МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ БҰЛТТЫ АСПАНЫ

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ БҰЛТТЫ АСПАНЫ

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ БҰЛТТЫ АСПАНЫ
ашық дереккөзі

9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күнi. Мұқағали әлемi қазақ жұрты үшiн өлең боп өрiлiп, өлең боп өрбiгенi қашан?! Поэзияны сүйетiн жұртшылыққа Мұқағали әлемi жыр боп құйылып, ән боп қалықтап кеттi. Мұқағали поэзиясын бiлмейтiн бүгiнде қазақ кемде кем шығар.

Биылғы жыл – Мұқағалидың жылы. Ақиық ақынның туғанына – 80 жыл. Ақын поэзиясын құрметтейтiндер үшiн Мұқағалидың сексен жылдығын бiр күн тойлату аздық етедi. Қазақ дейтiн халықтың әрбiрiнiң шаңырағында ақынның жыл бойы өлеңдерi оқылып, әндерi шырқалып жатса, ақынның рухы тағы бiр аспандап қалар едi. Мұқағали Мақатаев туралы талай естелiктер жазылып, талай сырлар шертiлдi. Жыл сайын ақын туған күнi қарсаңында "Мұқағали оқулары" өткiзiледi. Бұл да ақынға жасалған құрмет болса керек. Жуырда "Мұқағалитану бастауымен" ақын туралы үш томдық кiтап жарық көрiптi. "Есiңе менi алғайсың" атты топтамасында ақын туралы естелiктер жинақталған екен. Аталмыш естелiктер жинағында шымкенттiк қаламгер, марқұм Жәлел Кәттебектiң ақиық ақынмен Мәскеуде бiрге өткiзген күндерiнен жылы естелiк берiлген екен. Және бiз ол естелiктен Мұқағалидың шынайы бейнесiн тапқандай болдық. Өмiрi – өлеңге, өлеңi – өмiрiне айналған Мұқағали бар онда. Сол естелiктен үзiндi жариялауды жөн көрдiк. Жазушылар одағының құзырына жататын М. Горький атындағы Әдебиет институтының жатақ үйi қаланың терiскей шетiнде, Останкино маңында. Өзiмiзшелеп айтқанда, ол ара өз алдына бiр қала. Останкино телемұнарасы, Останкино сүт комбинаты, Останкино сыра зауыттары бар. Ал жасылға бояп қойған қаңылтыр шатыры көзге бiртүрлi оғаш көрiнiп тұратын 7 қабатты жатақхана тура сквердiң үстiнде, осы комбинатқа тиiп тұр. 73 жылдың күзгi сессиясына мен Домодедово аэропорты арқылы кеш түсiп қалғанда келдiм. 5-қабаттағы жерлесiм Мұқағали Мақатаев болып шықты. Ол кiсi институттың жоғарғы әдеби курсына (орысша ВЛК дейдi) шақырылған екен. Ол менiң Алматының әдеби ортасымен әлi араласпаған кезiм едi, Мұқағалиды мүлдем танымайтынмын. Ертесiне бiздi балалар ақыны Ермек Өтетiлеуов таныстырды. Мұқаң порттағы жүк түсiрушi докерлер секiлдi зор денелi кiсi екен. Қырғи қабақ, өткiр сұр көздерi тура бүркiттiң көздерiндей, кiсiге қарағаны қызық. Бiрақ тесiрейiп қалмайды, жұмсақ мәйiндiкпен қарайды. Шоң көрiнгенмен аяқ-қолдары да ербиiп-ербиiп тұрған жоқ, өзiне үйлесiмдi, шымыр, кең иықтағы дәу басы да тiп-тiк, нық, орнықты. Қазаққа қонақкәде парыз ғой. Кешқұрым шақырып шәй бердiм. Дастархан үстiнде ол кiсi менi "Оңтүстiктiң қазағы" деп қойып отырды. Алматыда жасы үлкендердi "аға" дейдi. Оңтүстiкте кей ретте "көке" деседi. Өзiме, мысалы "көке" қонымдырақ, жақындау, жылырақ. Мен "ағаға" үйрене алмай-ақ кеттiм. Тым ресми, тым сыпайы секiлдi. "Агашка" дейтiндерi бар, олары да өгейлеу. Егер екпiндi екiншi "а"-ға келтiрiп айтатын болса, "Сен қайдан тап болдың, сайтан алғыр?" дегендей жақтырмаушылықтың иiсi шығып қалады, ал егер екпiн соңғы буынға түссе қылжақпастыққа ұқсап кетедi. Сол себептi мен Мұқағалиды "Мұқа" деп атағанды дұрыс көрдiм. Қазақы, жатық, әрi онда құрметтiң де нышаны бар ғой. – Күрiш егесiздер ғой? – дедi Мұқаң алыс бiрдеменi есiне түсiргендей болып. – Егемiз, – дедiм. – Теңiздерiң орнында ғой? – Орнында, – дедiм. – Шомылатын алтын жағажай сол баяғы жерiнде ғой? – Сол баяғы жерiнде, – дедiм. – Айтпақшы, Қаныбек Сарыбаев сендерде жүр ғой. – Бiзде жүр, – дедiм. Мұқаң Алматыдағы достарына арнап жазған бiр өлеңiн оқып