Жаңалықтар

Балғынбек ИМАШЕВ: АЙТЫС ТА — АРДЫҢ IСI

ашық дереккөзі

Балғынбек ИМАШЕВ: АЙТЫС ТА — АРДЫҢ IСI

Айтыскер Балғынбек Имашевтi бiлмейтiн адам кемде-кем шығар. "Айтыс" десе iшкен асын жерге қоятын көпшiлiк Балғынбек сахнаға шыққанда елеңдеп отырады. Сөзi мiрдiң оғындай, кез келген қарсыласын өткiр әзiлiмен түйреп өтетiн Балғынбектiң қоғамдағы кемшiлiктердi де тайсалмай, батыл жеткiзетiндiгiне көпшiлiк тәнтi. Бiр кездерi Жетiсуда белгiлi болған ақынның Елордаға ауысқанына да бiрнеше жылдың жүзi болды. "Бүгiнгi айтыстың жүйрiктерi" айдарының алғашқы қонағы – Балғынбек Имашев.

– Балғынбек, сен жұртшылыққа айтыс арқылы танылдың. Ұстазыңның әуенiне басып, аяғыңмен жер тепкiлеп, әдемi әзiлiңмен көрерменiңдi сүйсiнткен сәтiңдi де бiлемiз. Қалжыңдап отырып-ақ, қоғамдағы өткiр мәселелердi түйреп өтетiнсiң. Сол бiр күндердi сағынасың ба?

– Әрине, менi айтыссүйер қауым "хайләйлiм" деген мақамым арқылы таныды. Ол кездегi айтқан сөздерiмде қателiк-кемшiлiктер көп болғанына қарамастан көрермен қауым менi айтыскер ақын ретiнде жылы қабылдады. Құшағын жайып қарсы алды. Үмiт артты. Қазiргi кезде әрине, сол балалық шақты, сахнада көрерменге еркелеп отырып әзiлдейтiн, ойға түйген мәселенi еш қымсынбастан, қорытып жатпастан ағытып жiберген сәттерiмдi есiме алып таң қаламын. Жастық арынның қаншалықты ауыздықсыз екенiне көзiм жеткендей болады.

– Жалпы айтысқа алғаш түскен сәтiң мен бүгiнгi кезеңнiң арасында бiрталай арақашықтық жатыр. Не өзгердi? Айтыстың сол кездегi бағыты мен бүгiнгi бағытына баға бере аласың ба?

– Не өзгердi дегеннен гөрi, не өзгермедi деген дұрыс шығар… Мен мектеп қабырғасында жүрiп айтысқа алғаш қатысқан кезден берi 20 жылдан асып кетiптi. Одан берi халықтың санасы, психологиясы, заман талабы – бәрi өзгердi. Тәуелсiздiк келдi. Жаңа технологиялар келдi. Айтыс өзгердi, Жүрсiн де, көрермен де, Балғынбек те өзгердi. Баланың өскенi ата-анасына бiлiнбейтiнi секiлдi, айтыстың өзгергенi де тұрақты тыңдаушыға байқала бермеуi мүмкiн. Бiрақ қазiр айтыстың бағыт-бағдары да, тақырыбы да, мән-мазмұны да, формасы да өзгердi. Әр толқын айтыскерлер айтысқа тың жаңалықтар алып келдi. Жүрсiн Ерманов айтыстың реставраторы да, реформаторы да болды деуге толық негiз бар. Ол жылт еткен жаңалықты iздеушi де, жарқ еткен дарындыларды қолдаушы да болды. Бiз табиғат заңдылығы деп жүрген Алланың заңы бойынша кез келген нәрсенiң пайда болуы, өсуi, дамуы, жемiс беруi, өлуi үзiлмей бiр-бiрiне жалғасып жатады. Айтыс та, ақындар да сол сияқты. Екi-үш жыл эфирлерден айтыс берiлмей қалып едi, "айтыс қайтыс болды" деген әңгiме тарады. Айтыс құнарлы топырақтай қазақтың қанына егiлген дән болса, оңайлықпен өле қойсын ба? Оның да бүр жаратын өз көктемi, жайқалатын жазы, жемiстi күзi, солатын қысы болуы заңды емес пе?! Бiрақ оның бiр маусымы бiрнеше жылдарға, тiптi ғасырларға созылуы мүмкiн.

