Жаңалықтар

МҰНАЙ ЭКСПОРТЫ 50 млн. ТОННАҒА ЖЕТЕДI

ашық дереккөзі

МҰНАЙ ЭКСПОРТЫ 50 млн. ТОННАҒА ЖЕТЕДI

Астанада Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң қатысуымен Мұнай және газ министрлiгiнiң алқа мәжiлiсi өттi. Онда 2010 жылдың қорытындысы мен биылғы жылға жүктелген жаңа мiндеттер сарапқа салынды.

Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов министрлiк пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына Қазақстан қатысып отырған iрi мұнай жобалары бойынша мемлекеттiк мүдденi барынша қорғауды тапсырды. Келтiрiлген мәлiметтер бойынша, 2010 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 13 жарым миллион тоннадан астам шикi мұнай өңдеген. Бұл көрсеткiш 2009 жылға қарағанда 12,8 пайызға артық. Алқа мәжiлiсiнде елдегi мұнай зауыттарының "Еуро-5" стандарттарына көшу мерзiмiн 2015 жылға дейiн ұзарту қажеттiлiгi және мұнай-газ саласында экологияны қорғау мәселесiнiң де назардан тыс қалмайтындығы айтылды.

Осы тұрғыда пiкiрiн сабақтаған Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев: "Мексика шығанағында болған оқиға мен атқарылған жұмыс нәтижелерi бұл мәселе бойынша бөлек заң қабылдаудың қажет екенiн көрсеттi", – дедi. Сондай-ақ Мұнай және газ министрлiгiнiң алқа мәжiлiсiнде "ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелдi Қабылдин Каспий құбыры консорциумының экспорттық әлеуетiнiң артатындығын тiлге тиек еттi. "2010 жылдың соңында Каспий құбыр желiсi консорциумының құбыр жүйесiн кеңейту бойынша соңғы шешiмге қол қойылды. 2014 жылы аталған құбыр бойынша экспорт көлемi 50 млн. тоннаға дейiн жетедi. Қазiргi кезде бұл көрсеткiш 26 млн. тоннаны құрап отыр", – деп атап өттi.

Айта кету керек, өткен жылы елiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың 40,2 пайызы аталған құбыр бойымен тасымалданған едi. Жалпы алғанда, 2010 жылы экспортталған мұнайдың үлесi 71,2 млн. тоннаны құраған. Ал қазiр әлемнiң барлық нарығында мұнай бағасы айтарлықтай қымбаттап жатыр. Мәселен АҚШ-та "Брент" маркалы қара алтынның бiр бөшкесi 100 долларға сатылған. Бұл – 2008 жылдан бергi ең жоғары көрсеткiш. Биржадағы ахуалға әсер еткен факторлардың бiрi – Мысырдағы жаппай ереуiл. Себебi энергетикалық шикiзаттың көбi Суэц каналы арқылы жеткiзiледi. Сондықтан сарапшылар мұнай тасымалы Мысыр арқылы өтетiндiктен қауiптенiп отыр.

Жәнiбек ӘШIМ