бердi. Денесiне жетеқабыл даусы да зор екен. Қабағын түйiп, оң қолын ырғақпен сермеп, мәнерлеп оқыды. Ол кездерi мен үшiн ең мықты ақын Жұмекен Нәжiмеденов болатын. Жұмекеңнiң сөз саптасында да, ырғақ-ұйқастарында да, тiптi түйiндеген ойларында да бiз секiлдi қара табан прозаиктердiң қолы жетпейтiн әлдебiр асқақ та маңғаз, нәзiк те қасиеттi аристократизм бардай көрiнетiн. Қазiргiдей емес, ол кезде Мұқаң туралы сирек жазылатын. Сол себептi ол кiсiнiң өлеңдерiн аз бiлушi едiм. Оның үстiне менiң жазушылық кәсiбiм ендi ғана басталып келе жатқан. Көп жәйттердi сырттан еститiнбiз. Әрi естiгендерiмiздiң кейбiрi жаңсақ болып шығатын. Сол себептi Мұқаңмен жүзбе-жүз кездескенде ол кiсi туралы мағлұматымның аздығынан қайта-қайта қолайсыздана бердiм. Ақынның ең болмаса бiр өлеңiн өзiне жатқа оқып бере алмағаным, расында үлкен кемiстiк едi. Миымның бiр түкпiрiнде "Бозқарағанға" қатысты әлдебiр келте шумақтар келiп-кетiп жүрдi. Бiрақ өлеңнiң өзiн толықтай есiме түсiре алмадым. Мұқаң жазуды қалай бастағанымды суыртпақтап сұрап отырды. Әдебиет институтына одаққа арқа сүйемей-ақ өз күшiммен түскенiмдi бiлген соң, аздап жұмсарайын дедi. – Сен де мен секiлдi әдебиетке өмiрден келген пенде екенсiң ғой, – деп бiр қойды. – Солай секiлдi, – дедiм. – Ана жақта адамың жоқ болды де. Басының қимылымен есiктi нұсқады. Күншығыс (ал сiз оны Алматы деп түсiнiңiз) есiк жақ тұста болатын. – Асыранды қаз болмау керек, – дедi ойланыңқырап отырып. – Бiзде жаңа бастаған таланттарға қамқоршылар көп. Бiрақ олар Аспандияровтай, Ораз Жандосовтай ұлы қамқоршылар емес. Осы нәрсенi есiңе сақта. Кейбiр авторитеттер талантты жастарға көке болып жүргендi өздерiнше мәртебе көредi. Олар мүттәйiмшiлiктiң академиясын тауысқандар, сенi дүниеге өздерi әкелген сияқтанып сырт көзге мардымсып жүредi. Мысалы домаланып жүрген күшiктi немесе көздерi жаңа ашылған мысықтың баласын асырап алғандай. Ал сен тырнағың өсiп, өзiңнiң "менiңдi" танытып, еркiндiкке шыққың келгенде жанашыр таппай қаласың. Әлгiндей көкелерiң тым-тырақай қашып кетедi. Неге? Өйткенi ендi саған ешкiм залалсыз бейкүнә жаратылыс деп қарамайды, атақ-даңқты бөлiске салуға келген жаңа қарсылас деп қарайды. Өйткенi олар – күшiгендер. Сен олардан "Кiмсiңдер?" деп сұрап көршi. "Жоқ, бiз күшiген емеспiз. Бiз күшiген емеспiз. Бiз әдебиеттiң әруағын күзетушiлермiз!" дейдi. Сөйте тұра атақ-даңқты, ақындардың дүниедегi бiрден бiр сыбағасын өлексеге айналдырып, өздерi ғана бөлiп ала берсек дейдi. Дербес болғың келген сайын олар саған өшiге түседi. Бiз, қарағым, осы жәйттердi бастан кешiп келген пендемiз. Мен алғашқыда таңданып жүрдiм. Кейiннен бүйтiп терiс айналатындары бар, алғашында неге қамқор бола қалды? Менiң бүркiт екенiмдi бiлмедi ме? Осыған түсiне алмадым. Сөйтсем, шынымен-ақ бiлмеген екен. Өздерi секiлдi күшiген қыламыз деген ғой. Ал мен нағыз сұңқардың дауысымен шаңқ ете қалғанымда бәрi менi тастай қашты… Сөйттi де өз-өзiне разы жанның кейпiмен жымиып күлдi. Әуелгiде пысықсынып бәрiн де жiпке тiзiп, есте сақтап қалуға тырысып отырдым. Мысалы Мұқаңның добалдай саусақтарымен (сол саусақтармен өлең жазады деуге сенудiң өзi қиын) қайратты шашын желкесiне қарай қайырып тарағанын, қастарының түйiлгенiн, аяғын аяғына қойып, қолын тiзесiне салып, сәл еңкейiңкiреп отырғанын, езу тартып күлгенiн… Сол бiр сәтте байқағаным, Мұқаңның түксиiп қабағын түйетiнi сұсты сезiлмейтiн. Неге деймiсiз? Қазiр айтам. Ол кiсiнiң мұрнының ұшы имектеу едi. Егер осы имиген тұс бұлтиып, бұдырланып, желбезектiң үстiндегi ет қалыңдау болып келсе, қас-қабақтың түйiлуi, расымен-ақ суық көрiнер едi. Бiрақ мұрынның имегiнде де, одан төменiректе бүлкiлдеп тұрған желбезекте