Жаңалықтар

ӘУЕЗОВ АЯГӨЗДЕ БОЛҒАНДА...

ашық дереккөзі

ӘУЕЗОВ АЯГӨЗДЕ БОЛҒАНДА...

Бұл мақаланы жазу туралы тұңғыш ой бұдан жиырма шақты жыл бұрын пайда болған едi. 1987 жылы республика жұртшылығы әдеттегiдей Мұхтар Әуезовтiң 90 жылдығын мерекелеп жатқан кезi. Аягөз қаласының байырғы тұрғындарының бiрi, жасы сексеннiң ортасына еркiн жеткен зейнеткер Қабдолла Митанов дейтiн қария кездейсоқ бiр кездесу сәтiнде:

– Қарағым, осы сен Әуезовтiң отызыншы жылдардың басында Шымкент пен Жамбыл жерлерiн, Ұлы Отан соғысы тұсында Қарағанды мен Балқаш бойларын, соғыстан кейiн Алматы аймағын аралау негiзiнде қысқа да нұсқа деректi шығармалар жазғанын бүгiнгi елдiң есiне түсiрiп, қалам тартып жүрсiң ғой. Рас, бiлген кiсiге бұл да бiр керек танымдық шаруа. Ал сол Әуезовтiң Аягөз қаласында Ұлы Отан соғысының қызып тұрған кезiнде болғанын неге жазбайсың, – деп менi тосын сұрақтың астында қалдырғанын қайтерсiз. Сасқалақтап қалған мен:

– Әуезовтiң сол сапары туралы жазылған ертелi-кеш еңбектердiң бәрiнде дерлiк Аягөз сусымалы түрде ғана көрiнiс бередi ғой. Тегi, Мұхаң туған елiне бара жатқанда тоғыз жолдың торабы – Аягөзде бiрер сағат аялдап, көлiк ауыстырған шығар, – деуiм мұң екен, ақсақал менiң бетiме үңiле қарап:

– Ендеше дұрыстап тыңдап ал. Әуезов 1943 жылы Аягөзде үш сағат емес, үш күн болған. Әуезовтiң Аягөзде болуы туралы сол кездегi Семей облыстық "Екпiндi" газетiнде басылған бiр мақаланы оқығаным бар. Iзденгiш болсаң сол мақаланы тауып оқы, содан ары тағы бiрдеңе керек болса менiмен хабарласарсың, – деп ақсақал өз жөнiмен кете барды.

Қазақ прозасының пырағы М.Әуезовтiң кезiнде Аягөз қаласында үш тәулiк болуы бүгiнгi ұрпақ үшiн баға жетпес дерек болса керек. Осы уақытқа дейiн ел аузында әртүрлi қисынмен айтылып келген бұл деректi iздеп тауып, екшеп, жұртшылық назарына ұсынса деген үмiт сәулесi iзденiске жетелей бердi.

Iзденiсiмiздi көпшiлiкке бұрыннан мәлiм Мұхаңның сол 1943 жылы туған елiн аралап қайтқаннан кейiн жазылған "Ақын елiнде" атты жолсапар очеркiн саралап оқудан бастадық. Ол 1943 жылы 17 қазанда республикалық "Социалистiк Қазақстан" газетiнiң бiр бетiн тұтас алып жатыр екен. Амал не, бұл деректi шығармадан: "Аягөзден шығып, аудан орталығы Қарауылға қарай жүргенде" – дегеннен басқа Аягөзге байланысты ештеңе таба алмадық.

Ендiгi үмiт жiбiн жазушының сол кездегi түрлi өнер адамдарына, дос-жарандарына жазған хаттарына қарай суыртпақтадық. Бұл әрекет аз да болса iзденiс қоламтасына кезiктiрдi. Мұхаң туған елiне жүрер алдында өзiнiң бұрынғы шәкiртi, сол кезде майданда жаумен шайқасып жүрген Мәлiк Ғабдуллинге 1943 жылы 11 маусымда кезектi бiр хатын жолдаған екен. Ондағы мына жолдар ерiксiз назар аудартты.

"Абай ауданына жүрейiн деп отырмын. Бұл барыста романның екiншi кiтабына керек пейзаж көрiнiстерi, табиғат ерекшелiктерi сияқты бояуларды жия қайтармын. Бұрын роман жазбай жүргенде, өз ауданымызды жалпы бiлiп жүргенiмiз жеткiлiктi сияқты едi. Арнап, қадағалап суреттеуге кiрiсем дегенде, қайта қарап сол Жидебайды, Түйеөркештердi қайтадан көрiп алу сияқты мақсатым бар". (М.Әуезовтiң Алматыдағы мұражайы. Папка №353, 20 бет).

