ШЕШЕНСӨЗДЕ АЙТУ МЕН СӨЙЛЕУ – БIР ЕМЕС…

ШЕШЕНСӨЗДЕ АЙТУ МЕН СӨЙЛЕУ – БIР ЕМЕС…

ШЕШЕНСӨЗДЕ АЙТУ МЕН СӨЙЛЕУ – БIР ЕМЕС…
ашық дереккөзі

Ахмет Байтұрсынұлы айқындап кеткен "әлеуметке дегенiн iстету үшiн ауызша айтылған" шешенсөздi, яғни қоғамдық санаға ауызша айту арқылы қозғау салу өнерi қашан басталғанының дәл мерзiмi мен мезгiлiн ешкiм анықтап бере алмайды. Бiрақ бiр нәрсе анық – шешенсөз тарихы үн қату, тiл қату пайда болғаннан; сөйлеу әдетi мен әдебi орныққаннан; айту машығы қалыптасқаннан басталады.

Зерттеушiлер алғашқы адамның санасының қалыптасу эволюциясын әлi толық анықтап болған жоқ. Тiлдiң пайда болу мен даму үрдiстерiнде сөйлеу мен айтудың арасы қанша уақыт алғанын анықтау адамтану нысаны болғанымен, замансөз тарихын зерттеу барысында айналып өтуге болмайтын ақиқат екенi даусыз. Бiздiң ойымызша, адам әуелi жеке дыбыс шығару; (үн қату), дара сөз айту; (тiл қату), сөз тiркестiрудi (сөйлеу) бiрте-бiрте әдетке айналдырған. Осыдан кейiн ғана тiркестердi қосып, белгiлi бiр ой жеткiзу машығын үйренген. Сөйлеу машығы кезiнде ол қара бастың қам-қарекетiне қатысты қажеттiлiктi өтеуге байланысты сөздiк қорды ғана пайдаланды. Сөйлеу әдетi ақпарат тасымалдау тәсiлiне айналды. Сөйлесiм, тiлдесiм құралы ретiнде бiрте-бiрте жетiле бердi. Бұл үрдiс те баяу жылжығанмен, адам санасының алға басуына орасан ықпал еткенi анық.

Қоғамдық қатынастар күрделенген сайын, сана да алға жылжыды. Қара бастың амандығы мен тоқтығы жеке адамға ғана байланысты емес, тұтас бұқараға байланысты болған соң, жеке көзқарастар ортаға салынуы қажет болды. Жеке адамдар ортасындағы қатынастар нығая, ауқымдала, тұтастана келе, ендi рулар мен тайпалар арасындағы қатысымдар жүзеге аса бастады. Бұл қатысымдар кезiнде жеке бас қамынан гөрi қауымның мәселесiн сөз ету бiрiншi орынға шықты. Қауымның яғни рудың, тайпаның өмiр сүруiне қатысты ойды, пiкiрдi жеткiзу қажеттiгi "айту" категориясын дүниеге әкелдi.

"Айту" мен "сөйлеу" категорияларының өзiндiк мағыналық-мазмұндық сипаттары бар.

Айту дегенiмiз – белгiлi бiр қоғамдық мәселеге қатысты санада қорытылған қажеттi ой жиынтығын тыңдаушыға тiкелей немесе белгiлi бiр ақпараттық құрал арқылы жеткiзу. Айту қажеттiлiктен туындайды. Пiкiр немесе ой айтушыға да, тыңдаушыға да қажет болғанда ғана айтылады. Ой, пiкiр белгiлi бiр нақты мекенатқа бағытталғанда ғана сыртқа сөздiк нұсқамен шығарылады. Басқаша айқындап айтсақ, айту үшiн:

бiрiншiден, "не туралы?",

екiншiден, "не мақсатпен?",

үшiншiден, "кiмге?" деген сұрақтарға жауап берiлуi керек. Бұлардан тыс "қалай?", "қашан?" деген сауалдарға да жауап iздеуге тура келедi. Ақтан Керейұлы:

Сөйлей-сөйлей берейiн,

Сөз жүйесiн көрейiн.

