Дүние-жалған
Дүние-жалған
ХАДИША БӨКЕЕВА
Қазақ өнерi ауыр қазаға ұшырады. КСРО және Қазақстанның Халық әртiсi, атақты актриса Хадиша Бөкеева дүние салды.
Хадиша Бөкеева 1917 жылғы 21 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Казталовка селосында дүниеге келдi. Әке-шешесiнен ерте айрылып, интернатта тәрбиелендi. 1932-1934 жылдары Алматы медициналық институтының даярлық курсында оқып жүрiп, Қазақ радиокомитетiнде әншi болды. Табиғи дарыны оны Санкт-Петербургтiң театр, музыка және кинематография институтының қазақ студиясына алып келдi. Ол атақты актерлар мен режиссерлер В.Мейерхольд, Л.Вивьен, В.Меркурьевтен тәлiм-тәрбие алды. Х.Бөкееваның шығармашылық қызметi 1938 жылы Шымкент облыстық қазақ драма театрынан басталды. 1942 жылдан Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттiк академиялық драма театрында үздiксiз жұмыс жасады. Талантты актриса Хадиша Бөкеева драмалық, трагедиялық және комедиялық рөлдердi бiрдей шеберлiкпен ойнады. Ол ойнаған У.Шекспирдiң "Асауға тұсауында", "Ричард III-де", "Отеллода" – Катарина, Королева Маргарита, Эмилия, М.Әуезовтiң "Қара қыпшақ Қобыландысында" – Қарлыға, "Абайда" – Бастаушы, Ғ.Мүсiреповтiң "Ақан серi – Ақтоқтысында" – Ақтоқты, Ә.Әбiшевтiң "Достық пен махаббатында" – Сәуле, А.Островскийдiң "Найзағайында" – Катерина, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың "Көктөбедегi кездесуiнде" – Айша апай, Т.Ахтановтың "Сәулесiнде" – Сәуле және басқа да көптеген рөлдерi орындаушылық өнердiң классикалық үлгiсiне ендi. Әлемдiк драматургия классиктерi Лопе де Вега, Шиллер, Мольер, Метерлинк шығармаларындағы кейiпкерлердi сомдаған образдары сол кейiпкердiң iшкi сезiмiн терең ашып көрсетуiмен және шынайы бейнелеуiмен ерекшеленетiн едi. Ол көркемсөз оқудың да хас шеберi болды. Хадиша Бөкеева сахнамен қатар педагогикалық қызметтi белсендi ұштастыра бiлдi. Бiрнеше буын қазақстандық әртiстердi тәрбиелеп шығарды. Х.Бөкееваның ұлттық кино өнерiнде "Райхан" (1940), "Асау Ертiс жағасында" (1959), "Тұлпардың iзi" (1964) фильмдерiндегi рөлдерiн ерекше атап өткен жөн. Белгiлi актрисаның қазақ өнерiне сiңiрген еңбегi ескерiлiп, ол "Отан", "Ленин", "Құрмет белгiсi" ордендерiмен және бiрнеше медальдармен марапатталды. Ал 1952 жылы "Абай" пьесасындағы рөлi үшiн КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанды. Аса дарынды актриса, көрнектi өнер қайраткерi Хадиша Бөкееваның жарқын бейнесi бiздiң жадымызда әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Үкiметi АРТЫҢДА ҚАЛЫҢ КӨРЕРМЕНIҢ ҚАЛДЫҚазақ өнерiнде аттары ойып жазылған керемет актрисалармен қызмет бабында танысып, азды-көптi сырлас-пiкiрлес болу бақыты менiң де тағдырыма жазылған мол байлық, сый едi…
Шолпан, Фарида апайлардың iзiн ала Сiздi де мәңгiлiк сапарға шығарып салдық. Сiз сахналаған кейiпкерлермен сырласып, қоштасуға қимай қалың көрерменiң қалды артыңда. Ауыр қаза дегеннiң мәнiн жанымызбен сезiнiп өзiңiздi жақсы көретiн сыйлас сiңлi-әрiптестерiң қалды артыңда. Ең бастысы, қазақ мәдениетi мен өнерiнде өшпес есiмiң қалды, Жан апа… Иә, КСРО және Қазақстанның Халық әртiсi, атақты актриса Хадиша апай Бөкеева да осылай өмiрден өттi. Газеттiң қосымша бетi "Әйел-Әлемге" берген сұхбатынан кейiн мен де бiраз уақыт сыйласып, пiкiрлесiп, қатысып тұрып едiм. "Сен бүгiн маған келесiң бе, келсең асқабақ ала кел" дейтiн телефондағы үнiн әлi талай сағынатын боламыз-ау… Талғамы биiк актриса осы бiр тағам түрiн керемет жақсы көретiн-дi. Тек соңғы үш-төрт жыл байланыс үзiп алғаныма iшiм ашиды, онсыз да жылдам уақытты пайдалана алмай жататын жайбарақаттығымыз осындайда таяқ болып тиiп жататынын кеш түсiнiп, күйзелесiң. Биылғы жыл қазақ әдебиетi мен мәдениетiне, сөз өнерi мен сахна өнерiне аса жайлы басталмағаны жанды ауыртады. Кеше ғана әкемтеатрдан дәл осылай көз жасымыз көл болып қазақтың Қадыр ақынын шығарып салған жұрт бүгiн аса талантты актрисасын да мәңгiлiк сапарға аттандырды. Театр сахнасында ғана емес, қазақтың кино өнерiнде де талай кейiпкердi сомдаған Хадиша Бөкееваның есiмi, оның жарқын жүзi тарих қойнауына осылай жол тартты. Топырағың торқа болсын, ұстаз-актриса! Таңсұлу Алдабергенқызы