Демек жоғарыдағы бiр очерк пен бiр хаттың жазылу мерзiмiн сараптасақ, М.Әуезовтiң Абай елiне сапары сол 1943 жылдың маусым-қазан айларының ортасындағы әйтеуiр бiр айында болғанға саятындай.

"Iздеген жетер мұратқа" дегендей бүгiнде Ұлттық кiтапхана деп аталатын ғимараттың сирек қорлар бөлiмiнен әйтеуiр керек мақаланы таптық-ау! Мақала Семей облыстық "Екпiндi" газетiнiң 1943 жылғы 23 шiлдесiндегi санында жарияланыпты. Тақырыбы "Қазақстан жазушылары Аягөзде" деп аталған. Мақала авторы – Ә.Толғанбаев.

Мақалада Қ.Митанов ақсақал айтқан жайдың барлығы дерлiк көрiнiс тапқан. Әсiресе бiздер үшiн аса құнды "Үш күн" деген дәл дәйектi деректiң қаз-қалпында жазылғанын қайтерсiз. Ол мынадай сөйлеммен өрнектелген. "Осы жылдың 13-15 шiлде күндерi жазушы-драматург Мұхтар Әуезов басқарған Қазақстан Жазушылар Одағы ғылыми-экспедициясы Аягөз ауданында болды. Экспедиция құрамында жазушы С.Бегалин, әдебиет сыншысы Е.Ысмайылов, суретшi Б.Урманше, ленинградтық жазушы Полоцкий және Алматыдағы мемлекеттiк филармонияның әншi-әрiптестерi Ж.Елебеков пен И.Матақов бар".

Мақалада экспедицияның мұндай арнайы сапарға шығуы ең алдымен ендi екi жылдан кейiн туғанына 100 жыл толатын ұлы ақын Абай тойын республика көлемiнде атап өту мерекесiне дайындық шаралары ақын елiмен, облыс жұртшылығымен ақылдаса отырып белгiлеу, ақын жазушылардың тылдағы еңбек адамдарымен етене танысу, сондай-ақ экспедиция жетекшiсi жазушы М.Әуезовтiң келешекте әлi де жазыла түспек Абай туралы көп томдық романына дерек iздеу мақсаттары барлығы да жөнiнде жинақы әңгiмеленедi. Мақала соңында бұл ақын-жазушылардың аудан орталығындағы кейбiр еңбек ұйымдарын аралағаны, аудандық партия комитетiнде олар үшiн арнайы қабылдау өткiзiлгенi және олардың сол үш күннен кейiн Абай ауданына аттанып кеткенi баяндалады.

Қойшы, сонымен Алматыдан ат басындай алтын арқалағандай болып, сол мақаланың толық көшiрмесiн алып Аягөзге келдiк. Айтпақшы, ұмытып барады екенбiз, әңгiмемiз мұхиттай Мұхаң болған соң осы соңғы iзденiс барысында ұлы жазушының сол сапарынан суыртпақтата сыр шертетiн мерзiмдi баспасөз беттерiнде жарияланған тағы екi мақалаға (екеуi де бiр күнде жарияланған) кездесiп, тiптi айдарланып қайттық.

Мұның бiрiншiсi – Мұхаңың өз қолымен жазып берген "Көрген, сезген жайлардан" деген атпен Абай аудандық "Социалистiк мал шаруашылығы" газетiнiң 1943 жылғы 17 тамызында жарияланған мақала. Тегi, туған елiн бiр айдан астам армансыз аралап, керi оралу сәтiнде жерлестерiнiң өтiнiшi бойынша жол-жөнекей қағазға түсiре салса да, әр сөзiне қыл батпайтын қысқа да нұсқа, тұнып тұрған танымы терең, мәйектi мақала. Екiншiсi – "Облыс ақын-жазушыларының жиналысы" деп аталатын мақалада ("Екпiндi", 1943 жыл, 17 тамыз) Әуезов басқарған экспедиция мүшелерi қатысқан бiр жиынның жұмысынан жанды есеп берiлген. Осы жиында қазақ әдебиетiнiң толағай тұлғасы Әуезов Абай туралы шалқар да салиқалы сөз сөйлесе, белгiлi әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайылов ұлы ақынның алдағы 100 жылдық мерекесiн атап өтудiң жай-жапсары туралы байсалды баяндама жасаған көрiнедi. Сондықтан да болар, бұл жиналысты басқарып, оның жұмысын қорытқан Облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Р.Ильяшев Әуезов басқарып келген экспедиция мүшелерiне алғыс айтқан.

