Жаңалықтар

«АЙНАЛАЙЫН ҚАЗАҒЫМ» ДЕГЕН ҚАНДАСТАР...

ашық дереккөзі

«АЙНАЛАЙЫН ҚАЗАҒЫМ» ДЕГЕН ҚАНДАСТАР...

Биыл Ел Тәуелсiздiгiне жиырма жыл толады. Алыс-жақын шетелдерден қандастарымыздың атамекенiне орала бастағанына да жиырма жыл толмақ. Бiрiн-бiрi бiр көруге зарыққан ел мен елдi байланыстырып, елшiлiк мiндет атқармаса да екi жақтағы ағайынның арасын жалғастыруға алтын көпiр болған азаматтарымыз сол бiр кеңестiк кер заманның өзiнде де аз болмаған. Сондай атпал азаматтарымыздың бiрi, бұл күнде Елордамыз Астанада Еуразия Ұлттық Университетiнiң Әкiмшiлiк-шаруашылық жүйесiн басқарып отырған проректоры Ораз Байқонысов мырза едi. Төменде назарларыңызға ардақты ағаның естелiк-эссесiнен үзiндi ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Өткен жыл 13-қараша күнi Мәдениет министрлiгi менi Астананың Конгресс Холда өтетiн Монғолияның он күндiк мәдениет шараларының қорытынды (гала) концертiне шақырды. Жастық шақты аңсау ма, әлде сағыныш па, бойымды ерекше бiр сезiм билеп, осыдан отыз жыл бұрынғы жастықтың жасыл күндерi есiме түсiп, менi ерiксiз Конгресс Холға сүйредi, концертке асықтым.

Бәрi көз алдымда, осыдан 30 жыл бұрын Совет маманы ретiнде Ауылшаруашылық министрлiгi 2 жылға Монғол Халық Республикасының "Баяндэлгэр" қожалығына жұмысқа жiберген. Бала-шағамызбен Москва арқылы пойызбен бiр купеде 5 күн жүрiп барғанбыз. Жандары қалмай Ұланбатырдан күтiп алды. Ары қарай жеңiл машинамен үш сағаттай жер жүрдiк. Жазық дала, тау дегендер бiздердегiдей биiк емес, бiрақ табиғаты өзiнше керемет!

Әрине онда Совет мамандарына жұмыс iстеу оңай болған жоқ. Сонда да жүктелген сенiмдi ойдағыдай атқардық. Менiң айтайын дегенiм, мүлде жұмыс туралы емес, бойымды билеген басқа сағыныш едi. Ол Монғол халқының әнi мен биiне деген ынтызарлық. Өзiм өнерге жақын болғандықтан монғолдың мәдениет орталығымен тез араласып кеттiм. Төрт жасар Назгүлiмдi қазақша киiндiрiп, қасыма ертiп жүрiп үлкен концерттерге қатыстым. Ұланбатырды, басқа да аймақтарды араладық. Назгүл алғаш қазақтың "Қамажай" биiн билеп, артынан монғолдың "Эждээ" деген әнiн монғол тiлiнде айтқанда халық зор қошеметпен қарсы алатын. Сахнадан жiбермей қоятын. Сөйтiп жүрiп екi жылдың қалай өткенi де бiлiнбей қалды.

Сондықтан да концертке асықтым. Жиналған халық мәдениет сарайына сыймай, денi сыртта жүр. Көрермендердiң көбi Монғолиядан келген қазақтар-ау. Менiң қасымда отырғандар Қарағандыдан, Көкшетаудан, Жезқазғаннан келiптi Соларды да осында ән мен бидiң, өнер құдiретi жетектеп келiп отыр ғой. Ал ендi осыларды қазақтың концертiне жинай алмайсың. Себебi бiздiң концерттер бiрыңғай, бiрiне-бiрi ұқсас болып кеттi. Нағыз қазақтың жанына жақын әндердi орындайтындар азайып кеткен сияқты. Концерттен толқып шықтым, есiме сол баяғы Баяндэлгэр қайта-қайта орала бердi. Ендiгi толғандырған сағыныш – сол жылдары сонда танысып, аға-бауыр болып кеткен Зейнолла, Сәтей ағалар бастаған қазақ туыстарым. Жұмыс ауыр, монғолша бiлмеймiз, олар өз тiлiнен басқа тiлде сөйлемейдi. Сонда Сақай деген қазақ бас зоотехник ағамыз болды. Қазақстанда кандидаттық дисертация қорғаған. Орыс, монғол, қазақшаға судай. Жиналыстарда аудармашы болып отыратын.

