Жаңалықтар

БАНКТЕР БОРЫШТАРЫН ӨТЕЙДI

ашық дереккөзі

БАНКТЕР БОРЫШТАРЫН ӨТЕЙДI

Қаржылық дағдарыстан естерiн ендi жинай бастаған отандық жекеменшiк банктер кезiнде 5 млрд. долларға бағаланған активтерiн мемлекеттен керi сатып алуы тиiс. Әзiрге қай банктiң қандай жолды таңдайтыны белгiсiз.

ҚР Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң хабарлауынша, 2010 жылдың желтоқсанында Агенттiкке заңды және жеке тұлғалардан келiп түскен 359 арыздың 54,4 пайызы екiншi деңгейлi жекеменшiк банктерге қатысты көрiнедi. Ал 65 сұрақ (19,8 пайызы) ҚР заңнамалық құжаттарын түсiндiруге және ипотекалық несиелеу, тұтынушылар құқығын қорғау және инвесторларға қаржылық қызмет көрсету мәселелерiне байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге қатысты. Бүгiнде банктен борыш алған отандастарымыз үшiн ең маңызды мәселе – қарыздық талаптарды қайта қарау, несиелердi қайта қаржыландыру, алған қарыздарды кешiру мен сыйақы мөлшерiн азайту.

Сонымен қатар арызданушылардың 28-i (8,5 пайыз) сақтандыру (қайта сақтандыру) мекемелерiнiң үстiнен шағымданған. Алайда бұл мәселе – ҚР Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң құзырындағы шаруа емес. Қазiргi кезде отандық зейнетақы жинақтаушы қорларының (ЗЖҚ) жұмысына көңiлi толмайтындар да бар екен. Мәселен Агенттiк атына келген 12 шағым (3,6 пайыз) елiмiздегi кейбiр ЖЗҚ әрекетiне қатысты арызданған. Қор нарығында бағын сынағысы келгендердiң 9-ы, яғни шағымданушылардың 2,7 пайызы құнды қағаздар нарығындағы субъектiлер мен банктiк шаралардың жекелеген түрiн жүзеге асыратын мекемелердiң әрекетiне наразы.

Отандық жекеменшiк банктер туралы мәселенi апта басында Премьер Кәрiм Мәсiмов те көтердi. Дүйсенбi күнi Үкiмет басшысының қатысуымен Астанада өткiзiлген "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының кеңейтiлген отырысында ол Қор төрағасы Қайрат Келiмбетовке 2009 жылы "Самұрық-Қазына" арқылы мемлекет сатып алған БТА, Казкоммерц, Халық банкi және Альянс банктерiнiң активтерiн керi қайтаруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Дағдарыстың кесiрiнен тығырыққа тiрелген банктерге 5 млрд. доллар көлемiнде қаржылық қолдау бiлдiрген мемлекет ендi банктердiң капиталынан бас тартпақшы: "Бiз мұндай қадамға амалдың жоқтығынан барған едiк. Ендi банктерге салынған қаражатты мемлекетке керi қайтаратын уақыт жеттi. Ал банктер жекеменшiк саланы тарта отырып, корпоративтiк басқару қағидасына сәйкес жұмыс жасауы тиiс". Былтыр Үкiметтiң дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы шеңберiнде мемлекеттен бөлiнген 1 трлн. 87,5 млрд. теңгенiң 90 пайыздан астамын ойдағыдай игерген "Самұрық-Қазына" БТА, Альянс банк пен Темiр банктерiнiң борышын қайта құрылымдауды жемiстi аяқтаған. Осының нәтижесiнде БТА-ға тиесiлi 12 млрд. доллар көлемiндегi сыртқы қарыз 3,7 млрд. долларға дейiн төмендетiлген. Ал Альянс банкiнiң 4,5 млрд. долларлық берешегi 1,16 млрд. долларға қысқарыпты. Темiр банкi 770 млн. долларға тең берешегiн мемлекеттiң арқасында 61 млн. долларға азайтқан. Сондай-ақ мiндеттемелердi өтеу мерзiмi қарыз берудiң орташа мөлшерiн 9-10 пайызға төмендете отырып, қолданыстағы 1-5 жылдан 8-20 жылға дейiн ұзартылған. "Самұрық-Қазынаның" еңбегi босқа кеткен жоқ. 2010 жылы аталған үш банктiң несиелiк рейтингiне жоғары баға берген халықаралық рейтинг агенттiктерi отандық қаржы саласын кең ауқымда қолдауға бел буған мемлекеттiк саясатқа оң баға бердi. Қаржылық сектордың тұрақтануына Ұлттық Қордан экономиканың нақты секторына кредит беру үшiн бөлiнген 60 млрд.теңгенi Халық банкiнiң мерзiмiнен бұрын қайтаруы дәлел бола алады. ЦентрКредит Банкi, Kaspi Банк және Халық банкi шағын және орта бизнестi қолдау бағдарламасы бойынша 40 млрд.-тан астам теңгенi мерзiмiнен бұрын қайтарды. Бұдан басқа, 2010 жылғы желтоқсанда Қазкоммерцбанк 46,5 млрд. теңгенi мерзiмiнен бұрын қайтарды.

Негiзi мемлекет меншiгiндегi иелiктерiн, яғни активтерiн қайта сатып алуға банктердiң өздерi де кетары емес. Былтыр қыркүйекте арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Халық банкiнiң басшылығы 2010 жылдың соңына дейiн өз акциясын "Самұрық-Қазынадан" сатып алатынын мәлiмдеген болатын. Алайда бұл шара әлi күнге жүзеге асырылған жоқ. Ал ТұранӘлемдегi мемлекеттiк активтердi шетелдiк инвесторларға сату көзделуде. Аталған мәселеге орай әзiр нақты ақпарат жоқ. Бiрақ БТА акциясын ресейлiк Сбербанк қанжығасына байлайды деген болжам бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