Әрi-берi сөйлесем

Бұ да менiң мерейiм.

Сөз дегенiң бұйым ба,

Сөйлегенiм қиын ба?

Талай-талай сөйледiм

Сатырлаған жиында.., – дейдi. Осында ол әрiден, берiден сөйлей беру – жиын алдында бұйым емес дегендi айтады. Демек, Ақтан ақынға топ алдында сөйлей салу оңай. Бiрақ оған айту – сөйлеуге қарағанда күрделi. Тыңдаңыз:

Айт десеңiз, жарандар,

Азырақ жауап бастайын.

Айт дегенде iркiлiп,

Бойымды балап тартпайын.

Парасатсыз жамандай,

Жүрексiнiп саспайын… – дейдi. (БҒЖ. 3-том, 51-542 беттер)

Айту екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Айту – парасаттылардың iсi. Парасатсыз болсаң, жұрт алдында айтуға келгенде жаман адамдай сасқалақтайсың, сасасың. Ақтан соны меңзеп отыр. Сөйлеу кезiнде сөйлеушi жалпылама баяндайды, тақырып та, мақсат пен мiндет те көмескiлеу болады. "Сөйле десең, жыршыңыз, алдарыңда жортақтар…" (БҒЖ. 3-том, 51-542 беттер) Яғни нақты бағыты көмескi, алды айқын емес, ойды кезiп жортуылдап кетедi. Ал айтуда ақынның тақырыбы да, сол тақырыпты қозғау мақсаты да айқын болады. Сөйлеу кезiнде сөйлеушi ойдан шығарылған оқиғаны да мақатсыз баяндай беруi мүмкiн. Ал айту кезiнде айтушы тек қажеттi шындықты мақсатты түрде айтатыны – басты шарт. Бiр нәрсе туралы айтатын болсаңыз, алдыңызда тыңдайтын адамыңыз болу керек. Алдыңызда тыңдайтын нақты адам тұрмаса, сiздiң дауыстап жеткiзген айтымдарыңыз (ауызша жеткiзген сөйлемдерiңiз) беталды сөйлеу болып шығады. Тегiнде, қазақ қоғамында кез-келген тыңдаушының талғамы мен талабы үлкен болған. Сондықтан да Ақтан Керейұлы секiлдi ақиық ақындар айтуға аса жауапкершiлiк, зор дайындықпен келедi. Өйткенi айту – қара бастың қамын күйттейтiн қарабайыр сөз емес, ол әр тыңдаушының көкейiндегi арыз-арман мен аңсар-ауанды дөп басу. "Түсiнетiн адамға, ретiн айттым терменiң…"

Екiнiң бiрi сөйлейдi. Яғни тiлi жаңа шыққан баладан алжыған адамға дейiн сөйлей алады. Бiрақ олар айту мiндетi мен қызметiн толық атқара алмайды. Олардың айтқаны тек жеке басының қажеттiлiгiне ғана қатысты да және сол қарақанбастық қызметтен әрi аспайды. Айту қоғамдық-әлеуметтiк мәселелер төңiрегiнде болғанда ғана өз мәнiне ие болады. Сондықтан да айтуды жүзеге асырушыларды қоғам алдында аса жауапты мiндет атқарушылар деп түсiнген абзал. Олар жоғарыда көрсеткенiмiздей, атқарар қызметi мен жауапкершiлiгiнiң деңгейiне қарай айтушылар тобына жатады.

Қоғамға байланысты ой мен пiкiрдi жалпының назарына ұсыну, яғни айту қажеттiлiгi артқан сайын уақыт өте келе қоғамда сөйлеушiлердiң арасынан жеке айтушылар тұлғалана, даралана бастады. Шешенсөздiң өнер дәрежесiне көтерiлуiне осы айтушылар себепкер болды.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