Жаңалықтар

45 МЕДАЛЬ ҚОРЖЫНДА

ашық дереккөзі

45 МЕДАЛЬ ҚОРЖЫНДА

Елiмiздiң жас математиктерi шетелден құралақан келген емес. Әлемнiң есепке жүйрiк майталмандарын шаң қаптырған бiздiң оқушылардың қоржыны жылдан-жылға қампайып келедi. Олар жақында Алматы қаласында өткен VII Халықаралық Жәутiков олимпиадасында да оқ бойы озық көрiндi.

Олимпиадаға биыл Қазақстан, Ресей, Әзiрбайжан, Грузия, Армения, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Румыния, Болгария, Түркия, Индонезия және Моңғолия елдерiнен 46 команда, 296 оқушы қатысты. Бiлiм сайысында алтын медальдi 24 бала иелендi. Олардың жетеуi – тәуелсiз Қазақстанның өрендерi. Оның iшiнде Темiрұлан Мұсаев, Медет Жанболат, Илья Вильковский, Алдан Әли-Әмiр сияқты О.Жәутiков атындағы мектеп-интернаттың төрт оқушысы бар. Жарыстың күмiс медалiне 47 қатысушы лайық деп танылса, олардың 14-i – өзiмiздiң жүйрiктер. Ал қола медальды елiмiздiң 24 жас математигi қанжығасына байлады. Жалпы есеп бойынша, 133 медальдiң 45-i бiздiң қоржынға түстi. Олимпиада қорытындысы бойынша, үздiк жетi команда анықталып, олар жарыстың бас демеушiлерiнiң бағалы сыйлықтарына ие болды. Ең үздiк команда атағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң Мамандандырылған оқу-ғылыми орталығынан келген топқа берiлдi. Ал бiрiншi, екiншi және үшiншi орындарды Румынияның TUDOR VIANU National High School of computer science мектебi, Қазақстанның О.Жәутiков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты, Болгарияның High School мектебi, Түркияның Фатих колледжi мен Ankara Science High School мектебi және Тәжiкстанның Тәжiк-түрiк лицейi өзара бөлiстi.

Динара Дүрмән