Бiр күнi Зейнолла атамыз бiздi жанұямызбен ерулiкке шақырды. Әлi есiмде Назгүл қызымның томпаңдап алдымызға түсiп алып шапқылап, қуанғаны. Бiздi сол ауылдағы барлық қазақ сыйғанынша қазақтың киiз үйiнде күтiп отыр екен. Ине шаншар жер жоқ. Төрде Зейнолла ата қасынан орын берiп, отырғызды. Үй толы жангар басқа бiр планетаның адамын көргендей телмiредi. Сондағы жәудiреген, бiр керемет мөлдiр көздер, жас балалардың түрлерi әлi көз алдымда. Қандай керемет сүйiспеншiлiк десеңшi?! Ол жәудiреген көздер отанын сағынған, Қазақстанды бiр көруге армандаған сезiмдер екенiн айтпай-ақ сездiрдi маған. Сол әсерлi сәттi егер мен жазушы, не ақын болсам майын тамызып жеткiзер едiм. Амал қанша… Ортаға үлкен қазандай табақпен ет келдi. Қазы-қарта, жал-жая, сүбе, жiлiк-жiлiгiмен иiсi бұрқырап. Әрқайсымызға (үлкен ер кiсiлерге) бiр-бiр пышақ берiп, "ал Ораз бауырым, бiзде осылай әркiм қалағанын кесiп жейдi", – дедi Зейнолла ата жөн сұрасып танысып болған соң.

Анда-санда әркiм балаларға турап берiп қояды, мен Ғалия мен Назгүлiме кесiп берiп отырып, әңгiмеге кiрiсiп кеттiк. Басқа әңгiме емес, тек Қазақстан туралы сұрай бередi барлығы. Арасында "шiркiн, сол Қазақстанды бiр көрiп өлсек арманымыз болмас едi" деп терең күрсiнгендерi де болды. Бiз тап бiр Қазақстан атты ұжымақтан келгендеймiз. Бiрде мен, бiрде Ғалия екеумiз алма кезек жауап берiп, арасында өздерiнiң де жағдайларын сұрап қоямыз. Ұйықтап қалатын балаларға дейiн бiздi ұйып тыңдап отыр. Сол күнi түнгi сағат 2-ден асқанша отырыппыз. Осыдан бастап, Әмина апайымыздың "Қытайда воровей едiк, Қазақстанға келiп соловей болып кеттiк" дегенiндей, "Бiз келген мейман, кiнә жоқ қойған, ағайын, арғы жағын өзiң ойлан", – деп шырқаған күндер жалғасты… Ғалия орта мектепте монғолдарға орыс тiлiнен дәрiс бердi. Соларға орысша үйретемiн деп жүрiп, өзi монғолша сөйлеп кеттi. Iнiмдей болып кеткен Бүркiтбай деген бауырым сол мектепте завуч едi. "Бiр күнi Ғалекең қалай сабақ берiп жатыр екен деп есiгiнiң қасына келсем монғолша соғып жатыр екен", – деп күлетiн. Бүркiтбай мен Дәрiгүл көршi тұрды. Бiр үйдiң баласындай тату-тәттi араластық. Баяндэлгэрде 40 үй қазақ бар едi. Бiзсiз тойларын өткiзбейтiн. Керемет сыйластық болды. Қаншама келiн түсiрдiк, шiлдехана тойладық. Ғалия талай сәбилерге кiндiк шеше болды. Бүркiтбай мен Дәрiгүлдiң ұлдарына Жасұлан деп есiмiн бiзге қойдырды.