Ендi осы мақаланы iздеттiруге себепкер болған ақсақал Қабдолла Митановпен Әуезов туралы үзiлген әңгiмемiздi қайта жалғастырайық. Әуезовтiң Аягөзге келгендiгiн қалай бiлдiңiз деген алғашқы сұраққа ақсақал iркiлмей былай жауап бердi.

– Ол кезде мен осы аудандағы Мемлекеттiк Қауiпсiздiк Комитетiнiң жауапты өкiлi едiм. Бiр күнi Аягөз аудандық атқару комитетiнiң сол кездегi төрағасы Мұқсын Әмiрғалин менi, Аягөз қалалық атқару комитетiнiң төрайымы Калмыкованы және тағы екi-үш адамды шақырып алып: «Облыс басшыларының хабарлауына қарағанда, жақын күндердiң бiрiнде осы Аягөз ауданы арқылы Қазақстан Жазушылар одағының бiр ғылыми экспедициясы Абай ауданына барады екен. Осыған орай, бiзге Алматыдан осы араға дейiн поезбен келетiн сол экспедицияны қарсы алып, Абай ауданынан көлiк келгенше жатар орын, iшер тамақпен қамтамасыз ету мiндетi жүктелiп отыр». Тiптi Абай ауданынан көлiк келмей қойған жағдайда экспедицияны мұнда кеп кiдiртпей, тиiстi жерiне жедел жеткiзу қажеттiлiгiн де ескерттi. Дәл осы арада Қалалық атқару комитетiнiң төрайымы Калмыковаға болашақ қонақтар үшiн қаладағы қонақүйден ең кем дегенде 10 адамға орын дайындауға, ал өзiнiң орынбасары Төлеш Тәуiрбаеқа ертеңгi жолаушылар үшiн ауданның колхоз-совхоздарынан, кәсiпорындарынан лайықты көлiк iрiктеуге тапсырмалар берiлдi. Ең соңында Әмiрғалиннiң маған және аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығына берген нұсқауы әдеттегiден тыс сипатта болды. Ол мұны былайша термеледi:

– Экспедиция құрамында ақын-жазушылардан басқа артистер, суретшiлер, әншiлер, күйшiлер де бар көрiнедi. "Ел құлағы – елу" деген. Күнi ертең мұны естiген ел ойын-сауық көремiз деп елеңдеуi мүмкiн. Осыған орай, жұртқа экспедицияның барар жерi де, негiзгi жұмыс атқарар ортасы да Абай ауданы ғана екенiн дұрыстап түсiндiру қажет. Әдiлiнде, экспедиция ол жаққа мынадай сұрапыл соғыс кезiнде ойын-сауық үшiн бара жатқан жоқ. Керiсiнше ендi екi жылдан кейiн республика көлемiнде атап өтiлетiн Абай атамыздың 100 жылдық тойына дайындалу мәселелерiнiң ауқымды шараларын ақын елiмен ақылдаса отырып, белгiлеп қайтпақ екен. Бұған қоса, экспедиция бастығы, жазушы Әуезовтiң Абай туралы алда жазылар кiтаптарына тың деректердi ел ортасынан жинау шаруасы да мол болса керек.

– Сол үш күнде қонақтар қайда жатты? – деп мен жедел сұрақ бердiм.

– Әрине қонақүйде жатты. Қаламызда осы мақсатқа арналып соғыстан бұрын салынған сол үй әлi аман-сау тұр емес пе. Ол қазiргi орталық монша қасындағы бiр қабатты ықшам да жинақы еңселi ғимарат елуiншi жылдардың аяғына дейiн қонақүй болып келдi. Мiне осында Мұхаңдар үш күн түнедi, – деп ақсақал әр сөзiн нықтап айтты.

– Осы үш күнде Мұхаңның тындырған iсiнен хабарыңыз бар ма? Қандай ортада болсын үлкен адамдар уақытын бос өткiзбейдi ғой. Өзiңiзге жазушымен тiлдесудiң сәтi түстi ме? Әйтпесе бұл ортада Әуезовпен кiмдер байланыса алды? – деген сұрағымызға Қабдолла ақсақал бiршама үзiлiс жасап жауап қатты.

