Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ ҚАШАН ӨТЕДI?

ашық дереккөзі

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ ҚАШАН ӨТЕДI?

2 ақпанда Қос палатаның отырысын өткiзген Қазақстан Парламентi Президенттiң кезектен тыс сайлау өткiзу туралы ұсынысын бiрауыздан мақұлдады.

31 қаңтарда бүкiлхалықтық Үндеу жасаған Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев бүкiлхалықтық референдумды қолдамайтындығын және президенттiк өкiлеттiгiнiң 2 жылға қысқаратындығына қарамастан, мерзiмiнен бұрын президенттiк сайлау өткiзудi ұсынатындығын мәлiмдедi.

Дәл сол күнi Конституциялық Кеңес Парламент депутаттары енгiзген конституциялық өзгерiстер мен толықтыруларды ҚР Конституциясына қайшы деп тапқан едi. Егер естерiңiзде болса, былтыр жылдың соңына қарай Семей университетiнiң ректоры Ерлан Сыдықов бастаған бастамашыл топ Өскеменде Елбасының өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту үшiн бүкiлхалықтық референдум өткiзудi ұсынған болатын. Ал 27 желтоқсанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтың ұсынысын қабыл алған болатын. Биыл 7 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев референдумды қолдамайтындығын айтып, аталған бастамаға вето қойған едi. Алайда өздерiнiң конституциялық өкiлеттiгiн пайдаланған Парламенттiң қос палатасының депутаттары Парламент палаталарының бiрлескен отырысында ҚР Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп, Президенттiң өкiлеттiгiн референдум арқылы 2020 жылға дейiн ұзартып, Президент лауазымымен қоса "Елбасы" атауын енгiзген едi. Елбасы бұл өзгерiстер мен толықтырулардың Конституцияға қаншалықты сай екендiгiн анықтау үшiн Конституциялық кеңеске жүгiнген едi.

МЕРЗIМIНЕН БҰРЫН САЙЛАУ ӨТЕДI…

Ең әуелi Президент өкiлеттiгiн референдум арқылы өткiзуге халықаралық қауымдастық ыңғай бiлдiрмедi. Олар референдум өткiзу арқылы Қазақстан осы уақытқа дейiн қол жеткiзген демократиялық бағытынан керi шегiнедi деп мәлiмдей отырып, Қазақстанға әдiл сайлау өткiзуге кеңес бердi.

Қаңтардың 14-iнде ФРГ Үкiметiнiң ресми өкiлi Штеффен Зайберт: «Қазақстан былтыр ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметiн өте жоғары деңгейде аяқтады. Сондай-ақ Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде демократия принциптерiн қадағалау және iзгi басқару сияқты құндылықтар бекiтiлген болатын. Ал референдум арқылы Президент өкiлеттiгiн сайлаусыз 10 жылға созу – осы принциптерге қайшы» деген едi.

Халық көкейiнде тұрған ендi бiр сауал – Президент сайлауын мерзiмiнен бұрын өткiзуге не түрткi болды? Әрi Америка алғашқылардың бiрi болып бұл қадамды құптауы нелiктен?

Бiрiншiден, 2012 жылы Президент сайлауымен бiрге Парламент сайлауы өткiзiлуi тиiс болатын. Бұған дейiнгi әңгiмелерде Парламенттiң мерзiмiнен бұрын таратылу мүмкiндiгi жайында айтылып келген едi. Өйткенi Конституция бойынша, Парламент сайлауы мен Президент сайлауын бiрге өткiзуге болмайды. Президент сайлауын мерзiмiнен бұрын өткiзудiң бiрiншi себебi – осы.

ЕРТIСБАЕВ САЙЛАУ ӨТЕТIН МЕРЗIМДI ДЕ АТАП ҮЛГЕРДI!

Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуi жергiлiктi телеарналар мен радиолардан тiкелей эфир арқылы жария етiсiмен, оның саясат жөнiндегi кеңесшiсi Ермұхамет Ертiсбаев сайлаудың уақыты жайында мәлiмдеме де жасап үлгердi. Оның айтуынша, сәуiрдiң соңы немесе мамырдың басында мерзiмiнен бұрынғы президент сайлауы өтетiн болады. Дәл осы мәлiметтi Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Рахмет Мұқашев Президенттiң 1 ақпанда Парламентке Мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзу туралы заң жобасын ұсынғанын айта отырып: "Заңнамаға сүйенсек, кезектен тыс президент сайлауы Президент шешiмiмен тағайындалады және тағайындалған күннен екi айдан соң өткiзiледi. Кезектен тыс сайлау да кезектi сайлау секiлдi сайлау iс-шараларын өткiзудi Орталық сайлау комиссиясы айқындайды", – дейдi. Ал сайлау мерзiмiн Нұрсұлтан Назарбаев өзi айқындайтын болады.

НАЗАРБАЕВҚА БӘСЕКЕЛЕС БАР МА?!

Президент әкiмшiлiгi де, Қазақстан қауымдастығы да, басқа да шетелдiк сарапшылар да дәл бүгiнгi саяси ахуалды сараптай келе, Назарбаевқа бәсекелес бола алатындай саясаткердi атай алмай отыр. Президент сайлауы жайлы әңгiме басталмай жатып-ақ, президенттiктен үмiткер екендiгiн тiркелмеген "Алға" партиясының жетекшiсi Владимир Козлов, "Алға, Қазақстан" қоғамдық ұйымының жетекшiсi Жасарал Қуанышәлi, оппозициялық "Азат" партиясы бiртұтас үмiткер ұсынатындықтарын айтқан. Әзiрге президенттiк сайлауға қатысуға үмiткерлердiң санын осымен шектей тұрамыз. Олардың саны қанша болатынын және қай партиядан түсетiнiн уақыт көрсетедi.

P.S. Сөйтiп Қазақстанда сайлау марафоны қайта жанданды. Бiрақ бұл саяси өмiрiмiзге айтарлықтай өзгерiс әкеле қоймауы мүмкiн. Алайда сайлау әлегiмен бiрталай саяси күштер iнiнен шығуға әрекеттенiп, өздерiнiң бар екендiктерiн танытып қоюы мүмкiн.

Есенгүл Кәпқызы