Жаңалықтар

ШАБАҚ – ТОРДА, ЖАЙЫН – ДАРИЯДА

ашық дереккөзі

ШАБАҚ – ТОРДА, ЖАЙЫН – ДАРИЯДА

Сыбайлас жемқорлық жалғаса бере ме?

Өтелмейтiн қылмыс бар, ол – Отаныңа,

елiңе, халқыңа опасыздық жасау.

П.Буаст

Сыбайлас жемқорлық – адамзат жаралғалы ерiп келе жатқан емi жоқ қасiреттi ауыр кесел секiлдi. Бұл қылмыстың астарында жеңiл жолмен қалайда қарпып қалу, жеп қалу сияқты арам пиғылдардың жататыны белгiлi. Елiмiз тәуелсiздiк алған жылдары экономиканы жолға қою мақсатында жекешелендiру, мемлекетке пайда бермейтiн шығынды кәсiпорындарды банкроттау, ел экономикасына шетел инвестициясын тарту сияқты толып жатқан реформалардың жүргiзiлгенi белгiлi. Сыбайлас жемқорлық дәл осы реформалар тұсында өршiп кеттi. Оның сыртында белгiлi бiр жұмыс ауқымына тендер жариялау, пәтер бөлу, шетел тауарларын iшкi рынокқа шығару саласы, ең ақыры ауруханалардың сыбайлас жемқорлықтың ұясы болғаны рас. Бәрiнiң де түпкi мақсаты бiреу – өзгенiң құқықтарын аяққа таптау арқылы баю.

Осыған орай 1998 жылдың 2 шiлдесiнде Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" қатаң заңы қабылданды. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзушi басты құқық қорғау органдары бұл тұрғыда әлi күнге дейiн белсендi жұмыс жасай алмай келедi. Соның салдарынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс азаюдың орнына күн өткен сайын өрши түсуде. Сонда бiздiң қоғамды жемқорлар жайлап кеткен бе деп ерiксiз таңданасың.

Елбасының өзi зор сенiм артып, мәртебелi орынтақтарға жан-жақты мақтауын жеткiзiп отырғызған мәртебелi шенеунiктерiмiздi бiрер жылдан соң-ақ жемқор, жебiр, қоғамға қауiптi қылмыскер ретiнде түрменiң төрiнен көретiнiмiзге де әбден етiмiз үйрендi. Оған еш таңданбайтындай болдық. Өйткенi ол солай болуға тиiстi үйреншiктi дағдыға айналғандай. Олай дейтiнiмiз екi күннiң бiрiнде теледидардан қаржы полициясының өкiлi: «Ана министр пәлен жылға сотталды, ана министрдiң қылмысына қылмыс қосылып жатыр, ана әкiмнiң iсi сотқа тапсырылған, ана вице-министрдiң бұдан бұрын комитет басқарған кездегi былықтары ашылып тергелiп жатыр» – дегендi айтады.

Иә, шындығында еститiнiмiз осы. Өткен жылы қалың қауым халық байлығына ашкөздiкпен ауыз салған 218 сыбайлас жемқорлардың үстiнен қылмыстық iс қозғалған. Сонда сол мәртебелi шенеунiктерiмiздiң халық алдында қабылдаған анты, Елбасының оларға артқан зор сенiмi қайда қалды? Солардың басым көпшiлiгi қазiргi халықтың мұң-мұқтажын, қамын ойлап, "тыным таппайтын" елiмiздегi ең беделдi, билiк партиясы саналатын "Нұр Отан" партиясының мүшелерi емес пе?! Темiр тордың арғы жағында жатқан олар "халқымыздан ұят болды-ау"деп ойланар ма екен? Олардың бас пайдаларына пайдаланған сол мол қаржылары, қарапайым халықтың табан ақы, маңдай терiмен тауып жүрген күнделiктi нәпақасы емес пе?! Қазiргi аш құрсақ, баспанасыз қазақтың тағдыры оларды неге толғандырмайды?! Дәл осы тұста "Қайтсем бұдан да гөрi байи түсер екем деген бай, алтын тонға оранып отырса да, қиға қонған қоңыздай көрiнбек" – деген Ә.Науаи сөзi ерiксiз ойға оралады. Мәселен өзiнiң қу құлқынын ғана ойлайтын мемлекеттiк қызметкердiң ел-жұрты үшiн ешқандай жақсылық жасап оңдырмайтынын күнделiктi өмiрдiң өзi нақты дәлелдермен көзiмiздi шұқи көрсетiп отыр. Мысалы тағы да әттеген-ай дегiзетiн бiр жай, қызмет өкiлеттiктерiн асыра пайдаланып, өрескел заңсыздықтарға жол берген Алматы қаласының бұрынғы әкiмi В.Храпунов, Республикалық Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы А.Мешiмбаева секiлдi тағы да басқа тiзе берсек бiршама пиғылы арам әкiм, банкир-бизнесмендер елдiң миллиардтаған қаржысын қалталарына басып, бүгiндерi шетелдерде шалқып жүр.

Осы орайда, Серiкбай Әлiбаевтың Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты кезiнде айтқан "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес" туралы заң дұрыс жазылған. Тек ол заң бiреулер үшiн жұмыс iстейдi, екiншi бiреулер үшiн iстемейдi. Соңғылары жаза көрмегендiктен, өздерiн еркiн сезiнедi…" – деген пiкiрiне ерiксiз қосыласыз. Олай дейтiнiмiз, бұрын заң бұзған жемқорлар қатарына үнемi "шабақтар iлiнсе, бүгiнде бұл тiзiмдi "абайсызда" торға түскен бiрлi-жарым "шортандар" толықтыра бастады. Алайда сол бiрлi-жарым шортандардың ұсталғаны мәлiм болғанымен, тиiстi жазаларын алған, алмағандары белгiсiздеу болып, соңы жұмбаққа айналып кетпесе игi. Ал ендi "киттердi" қолға түсiруге тиiстi органдардың ақылы жеткенiмен, батылдары жетпей, титықтап жүргендерiн несiне жасырамыз. Осынау жебiр жемқорлықпен бетпе-бет күресуге тiкелей жауапты органдардың өзiнен парақорлардың кезiгiп жатуы сұмдық қой.

Шын мәнiсiнде соңғы кездерi құқық қорғау, кеден, салық, қаржы полициялары тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол беру фактiлерiнiң көбейе түскендiгi анықталып отыр. Мұндай жағдай әрине қоғамға қатер төндiрдi. Шындыққа тура қарайтын болсақ, олардың барлығының қолында билiк бар. Ары таза емес, пиғылы арам адамның билiк басында жүруi – аса қауiптi жағдай. Құлқынқұмарлыққа ұрыну осындайдан шығатыны мәлiм.

Яғни жемқор адамның шыншыл да, принциптi де, өз елiнiң патриоты да, борышына адал да бола алмайтындығын өмiрлiк тәжiрибе айқын дәлелдеп отыр. Сондықтан осы саладағы пәрмендi күресте тәуекелден қаймығамыз деп жүрiп, талайдан айырылып қалмасақ екен. Сол үшiн де заң талаптарына сай жұмыс iстесек ел аман, жұрт тыныш болар едi. Сыбайлас жемқорлық халық бюджетiн тонаушылар халқымыздың қанына сiңiп кеткен әдет емес шығар? Олай болса осы бiр қасiрет 2030 жылға дейiн жалғаса бермесе екен. Ел тiлегi осы.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, журналист, заңгер