– Алдымен айтарым, Әуезовпен тiлдестiм деп айта алмаймын. Бiз кiм, Әуезов кiм? Бiз әйтеуiр, сол уақытта бiрде таяқ, бiрде қалақ болып жоғары жақтың нұсқауы бойынша жанталасып, сол қонақтарды Аягөзден аман-сау аттандырудың әрекетiн мүлтiксiз атқаруға ұмтылдық. Ал онымен сол үш күнде жиi жолығысқан екi жауапты қызметкер болды. Мұның бiрi – жоғарыдағы Тәуiрбаев, екiншiсi – сол кездегi Аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы болған Жүнiс Қансеиiтов деген жiгiт. Соңғысы Мұхаңа бұрыннан таныс секiлдi, себебi ол жазушыны үйiне қонақ еткенi бар. Кейiннен бұл адам Абай елiнде бiрнеше жыл аупарткомның бiрiншi хатшысы қызметiн де атқарды. Мiне, осы екi қызметкер сол кезде мүмкiншiлiктерге қарай, жазушыларды аздап болса да аудан тiршiлiгiмен таныстырса керек. Олар осы қаладағы кейбiр өнеркәсiп орындарына барып, бiраз еңбек адамдарымен де әңгiмелестi. Аудандық партия комитетi мен аудандық атқару комитетiнде қабылдау да ұйымдастырылды. Бұл шараға мен де қатысып, Әуезовтiң сонда сөйлеген сөзiн тыңдадым. Бұл – менiң ұлы жазушыны тұңғыш көруiм едi.

Жазушы бұл қабылдауда қағазсыз сөйледi. Маңдайы кере қарыс келген, бiрақ қос самай шашы бұйралана бұрқырап тұрған мол денелi адам алғашында бiраз кiбiртiктеп алып, содан кейiн ағыл-тегiл боп сөйлеп кете барды. Осылай сөйлеп тұрған Мұхаң кенеттен бiрдемесiн ұмытқандай бiр сәт үнсiз қалмасы бар ма.

– Пәлi, сiздердiң араларыңыздан өз очеркiм кейiпкерлерiн iздеудi ұмытып барады екенмiн, – деп жазушы жалма-жан iшкi қалтасынан алған бiр жапырақ қағазға қарап, зуылдатып оннан астам адамдардың аты-жөндерiн қызметiмен оқып шықты.

Зал да, қабылдауды жүргiзiп отырған Мұқсын Әмiрғалин де аң-таң. Осы кезде залдың алдыңғы орындарының бiрiнде отырған Ж.Қансейiтов ұшып тұрып:

– Кешiрiңiз, Мұха! Бұл адамдар бұдан үш жыл бұрын жазылған үлкен бiр шығармаңыздың кейiпкерлерi деп ұғамын. Мысалы ана тiзiмiңiздегi сол кездегi аупарткомның бiрiншi хатшысы Рымбек Ильяшев қазiр Облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы. Оның орнына Әбiл Бейсенбаев деген азамат бiрiншi хатшылыққа сайланған. Қазiр сол кiсi бiр маңызды шаруамен Алматыда iссапарда жүр. Сол кездегi аупарткомның төрағасы Жұматай Иманбеков Алматы облысының бiр ауданына жауапты қызметке ауысқан. Оның орнына сайланған төраға әне отыр, – деп Мұқсын Әмiрғалин жақты нұсқады, – Ал сол кездерде аупарткомның екiншi хатшысы Николай Ильиных – бұл күнде облысымыздағы шекара шегiнде орналасқан Мақаншы аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы. Оның орнында ендi мен iстеп жатырмын. Тiзiмдегi басқа кейiпкерлерiңiздiң бiрталайы майданға аттанған. Әйелдер сол колхоздарында жұмыс iстеп жатыр, – деп тындырымды жауап бердi.

Мұқаң Қансейiтовтiң сөзiне толық қанағаттанғандай, ұқтым деп басын изеуi мұң екен, орнынан Әмiрғалин де тұрып, өз сөз саптасына салып: – Понимаете, Мұха! (Бұл адам әрқашан ауызекi сөзiнде, тiптi баяндама жасап тұрып та орыстың "помни" деген сөзiн тыңдарман ортасына орай жiктеп, жиi қолдана беретiн). Тiзiмiңiздегi Омаров Файзрахман да осы қалада. Жақында ол майданнан жаралы болып, бiр аяғынан айырылып келдi. Понимаете, денсаулығы түзелiп жұмысқа жараса, оны ауаткомға қызметке алмақшымыз. (Әуезовтiң бұл кейiпкерi 1999 жылы Аягөз қаласында 87 жасында қайтыс болды).