Ал баға беруге келетiн болсақ, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы айтыстың мазмұнына, түрi мен мақсатына, ондағы көркемдiк пен пiшiнге көп жаңалық әкелген ақындар болды. Мысалы: Мелс Қосымбаев батыстағы жыраулық дәстүрдi айтыспен үйлестiрушi, жанастырушы болса, Аманжол Арқаның даласындай дархан мiнездi, бастырмалатпай байыпты сөйлеудi, Оразалы Досбосынов нағыз Жетiсуға тән айтыстың үлгiсiне көркем кестелi тiл, қазақы бояу, тiрi тiркестер әкелдi. Бекарыс Шойбеков ауызекi сөйлеу стилiмен-ақ, қарапайым да қарымды, қысқа да нұсқа, мақтамен бауыздағандай өткiр де өтiмдi тәсiлдi енгiздi. Ал жалпы айтысқа тың жаңалық қана емес, бүкiл сипатына өзгерiс әкеп, жаңаша реформа жасаған ақын – Мұхамеджан Тазабеков. Оны көрермен де, көпшiлiк те, ақындар да, ғалымдар да мойындайды. Мұхамеджанға елiктеген жас ақындарды былай қойғанда, қазiргi айтыскерлердiң iшiнде оның көркемдiк тәсiлдерi әсер етпеген ақындар кем де кем. Ал қазiргi айтыста жаңа толқын жастар көптеп келгенмен, үлкен жаңалықпен келiп жатқандары аз. Екiншiден, қазiр өз өлкесiне тән айтыс дәстүрiн сақтау адыра қалды. Ешқандай ерекшелiк жоқ. Не сөзiнде, не мақамында. Қазiр батыс пен Жетiсудың, шығыс пен Сыр елiнiң, оңтүстiк пен Арқаның ақындарының не ән-әуенiнен, не сөз саптасынан қай елдiң, қай жердiң ақыны екенiн айыра алмайтын күйге жеттiк. Мипалау. Барлық бояу араласып кеткен. Мүмкiн бұл заманауи, айтыстағы "жаһандану" үрдiсi шығар, бiрақ мен соған қатты алаңдаймын. Ал ақындық қуаты, тапқырлығы, дарындылығына айтар сөз жоқ, потенциалы өте жоғары ақындар өсiп келедi.

– Сахнада естiген айтыс пен теледидардан берiлген нұсқада айырмашылық болатыны белгiлi. Ақындардың көп уәждi сөз сайыстары монтаждалып, кесiлiп жатады деп естiдiк. Сенiң айтысыңда да сондай сәттер болды ма?

– Әрине, айтыс – "жанды" өнер! Сондықтан да синкреттi, яғни санқырлы өнер болып табылады. Залда отырып айтыс көргенде тыңдаушы мен екi айтыскердiң арасында көзге көрiнбейтiн жiптер бар. Бұлар – бiр-бiрiне ықпал ету күшiне ие. Ал теледидардан көру, радио немесе үнтаспадан тыңдау, қағаз бетiнен оқу – үшеуiнен болатын әсер мүлде бөлек. Теледидардан көргенде айтыстан алатын әсер, залда көргендегiден 25 пайыз төмендейдi. Себебi сiз айтыскерлерге әсер ете алмайсыз, дегенмен көрермендердiң қалай қабылдағанын, оның айтыскерлерге қалай әсер еткенiн көзбен көрiп қаныға аласыз. Радиодан тыңдағанда сiз мұны да көре алмайсыз, яғни әсер тағы 25 пайызға төмендейдi. Ал кiтаптан оқысаңыз, сөзден ләззат алмасаңыз, ақындардың ән-әуенiн де, дауыстарын да, көрермендердiң қабылдауын да не көре, не ести де алмайсыз. Сонда бұл әсер тағы 25 пайызға кемидi дейiк. Ендi өзiңiз бағалай берiңiз. Бұл – қысқартылмай толық берiлгендегi әсерлер. Ал ол қиылып, монтаждалатын болса, онда ол кейбiр мүшелерi кесiлiп қалған мүгедек айтыс десеңiз болады. Оның үстiне монтаж жасайтын "оташы-хирургтер" айтыстан хабары бар маман болса бiр жақсы, кейде мүлдем сауатсыз монтаждар болады. Менiң айтыстарымда ондай қысқартулар жиi болып тұрады және ол ең шұрайлы сөздерiңдi "репрессиялайды". Сондықтан монтаждалған нұсқаны көрген көрермендер "құр әзiлден басқа ешнәрсе айтпадыңдар ғой, бәйгенi не үшiн берген?" деп таңғалып жатады.