де, ерiннiң үстiңгi тұсында да әдемiлiк деуге келмесе де, сүйкiмдiлiкке ұқсастау жұқалтаң ғана нәзiк бiрдеме бар едi, сол жұқалтаңдық ақынның бет пiшiнiн бiртүрлi жайдарыландырып тұратын. Ақындарды аз бiлетiнiмдi айттым. Маған ендi мүләйiмсудiң қажетi жоқ едi. Мұқаң оныма ренжiген жоқ. – Оған қорғалақтанудың қажетi жоқ, ол жәйттiң әдебиетке қатысы шамалы, – дедi көңiлiмдi жұбатып. – Бiзде өлең туралы әдiл пiкiр аз. Әдiл пiкiр болмаған соң ақындардың бәрi бiр iннiң iшiнде өрiп жүрген тышқандарға ұқсап бiртектi көрiнедi. Кейде менi Мұқағали Мақатаев емес, сондай тышқан етiп көрсеткiсi келедi. Көздерiм жылт-жылт етiп, құйрығым селтиiп басқа тышқандарға ұқсап тұрса екен дейдi. Сендер қызықсыңдар. Сендер өлеңдi богемалардың ермегi көресiңдер ("сендер" деп өзiне таныс бiреулердi атап отырғанын сездiм). Өлеңнiң үстiне түсiп өбектемеу керек. Ол сендерге сылаңдаған сұлу келiншек емес қой. Өлең адамға қонған әруақ, онымен серттесу керек. Мен әдебиетке әдебиеттен келген жоқпын, қажет десеңiз, мен өлең жазғанда әдебиеттiң не екенiн бiлген жоқпын. Өлеңде форма болатынын, желi болатынын, идея болатынын, өлең туралы үлкен ғылым барын бiлмедiм. Менi поэзиямен Құдайдың өзi серттестiрдi. Есiңе сақтап жүр, оңтүстiктiң қазағы, саясаттың – иесi болса, өнердiң – Тәңiрiсi бар. Менiңше, талант дегенiмiз – сондай бiр серттестiк. Платон философияға, Александр Македонский соғысқа жаралған. Христофор Колумб саяхатқа. Ал мен поэзияның адамымын. Талант әрқилы, бiрақ Құдайымыз бiр. Менiң поэзияға деген көзқарасым бiрнеше сатыдан өттi. Әуелгiде мен оны ермек көрдiм, өлеңнен өзiмдi жоғары қоюға тырыстым. Өлең маған атақ-даңқ алып беретiн алтын балық секiлденiп көрiндi. Бұл менiң ақымақ кезiм едi. Жүре келе екеумiз теңескендей болдық. Поэзия сәл биiктедi, мен сәл төмендедiм. Сол кезде мен поэзияның менсiз онша мәндi болмасын, өзiмнiң де онсыз оңалмасымды сездiм. Бұл шырт ұйқыдан оянғандай оқыс әрi күштi сезiм болды. Мұқаңның көздерi шаттық пен шабыттан жалтырап, дөңес мұрнының үстi тершiп, жүзi шырайланып шыға келдi. – Мен әуестiктiң не екенiн ұмыттым, заңғар биiкке самғап ұшқан құстай өлеңдi бiр күйiнiп, бiрде сүйiнiп, iшкi әлемiмнiң күллi кеңiстiгiн шарықтата әлдебiр ынтызар сағынышпен жазатын болдым. Содан кейiн барып мен өзiмнiң өлеңге, ал өлеңнiң қыр-сыры көп сиқырлы ғажап жат дүниеге айналып бара жатқанын түйсiндiм. Бұл қандай дүние екен деп таңданып та жүрдiм. Бiр қарасам әр өлеңде менiң бiр бөлшегiм қалып жатыр екен. Қалай болғанын бiлген жоқпын. Жазған өлеңiме өзiндiк бiр қасиетiмдi қалдыра берiппiн. Менiң қолымнан шыққан әр парақта құдды мен сияқты кiшкентай-кiшкентай жүздеген Мұқағалидың құмырсқадай өрiп жүргенiн көрдiм. Сөйтсем, әлгi мен таңданып жүрген поэзия дүниесi – менiң дүнием екен ғой. О, Құдай төбеңнен ұрғыр! Мен өлеңге айналып кетiппiн, – Мұқаң жайнаң етiп езу тартты. – Ендi бермен қара, – деп кеудесiн керiп, жалпақ иықтарын кең жазып отырды. – Үстiмде костюмiм бар, аяғымда қара туфли, желкеме түскен ұзын шаш мынау. Көрдiң ғой? Бұл менiң поэзиясыз бейнем, бұнда әсер жоқ, бiр көрген адам жалт қарап, көз тоқтатып өтпейдi, таңданбайды, табынып, соңымнан жүгiрмейдi. Өйткенi мен өмiрде әлгiндей көп тышқанның бiрiмiн. Ана Құдайдан бергi жақтағылар құрып қойған қалыптан шыққандаймын. Олар неге қалып құрған? Бұл да – өзiнше қызық философия. Олар ақындардың диктатурасынан қорқады. Маған Пушкиннен қалған, Петраркадан қалған, Байроннан қалған, кешегi Есенин секiлдi ұлылардан қалған ойлардың жұрнағын жарнамалап жүрген жылнамашы деп қарамау керек. "Жұрнақ" деген сөздi жек көрем. Мен – өзiндiк болмысы бөлек жаратылыспын. Талант дегенiмiз осы. Мен өлеңге өлеңнен