– Пәлi, қызметкерлерiңiз жоғарлап, майданға аттанғандарыңыз жаралы болса да көшелi ел екенсiздер, – деп Мұхаң аузынан әр сөз, төгiле шығып жатты. Тек оны тыңдар құйма құлақ, кең кеуде болсын дей бер.

– Осындай елдiң шынайы да шұрайлы бiр шаруасына менiң бiр шығармам арналған едi. Ол – осы ел, Аягөз елi, – деп Мұхаң бiраз кiдiрiс жасады. Жарқыраған, мүлгiген көздердiң бәрi жазушыға қадалған. Мүмкiн ойларыңызда сақталып қалған болар, бұдан үш жыл бұрын 1940-1941 жылдары Қазақстанның көршiлес Семей және Шығыс Қазақстан облыстарының жерлерiнде шеңбердей иiлiп Түрксiбтi кендi Алтаймен, сулы да нулы Ертiс өзенiмен байланыстыратын, жалпы ұзындығы 806 шақырымдық тас жол салу жұмысы қолға алынғанын бiлесiздер. Бұл жолды халықтық бастама ретiнде мемлекеттен ешқандай басы артық қаржы сұрамай, тек осы екi облыстың "қалың колхоз қолы" салғандарын өз көздерiңiзбен көрдiңiздер. Оны бiз ақын-жазушылар да көрдiк.

Бұдан үш жыл бұрын дәл осындай жаз ортасында сол жол құрылысына Қазақстан Жазушылар одағының бiр бригадасын бастап тағы келгенiм бар. Менiмен бiрге Ғабиден Мұстафин, Дмитрий Снегин, Павел Кузнецов және осы Семейден Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов болған едi. Бiздер жол бойында, құрылысшылар арасында екi аптадай болдық. Сонда басшымен де, топырақ, тас қазушымен де әңгiме-дүкен құрдық. Сонда Аягөзден барған "қуатты колхозшылар" намыстарын қолдан бермей, ерлей еңбек еттi емес пе. Екiншi участок деп еншiлеп берген 10 шақырымдық болашақ жол торабын техникалық талапқа сай бiр ай iшiнде салуда аягөздiк колхозшылар Облыстық партия комитетi мен Облыстық аткомның озық ауданға арналған Ауыспалы Қызыл Туын басқа аудандардың колхозшыларына ұстатпай, ақыры оны науқан соңында өз ауданына алып қайтты емес пе?! Сол бiр қауырт атқарған шаруаларыңды мен де қарбаластықпен жол-жөнекей қағаз бетiнде түсiрiп, тақырыбын "Оның аты екiншi" деп облыстағы газетке жариялатқаным бар. Кейiн Алматыға барған соң да оның кейбiр тарауларын "Социалистiк Қазақстан", "Лениншiл жас" газеттерiне бастырттым.

Осы арада залдан:

– Ағай, бұл сапарыңызда да ойлаған тақырыптарыңыз, мақсаттарыңыз бар шығар. Не жазбақ ойдасыз? – деп бiр дауыс тосын естiле қалды.

– Пәлi, мақсатсыз адам бола ма? Бiрақ қамшының сабындай қысқа тiршiлiкте қай мақсатты кезiнде орындап бiтерсiң. Абай айтқандай: "Мақсат алыс – өмiр шақ". Дегенмен өз басым әуел бастан бiр ғана түпкiлiктi мақсатқа – Абайдың ақындық өмiрiн зерттеуге арналған.

Түпкiлiктi мақсат әрине оңайшылықпен орындала қоймайды. Ол кезеңдiк сәтiмен орындалады. Мен қазiр 46 жастамын. Осы жастың тең жартысын Абай өмiрi мен ақындығын зерттеумен айналысып келемiн. Бiтiргенiмнен бiтiрмегенiм әлде қайда көп. Мысалы ағылшынның Байронын немесе немiстiң Гете ақындарын бүкiл дүние жүзi халықтары бiлгендей дәрежеге жеткiзу үшiн әлi мен сияқты Абайды зерттейтiн ондаған,тiптi жүздеген ғалымдар керек.

Таяу жылдардағы мақсатым – ұлы ақын туралы көлемдi романдар топтамасын жазу. Бұл орайда "Абай" деген атпен тұңғыш романым былтыр жарық көрдi. Қазiр екiншi кiтапты жазу үстiндемiн. Жасыратын не бар, осы экспедицияны басқара, ақынның 100 жылдығына дайындықты сөз ете жүрiп, ел арасынан Абай өмiрiнен әлi де тың деректер iздестiру ниетiндемiн – дедi Мұхаң.