– Бүгiнгi айтыс төрiнде жүрген айтыскерлердiң бiразымен сөз сайыстырып көрдiң. Қайсы ақынның сөз салмағы саған ауыр тидi?

– Иә, алдыңғы буын аға-әпкелерiммен де, қатарластарыммен де, жас буын өкiлдерiмен де айтыстым. Аға-әпкелерiм бетiмнен қаққан жоқ, батасын бердi. Қатарластарыммен тең дәрежеде сөз таластырып, кейде жеңiп, кейде жеңiлдiм. Жастардың бiрi – жағадан алса, ендi бiрi – iзет-iлтипатын көрсетедi. Бiрi – мылтықпен аңдып жатып атады, ендi бiрi – бата сұрап жатады. Бәрiне тiлектеспiн, ешқайсысын бетiнен қаққан емеспiн. Айтыстағы айтылған әзiл болсын, сын болсын, мiн болсын, мақтау болсын, дұрыс қабылдаймын. Жел сөздi ауыр алмаймын, жөн сөзге тоқтаймын.

– Астанаға кеткенiңе бiраз уақыт болды. "Көрмесең, бiлмесең жат боларсың" деген сөз бар. Ел аралап, халықтың арасында жүрмеген соң, көп нәрседен хабардар болмауың да мүмкiн. Елде болып жатқан оқиғалардан хабарсыз ақынның айтысқа дайындығы қалай болар екен?

– Хабарлардан хабарсыз болу деген қалай сонда? Астанаға кеткендер елде болып жатқан оқиғалардан бейхабар деп ойлайсыз ба? Ауылда қазiр байланыстың барлық түрi бар. Күнделiктi хабарласып тұрамыз. Оның сыртында торқалы той-томалақта, топырақты өлiмде жиi-жиi барып тұрамыз. Ауылдағы адамдармен бiрге тыныстап, бiрге дем шығарамыз десе де болады. Сосын айтысқа шығу үшiн бәрiнен хабардар болу аздық етедi. Көрген-бiлгенiңдi санада балқытып, ойыңда қорытып аузыңнан өлең етiп шығару керек. Сақал өсiп жат болмасақ, ауылдан алыстап кеткенiмiз жоқ. Ауылға кiндiгiмiзбен байлаулымыз.

– Астанадан туған жерiңе оралғаның туралы естiген едiк. Елордаға қайта келiпсiң. Туған жерде жағдайың болмады ма?

– Туған жерге кетерде ұстазым академик Рымғали Нұрғали қатты қарсы болып едi. "Сен – қазақтың ақынысың, ауылыңа барсаң бiр рудың ғана ақыны боп қаласың. Туған жерге, туған елге қызмет ету – сол жерде ғана жасалатын шаруа емес. Астанада жүрiп-ақ, ауылдың мүддесiне қызмет етсең, ешкiм кедергi болмайды. Бас қалада жүрсең, ұлттың жоғын жоқтауға, барын түгендеуге мүмкiндiк көбiрек болады. Алаш таныған елдiң еркесi едiң, бiр ауылдың ғана серкесi боп қаласың-ау", – деп ренжiп едi. Бiрақ шақырған жерге бармасаң, ауылды менсiнбегендей боп көрiнбейiн, Алла нәсiп етсе, Елордаға қайтып келермiн деп Талдықорғанға тартып отырдым. Облыс басшысы құшақ жайып қарсы алды, жаңа салынған үйден үш бөлмелi пәтер бердi. Қызмет ұсынды. Мен өзiм үйренiп қалған салаға барайын деп Iлияс Жансүгiров атындағы Жетiсу Мемлекеттiк университетiнде оқытушылықты таңдадым. Ол жерде университет ұжымы жылы қабылдады. Екi жыл қатарынан университет қабырғасында Республикалық студент жастардың айтысын ұйымдастырдық. Облыстық Жетiсу телеарнасында "Балғынбектен базарлық" атты хабар жүргiзiп, айтыстың таңдаулы үлгiлерiн көрермендерге ұсындық. Жағдайым жаман болған жоқ. Атақты ақын, ұстазым Айтақын Бұлғақовтың қасында неге жалғызсырайын? Өзiмнiң бала кезде айтысқан дос-жарандарыммен араласып кеттiк.