Бiр қуантатын жағдай, сол жердегi қазақтардың балаларының көбi шет елдерде оқиды екен. Алматы, Москва, Ленинград, Новосибирск, тағы басқа қалаларда бiлiм алды. Сол бiр қысқы каникулда Зейнолла атаның қызы Айнагүл келдi Ленинградтан. Ертесiне ауылдан сыртта малшылар тойға шақырыпты, балалары үйленiп. Күн суық, қыс айы. Малшылар отыз шақырымдай жерде тұратын. Соған бiздi де шақырыпты. Ол кезде автобус деген жоқ. Жанарбекке жаңа МТЗ-50 тракторын алып бергенмiн фермаға. Сол трактордың прицепiне толтырып шөп төсеп, үстiне киiз көрпе төсеп бiздiң үйге келiптi бәрi тойға барайық деп, iшiнде Айнагүл отыр. Айнагүлден ұялғанымнан мен де отырдым прицепке, тонымды киiп алып. Қысылысып отырып, әндетiп, аязды да сезгенiмiз жоқ, жақсылап тойлап қайтқанбыз. Осыны айтып отырғаным, сол қазақтардың ұйымшылдығы, бiр-бiрiне деген қамқорлығы және шет елде оқып жүрген жастардың көкiректерiн көтерiп өзгермей ата-аналарын сыйлағандарына талай куә болдым. Ал бiзде кейде бiр ауылда тұрып бiреудiң қуанышын бөлуге уақыт таппайтындар бар ғой.

Зейнолла ата өзi ақын, жоғарғы лауазымдарда қызмет еткен, өзi серi едi. Ол кiсi бүркiт ұстайтын.

Бiр күнi Файзолла ата үшеумiз үш атқа мiнiп ерте тұрып, түлкi аулауға шықтық. Сонда Зейнолла ата түлкiлердiң қайда тығылатынын бiледi екен. "Ораз анау тастың түбiнде түлкi бар", – дейдi. Барсаң шыныменен түлкi жатады. Түлкiнiң қулығы сондай, көзiне-көзiң түспесе жата бередi екен. Қашқанда бүркiт жақындағанда жартасқа тығылады. Бүркiт қайта жоғары көтерiлгенше тағы да iзiн суытып басқа жаққа қашып кетедi. Түлкiнi тек жазықта болмаса ұстау қиын екен. Кешке дейiн түлкi қуып, ертесiне жүре алмай қалған күндер болған. Ал ана екi ата болса түк болмағандай ертесiне тағы кететiн. Қайран қазақтың бұрынғы қарттары-ай! Бiз ондай бола алмаймыз, майдаланып барамыз, ошақ басынан шыға алмай.

Мақтаса мақтауға тұратын жандар Сәтей мен Бұлғын едi. Сәтей аға бiр көргеннен "Қарғам, сендер туралы ағалардан естiдiм, бiзге туыс болып кетiпсiңдер, бақытты болыңдар", – деген едi. Содан бiз жұмыс бабымен Ұланбатырға барғанда сол үйге соқпай кетпейтiнмiн. Сәтей аға үлкен құс фермасының директоры, Баянөлгейдегi бiр сомонды басқарып, Ұлы хуралға депутат болып, орталыққа ауысқан кезi екен. Бұлғын жеңгей – дәрiгер. Ауылдың сол жеңгейге деген құрметi ерекше болды. Кiшiлердiң iзетi өзiнше ғой, ал үлкен қайын аталары мен абысын-ажын, жеңгелерiнiң сыйы бала кезiмдегi ауылдағы сыйластықтарды есiме түсiрдi. Нағыз қаймағы бұзылмаған қазақтарға деген ынтығым арта түстi. Ауылымды сағындым, бал-балалық дәуренiмдi сағындым… Қалалық болып бара жатқан "мәдениетiме" өкiнiшпен қарадым.

Зымырап 2 жыл да өттi. Еңбегiмдi бағалап, "Ауыл шаруашылығының озат маманы" медалiн және Қазақстанға жақсы еңбегi үшiн "Жигули" жеңiл көлiгiн берудi өтiнген министрдiң атына хат тапсырды…Бiздi шығарып салу үшiн ауылдың сыртындағы "Достық" ескерткiшiнiң жанына қазақтар бала-шаға, кемпiр-шалымен, монғолдар, Совет мамандары да түгелдей жиналды. Дастарқанды Зейнолла ата өзiнiң бiзге арнаған өлеңiмен ашты:

"Дәм қосып мұнда келдiң алыс жерден,

Жеткiздiң жақсы хабар туған елден", – деп басталатын өлең жолдарын төгiлтiп едi. Бiр-бiрiмiздi қимай ұзақ қоштастық… Содан арада он жыл өттi. "Адам аман жүрсе алтын аяқтан су iшедi" деген рас-ау. Алаштың күнi туды. Ойда түсте жоқ жерден телеграмма келiптi. "Атамекенге келдiк. Бүркiтбай". Бар-жоғы – осы. Адрес, мекен-жайдан жұрдай. Мөрге қарасам "Талдықорған, Қарабұлақ" деп тұр екен. Тiзгiн ұшымен Ғалия екеумiз келсек, олар Абай ауылына орналасқан деседi. Ағайын-туыстардың бiразы шоғыр отыр екен Бiздi көргенде аспаннан Қайса, жерден Мәдi шыққандай қуанғандарында шек болсайшы! Құшақтасып, қуандық. Бәрiнiң көзiнде жас. Бiз кеткендегi жас балалар жiгiт болған, ата-апалар сол қалпы, кимешектерiн тастамаған. Тек Файзолла мен Зейнолла ата екеуi кемпiрлерiн, немерелерiн алып жайлауға тауға кетiптi. Жайлауға тарттық… Таудың шыңында, қырдың басына екi қазақ үй тiгiптi. Үйден апам (Бүркiтбайдың шешесi) шықты жүгiрiп, "қарақтарым-ау, барсыңдар ма" деп құшағын жая ұмтылды.Қуанғанымнан жылап жiбердiм. Құшақтаса кеттiк. Не деген ыстық құшақ!!! Ондай құшақты өз анамнан да көргенiм жоқ. Апамның жүрегiнiң дүрсiлi соққанда сыртқа шығып кеткендей көрiндi. Апам екеумiз ұзақ тұрдық құшақтасып….

Зейнолла ата келдi, апа келдi, артынша жүгiрiп балалар шықты. Бәрiмiз құшақтасып бiр-бiрiмiзге қайта-қайта қараймыз. Апам қалбалақтап өзiне бiр орын таба алмай жүр, ары-берi жүгiрiп. Файзолла ата төсек тартып ауырып жатыр екен, қасына барып амандастық. Сағыныштан көзiне жас алып, бiзге керемет бата бердi. Ондай батаны Ғалия екеумiз бұрын да, кейiн де естiмеппiз. Әттеген-ай, жыр-думан сағынышымызды баса алмай жүрiп сол батаны жазып алмағанымызға әлi күнге дейiн өкiнемiз. Атаның халiн сұрағанда: "Қазағымның бiр уыс топырағын, бiр тал шөбiн, бiр тамшы суын аңсап жүргенде ендi мiне, Алтай асып, Жетiсуға келдiм, бүгiн өлсем де арманым жоқ" – деп бiздi жұбатты.

Мiне, сол ағайындардың Атамекенге, Қазақстанға келгенiне де жиырма жылдың жүзi болыпты. Қазiр елге де, жерге де сiңiсiп, әркiм өз қал-қадiрiнше тiршiлiктерiн жасап, тәуелсiздiгiмiздiң тұғырын бекемдеуге өз үлестерiн қосып жатыр. Алғаш келгенде әртүрлi жағдайларды бастарынан кештi. Оңай болмағаны да рас. Қиыншылықтар артта қалды. Әрқайсысы үйлi-жайлы болды. Үлкен ата-апалар келместiң кемесiне мiнiп, бақилық болып кеттi. Барлығына бiр уыс топырағымызды салдық. Ол қариялардың әрқайсысының жөнi бөлек едi. Есiме түседi. Ел "Қазақстанымызға, елiмiзге барамыз" десiп жатқанда бiреуi айтыпты, "осы бiз қайда барамыз, ешкiмдi танымаймыз" деп, сонда Зейнолла ата: "Ораз бен Ғалияға барамыз", – дептi. Айналайын, аташым, менi Қазақстанның Президентiндей көрдiңiз-ау!

Сағыныш болған сол кездердiң құдiретi шығар осының бәрiн жаздырып отырған. Алда тек тойда ғана, қуанышты сәттерде ғана кездесуге жазсын, Алла! Кейiнгi ұрпақтарды сол ата-бабаларының әруағы қолдап жебеп жүрсiн!

Ораз БАЙҚОНЫСОВ, Еуразия Ұлттық

университетiнiң проректоры