келген жоқпын дедiм ғой. Осы жәйттiң астарын түсiнбеген кiсiге менi түсiну қиын. Өйткенi өмiрдi жырлаймын, олақ жазылған қопал сөздер көп. Өйткенi өмiрдi жырлаймын деп әрi оны дәл өзiндей жырлаймын деп әдемi сөйлеуге мән берген жоқпын. Мән беруге мұршам да келмедi. Маған түйсiгiм айтты: "Жүзудi су жұтып жүрiп үйрену керек" – дедi. Мен су жұтып жүрiп жүздiм. Бiрақ мен – өлеңде жылмиған еуропалық емеспiн, басқамын. Олпы-солпы, алқа-салқа қазақпын. Өлеңдегi Мұқағали – басқа Мұқағали. Оның үстiнде күпiсi бар. Басында – ақ қалпақ. Бұтында – жарғақ шалбар. Аяғында – өкшесi бар қарыс шоңқайма етiк. Сенсең, мен оны дәл осы күйде әлдебiр жуастау торы бестiге мiнiп, шоқтанып қарағай өскен тау сiлемiнiң етегiнде, сарқырап аққан арықты жағалап, Хантәңiрi шыңын бетке алып жортып бара жатқандай көрем. Өлеңде мен сондаймын. Бiр сөзбен айтқанда, мен поэзияда қаны таза қазақпын. Түсiнiп отырмысың? Айтпақшы, сен шылым шегесiң ғой (ол кезде шылым шегетiнмiн) "Қазбек" дейтiн папирос бар. Қабының бетiне Кавказ тауы, ал тау етегiнде салтанатты кавказдықтың суретi бейнеленген. Хантәңiрiге бет алып бара жатқан Мұқағали да тап сондай. Бiрақ ол сурет папиростың қабының бетiнде емес, менiң көкейiмде. Менiң қай жерiмдi тырнап қалсаң да қазақтың қаны шығады, менiң дүниемнiң қай шетiн ашып қалсаң да, қазақ дүниесiн көресiң. Егер өлең жазбасам, мен ешқашан да қазақты танымас едiм. Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секiлдi адуынды, дүлей күштi көрем. Бұл – қазақтың рух күшi. Егер сендер менi қазаққа таныта алсаңдар, бас-аяғы он жылдың iшiнде мен сендерге жаңа Кенесары шығарып берем. Жоқ, бұл әзiл емес. Мен бұны тұла бойымды кернеп тұрған әлгi дүлей күштiң қуатынан сезiнiп жүрем. Ұдайы сезем де жүрем, бiрақ ешкiмге айта алмаймын. Қазақтың ашуымен ойнамау керек. "Жуастан жуан шығады". Бiреулер бiздi орысқа бейiмсiңдер десiп жүр. Сен одан қорықпа. Егер қазақ орыс болса, өзiн орыс қылғандарды көрiнде өкiртетiн қылады. Сен не, әруақтармен ойнап жүрмiсiң? Мен қазақ поэзиясында қазiргi дәуiрдегi нағыз қазақтың жанын бiрiншi ашқан ақынмын. Сол үшiн менi ұнатпайтындар көп. Жек көредi. Қызғанады. Күндейдi. Өйткенi өздерi бүйте алмайды. Бүйтуге қорқады. Олар менiң поэзиядағы мәжнүн болып жүргенiмдi де ұнатпайды. Мәжнүндiктен есуастық туады дейдi. Ұлы өлеңдi есуастар жазады десең таңданады. – Кенет дауысын бәсейтiп: – Ел аман, жұрт тынышта рухқа еркiндiк сұрап ереуiлге кiмдердiң шығатынын бiлесiң бе? – деп сұрады. Бiрақ маған ойлануға мұрша берген жоқ. – Жанынан безгендер шығады, – дедi қолын қызулана сермеп. – Мен – жанынан безген ақынмын. Бұл жағдайда жанынан безгiсi келмейтiндердiң маған тас ататыны заңды құбылыс. Солай болған, әрi келешекте де солай болуға тиiс. Қызу сөйлегендiктен танауы қусырылып, терең тыныс алды. Сәл отырып, басылғандай болып, бiрдеменi бүлдiрiп қойған баладай кiнәлi кейiпте ыржиып күлдi. Содан кейiн күрсiндi. Поэзия туралы маған ешкiм бүйтiп лекция оқыған емес. Оған дейiн де, одан кейiн де. Ол кiсiнiң сөзiнен мен өлеңдi түйсiкпен жазатынын, бүгiнгiнi жазып отырып алдағы кезгi өзге бiр дәуiрдi соншалықты айқын сезетiнiн, бүгiнгi адамдарды сөз қыла отырып, әлi дүниеге келмеген өзге бiр пенделердi жан дүниесiнiң сәулесiмен көрiп отыратынын, күнделiктi көрiнiстерден, пейзаждардан басқа бiр тосын суреттi тiрiлтiп, солардың шынайы, әрi тiрi екендiгiне өзiнiң балаша сенетiндiгiн аңғардым. Мен тағы да ақынды ақылмен ұғуға болмайтынын түсiндiм. Кейiн мен өзiме былай дедiм: "Жоқ, мен ешқашан да өлең жазбауға тиiспiн. Бiрақ өлеңдi түсiнудiң жаңа теориясын ашуым керек. Онсыз маған әдебиетте орын жоқ". Бұл арада "өлең" деп жалпы өнердi айтып отырғаным