Адамның алға қойған мақсаты таусылмайды ғой. Оның үстiне мамандығым аудармашылық болғасын, аудармаға ықыласым ауды. Сөйтiп Астанадан жаңа ашылғалы жатқан телеарнадан ұсыныс алдым. Балаларым да Астананы сағындық деп мазамды алды (мамалары үйретiп қойған шығар). Өзiм де Арқадағы достарымды, араласқан ортамды сағынып кеттiм. Ақыры Есiлдегi Елордамызға қайтып келдiк.

– Ерте кездегi қазақ әдебиетiнен белгiлi ақындардың айтысын оқып отырсақ, зәулiм сарайға жиналмай-ақ, ел аралап жүрiп-ақ, аты елге мәшһүр ақындарымыз бiр-бiрiмен жаз жайлауында, қыс қыстауында кездесiп жатады екен. Бiздiң бүгiнгi ақындарымыз экранға шықпаса, арнайы айтыс өтпесе, арнайы жүлде болмаса, айтысқа шыққысы келмейдi. Әлде мұны айтыстың заманауи келбетi деп түсiнемiз бе?

– Шыққысы келмейтiнiн сiз қайдан бiлесiз? Қай ақын олай деп айтып жүр? Ақындардың көбiсi айтыс болмаса "ауырып" қалады. Сондықтан екi жыл эфирден айтыс тоқтап тұрғанмен айтыс тоқтаған жоқ. Мәселе, ол эфирден берiлмегендiктен елеусiз қалды. Әйтпесе жалпы жұрттың назарынан кеткенмен, айтыстың базары әр елде, әр түрлi денгейде өтiп жатты. Мәселе оны ұйымдастырушыларда ғой. Жүрсiн Ерманов ағамыз ширек ғасырдан астам уақыт айтыстың көшiн өрге сүйредi. Ол ақындардың жан-тәнiн толық түсiнедi. Сөйте тұра елден "алғыс" алғанмен, жоғарыдан "қарғыс" алып келедi. Ал әр аудан, әр облыста айтысты "өттi" деп айту үшiн жасайтындардың бәрi өнерге жаны ашитындар деп айта алмас едiм. Олар ақындардың барлығымен хабарласа алмайды, барлығын бiрдей шақыра алмайды. Ақынға қандай бап керегiн түсiнбейдi. Тағы бiр себеп, жергiлiктi жерлерде өткен айтыста қазылар алқасының құрамы ала-құла болады. Оларға алдында айтысып отырған Аманжол ма, Бекарыс па, Айбек пе, Айнұр ма – бәрiбiр. Өз ауылының ақыны жеңсе болды. Эфирден көпшiлiк көрмеген соң, әдiлеттiлiк iздеудiң ретi жоқ. Мәселенiң тағы бiр жағы бар. Айтыскерлер әр салада қызмет iстейдi. Айтысқа бару үшiн жұмыстан босатылуы керек. Егер эфирден айтыс берiлмей жатса, қай басшы өз қызметкерiн жұмыстан қайта-қайта босата бередi? Сондықтан ақындардың не себептен сiз айтқан "арнайы айтысқа" барғысы кеп тұратыны түсiнiктi шығар? Айтыстың деңгейi оны ұйымдастырушының кәсiби шеберлiгiне байланысты. Ал жүлде деген – шартты нәрсе. Ол көлiк бола ма, жоқ велик бола ма, мәселе онда емес. Жарыстан озып келген ақынның еңбегi бағалануы керек. Ақындардың қайырымдылық шараларын жасап, жүлдесiз айтыс жасаған кездерi болған. Оның сыртында, дiни мерекелерде Алланың разылығы үшiн халықтан өнерiмiздi аяп қалған емеспiз.

