Жаңалықтар

МҰХТАР ӘУЕЗОВТIҢ 50 ТОМДЫҒЫ

ашық дереккөзі

МҰХТАР ӘУЕЗОВТIҢ 50 ТОМДЫҒЫ

Таяуда "Жiбек жолы" баспасынан М.Әуезовтiң елу томдық шығармалар жинағының 43-44-45-46-томдары жарық көрдi. Бұл томдарда қаламгердiң әр жылдары жазған мақалалары, зерттеу еңбектерi мен көркем шығармалары жарияланған. 43-томда Абайтануға байланысты баяндамалар мен лекциялар, абайтану жайлы еңбектерге жазылған пiкiрлерi, "Абай жолы" эпопеясының жазылу тарихы мен түрлi жиындарда жасаған баяндамалары, пiкiрлерi мен сөздерi енген.

44-томға Абай өмiрбаянының бiрнеше нұсқасы мен орысша аудармасы, Абай шығармашылығына байланысты жинаған материалдары мен ақын өлеңдерiнiң текстология жайлы зерттеулерi енгiзiлген. "Ертегi жайлы зерттеу мақаласының толықтырылып жазылған, тағы бiр нұсқасы жаңадан жарияланып отыр.

45-томға М.Әуезовтiң түрлi жиындар мен жазушылар сьезi мен пленумдарында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерi берiлген. Онда қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң түрлi мәселелерi жан-жақты сөз болады. Сонымен бiрге 1935 жылы Семей, Өскемен жақты аралағандағы жолжазбалары қолжазбадан дайындалып алғаш рет оқырманға ұсынылды. Осы томда "Сын сағатта" пьесасының толықтырылып жазылған бiр нұсқасы орын алған.

Елу томдықтың 46-томында жазушының өз қолынан жазылған автобиографиясының әр кезде жазылған үш түрлi нұсқасы берiлдi. Онда жазушы өмiрiнiң кейбiр тың деректерiн көруге болады. Жиындар мен жарыссөздерге, кездесулерге барынша көп қатынасқан қаламгердiң сөйлеген сөздерi орыс және қазақ тiлдерiнде берiлген. Онда қаламгердiң кеңес әдебиетi, кино, аударма, театр төңiрегiндегi қызықты ойларымен танысуға болады. 1949 жылы шыққан "История Казахской ССР" кiтабына арнайы жазылған тарауларында қазақ халқының тарихы мен мәдениетiнiң түрлi кезеңдегi дамуы мен қалыптасуы жайында жүргiзген зерттеулерi осы томда бiрқатар орын алған.

Сондай-ақ М.Әуезовтiң бұрын еш жерде жарияланбай келген жасөспiрiмдерге арналған "На крыльях песни" (А.Никольскаямен бiрiгiп жазған), "Золотокосая" (ертегi-пьеса) пьесалары Мәскеудiң орталық әдебиет архивiнен алынып берiлдi. М.Әуезовтiң елу томдық шығармалар жинағының кейiнгi томдарын биылғы жылы аяқтап шығу жоспарланып отыр. Осы арқылы 1997 жылы елiмiзде басталған бұл мәдени оқиға он жылдан астам уақытқа созылған жолын сәттi аяқтап шығуға мүмкiндiк алып отыр.

Кеңес ТӨЛЕУҰЛЫ