ғой. Сөйтiп түн ауғанша отырып тарқастық. Ертесiне менi құлқын сәрiден дәлiзден гүрiлдеп шыққан зор дауыс оятты. – Я – бог, я – царь, я – раб, я – червь! – дедi Мұқаң дәлiз жақтан. Аяқ дүрсiлi берi жақындап, тарсылдатып есiктi ұрды. Сағат бестен ендi ғана асыпты. Мәскеу жақта таң ерте атады, бiрақ бiздегiдей қызарып шыққан күн тас төбеге тырмысып бiрден көкке өрлеп, шақшиып ала жөнелмейдi, көкжиектiң үстiмен солдан оңға қарай, орағыта қиыстап баяу көтерiлдi. Сонда таңертеңгiлiк тым ұзарып кеткендей әсер қалдырады. – Оңтүстiктiң қазағы-ау, оянсаңшы, – дедi. Айтпақшы, мен Мұқаңның аузынан әлгi "Я – царь, я – бог…" деген сөздi одан кейiн де бiрнеше мәрте естiдiм. Бұл – Державиннiң жыры. Астарында терең философия жатқандығы осы жалқы жолдың өзiнен-ақ көрiнiп тұрған жоқ па? Расында, бiздiң пендешiлiк әлемiмiз әрқилы, өзiмiз де әрқилымыз. Бiреумiз Құдайдың қолшасынан ұстап тұрғандай асқақ болсақ деймiз, бiреумiз әмiршiдей өктем болсақ деймiз, бiреумiз сөйтiп жүрiп құлдыққа түсiп кетемiз, бiреумiз татар талқанымызды құрт болып жорғалап жүрiп табамыз. Менiң түсiнiгiмше, Мұқаң оны өзiнше түсiнiп, оған өзiнше мән берiп айтатын секiлдi. Жыр жазғанда мен Құдаймын, мен патшамын, шабыт менi аспанға шарықтатты, мiнеки, шабыт бiттi, мен кiнәлi тiршiлiкке қайта оралдым, ендi мен пендемiн, мен құлмын, мен бейшарамын дегендей. Жасампаздықтың қандай түрi болмасын құдiретке лайық, ал шабыттың қайтқан шағы ақынның өзiнше бiр таусылып тұрған шағы ғой. Арада бiр апта өткенде Мұқаңды асханада жолықтырдым. Менi қасына шақырып алып, көшеге ертiп шықты. – Берi жүр, бiр қызық көрсетейiн, – дедi құпиялап. Мәскеудiң аспаны бұлттанып, желкем боп тұрған едi, тротуарды бойлап жүрiп кеттiк. Тез басып асығып келемiз, бiраздасын қаланың шетiне шығып, қураған теп-тегiс елсiз далаға жетiп тоқтадық. – Қызығыңыз қайда? – дедiм таңданып. – Оңтүстiктiң қазағы-ау, дұрыстап қарасаңшы, осы суреттiң өзi қызық емес пе? Көк тiреп тұрған қабырғалар жоқ, көзiңдi сүрiндiре беретiн шатырлар жоқ, қауқиған бұталар да жоқ, жол да жоқ, мәшине де жоқ, мидай жазық дала. Сен тарихты бiлетiн адамсың ғой. Ана жақта…– деп Мұқаң көк тұманға оранған қалаға қолын созды, онысы тiптi әсерлене шығып, күншығысқа қарата қолын құлшына сермеген Ленин жарықтықтың жiгерлi қимылына ұқсап кетсе болар ма?! Қабағын түкситiп, түсiн суытты. – Сен күлме, оңтүстiктiң қазағы, бұл күлетiн нәрсе емес. Бермен қара, ана жақта Мәскеу жатыр. Мәскеуде Кремль барын ойыңа түйiп қой. Ал мына бiз тоқтаған жерге Тоқтамыс ханның ордасы қоныс теуiп жатыр деп есепте. Ана тұста, – Мұқаң ендi елу метрдей жердегi ағарған топырақ үйiндiсiн нұсқады, – алқызыл жiбек шатыр желбiреп тұр, ол хан шатыры. Мен тұрған жерде ханның өзi мен сияқты қалаға алыстан көз салып тұрса, мына тұста бiр топ қыпшақ сарбаздары жылқыларын сойып, қазан асып, ет пiсiрiп жатқан болып шығады. Сен өзiң Тоқтамыстың не бүлдiрiп кеткенiн бiлемiсiң? – (Мен басымды шұлғи салдым.) – Бiлсең сол, бала. Ол кезде де дәл осылай аспанды бұлт жауып, ысқыра шулап жел соғып тұрмағанын сен қайдан бiлесiң? Немене саған бұл да қызық емес пе? Жоқ, мұнысы қызық едi. Тоқтамыс орыс әскерлерiн қирата жеңiп, Мәскеуге басып кiргенде терiскей-батыстан соққан жел қайғылы қаланың үстiнен мына секiлдi ақшыл, сарғыш, қызғылт-сары, күлгiн түстi, қызыл қаздың қанатындай қоңыр, кейбiрi тiптi шымқай қара алуан түстi бұлттарды сыпыра айдап бара жатты деген ой маған ендi материалданып көрiндi. Күн әлi кешкiрмеген едi, күн көзiн қалқалаған аспан түнерiп, бiрте-бiрте төмендеп, дүниенi түп-түгел күңгiрттiкпен қымтады. Әрi оның өзi кәдiмгi көзге жағымды күңгiрттiк те емес, бұлдырап, бiресе бозамықтанып, бiресе