Жаңалықтар

ХОСНИ МYБАРАК ТАҚТАН ТАЯ МА?

ашық дереккөзі

ХОСНИ МYБАРАК ТАҚТАН ТАЯ МА?

2 ақпанда мәлiмдеме жасаған Египет Араб республикасының президентi Хосни Мүбарак өзiнiң президенттiк өкiлеттiгi аяқталмайынша, билiктен кетпейтiндiгiн мәлiмдедi. Ал Египет астанасы Каир көшелерiнде ереуiлге шыққан ондаған мың шерушiлер Хосни Мүбарак отставкаға кетпейiнше, ереуiлдетудi тоқтатпайтындығын айтады. Тiптi ереуiл Египеттiң өзге қалаларында да өрiс ала бастаған. "Әл-Жазира" телеарнасының мәлiмдеуiнше, Александрия қаласында Хосни Мүбарактың 2 ақпандағы мәлiмдемесiнен кейiн қарсылық акциясы өткiзiлген.

Египеттегi ереуiл 25 қаңтарда басталған болатын. Естерiңiзде болса, бұған дейiн елдi 23 жыл басқарған Тунис президентi елдегi тәртiпсiздiктiң салдарынан қашып кетуге мәжбүр болған едi. 82 жастағы Египет президентi Хосни Мүбарак елдi 1980 жылдан берi басқарып келедi. Оның президенттiк өкiлеттiгi биыл қыркүйек айында аяқталуы тиiс. Ақпарат көздерi Хосни Мүбарактың алдағы сайлауда өз кандидатурасын ұсынуға құлықты екендiгiн айтады. Бiрақ 82 жастағы президенттiң денсаулығы мүшкiл көрiнедi. Ол бұған дейiн бiрнеше операция жасатқан, қазiргi ақпараттарға қарағанда асқазан рагiне шалдыққан. Бiрақ соған қарамастан, Хосни Мүбарак тағы 5 жылға президент болудан дәмелi. Сол себептi де, ол ереуiлшiлер талабын орындаудан бас тартып, Үкiметтi отставкаға жiберiп, жаңа Министрлер кабинетiн жасақтаумен тынған едi.

Бiрақ ереуiлдеушiлердi Хосни Мүбарактың бұл қадамы қанағаттандырып отырған жоқ. Олар кеше, ақпанның 2-сiнде тағы да ереуiлдетiп, Каир көшелерiне миллиондаған тұрғынды алып шықты. Жаңа жасақталған Министрлер кабинетiнiң ереуiлдеушiлермен келiссөз жүргiзбек болған ниетiнен ештеңе өнбедi. Қазiргi қолда бар ақпараттарға сенсек, бұл қақтығыстар салдарынан 150 адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам жарақаттанған. Полиция бейбiт шеруге қарсы оқ атпағанымен, көзден жас ағызатын газды пайдаланған.

Мысыр тұрғындарының бүгiнгi билiктi орнынан тайдыруға әрекеттенуiнiң басты себебi – әлеуметтiк мәселелердiң тым-тым асқынып кеткендiгiнен делiнедi. Бiрiншiден, Египет халқының басым көпшiлiгi кедей, негiзгi күнкөрiс көзiн – туризм мен Жерорта теңiзiндегi Суэц каналы арқылы айырып отырған мысырлықтар астықтың басым көпшiлiгiн Ресейден сатып алады. Былтырғы ауа-райының қолайсыздығы салдарынан Ресейдiң өзгеге экспортқа шығармақ түгiлi, өзiн қамтамасыз ететiн астығы болмағаны белгiлi. Бұл Египет экономикасына әжептәуiр қырсығын тигiздi. Каир қаласы маңындағы ас-Саламда қарсылық акциясын ұйымдастырушылар "Нан және бостандық!" деген ұранмен көшеге шыққандығының себебi осы болса керек.

Бұл ереуiлдi ұйымдастырушы – Египет билiгiне оппозициядағы күштер. Олар өзара көзқарас қайшылығына қарамастан, елдегi отыз жылдық режимдi орнынан тайдыру үшiн бас бiрiктiрiп отыр. Олардың басында бұрын МАГАТЭ құрылымының бастығы болған әл-Барадей тұр. Олар 1 ақпанда Ұлттық комитеттiң құрылғаны жайында мәлiмдеген. Бұл комитетке елдегi жетекшi оппозициялық партия "Вафд", демократиялық фронт "Мұсылман бауырлар", демократиялық қозғалыс "Кифайя" енген.

Сарапшылар Египеттегi саяси үрдiстiң Тунис сценариiн қайталау мүмкiндiгiн алға тартуда. Хосни Мүбарактың 2 ақпандағы мәлiмдемесiнде келесi сайлауға барудан бас тартқандығы айтылғанына қарамастан, оның тақтан таюын талап етiп отыр. "Мен келесi сайлауда кандидатурамды ұсынуды жоспарлап отырған жоқпын. Президенттiк өкiлеттiгiмдi соңына дейiн атқарып, елдегi билiктiң бейбiт түрде ауысуын қамтамасыз етудi мойныма аламын" – деген ол. Оппозиция Хосни Мүбарактың "билiктiң бейбiт түрде ауысуын қамтамасыз етемiн" дегенiнен үркедi. Өйткенi сценарий бойынша Египеттiң келесi президентi не Хосни Мүбарактың 46 жастағы ұлы Жамал Мүбарак, не қазiргi премьер-министр тiзгiнiн ұстаған, бұған дейiн Египет барлау қызметiнiң жетекшiсi қызметiн атқарған 74 жастағы Омар Сүлеймен болады деген болжам бар. Египет оппозициясы билiктiң мұрагерлiкпен қалдырылғанын қаламайды.

Есенгүл Кәпқызы