Бұдан кейiн қабылдауда сөз сөйлеген экспедиция мүшелерi, ақын, "Темiржолшы" газетiнiң редакторы С.Бегалин, Алматыдағы қазақтың қыздар институтының оқытушысы, сыншы Е.Ысмайылов алда келе жатқан Абайдың 100 жылдық мерекесiне дайындалудың қажеттiлiгi мен ол тойдың мәнi мен мақсаттарын жиналғандарға талдап түсiндiрдi. Қойылған сұрақтарға жауап бердi.

Қабылдауды қорытындылаған аупарткомның екiншi хатшысы Ж.Қансейiтов сөзi қысқа болды:

– Тегiнде, сiздердiң әрқайсыларыңыз көп ретте әдейi шақыртса да келтiре алмайтын қонақтарсыздар. Бұл кiсiлiктерiңiздi Абайдай ақылгөй ақынымыздың арқасы деп түсiнемiз. Сөйтсе де, сiздерден бiз ұялыңқырап отырмыз. Себебi бұл қабылдау бұдан өзгешелеу, көлемдi деңгейде өтуi керек едi. Онсыз да қолын екi ете алмай жатқан еңбек адамдарын жинауға батылымыз бармады. Оның үстiне сiздерде бүгiн-ертең деп көлiк күтiп отырсыздар. Барымызбен базар дегендей сiздердiң келiп кеткендерiңiздi ең болмағанда аудан орталығындағы кейбiр басшылар бiлсiн деп осы бiр қораш қабылдауды ұйымдастырдық. "Жақсыдан – шапағат" деген, сiздердi көрiп, сөздерiңiздi тыңдап, бiр сәт рухани жағынан марқайып та қалғандай болдық. Ләйiм, келешегiмiз келiстi, жұмысымыз жемiстi болып кездесе берейiк, – деп сөзiн аяқтап, ол Әуезов отырған жаққа беттедi. Мұхаң орнынан тұрып, оның ұсынған қолын алып, екiншi қолымен оны құшақтап, арқасынан қақты. Қойшы, сонымен Қабдолла ақсақалдың Әуезов туралы әдемi әңгiмесi аяқталайын дедi. Бiз болсақ, оның тағы да айтыла түсуiн аңсап, ақсақал аузын бағып отырмыз. Тыныш отыра алмағанымыздың белгiсi болар:

– Ау, ақсақал! Әуезов әлi Аягөзден аттанған жоқ қой.

Ең болмағанда соңғы күнiнен, тiптi аттанған сәтiнен айтар ештеңеңiз жоқ па? – деп ақырғы дәмелi сұрағымызды қойып қалдық.

– Бағанадан бергi айтқандарым газеттен оқып, кейбiрiн көзбен көргендерiм. Ал ендi бiреуден естiген әңгiмеде не дәм бар дейсiң. Әйтеуiр сол кездесуден кейiн олардың Аягөзде тағы бiр күн аялдағанын, Мұхаңның қаламызда тұратын сол кездегi бiр топ көнекөз қарияларды жинанттырып әңгiмелескенiн, Аягөз басшылары ұялғандары ма, әлде сыйлағандары ма кiм бiлсiн, Мұхаңа туған жерiне аттанар алдына аупартком жеңiл машинасын көлденең тартып, сонымен ақын елiнiң бергi шетiндегi колхоз орталығына дейiн шығарып салған екен, – деп естiгенмiн.

– Кiмнен естiдiңiз?

– Кiмнен болсын, жоғарыдағы Ж.Қансеиiтов пен Т.Тәуiрбаевтан. Әуезовтiң Аягөзде аялдаған сол бiр үш күнде оның басы-қасында жиi болған осы кiсiлер жазушының немен шұғылданғанынан мол хабардар едi. Әттең, бұл екеуi сол бiлетiндерiн жария етпей, о дүниеге өздерiмен бiрге алып кеттi ғой. Көп уақытқа дейiн бұл оқиғаға мән бермедiм. Алайда кейiнгi жылдары Әуезов туралы жиi жазыла бастаған соң, жазушының сол үш күндiк Аягөздегi аялдамасы ойға оралып маза бермедi. Ең болмағанда оны осы Аягөздiң бүгiнгi ұрпағы бiлсiн деп өзiңе бұдан 10 жыл бұрын айтқан назым едi ғой. Ендi селкiлдеген, сексеннiң төртеуiне шыққан менен не шығады (бұл қария 90 жасында қайтыс болды), – деп ақсақал қалтылдаған екi қолын тiзелерiне қойып, тағы үнсiз ойға шомды. Әңгiме иесiне шын көңiлден рахмет айтып, пәтерiмiзге қарай бет алдық.

