ЖАҚСЫҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕУ
ЖАҚСЫҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕУ
Қалалық №73 мектеп-гимназиясында оқушыларын нашақорлық (наркомания, токсикомания) сияқты әлеуметтiк кеселдерден аластатуға зор мән берiледi. Осы орайда бiз мектеп директорының тәрбие жұмысы жөнiндегi орынбасары Алтынай Тайменовамен әңгiме қозғаған едiк.
– Алтынай Сұлтанғалиқызы, мектеп-гимназияда нашақорлыққа қарсы қандай шаралар жүргiзiлуде? – Бұл жұмыстардың негiзiн аудан және қала жоғары оқу құрылымдарынан келiп тұратын "онкүндiк", "айлық" шаралар қалайтын болады. Өз жағымыздан оқу жылына толық жоспар жасаймыз. Олар – әңгiмелесу циклы, оқушылар, ата-аналар, сынып жетекшiлерi алдында дәрiстер оқу. Одан басқа, арнайы пәндер "Тiршiлiк қауiпсiздiгiнiң негiздерi", "Азаматтық тану", т.б. арқылы биология, әдебиет пәндерiмен байланыстырып, талқылау жүргiзiледi. – Жаңа жоспар – циклограмма арқылы қандай жұмыстар атқардыңыз? – Қыркүйек айынан Жаңа жылға дейiн Құқықтық және полимәдениет, коммуникативтiк мәдениеттi қалыптастыру, азаматтық-патриоттық тәрбие және баланың жеке тұлғалық белгiсiн қалыптастыру шаралары өткiзiлдi. Гимназияда дәстүрлi жағдайда "Жаяу жүрушiлерге жол ашу", сондай-ақ жаман әдетке қарсы насихаттайтын "Айжан" қуыршақ театрының көрсетулерi болып тұрады. Елiмiздiң Тәуелсiздiк күнiне байланысты Халықтар достығы фестивалi өткiзiлдi. Осы орайда жетекшi-мұғалiм Гүлмира Күлсейтованың басқаруымен 1 "В" сынып оқушылары өзбек халқының дәстүрiмен таныстыру көрiнiстерi өте тамаша өттi. Музыка (әуен) пәнiнен сабақ берушi Светлана Федорованың, 7 сынып мұғалiмi Райхан Қазкенованың шәкiрттерi украин және ұйғыр халықтарының өмiрiн әсерлi бейнеледi. Аудандық "Әбiлез бәйгесi" байқауында бiздiң оқушылар екiншi орын алды. Ата-аналармен ағарту жұмыстарының өткiзуге байланысты, олардың алдында гимназия психолог Гүлжан Мамырбаева, әлеуметтiк педагог Раиса Мұхамбетқалиева, дәрiгер-гинеколог Лейла Қалиева, т.б. мамандар жалпымектептiк жиналыста үнемi әңгiмелер жүргiзiп тұрады. – Салауатты өмiр сүру салтына байланысты "Азиада-2011" қатысатын спортшылармен кездесулер жоспарда бар ма? – Әрине. Жуырда бiр топ спортшылар бiздiң оқушылармен кездесуге уәде берiп, алдағы сенбi күнi оларды қарсы алатын болдық. Ұранымыз: «Спортшылар мен оқушылар нашақорлыққа қарсы!» Шәкiрттерiмiз сол спортшыларға қарап жаманнан жиренiп, жақсыға қарап бой түзейдi деген үмiтiмiз бар. Олар өздерiнiң қызықты әңгiмелерiмен оқушыларға ой салары сөзсiз. – Iске сәт! Алмат САҚИҰЛЫ