Жаңалықтар

КҮМIС ТАҚИЯМЫЗҒА ТАР КЕЛМЕЙДI...

ашық дереккөзі

КҮМIС ТАҚИЯМЫЗҒА ТАР КЕЛМЕЙДI...

Елiмiздiң төрiнде жалауын желбiреткен Азиада ойындары қазақстандықтар үшiн сүйiншiге толы болды. Қазақстандық спортшы, Азияның екi дүркiн чемпионы, Ванкуверде өткен 2010 жылғы Олимпиаданың күмiс жүлдегерi Елена Хрусталева 7,5 шақырымдық спринт (қысқа қашықтыққа жүгiрушiлер жарысы) сайысында күмiс медальға қол жеткiздi.

Құрлықтық доданың спринттiк жарыс бойынша алтынын қытайлық Ван Чунь Ли 25 минут, 12,1 секундтық көрсеткiшпен қанжығасына байлады. Ал отандасымыз Елена Хрусталеваның жеңiс тұғырына бiрiншi болып жетуiне санаулы секундтар жетпей қалды. Уақыттың адамды өзiне ерiксiз бағындыруын мойындамасқа амал жоқ. Және тағы бiр отандасымыз Марина Лебедева екiншi атыс шеңберiнде нысанадан мүлт кетiп, үшiншi орыннан бой көрсеттi. Ол қытайлық қарсыласымыздан артта қалып қойды.

Ел үмiтiн арқалаған Еленаның алтынды қолдан жiберiп алуы бiраз жанкүйердiң жалынын сөндiргендей болды. Шындығында, қазақстандықтар бiрнеше алтынды қатарынан Еленаның алатынына күмән келтiрмеген болатын. Алайда спортшымыздың жеңiс жолын жаңылмай табуына не кедергi болды? Елена марапаттау салтанатынан кейiнгi сөзiнде: "Егер сiздер байқасаңыздар, тау биiктiгi барлық қыздардың жүгiруiне бiршама қиындық туғызды. Ал Ван Чунь Лидiң мәрелiк нөмiрi өте ыңғайлы болды. Онымен қоса ол негiзгi қарсыластарының уақытын бiлдi. Менiң мәреге бiрiншi болып жетуiме аз ғана күш жетпей қалды", – дедi. Сонда жеңiстiң салтанат құруына мәрелiк нөмiрдiң маңыздылығының жоғары болғаны ғой?! "Бақ шаба ма, бап шаба ма?". Бiздiң Еленаның бабы орнында болатын. Оған спортшымыздың: "Мен ештеңеге арызданбаймын. Жақында Талғар шаңғы-биатлон стадионында Қазақстан чемпионаты өттi. Бұл чемпионатқа Еуропадан келiп, қатысқан болатынмын. Ату нысандарын көрiп, бапкерiммен бiрге соңғы аптаның дайындығын пысықтадық", – деген сөзi дәлел бола алса керек. Алайда спорт айдынында бабың мен бiрге бағың белсендiлiк танытпаса болмайды екен. Алтынды аңсағанымызбен, күмiс тақиямызға тар келмейдi.

Өз көрсеткiшiне Елена да дән риза. "Бәлкiм кейбiреулер менi шаңғыда жоғары жылдамдық көрсете алмағаным үшiн сөгетiн болар. Бiрақ мен қол жеткiзген нәтижеме ризамын. Әрбiр медальға қуанамын. Менi шаң қаптырып кеткен қарсыласыма құрметпен қараймын", – деп ағынан жарылды. Әрине әрбiр жеңiстiң кепiлi қыруар еңбек пен темiрдей төзiм екенi даусыз. Осы тұрғыда спорт әлемiнде рухы биiк саңлақтарымыздың айы оңынан туатынын назарда ұстағанымыз жөн.

Жеңiске жеткiзетiн – ел рухы. Демек әрбiр медаль – ел қуанышы. Қарсыласының шынайы жеңiсiн бағалау да спортшы үшiн үлкен сын. Қытай қызының жылдамдығын бiз де, Елена да мойындадық. Бiрақ "Алдын ала уайымдаудың еш ретi жоқ" деп, қазақстандықтардың сенiмiне сенiм қосқан спортшымызды қалаған межеден көре алмадық. Спортшының өзi уайымсыз болғанда, ел несiне алаңдасын? Дүйiм жұрт оның мүлт кетуiн күтпеген оқиға ретiнде қабылдады.

Сондай-ақ қола жүлдегерiмiз М.Лебедева арақашықтық бойынша күшiн орынды жұмсай алмады. "Аяғыма қорғасын құйып қойғандай күйде болдым. Қалыпты деңгейiмдi сақтай алмадым. Қателiктiң көпшiлiгi өзiмнен болды", – деп Лебедева ағаттығын айтып, ағынан жарылды.

Қателiктiң үлкенiн де, кiшiсiн де спорт заңдылығы ақтай алмайды. Шамасы келсе спортшыларымыз қолын мезгiлiнде сермеп қалғаны дұрыс емес пе?! Азиада сынды жауапты жарыстың елiмiзде өтiп жатқанының өзi аз салмақ емес. Спорт додасы саңлақтарының ел алдындағы жауапкершiлiгi де екi есеге арта түстi. Ендiгi кезекте Хрусталеваның алтын алатынына үмiттенемiз.

Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