О, ғажап! Мына кездейсоқтықты қараңыз. Әуезов туралы ой орманының ортасынан шыға алмай келе жатқанымызда қарсы алдымыздан Мұхаңның сол сапарының қаладағы жансыз болса да жалғыз куәсiндей, бұрынғы қонақүйi кездесе қалғанын қайтесiздер.

Әуезов туралы тағы бiр әдебиеттен есте ұстағанымыздай, ұлы адам тiршiлiк дүниесiнде 23271 тәулiк өмiр сүрiптi. Бұл соның үш тәулiгiнiң куәгерi болғанын да бiлгеннен соң ба, әйтеуiр тiптi өзi түгiл оның сыртқы қорғаны да жүрекке жылы ұшырайтындай. Қорғанға сүйенiп үйге тесiле қарап тұрмыз. Салынғанына ең аз дегенде 70 жылдай уақыт өтсе де үй әлi еңселi, отыра қоймаған. Әлi сыны кетпеген бұл үйде кейiнгi жылдары ұқыпты қолдың да iзi қалғандай. Барлық сыртқы қабырғалары түрлi бояулар қосылған сылақпен әрленген.

Мұхаң туралы мұндай толассыз ой толқыны ендi бiздi Әуезовтiң шынайы шәкiрттерiнiң бiрi, қазақ әдебиетiндегi абайтану, мұхтартану саласында ұзақ жыл еңселi еңбектерiмен көзге түскен, Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, сыншы, профессор Қайым Мұхаметхановпен де (2004 жылы 89 жасында қайтыс болды) әңгiмелесудiң сәтiн түсiрдi.

– Мұхаң сол сапарында Аягөзде үш күн болды, – деген газет дерегi қолыңда болса, онда әңгiмемiздi тура содан бастайық, – деп Қ.Мұхаметханов ойын тура соған бұрды. – Алдымен айтарым: автор мақаласында мен сол экспедиция мүшесi болсам да менiң аты-жөнiмдi атамаған. Себебi ол кезде Семейде қызмет атқарғандықтан, экспедиция құрамына мен Абай ауданының Аягөз жерiмен шектесетiн "Жаңа арна" колхозында қосылдым. Одан әрi Мұхаңдармен бiрге болдым.

Мұхаңды Абай ауданының бiр топ басшылары қарсы алды. Жазушы Аягөзде үш күн аялдағанын, онда өзiнiң болашақ кiтаптарына өзек болар таптырмас бiрталай тарихи деректерге қаныққанын, мұнда аудан басшылары оң қабақпен қарсы алғанын, тiптi ол жерден берi қарай аттанғанда жүйрiк көлiк – автомобильмен жеткiзiп салғанын iлтипатпен еске алды.

Мұхаң сапарының нелiктен Аягөз жақтан бастағанын өзi былайша сабақтайтын. Абайдың жас кезiнде болыс болып "Жасымда албырт өстiм ойдан жырақ " –деп өкiнiште болатын Қоныр Көкше болысы – Құндызды Шет өңiрi төсекте басы, төскейде малы қосылатын арқалы Аягөз елiмен шектеседi. Сонау баяғы заманды әңгiме етпегеннiң өзiнде, мұнда Абай өмiр кешкен дәуiрдiң алды-артында талай суырыпсалма ақындар, жаужүрек батырлар дүниеден өткен. Басқасын айтпағанда, ХIХ ғасырдың Құнанбайымен келiскен де, керiскен де, әрi сұлтан, әрi батыр Барақ, жырау Ақтамбердi, Абайдың ақын ұстазы Дулат, жетi аталарынан ақындықтың өнерi үзiлмеген Найманның Сыбан табынан шыққан Түбек бастатқан 17 ақыны, кешегi Абай алдын көрген ақын Әрiп осы өңiрден ұшқан түлектер.

Әуезов Аягөзде үш күн болғанда осы елдiң осындай тұлғалы түлектерi туралы деректерiн, көне сөздiң көбесiн сөгетiн қарияларынан жинап алуға мүмкiндiк тауып үлгерген. Олармен әңгiмелескен. Мұхаңның бұл жақтан тапқан олжаларының ендi бiрi – Сергиополь ауылында тұратын Абайдың немересi, Ақылбайдың баласы Исраил мен кезiнде Абайдың досы, кейiннен қасынан айналып кеткен Жиреншенiң шөбересi Қақабай Жиреншиндер едi. Бұл екеуi Сергиопольдегi мұғалiмдер даярлайтын училищеде ұстаздық еткен. Соғыс кесiрiнен училище жабылған соң, бұлар басқа жаққа қоныс аударған.

Айтты-айтпады, бұл деректердiң бiрталайы Мұхаңның Абай туралы жазған кiтаптарының әр жерiнде келiстi, қисынды көрiнiс тапқаны сондықтан да болар, Мұхаң Аягөзден шығып, Құндызды Шет бойында болғанда Қос өзенi жағасында жерленген Ақтамбердi зиратын, әкелi-балалы ақындар Ақтайлақ-Сабырбай-Қуандық мекен еткен Сарыөзектей кең қонысты аралап көрiп, жазғандарын одан әрi тағы саралаған. Ұлы ақынның етiне қамшы тиетiн Көшбике бұлағынан Мұхаң су iшiп, ол жердiң көрiнiсiн қағаз бетiне түсiрдi. Сөйтiп ұлы Мұхаң Аягөз жерiнде, Абай елiнде дәл осындай мақсаткерлiкпен қыруар деректер түзiлiсiн тауып, олжалы қайтты.

Әңгiме соңында, Қайым Мұхаметхановтан: "Мұхаңдардың Аягөзде болғандығы туралы мақала жазған адамды бiлесiз бе?" – деп те баспалап сұраған едiк. Оған жауап өте қысқа болды.

– Менiң болжауым бойынша, бұл автор – М.Әуезовтiң тамаша досы, тiптi ағасындай болып кеткен Балтақай Толғанбаевтың туған iнiсi Әнуар Толғанбаев. Мұхаң елiне барған сайын алдымен осы кiсiнiң үйiне ат басып тiреп, ел-жұртты аралауды осы үйден бастайтын. Ал Балтақайдың үлкен әкесi – Әуезовтiң "Абай жолы" эпопеясы кейiпкерiнiң бiрi – әйгiлi Жұман қырт. Балтақай бiрнеше ағайынды болған. Мақаланың Аягөз туралы болғанына қарағанда авторы аягөздiк те болуы мүмкiн. Қазақта аттас фамилиялар көп қой, алайда менiң пайымдауымша, автор Балтақай Толғанбаевтың туған iнiсi сол Әнуар Толғанбаев болар деймiн. Егер ол Аягөзде iстесе, онда сол жақтан iздеу керек шығар, – деп жауап бердi.

– Ендеше ол Толғанбаев қой, – деп бiр әңгiме бастап кеттi. – Өздерiң бiлесiңдер, кезiнде қала сыртындағы ана Сергиополь ауылында колхоздардың тракторлары мен комбайндарын жөндейтiн машина-трактор станциясы (МТС) дейтiн кәсiпорын болған. Сонда МТС директорының саяси iстерi жөнiндегi орынбасары болып Толғанбаев дейтiн жiгiт iстедi. Ұмытпасам, бұл жiгiт сол – соғыс жылдарының бiрiнде Семей облысындағы Жарма аудандық әскери комиссары болып кеттi ғой деймiн.

Ендi осы зейнеткердiң айтқандарын қорытындылау мақсатымен облыстық мұрағаттың Аягөз филиалында сақталуда жатқан Сергиополь МТС-iнiң азын-аулақ құжаттарына үңiлдiк. Бақытымызға орай, осы кәсiпорынның 1942 жылғы жұмысшылары мен қызметкерлерi жеке құрамы туралы бұйрықтардың бiрiнде: "Толғанбаев – МТС директорының саяси iстер жөнiндегi орынбасары" деп жазылыпты. (Облыстық мұрағаттың Аягөз филиалы, қор 190, тiзбектеме-1,iс-9,бет-10). Аты-жөнi анық көрсетiлген басқадай дерек табылмаса да, мақала авторының иесi осы адам екендiгiне көзiмiз жеткендей болды.

Бұл мақала соңында мынадай бiр ұсынысты да алға тартуды жөн көрдiк. Ол – кезiнде ұлы жазушымыз Әуезов үш күн аялдап, жұмыс iстеген сол бұрынғы қонақ үйдiң қабырғасына осы туралы ескерткiш тақта қойса деген тiлек едi.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ, бұрынғы мұрағат қызметкерi