шымқайланып, iртiктенiп тұрған өзгеше күңгiрттiк. Арғы тұстағы жазықтан қылаңытқан көкжиек әп-сәттiң iшiнде зым-зия жоғалып кеттi. Мен желдiң ысқырған шуын естiген жоқпын, бәлкiм қу шөптi тiзеден кешiп әрменiректе тұрған Мұқаңа солай естiлген шығар? Бара-бара қатайып, салқындап, дымқыл тартып бара жатқан жел iшiн тартып ұлығандай болды. Ұлыған жабайы үн созылыңқырап барып қайырылғанда тосын бiр жаңғырық түпсiз шыңыраудың iшiнде шырылдап, шиқылдап өшiп, жоғалып кетердей сезiлдi, бiрақ бiржола өшiп, үзiлiп қалмады, шиқылдау шегiне жетiп, ендi-ендi үзiлейiн дегенде жан бiткендей қайта уiлдеп, қайта күшейiп, кеңiстiктiң тереңiнен гүрiлдеп керi оралды. Дымқылдан ауырлаған бұлттар одан сайын төмендей түстi, Останкино телемұнарасының басы мен одан бергi күйелеш-күйелеш биiк мұржаларды аспан жұтып қойды. Мен өмiрiмде бұлттардың дәл бүйтiп жер бауырлап, осыншалықты жылдамдықпен аунақши жөңкiп жүзгенiн көрмеген едiм. Бұлттар төңкерiлiп қалған теңiздiң шапшыған толқындарына ұқсайтын. Ендiгi бiр сәтте ол алапат екпiнiмен жерге соғылып, бiздi ұшырып әкетердей көрiндi. – Асықпа, – дедi Мұқаң менiң ыққа бұрылып, бүрiсiп тұрғанымды байқап қалып. – Бұның тағы бiр қызығы бар. Мен бұны өткен жолы келгенде сезгем. Сен былай… Бүрiспе деймiн. Ой, найсап! – Әншейiнде ойға келмейтiн сөздiң аузына түсiп кеткенiне өзi де таңданғандай күлiп жiбердi. – Аяқтарыңды нықтаңқырап бас. Қара жердi сезiн. Ал ендi аспанға қара. – Қолыммен көк тiреген болдым. Бұл да маған қызықты көрiндi. – Жердi тереңiрек сезiн деймiн. Сөйт те, көзiңдi жұм. Желдiң шуылына құлақ тоспасаң да болады. Мәселе онда емес. Мәселе сенiң қара жер мен көк аспанның арасында тұрғаның. Төменде қатқыл жер, жоғарыда жетi қат көк. Сен бұл арада жай тұрған жоқсың, екi арадағы шексiз кеңiстiктi керiп, өз болмысыңмен толтырып тұрсың. Сен арқылы кеңiстiк ерекше мәндi көрiнсе, сенiң өзiң де кеңiстiк арқылы сұмдық мәндi көрiнесiң. Мұқағалидың не демекшi болғаны менiң миыма ендi жеттi. – Көшпендiлер дүниесi! – дедiм дауыстап жiберiп. – Дұрыс! – Мұқаң жалпақ алақанымен иығымнан сарт еткiздi. – Қазақы дүние деген осы. Жеме-жемге келгенде орыс орманына, өзбек махалласына тартады, ал миллион жылдық кеңiстiктiң ызғарында қалатын бiзбiз. Неге қаламыз? Себебi ол бiздiң бәсiре дүниемiз. Қай анадан туғаныңды ұмытсаң ұмыт, осы дүниеден шыққаныңды ұмытпасаң болды. Ал, кеттiк! Бiрақ кеш қалдық. Мұп-мұздай ауыр тамшылар үстiмiзден шашырата сеуiп-сеуiп жiбердi де, кенет жел тына қалып жаңбыр шелектеп құйып бердi. Жарқылдап шақпақ та шақпады, шатынап аспан да күркiремедi, жаңбырдың шуылынан құлағымыз бiтелiп қалғандай болды. Кейiннен күзгi жаңбыр кездерiнде мен Мұқағалимен болған сол шақты жиi еске алып жүрдiм. Менiңше, ол жаңбыр астында қалып, суға малшынып қайту үшiн менi қала шетiне әдейi алып шыққан секiлдi. Қай жағынан алғанда, бұл қылығы әлгi "жанынан безгендiк" идеясына келiңкiремейтiн. Мен ешқашан да Мұқаңды ұстаз тұтқан емеспiн. Болмаған нәрсенi болды деп қалай айтайын? Бiрақ мен Мұқаңнан екi нәрсе үйрендiм. Өзiмнiң аспан мен жердiң арасындағы кеңiстiк арқылы дүниеге келген ең ғажайып құбылыс – қазақы дүниенiң стихиясынан шыққанымды ұмытқам жоқпын және мен де өнердi жанымнан безiп жасауға тырыстым. Бұның да өзiндiк философиясы бар. Өнер – Тәңiрлiк дүние. Оның өз Құдайы бар. Мен де жанымды сол Құдайдың еркiне тапсырып қойған пендемiн. Бейнелеп айтқанда! Бiздiң институтымыз Мәскеудiң бел омыртқасы саналатын Қызыл Пресня ауданына қарайтын, ректорымыз белгiлi театр сыншысы В.Пименов осы аутпарткомның бюро мүшесi едi. Сөйтiп, ректорымыз сол жамбасымен тұрған күндердiң бiрiнде күллi әдебиетшiлер қауымын қаланың батыс жағындағы бiр қуыста бұғып жатқан көкөнiс базасына апарып жапты да жiбердi. Бұндағы жартылай жерге көмiлген қоймалар баяғы бiздiң полкiмiздiң картоп сақтайтын жертөлелерiне ұқсайтын. Түске дейiн вагоннан картоп түсiрiп, сұрыптадық. Түстен кейiн қашып кеттiм. Бұқпантайлап қақпадан өтiп алдым да, үй-үйдiң арасымен бiлдiрмей тайып тұрдым. Бiр қарасам, арт жақта ағаш iшiнде бiреудiң зор тұлғасы қараңдайды. Мұқаң екен. Әлдебiр дүкен жайдың алдына жиып қойған жәшiктiң тасасына тығылып, жақындауын күттiм. Ал ендi не iстедiк. Жатақханаға қарай аяқ басуға болмайды, көзге түсiп қалуымыз мүмкiн. Сонымен картопты үйдi артқа тастап, ВДНХ-ға тарттық. Өзiмiзше бiр қыдырғымыз келдi. Ақыры келiп қалған соң, ала тақиялы ағаларымыздың павильонынан кәуап жедiк. Одан такси жалдап, қаланың қақ ортасына келiп түстiк. Сол маңда Раздан дейтiн шолақ көше бар. Атақты көше. Подвалға түсiп, сыра iшуге келiстiк. Кiре берiсте үш сомдықты өңшең жиырма тиынға майдалап алдық. Подвалда сыраны адам сатпайды, қаз қатар тiзiлiп тұрған жиырма тиынды тастап жiберсеңiз, сар еткiзiп құяды да бередi. Горький даңғылымен кейiн қарай жаяу тарттық. Бағзы бiр замандарда қаланың орталық бөлiгiн белбеулей қоршап ағаштар отырғызған. Оны қазiр "Садовое кольцо" дейдi. Қоршау ағаштар деген мағынада. Жүрiп-жүрiп соған жетiп, тұп-тура Пушкин ескерткiшiне тiрелiп тоқтадық. Мұқаңның Алматыдағы достарына өлеңдетiп хат жазғанда "Бiр күнi гүл қойып ем, Пушкин барып…" дейтiн жерi осы. Сол жерде орындық тауып, демiмiздi бастық. Бұл ара бiзге жақсы таныс. Оң жақта атақты "Россия" кинотеатры. Қарсымызда "Труд" пен "Известия" газеттерiнiң редакция үйлерi. Сол қанатта жүз метрдей жерде бiздiң институтымыз. Мәшине фарларының жарықтары өше қалғанда күңгүрт қараңғыда "Эльбрус" деген отты жазу тотияйындай көгерiп бiр көрiнiп қалады. Отырмыз екi қазақ… ВДНХ-дан бастап осы жерге дейiнгi жәйттердi әдейi таратып жазған жоқпын. Ол туралы менiң "Москваның бұлтты аспаны" деп аталған әңгiмемде жазылған. "Москваның бұлтты аспаны" Мұқаңның қазасынан соң Шардара аудандық "Өскен өңiр" газетiнде жарық көрдi. Мәскеуге, жетпiс үштiң күзiне қайта оралайын. Сессиямыз бiткен соң Мұқаңа қоштасуға кiрдiм. Костюмiн иығына бос жамылып, стол басында терлеп-тепшiп өлең жазып отыр екен. – Оңтүстiктiң қазағы, ендi мiне, сен де мен туралы естелiк жазатындардың қатарына қосылдың, – деп күлдi. – Оны сiзге кiм айтты? – деп iштей шамданып қалдым. – Мен мұны жақсы мағынада айтып отырмын,– деп Мұқаң арқамнан қақты. – Ал егер шынымен-ақ естелiк жаза қалғандай болсаң, саған айтар ақылым жұрттың алдына түспе. Әлiптiң артын бақ. Неге деймiсiң? Түсiндiрiп айтайын. Мен өлсем, ең алдымен дұшпандарым шулап шығады. Қимаған болады. Мақтаған болады. Сен олармен таласпа. Олар өздерiн тыныштандыру үшiн жазады. Ұяттарын ұйықтатады. Мен туралы естелiктердiң екiншi тобы да сол сценариймен кететiндер, бұлар менен сәл алысырақ тұрғандар, бiрақ дос пейiлдi болмағандар. Сен оларға да қосылма. Ең соңынан жазуға тырыс. Ең соңынан тек достарың ғана жазады. Қаныбек Сарыбаевқа сәлем айт, арағын азайтсын. Қаныбек ұлы ақын ғой. Бiрақ бiз ұлылар құрметтелмейтiн заманда өмiр сүрiп отырмыз. Сау бол! Бұл – менiң Мұқағалиды соңғы мәрте көруiм. Кейiннен ол кiсiнi Әдебиет институтынан шығарып, Жазушылар одағынан қуды деп естiдiм. "Естiдiм" деп отырғаным, өсiттi деген нақты құжатты өз көзiммен көрген жоқпын. Осылайша қазақтың Мағжаннан кейiнгi ең әруақты ақыны ресми әдебиеттен шеттетiлдi. Оның артында қандай саяси мән барын мен бiлмедiм. Кей-кейде Мұқағалиға айналып соғып жүрдiм. Сөйтiп, сексенiншi жылдары "Мұқағали Мақатаевтың жырларындағы махаббат тақырыбы" дейтiн мақала