– Айтыс дегенiмiз – қазақтың төл өнерi емес пе? Бiрақ бүгiнгi айтыс шоуға айналып бара жатқан сияқты. Саған солай көрiнбей ме?

– Айтыс қазақ үшiн ерте заманда шоу болған, қазiр де шоу. Бұрынғы кезде халықтың көзi де, құлағы да, яғни газетi де, радиосы да, теледидары да, интернетi де, парламентi де – айтыс болған. Қайта қазiргi кезде бұл пәрмендiлiгi азайып келедi.

– Кезiнде "сарай ақыны" деген ұғым болды. Оларды халық мұңын мұңдаудан гөрi, ханға жағынып күн көрген деп сынаушылар бар. Бүгiнгi айтыстың келбетi де "Сарай ақындарынан" аспай қалған секiлдi.

– Шығыс елдерiнде солай болған дейдi. Қазақ даласында ондай ұғым жоқ.

– Тәуелсiздiктiң 19 жылдығына орай Астанада өткiзiлген айтыста "арқырап шындық айтқан ақындарға қиянат жасалды" дейдi. Рас па?

– Қиянат жасалды дей алмаймын. Жалпы аяқтан шалғысы келдi, бiрақ көрерменнiң қолдауы ақындарға қорған болды. Дегенмен "ананы айт, мынаны айтпа" деп тақылдай берсе, ақындар қайдан көсiлiп шапсын? Көп сөз "iшiмiзде кеткенiн" несiне жасырайық.

– Жақында дiни сайттардың бiрiнен:

– Мұсылманның құбыласы жердегi –

Қағбатулла Мекке деген төрде едi.

Қағбаны емес, айналдырған шыршаны

Жаңа Жылмен құттықтама сен менi, – деген өлеңiңдi оқыған едiк. Соңғы кездерi айтыстарда да жиi дiни уағыз айтып жүрсiң. Дiнге бiржолата бет бұрған сияқтысың. Бүгiнгi қазақ исламы туралы не айтар едiң?

– Жалпы Ислам – ол бiр ғана дiн! Оны қазақ исламы, араб исламы, түрiк исламы деп бөлуге болмайды. Әйтпесе кейiн орыс исламы, ағылшын исламы, француз исламы пайда болуы мүмкiн. Бұл – Христиандардың адасуы, көп тармаққа бөлiнуiнiң бiр себебi осылай дiндi ұлтқа бөлуi. Русское православие, Римское католичество деген сияқты. Бiздiң Раббымыз бiреу – ол еш серiгi жоқ Алла Тағала! Бiздiң кiтабымыз бiреу – ол қияметке дейiн бiр әрпi өзгермейтiн Құран Кәрiм! Бiздiң пайғамбарымыз бiреу – ол Алланың мақтаулысы, екi дүние сәруары, соңғы елшi Мұхаммед (оған Алланың игiлiгi мен сәлемi болсын). Сондықтан бiз бiрiгуiмiз керек, онсыз да бiздi бөлгiсi келетiндер көп. Бiздi руға бөлдi, жүзге бөлдi, облыстар мен аймақтарға бөлдi. Оригинал мен маргинал деп бөлдi. Шала қазақ пен қара қазақ, жаңа қазақ деп бөлдi. Қалалық пен далалық деп бөлдi. Северян-южан деп бөлдi. Местный-оралман деп бөлдi. Ендi бiрiмiздi буддист, бiрiмiздi католик, бiрiмiздi кришнаит, бiрiмiздi Иегово куәгерi ғып бөлдi. Ендi мұсылмандардың өзiн вахабит, таблиғ, суфист, тарихатшы, зiкiршi, хизбут деп түрлi ағымдарға бөлшектеп жiбермекшi. Сондықтан бiз Алланың Құраны мен Пайғамбарымыздың сүннет жолымен жүретiн бiр ғана үммет болуымыз керек. Ол үмметтi ахли-сунна жамағаты дейдi. Басқа жол iздеудiң қажетi жоқ. Кiм Құран мен сүннеттi ұстанса бiрiгедi, кiм одан алшақтаса, бөлiне бередi. Айтыста дiни уағыз айту – ол айтыс тарихында бұрыннан бар. Арғы замандағы ғалымдарды былай қойғанда, Бұқардан бастап бүгiнге дейiн иманды ақындар бұқараны тура жолға уағыздап келедi. Мен молда боп кеткем жоқ, намаз оқу – әр мұсылманның мiндетi. Сондай мiндеттiң бiрi – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тию. Айтыстағы айтқанымыз уағыз емес, осы мiндетiмiздi орындағанымыз ғой. Себебi ертең әр амалымыздан сұралатынымыз хақ!

Ал Жаңа Жыл жалпыхалықтық мереке ғып көрсеткенiмiзбен, Тәуелсiздiк мерекесiнiң қасында түкке тұрмайды. Тек күнтiзбе бiтiп, жаңасы басталады демесе, бұл күнi де, түнi де ғаламда еш өзгерiс болмайды. Қайта ең көп күнә жасалады. Ең көп арақ-шарап iшiледi. Iшiп алған "Аяз аталар" сыйлық берiп, балаларымызды алдайды (дұрысы бiз оған ақша төлеп, өз балаларымызды өзiмiз алдатамыз). Қытайдың зиянды отшашуларына мыңдаған теңгелерiмiздi ысырап етiп, ауамызды ластаймыз, жарақат аламыз, өрт саламыз. Бұл күнi үсiп қалған, уланған, жарақат алған адамдар өте көп болады. Олардың нешесi мерт болып жатады. Азық-түлiктiң бағасы шарықтап кететiнi өз алдына, ормандағы қылқан жапырақты ағаштар "қыршынынан қиылады". Мен тiптi ойлана-ойлана еш бiр жақсылығын таба алмадым. Радиодан, теледидардан қаптаған "жұлдыздар" елдi Жаңа Жылмен құттықтап жатады. Солардың бiреуiнiң Тәуелсiздiк мерекесiмен елдi құттықтағанын естiмедiм!!! Намысты қазақ баласы ретiнде соған iшiм күйедi. Сосын наурызкөженiң иiсiн аңсаймын. Ауланы тазалау, бұлақтың көзiн ашу, көршiлердi көжеге шақыру, ағаш отырғызу – не деген керемет! Бiрақ бiздiң қазiргi Наурыз мерекесi (басқа жерлердi қайдам, Астанадағысын айтам) бұрынғыдай бiр ай емес, түскi сағат 11-ден түскi сағат 3-ке дейiн ғана болады. Және бәрi – жасанды!

– Гумилев университетiнде сабақ бергенiңдi бiлемiз. Қазiр қай салада жүрсiң?

– Қазiр 7 телеарнада Дубляж бөлiмiнiң редакторымын. Қазiр арнадағы аударма жағына тер төгiп жатырмыз. Кемшiлiк көп әрине, бiрте-бiрте түзелiп келемiз. Қазақ тiлi жасанды аударма тiлге айналып бара жатқаны қынжылтады. Қазiргi жұмысымыз – ешкiм түсiнбейтiн қазақшаны жұрт түсiнетiн қазақшаға аудару! Қазiр, Аллаға шүкiр, таңдаулы тәржiмашылар жиналған ұжымымыз күннен күнге нығайып келедi. Шетелдiк фильмдердi орысшадан емес тiкелей түрiк, ағылшын, қытай тiлдерiнен аударуға күш салып жатырмыз. Бiздiң қазiр көздiң қарашығындай сақтауға тиiс нәрсемiз – тiлiмiз бен дiнiмiз. Ол екеуi болмаса, тәуелсiздiк құр әдемi сөз болып қала бередi.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА