Жаңалықтар

"МЕН ҮШIН ЖАСТЫҚ ТА ЖОҚ, ҚАРТТЫҚ ТА ЖОҚ, МЕН ҮШIН БАЛАЛЫҚ БАР, ДАНАЛЫҚ БАР"

ашық дереккөзі

"МЕН ҮШIН ЖАСТЫҚ ТА ЖОҚ, ҚАРТТЫҚ ТА ЖОҚ, МЕН ҮШIН БАЛАЛЫҚ БАР, ДАНАЛЫҚ БАР"

Қадыр МЫРЗА ӘЛI:

ЖОҚ, ӨЛМЕЙМIН!

Көк дауылмен жағаласып кемемiз,

Көк мұхитта қақпақыл боп келемiз.

О, Жасаған!

Өстiп жүрiп бiр күнi

Өлемiз-ау,

Өлемiз-ау,

Өлемiз!

Кейбiреулер соны неге ұқпайды,

Қадалады жүрегiме мұң-қайғы.

Мен де өлемiн,

Менiң бiрақ есiмiм

Жазушылар тiзiмiнен шықпайды!

Пендемiн ғой, тау болсам да шөгер ем,

Гүлдей солам,

Бiрақ қайта көгерем:

Тiрiлердiң көзiне оттай басылар,

Талай-талай немерем мен шөберем.

Өлiп-өшкен ғашық жiгiт

Күнiне

Мендiк көзбен қарар сүйген гүлiне.

Мен болмаспын,

Бiрақ сөзiм оралар

Сайрап тұрған шешендердiң тiлiне.

Жүрек неге,

Өкпе неге алқынды?

Қимайды ма өте шыққан бал күндi?

Әдемi әзiл бiр кездерi мен айтқан,

Әлi талай ду күлдiрер халқымды.

Амал қанша!

Татар дәмiм таусылды.

Қабiрстан құшағымен қаусырды…

Жоқ! Өлмеймiн!

Елiм талай естидi

Лентаға жазып алған даусымды!

Кейбiр жырым дән ұшырып қырманда,

Кейбiр жырым бақташы боп жүр маңда.

Жоқ! Өлмеймiн!

Правом жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛI

Қазақ әдебиетi мен өнерi орны толмас ауыр қазаға душар болды. 22 қаңтарда 76 жасқа толған шағында аса көрнектi қазақ ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлi ауыр науқастан дүние салды.

Қадыр Мырза Әлi 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентiнде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiн бiтiрген соң еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған "Балдырған" журналында бастаған. 1962-1965 жылдары "Жұлдыз" журналында поэзия және сын бөлiмiнiң меңгерушiсi, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары "Жазушы" баспасында поэзия бөлiмiнiң меңгерушiсi, Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшiсi қызметтерiн атқарған. 1993 жылдан бастап бiраз уақыт "Балауса" баспасының директоры, 1985-1994 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң екi дүркiн (ХI, ХII шақырылымдарының) депутаты болды.

Қадыр Мырза Әлi бiздiң дәуiрiмiздегi әлемдiк аренаға шыққан қазақ поэзиясының көкжиегiн кеңейтiп, мазмұнын сапаландыруға, көркемдiк деңгейiн биiктетiп, мәртебесiн көтеруге айрықша еңбек сiңiрген, "Қазақтың Қадыры" деп танылып, халқы ардақтаған бiрегей тұлға, ерекше дарын иесi едi.

Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы "Пионер" журналында жарияланған. Содан бергi уақыт iшiнде "Көктем", "Данышпан", "Ой орманы", "Дала дидары", "Бұлбұл бағы", "Ақ отау", "Күмiс қоңырау", "Домбыра", "Кеш", "Жерұйық", "Қорамсақ", "Көкпар", "Қызыл кiтап", "Алақан", "Саз сиқыры", "Күндер-ай", т.б. ұзын саны қырықтан аса кiтаптары, таңдамалы шығармаларының бес томдығы, 2001 жылы он бес томдығы жарық көрген. Екi жүзге жуық ән мәтiндерiн жазған. Ақынның бiрнеше пьесасы сахнада қойылған. Қадыр Мырза Әлi жасөспiрiмдерге арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдардан тұратын ондаған жинақ берiп, балалар әдебиетiн дамытуға да үлкен үлес қосқан, өлеңдерi әлемнiң көптеген тiлдерiне аударылған, өзi де Руми, Гейне, Гюго, Лермонтов, Есенин, Гамзатов, Межелайтис, Петефидiң жырларын қазақ тiлiне сәттi тәржiмалаған көркем сөздiң хас шеберi едi.

Ол кезiнде тәуелсiз Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының жаңа мәтiнiн жазған авторларының бiрi болды.

Көрнектi ақынға 1966 жылы "Ой орманы" жинағы үшiн Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, 1980 жылы "Жерұйық" жыр кiтабы үшiн Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атағы берiлдi. Ол 2001 жылы Тәуелсiз "Тарлан" сыйлығын иелендi.

Қадыр Мырза Әлi "I дәрежелi Достық" және "Парасат" ордендерiнiң иегерi.

Ақынның озық үлгiлi туындылары қазақ әдебиетiнiң алтын қорын байытқан жауһарлар қатарынан орын алып, болашақта да ұлтымыздың рухани қазынасына айнала бермек.

Қара орман қазақ жұрты көрнектi ақын, асыл азамат, қабырғалы қайраткер, тұғырлы талант Қадыр Мырза Әлi секiлдi аяулы перзентiнiң асыл бейнесiн жүрегiнде мәңгiлiкке сақтайды.

Қазақстан Республикасының Үкiметi

ТОПЫРАҒЫҢ ТОРҚА БОЛСЫН, АҒА-ДОС!

Әрбiр адам дүниеден озған сайын, оның айналасы да ерiксiз ошарылып, ой құшағында мүлгитiн сияқты. Оның үстiне Қазақ поэзиясының, қала бердi қазақ балалар әдебиетiнiң iрi тұлғалы классигiнiң бақилық сапарға аттануы, кiмдi де болса бiр толқытпай өтпесi анық. Бұл қаза бүгiнгi күнi қазақ әдебиетiнiң асыл сүйегiн сырқыратып барып, әлуеттi қабырғасын күйретiп кеткендей болды. Қадыр Мырза Әлiнiң дүниеден өтуi қазаққа оңай болған жоқ. Бұл ажал жасы қатар есебiндегi бiздердi де бiр сәт сонау балаң шақтағы естелiкке ерiксiз сүйрей жөнелуге мәжбүр еттi.

Бұл сонау алпысыншы жылдардың тұсы едi. Мен "Жазушы" баспасында iстегенмен әдебиетке келем деп ойламайтынмын. Менен бар болғаны үш-ақ жастай үлкен, оның үстiне ол балаларға әдемi жырлар жазып жүрген кезi едi. Бiз әлi емiн-еркiн сырлас болмай тұрып оның маған ықыласы ауған тұсы болатын. Сонда ол: "Сенiң қолыңнан жазу келедi. Соны байқап көрсең қайтедi. Бәлкiм, кейiн екеумiз бiр тiзе қосып еңбек етермiз" – дегенi әлi есiмде. Содан берi бiрде ренжiсiп, бiрде табысып жүрсек те достығымыздың яғни қимастығымыздың өресi қаншама рет биiкке көтерiлдi. Ол туралы бiр сәт ойға батсам, оның өшпес бейнесiн беретiн төмендегiдей үш қасиетi елестеумен болады.

Бiрiншiден, маған осы Қадекең сонау заманғы ертегiлерде кездесетiн бiр жайға мойынсұндырады. Бәленбай тауда бiр үңгiр бар екен. Егер шынымен оқып-тоқығың келсе сол үңгiрге бар. Бiрақ ол үңгiрдiң есiгi үш жылда бiр-ақ ашылатын көрiнедi. Бiздiң Қадекең өзi ес жиып, етек жапқалы мына жалған дүниенi сол үңгiрдiң қасиетiне балап, өмiр бақи жалықпай оқып, оны зерделi ойына тоқып және оны санасында әбден пiсiрiп, содан соң барып ақ қағаз бетiне түсiрiп, өз халқына, қала бердi, өз халқының ұрпағына бетегеден биiк, жусаннан аласа болып жүрiп ұсынумен өткен адам сияқты. Және сол өзi бiлiм құймасына айналдырған жалған өмiр ауқымынан шығып, дереу ажал үңгiрiне жол тартып кеткендей көрiнедi. Бұл барша адамзат баласының тағзым ететiнiндей қасиет болса керек.

Екiншiден, iслам дiнiнiң қағидатында сен пенде боп жаралдың екен, қатарыңдағы қарапайым халықтан ерекшеленiп киiнiп немесе ұланғайыр бiлiмнiң иесi болсаң да көкiрегiңдi көтерiп, аспандап сөйлемей, алдымен сол қарапайым халықтың деңгейiнде сөйлеп, содан кейiн бiрте-бiрте санасына сәуле құйып, салауаттылыққа бастай бiл дегендей қағиданы да бекем ұстағандай.

Үшiншiден, өзiнiң жаратылысына бiткен тапқырлығын таяныш етiп, ақылын аяныш жаялығына орап жүрiп, сыйланғанын сыбаға демей, қиналғанын қыл көпiрге санамай, өзiнiң болмысымен салған жалғыз аяқ соқпағын ешкiмге соқтыртпаған жан. Және оны сордың үстiмен, зордың астымен тағдырдың өзiне сыбаға ғып тартқан, тордың iшiмен жүрiп даналықтың тар қыспағынан жоғалмайтын жол тапқандай көрiнедi. Бұдан әрi айта берсем, әңгiме арқауы жетерлiк. Сондықтан ендiгi айтарымды жел көтерген көбiктi толқынның құшағына түспей, өзi пiшiп, өз ой пышағын қынабында бекем ұстап, бар зәрiн де, көкiрекке қонақтар дәмiн де, айтар ойын да, айдар қойын да жыр бойымен түлетiп түйiндеп өткен әрiптес-досыма деген көңiлiмнiң тоқ етер толқынысын жырыммен аяқтайын:

Көзiңмен көрген сәулеңдi,

Қолға ұстаттың жарықтай.

Еркiңмен сүрер дәурендi,

Итерiп тастап зарықпай.

Алмастан көздiң шырымын,

Ұстадың ойды безбендеп.

Жыр боп та жанды шырылың

Емделiп асыл сөзбен тек.

Құдайым берген уақытты,

Бос жiбермес бiр жан ең.

Тек содан көрiп бақытты,

Тапжылмай, танбай жырлап ең.

Бiр тұтам бойың, құс тұмсық,

Бейне бiр пiскен жемiстей.

Тамылжып әне тұр сыңсып,

Мәңгiлiк жасар жеңiстей.

Көбiктi толқын заманда,

Ерледiң, жатпай күңiренiп.

Елiңе мына аманда

Берiп те кеттiң Күн көрiк.

Кетсе де алып өзiңдi

Қатыгез ажал-әңгүдiк.

Өлместей еттi сөзiңдi

Бейнеңдi берер мәңгiлiк!

– деп өзiңе деген көңiл күрсiнiсiнiң отын басқандай болдым. Бiрақ аяусыз ажалға қарсы кiм тұрған. Бақыл бол, аға-дос. Топырағың торқа болсын, иманың жолдас болсын.

Сейфолла Оспан

ӨМIРДЕН ҚАДЫР АҒАМ ӨТКЕНI МЕ?

Қайран Қадыр аға! Қазақтың Қадыры! Өмiрден ол кiсi де өткенi ме? Оның табан астында тауып айтатын қисынды қалжыңдарына баладай мәз болып, дастархан басында күлкiден езу жия алмай жадырап отырғанымыз кеше ғана едi ғой. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дiң студенттерi мен ұстаздарының алдында қызықты естелiктер айтып, тебiрене өлең оқып тұрғаны да көз алдымызда. Арада ай ауыспай жатып ол туралы өткен шақта сөйлеймiз деп кiм ойлаған. Жазмыштың iсiне амал жоқ екен. Айтпақшы, сол туралы "Жазмыш" деген кiтабында өзi де тәптiштеп-ақ айтқан едi-ау. "Өмiрдiң түйiнiне тоқталғанда қазақтың "жазмыштан озмыш жоқ" деген мәтелiне жетер сөз таппадым" деп жазған болатын. М.Лермонтовтың "Смерть всего лишь миг, а смерти не минуешь" дегенiндей жазмыштың жазуын Қадыр ағам да айналып өте алмағаны ғой. Жұмыр басты пенденiң қолынан келмейтiн бiр нәрсе осы екен. Өзегiмiздi өртеген өкiнiшке дес бермеске не шара?

Ағамды соңғы көргенiм есiме түседi. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң филология факультетiнде қызықты өткен кездесуден қайтып келе жаттық. Көңiлiмiз көтерiңкi. Машинада екеумiз ғана. Қадыр ағам әдетi бойынша әлем әдебиетiнiң марқасқаларын түгендеп келедi. Өңкей таңғажайып эпизодтар көз алдымнан кинолентадай тiзiлiп өтiп жатыр.

Ол кiсi сәл тыным алған бiр сәтте:

– Аға, кездесуде сөйлеп тұрып, неге көзiңiзге жас алдыңыз? – деп сұрадым.

– Осыған өзiм де таң қаламын, – дедi ол бар денесiмен маған бұрылып. – Сенесiң бе? Соңғы кезде осылай жылайтынды шығардым. Неге екенiн өзiм де түсiнбеймiн. Көңiлiм босап кетедi.

– Студенттердi көрiп, жас кезiңiз есiңiзге түскен болар? Мүмкiн өзiңiз дәрiс берген факультеттi сағынған шығарсыз?

– Ол да бар. Бiрақ мен жылауық болып алдым. Халықтың алдына шықсам, өзiнен-өзi көзiме жас келедi. Өткенде бiр ортада өзiмдi әрең ұстадым. Үйге келген соң, ешкiмге көрсетпей бала құсап жылап алдым. Жылап алып едiм кәдiмгiдей жеңiлденiп қалдым.

– Сонда не деп жыладыңыз? – дедiм әңгiмесiне қызығып.

– Осы күндер ендi қайтып келмейдi-ау деп жыладым. Бiраз жасқа келдiк. Өмiрдiң көбi кетiп, азы қалғаны удай шындық. Көкiрегiмiздi құр сүйретiп жүрмiз ғой. Ендi қанша қалды дейсiң?

– Қойыңызшы, аға! Сiздiң жасыңызға жетiп, осылай жүгiрiп жүрсек не арман бар? Әлi сексенге, тоқсанға толғаныңызды да тойлаймыз. Аман болыңыз! – дедiм. Айтарын айтсам да сол сәтте "Ағам қарттықты қатты уайымдайды екен-ау. Қаупi күштi сияқты" деген ой санамды сызып өттi. – Сiз бақытты адамсыз ғой, – дедiм жолдан көзiмдi аудармай.– Ұрпақ өсiрiп, немере сүйдiңiз. Өмiр бойы өлеңге адал болдыңыз. Халыққа адал қызмет еттiңiз. Құрметке ерте бөлендiңiз. Сыйлықтан да құралақан болмадыңыз. 32 томдық бай мұраңыз бар. Халықтың жүрегiнде, әдебиеттiң тарихында мәңгi қалдыңыз. Бұл екiнiң бiрiне бұйырмайтын бақыт деп ойлаймын.

– Оның рас,– дедi Қадыр аға жымиып.– Бәлкiм сол бақытты қимай жылайтын шығармын.

– Бұл ендi басқа әңгiме!

Екеумiз қосыла күлдiк. Әңгiмемен Қадыр ағаның үйiнiң алдына келiп қалғанымызды да байқамаппыз. Көлiктен түсiп, таза ауада тағы бiраз тұрдық. Ол кiсiнiң әңгiмесiн тыңдаған сайын тыңдай бергiң келедi ғой. Таусылмайтын қазына дерсiң. Дүниеге көзiң ашылып, жан сарайың кеңiп қалады. Әлден соң:

– Хабарласып тұрармыз. Мен ендi қайтайын, аға, – дедiм. Ол жүзiме мейiрлене қарап, құшақтап, арқамнан қақты.

– Жарайды. Рахмет! Жыласақ тек бақыттан жылайық! – дедi сұқ саусағын шошайтып. Машинаны бұрып, айнадан артыма қарасам Қадыр ағам қақпаны жауып жатыр екен…

Мен бүгiндерi ауыр қайғыдан жылап жүрмiн…

Темiрғали КӨПБАЕВ

"КҮНДЕР ӨТКЕН ЖҰЛДЫЗ ЖАУАР ТҮНДIКТЕН"

Қадыр ағамен көршi тұратын едiм. Ол кiсi бiздiң үйден бiр көше төменде, яғни Сейдәлiнiң бойында орналасса, бiз Мақатаев көшесiнiң бойындамыз.

Әсiресе көктем, жаз айларында кешкiлiк жаяулатып, базардан қайтып келе жатқан Қадыр ағаны көшеде жиi кездестiретiн едiм. Амандық-саулық сұрасқан соң, әңгiменiң тиегiн ағытып жүре берушi едi. Қадыр ағамен әңгiмелескеннiң өзi бiр ғанибет. "Саған кiтапханаға барудың қажетi жоқ. Менiң өзiм бiр кiтапханамын ғой" дейтiн әзiлдеп. Әлем әдебиетi болсын, қазақ әдебиетi болсын, халықаралық жағдайлар болсын, бiлмейтiнi жоқ. Ағытылып әңгiме шертетiн едi. Көп бiлетiн ағамнан бiрде: "Қадыр аға, сiз неге университетке барып, студенттерге лекция оқымайсыз?" деп сұрағаным бар. Сонда: "Университетке шақыруын шақырып жүр ғой. Мына ауруы құрғыр жиi мазалайтын болып алды. Сау жүргенiмнен, ауруханада жатқаным көбейiп кеттi. Балаларға лекцияға барғасын, үзбей дәрiс оқуың керек. Бiрде келiп, бiрде келмесем, шәкiрттерге обал емес пе?" дедi қамығып.

Қадыр ағадан "Түркiстан" газетiне екi рет сұхбат алыппын. "Менiң бiлетiндерiм туралы, менiң естiгендерiм туралы диктофоныңа көбiрек жазып ал. Өзiңе керек болады", – дедi бiрде Қадыр аға. Бiрақ мен ол кiсiмен әлi де кездесемiн ғой, әлi де көкейiмдегi сауалдарымды қоямын ғой деп ойлаушы ем. Әттең…

Уақытын ешқашан құр жiбермей, өмiрбақи жазу жазып келген ақын аға соңғы кездерi қолына қарындашы мен блокнотын алып, афоризмдердi түртiп жүргенiн айтты. Бала кездегi көрген қиындықтарын ұмыта алмайтынын да айтқан едi бiр әңгiмесiнде. "Аштықта жеген құйқаның дәмi кетпейдi" демей ме? Сол бiр күндердегi азапты шақтарды ойласам, әлi күнге көзiме жас келедi", – дейтiн едi аға. Сол бiр балалық шақтағы тұрмыстың ащы тауқыметi ме екен, бәлкiм Қадыр ақынды ақын еткен деп ойлаймын кейде…

Соңғы рет ағаны осыдан бiр-екi ай бұрын көргем. Қадыр аға қолында бiр құты сүтi бар, жаяу аяңдап, қарсы жолықты. Жүзi шаршаңқы, ауырып жүргенi бiрден байқалады. "Аға, халiңiз қалай?" деген едiм, "Шүкiр! Денсаулыққа пайдалы деген соң, мына бiр ешкiнiң сүтiн алып, iшiп жүрмiз", – дедi күлiмсiреп. Күнде кешкiлiк бiр құты сүт алып жүргенiн айтқан едi сол жолы. Әлде ешкiнiң сүтi шипа болмады ма екен ағаға, көп ұзамай ол кiсiнiң ауруханаға түскенiн естiдiм.

Ендi мiне, Қадыр ағам қайтпас сапарға аттаныпты. Бiрде Қадыр ағаның кiтабынан өзi туралы жазылған мына бiр өлеңiн оқыған едiм.

"Бәрiн тез-тез болады деп кiм күткен!

Күндер өткен жұлдыз жауар түндiктен.

Мырзалының

Үмiт артқан өлгенше

Үш ұлынан жалғыз еркек кiндiк мен.

Жүз демеймiн –

Түсiнедi жөндi ұққан

Жалғыз едiм мен бiр iрi сомдықтан.

Жалғыз едiм өспей қойған атадан,

Жоғалуға қақым жоқты сондықтан!"

Қадыр ағаны келместiң кемесiне мiнгiзiп тұрған сәтiмде, осы бiр өлең жолдарын тағы да iштей қайталадым. Атадан жалғыз қалған Қадыр ағаның артында өлмейтiн, өшпейтiн жырлары қалды. Артында қалған өлмейтiн жырлары тұрғанда, Қадыр аға жоғалмайтыны анық…

Гүлзина БЕКТАСОВА