жаздым. Бiр ескерте кететiн нәрсе, мен ешқашан да ол кiсiнiң өзiмен бұл тақырыпта сөз қылған емеспiн. Шынымды айтсам, ол жайлы сөз қылуға мен әлi жетiлмеген едiм. Неге махаббат дейдi? Неге басқа тақырып емес? Сезiм дүниесi де – өзiнше ұлы дүние. Сезiм еркiндiгiн игермейiнше, бiз рух бостандығына иелiк ете алмаймыз. Бұл – менiң түйсiктiк сенiмiм. Бiздiң ұранымыздың денi 60 жылдары Төлегеннiң романтикасымен тәрбиеленiп өскендер. Бiрақ оның алып-ұшып тұрған жас жiгiттерге тән алқызыл реңкi, адуынды, жiгер шашқан, өмiршеңдiк пен оптимизмге тұнып тұрған асқақ та балғын махаббаты жартылай Еуропаланып қалған қазақ жұртын түгел елiктiрiп әкете алмады. Романтизм дәуiрiнiң шолақ келетiнi белгiлi ғой. Менiң пiкiрiмше, махаббат сезiмiн есейтiп, кемелдендiрiп, көркемдiк шегiне жеткiзе рухтандырған, сүйiспеншiлiк сезiмiн тереңдеткен Мұқағали. Әрi ол кiсi бұны Еуропалық сезiмнiң жұрнағы түрiнде домбаздап, жұмарлап бере салған жоқ, Абайша қасiреттенiп, шаттанып жырлады. Мақаламды "Қазақ әдебиетi" газетi де, "Жұлдыз" журналы да басқан жоқ. Ал мен ол кездер үшiн қауiптi де күмәндi тақырыпты қаузап жүргенiмдi бiлмедiм. Соған қарамастан Мұқағали мен Жұмекен менiң Арал трагедиясына арналған "Алтын балық" атты повесiмнен тағы да орын тептi. Повестiң романтикалық кейiпкерi өзiм секiлдi әдебиетшi болған едi. Бұл екi ақын әдебиетшi кейiпкердiң iшкi толғаныстары арқылы кiтапқа енген. Кейiн дүние шiркiн қара түнек көрiнiп, қатты күйзелген кездерiмнiң бiрiнде бұл шығарманы өртеп жiбердiм. Неге? Өйткенi өзiме де түсiнiксiз. Хемингуэйдiң бiр кейiпкерiнiң ажал алдында қапалықтан күйiнiп "Бәрiн де қиратып кеткiм келедi. Менен кейiнгi дүние тұл болмаса бұл болсын" деп қиналып қырылдайтыны бар. Өмiрдiң бiр сәтiнде мен де сол кейiпкерге ұқсап кетсем керек. Жазушы пақырларды өз кiтаптарын өздерi өртеуге мәжбүр еткен ахуалға не деуге болады? Көпке дейiн Мұқаңның туған жерi жайлы бiр қызық түсiнiкте жүрдiм. Ақынның өзi Қарасазды жұмақ бағындай көрiп еске алатын. Ол жақта қыс түсiп, қар жаумайтындай едi, ол жақта жыл он екi ай аспан айдай ашық болып, гүлдер құлпырып, құстар ән салып, мамыражай тiршiлiк салтанат құрып, жер жердiң бәрiнде Абат бағы жайнаң қағып тұратындай едi. Қарасаз десе көз алдыма етегiн қарағай шырша көмкерген қарлы шыңдар, сарқырап аққан ағыл-тегiл арықтар, күн нұрына малынған көк майса алқаптар, аппақ-аппақ сұлулар мен Мұқаң секiлдi арсын-гүрсiн ер мiнездi, алып денелi жiгiттер елестейтiн. Тоқсан бiрiншi жылы ақынның алпыс жылдық тойына толқып бардым. Еш пенденiң қиялына кiрмеген бiр ғажайып мөп-мөлдiр сәулелi әлемге тап боларыма имандай сендiм сонда. Жол бойы әрнемеге бiр таңданумен болдым. Қарасаздың басында шөмеледей болып отырған ауылға жетiп, тыриған арық жүдеу өңдерi қарайып кеткен адамдарды көргенде көңiлiмнiң өрекпуi су сепкендей басылды. Нарынқол аймағындағы таулы аймақтың табиғаты тым қатал екен. Жемiс ағаштары жайқалып өсiп, жемiс салып үлгергенше суық ұрып кететiнге ұқсайды. Ал атақты Қарасаз – екi таудың арасындағы жалпақ арна болып шықты. Арнаны бойлап су ағып жатыр. Суы тастай, ұрттап қалсаң тiсiңдi зырқ еткiзiп шағып жiбередi. Жер де мұп-мұздай, үшкiр күректi батыра басып қалсаң, қарш етiп мұз бен тоңға тиедi. Суықтың ызғарынан өсiмдiктер тырбиып өспей қалған. Бiзде қау болып кететiн сары бас шөп бұл жақта жарты қарысқа жетер-жетпес тыриып қалған. Шырқырап тұратын шiлденiң өзiнде жердiң тоңы жiбiмейдi екен. Күн батысымен азынап, бiр ызғырық соқты дейсiз, құдай басқа салмасын, бүрсеңдеп үйден шыға алмай қалдық. Қазiр маған сол қияметқайым дүние қайтадан жұмақ бағындай болып елестейдi.
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА