Жаңалықтар

МАҚПАЛКӨЛДIҢ МАҚПАЛ ДАУЫСТЫ ӘНШIСI ЕДI

ашық дереккөзі

МАҚПАЛКӨЛДIҢ МАҚПАЛ ДАУЫСТЫ ӘНШIСI ЕДI

Макпалкөл – жер атауы, нақтыласақ көл атауы. Кезiнде "Мақпалкөл" деген колхоз болған. Осынау өңiрдiң арғы-бергi тарихына көз жүгiртсек батырлар мен билер, ақын-жыраулар көп шыққан екен. Бiрақ республикаға есiмi танымал болған әншi болмапты. Құтты мекен "Мақпалкөлдiң" (№16 ауылдың) абыройын Н.Аймұратов асқақтата шырқай жырлаған. "Ең алғашқы мектептегi махаббат", "Гүлiмсiң" әндерiмен 9-10 жасында-ақ сахна төрiнде көрiнген Нәби есiмi ауылдан ауданға, ауданнан облыс асты. Осы тұста "Әншi балапан", "Айналайын", "Бозторғай" ән байқауына қатысып, жүлдегер атанды.

Қызылорда облысының теле-радио комитетiнiң басшылары жас талантты дер кезiнде танып, түрлi телебайқауларға қатыстырып шыңдай түседi. Жас талантты олар Болгария, Париждегi байқауларға жiберiп отырды. Париж қаласының көрермендерiн таңғалдырған Нәби Аймұратов есiмi ендi облыстан асып, республикаға танылып, өнер мен мәдениеттiң ордасындай болған Алматыға келуiне шын өнердi бағалай бiлген азаматтар мүмкiндiк жасады.

Оның "Гүлiмсiң", "Маралым", "Мүмкiн емес," Италияның "Санта-Лучиа" әндерiмен қатар Ақбота Керiмбековамен бiрге орындаған "Ақ шағала" әнi көрермендерге өте ұнаған-ды.

22 қаңтар күнi сағат 16-00 болмай М.Әуезов атындағы Академиялық Қазақ драма театры алдына кәрi-жас демей жиналғандар өте көп болды. Көпшiлiгi сыймай сыртта қалды.

Жас әншiнiң туған күнiне орайластыра ұйымдастырған Нәби Аймұратовты еске алуға арналған "Мүмкiн емес" атты өнер кешi өттi. Еске алу кешiне қазақ эстрадасының белгiлi әншiлерi қатысып, Нәби Аймұратовтың өмiрдегi, өнердегi өнегелi iсiне тағзым ете әндерiн салды. Осы кеште "Жiгiттер тобы", "Каспий тобы", "Мұзарт" тағы басқа әншiлер, көрермендердiң көзайымына айналған ақын, сазгер әншi Елена Әбдiхалықова Астанадан ат басын Алматыға бұрған.

Еске алу кешiнде Қызылорда облысынан келген Нәбидiң атасы Әбдiхалық Аймұратов осы кештi ұйымдастырушыларға, немересiнiң рухын қолдап ән салған әншiлерге, демеушiлiк көрсеткен азаматқа аталық ақ тiлегiмен батасын бердi.

Екi мүшелге сол күнi жеткен Нәби Аймұратовқа арнау өлең жазған, айтыскер ақын Ринат Зайытов:

Атқан таңға еркелеп,

Жүрегiмен ән салған.

Жас жұлдыз сөнiп қалды-ау ертерек,

Орындалмай қанша арман, амал бар ма? – дегендей, соңғы кездерде Нәби "Асқақ арман" әнiн айтатын. Асқақ арманды, өлеңдi жүрегiмен сезiне айтатын жас әншi, баламыз Нәби Аймұратов қысқа өмiрiнде 5 клип түсiрiп, арман мен мұрат жолында өсу үстiнде өмiрден өттi. Қазақ халқы барда, әнсүйер қауым барда Нәби өнерi өшпек емес. Мақпалкөлдiң табанынан шыққан мақпал дауысты жас әншiнiң еске алу кешi – 23 жыл ғана өмiр сүрген Нәби Аймұратовтың өнер жолынан сыр тартқан әдемi кеш болды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