қызметi арзан емес. Ernst & Young компаниясы кiнәлiмiн деп отырған жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын бақылау агенттiгiнiң басшысы Е.Бахмутова ханым баспасөз беттерiне берген сұхбатында: "Бiзде шынымен де аудиторларға наразылық бар екенiн айтқым келедi. Өйткенi олар БТА банкке 2007 жыл мен 2008 жылдың 9 айына есеп жасады. Олардың кiнәсi айқын заңбұзушылықтарды таба алмағандығында", – дедi. БТА-да кейбiр займдар бойынша құжаттардың кейбiреуi сейфтерде жатса, басқалары өзге қалаларда, тiптi әлемнiң басқа елдерiнде болған. Ал мақтаулы аудиторлар мұны бiлмеген көрiнедi.

Ernst&Young компаниясы KazakhGold компаниясының да аудиторы болған. Онда да осындай алаяқтыққа жол берiлген. Оларға да ашық ақпарат берiлмедi делiнедi, бiрақ олар жасырын жайттарды ашуға жалданатын аудитор емес па? Ресейлiк "Полюс-Золото" компаниясымен соттасқан қазақстандық акционерлер соты әлi аяқталмады. Бiрақ ресейлiк алтын өндiрушi компания акция құжаттарындағы қаржы жетiспеушiлiгiн тек бiр жылдан кейiн ғана анықтаған. Жалпы бұл төрттiктiң Қазақстан нарығындағы үлесi – 70 пайыз, ал жалпы өлшемi – 12 миллиард теңге көлемiнде.

P.S. Әлемдегi аудиттiк есептердiң басым бөлiгi осы төрттiктiң мойнында. Қазақстан нарығын да жаулап алған аудиттiк компаниялар әлi ұзағынан сайран салатыны байқалады.

Ақниет ОСПАНБАЙ