Болжам: ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫСТЫҢ ЫЗҒАРЫ ӘЛI СЕЗIЛЕ БЕРЕДI
Болжам: ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫСТЫҢ ЫЗҒАРЫ ӘЛI СЕЗIЛЕ БЕРЕДI
"Қазақ журналистерi клубының" кезектi қонағы – Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры Меруерт Махмұтова ханым. Елiмiздiң экономикасының кешегiсi мен бүгiнгiсiн, керi шегiнiсi мен iлгерi дамуын талдап, таразылап жүрген экономист-маманның айтары көп. Қалай десекте, бiлiктi маманның пiкiрiне үстiрт қарауға хақымыз жоқ сияқты.
БАҒАНЫҢ ӨСУIНЕ КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ ЫҚПАЛЫ БАР
– Қазақстанда азық-түлiктiң қай түрi өндiрiлiп, қай түрi шетелден келедi деген сауалға жауап беру қиын. Өйткенi күнделiктi тағамға пайдаланылатын картоптың өзi импорттан келедi. Ауылшаруашылығы өндiрiсiн дамытпайынша, импорттың арқасында күн көре беремiз. Негiзi азық-түлiк бағасының құбылуы – валютаның өзгеруiне, көршi мемлекеттердiң экономикалық саясатына байланысты. Сондықтан ертеңгi күнi "азық-түлiк қымбаттамайды, инфляция төмен деңгейде болады" деп кесiп айту қиын. Ол үшiн Қазақстанның өз экономикасына өндiретiн тауары болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, өзiмiзде өндiрiлiп жатқан отандық өнiм там-тұм ғана.
Кедендiк одақ – экономикалық емес, саяси одақ. Бұл Қазақстанға шығын әкелмесе, кiрiс келтiрмейтiн сияқты. Елiмiз Кедендiк одаққа кiргелi берi халықаралық сауда тарифтерiн көтердi. Одан бұрын Қазақстанның экономикасы сауда саясаты жағынан дүниежүзiнде ең бiр либералды экономиканың бiрi болды. Шетелден әкелiнетiн импорттың бағасын төмендетпесек, оны кiм төлейдi? Мұнда тағы да қарапайым халық жапа шегедi. Үштiк одақта Ресейдiң нарығын қолдаймыз деп, көлiк бағасына деген тарифтi көтерiп жiбердiк.
ОРТАҚ ВАЛЮТАНЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС
– Бiр валютаға көшу, бiр валюталық саясатты жүзеге асыру мүмкiн емес. Себебi Ресей мен Қазақстанның экономикасын салыстыруға келмейдi. Бiр мемлекеттiң экономикасы – iрi, ендiгi бiр мемлекеттiкi – кiшi. Бұдан олардың бiр валюталық саясатты жүзеге асыру мүмкiншiлiгi азаяды. Кедендiк одаққа Украина мен Қырғызстан кiредi екен деген қауесеттiң тарағаны рас. Негiзi Украина саясатының бағдары – Еуропа. Украинаның Еуроодаққа кiру мүмкiндiгi де, үмiтi де бар шығар. Бiрақ олардың "Кедендiк одаққа кiремiз" деген идеясы жүзеге аса қоймайды. Тiптi оны 50 млн. халқы да қолдай қоймайды. Қазiр шетелдiк БАҚ-ты қарасаңыз, "Путин жаңа империя жасақтап жатыр" деген ой-пiкiрлер жиi айтылады. Қолыма Гайдардың "Гибель империи" деген кiтабы түстi. Ол бұл шығармасын Путинге арнағаны көрiнiп тұр. Шығармада соңғы екi ғасырда қанша империя жоғалғаны туралы кеңiрек айтылған. Бiр қызығы, кiтаптың көтерген жүгi – "Ресейдiң жаңа империя құрам деген саясаттан аулақ болу керектiгiнде" жатыр. Мұның аяғы "Ресей өзiн құртады" дегенге екпiн түсiрген. Сондықтан да Қазақстан тәуелсiз мемлекет ретiнде өз экономикалық саясатын дамытуы тиiс.
ҚАЗАҚ ЕЛI ӨЗБЕКСТАН ҮЛГIСIН КӨШIРДI МЕ?
– Жақында Өзбекстанның бiр мемлекеттiк басылымында жергiлiктi экономист-сарапшылар: "Қазақстан үкiметi Өзбекстанның экономикалық саясатын көшiрiп алды. Неге қазақтар мұны "Өзбекстан жобасы" деп атамайды?" деп жазыпты. Десе де, екi елдiң экономикалық ахуалын салыстырсақ, бiз жекешелендiру деп iрi мұнай секторының бәрiн шетелдiк компанияларға берiп жiбердiк. Анда-санда қысып, салық алғанымыз болмаса, басқа ешқандай шара жасай алмаймыз. Ал Өзбекстанда керiсiнше, өнеркәсiп, өндiрiс ошақтары мемлекеттiң қолында сақталып қалды. Бұл өзбектердiң өзiне пайда әкелмесе, зиян келтiрмейдi.
Неге екенi белгiсiз, Қазақстан азаматтарында "Қазақстанда жүзеге асып жатқан идеяның бәрi – жақсы, Өзбекстанда – жаман" деген түсiнiк бар. Бiрақ бұл жерде де өзбектер ұтып отыр. Олар ұлттың байлығын келешек ұрпаққа аманат етiп тапсыруға күш салуда.
ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН 20 млрд. ДОЛЛАР ЖҰМСАЛДЫ
– Өзiм бюджеттi зерттеп жүрген соң, "ақшаның көзi қайда кетiп жатыр, қалай пайдаланып келемiз?" деген сауалға жауап iздеймiн. Соңғы екi жылда дағдарысқа қарсы күрестi жүзеге асыру үшiн Ұлттық қордан 16, 3 млрд. доллар ақша жұмсалды. Ал кiрiс аз. Ақшаның көбi шетелдiк шоттарға кеттi. Олардың есебiн қарасам, iлiп алатындай ақпарат жоқ. Одан кейiн дағдарысқа байланысты құрылыс секторындағы мемлекеттiк саясатты зерттедiм. 2008 жылы статистика бойынша 300-ге жуық жаңа құрылыс компаниясы ашылса, 2009 жылы 200-ге жуық құрылыс компаниясы жұмыс iстедi. Мұның бәрi мемлекеттен бөлiнген ақшаны қармап қалуға ортақтасты. Жалпы билiк дағдарыспен күресiп жатырмыз дегенмен, ол қаржы кiмнiң қолына түстi, кiм қалай пайдаланды, одан азаматтар қандай пайда көрдi? Бұл жағы – бұлыңғыр. Шын мәнiнде, дағдарысқа қарсы 20 млрд. доллар жұмсалды. Бұл экономиканың ұзақ мерзiмдi дамуына әсер ете ме, етпей ме, белгiсiз.
МҰНАЙ БАҒАСЫ ӨССЕ, ЭКОНОМИКАҒА ПАЙДАЛЫ
– Соңғы кезде мұнайдың бағасы көтерiлiп жатыр. Қазақстанның ЖIӨ, төлем балансындағы сауда сальдосы, импорт пен экспорттың айырмашылығы, бәрi-бәрi мұнай бағасына байланысты. Жалпы мұнай секторында елiмiздiң ЖIӨ – 22 пайыз. Бюджеттiң кiрiсi де мұнай бағасына тәуелдi. Мұнай өссе, экономика өседi. Мұнай төмендесе, экономиканың дамуы да төмендейдi. Бiрақ мұнай бағасының өсуi билiкке экономиканың диверсификациясын жүзеге асыру қажеттiлiгiн көрсетпей отыр. Баға 2008-2009 жылдары құлдырап кеткенде де ақшаны үнемдеудiң жолы қарастырылмады. Қазiр бюджетке қанша кiрiс түсетiнiн дәл айту өте қиын, өйткенi мұнай-газ саласында жасалған келiсiм-шарттарда не айтылып, не қойғанын ешкiм бiлмейдi. Мұнай-газ саласындағы негiзгi келiсiм-шарттар 1990 жылдары жасалғаны белгiлi. Экономиканың бұл секторындағы салықтар қазiргi салық заңдарына бағынбайды. Сондықтан салық заңдарына енгiзiлген өзгерiстердiң бұл келiсiм-шарттарға қатысы да жоқ. Қазақстан Қаржы министрлiгi ұсынып отырған мұнай-газ секторындағы салық жүктемесiнiң коэффициентi мұнайшылар шағымданатындай аса жоғары емес. Ал шетелдiк сарапшылар болса, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы салықты айтарлықтай жоғары деп бағалап отыр. Менiң ойымша, экономиканың бұл саласынан түсетiн пайданың қаншалықты ашық жұмсалатынын мұқият тексеру қажет.
Шетелдiк компаниялар бiзден бiр күнде кете қоймайды. Кетiп жатса да, одан бiзге келетiн зиян да жоқ. Бiздiң мемлекет жалғыз мұнай секторына ғана көңiл бөлмей, басқа да салаға басымдық беруi тиiс. Бүгiнде мұнай өндiрiп отырған аймақтағы халықтың тұрмысы өте төмен. Сырттан ағылған компаниялар Ақтау мен Атырауда iрi қонақүйлер салып, жайнатып тастаған шығар. Ал қаладан 30-40 шақырым жердегi ауылдың жағдайы мәз емес. Шын мәнiнде, бүгiнде мұнайдың пайдасын көрiп жатқан мемлекеттер бар. Мәселен Норвегия 1964 жылдан бастап мұнай өндiрудi дамыта бастады. Олар экономиканы да диверсификациялады, мұнай секторының ЖIӨ 25 пайызға жеткiздi, сондай-ақ балық шаруашылығының ЖIӨ 25 пайызға көтердi. Нәтижесiнде денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк салаға көп қаржы жұмсайды. Айталық, бiз денсаулық сақтау саласына бюджеттен 2,3 пайыз жұмсасақ, олар 8 пайыз бөледi.
БЮДЖЕТТI БОЛЖАУ ДҰРЫС ЖАСАЛМАЙДЫ
– Бiзде бюджеттiк шешiмдер жыл сайын өзгерiске ұшырайды. Үкiмет бюджеттiң болжамын жасағанда мұнай бағасын төмен деңгейде есептеп жатады. Бұған қарамастан мұнай бағасы өсiп кетуi мүмкiн. Соған байланысты бiр жыл iшiнде бюджет үш мәрте қайта қаралып отырады. Ең бiрiншi, бұл – мұнай бағасына, бюджеттiк кiрiстiң көтерiлуiне байланысты. Егер республиканың бюджетi өзгерсе, бүкiл облыс, ауданның бюджетi қайта қаралады. Бұл өзгерiстi Парламент наурыз айында қабылдаса, ол облыс, ауданға жеткенше маусым болады. Тендер көбiнесе қараша айында ғана жарияланады. Бiр айдың iшiнде бюджеттiң ақшасын пайдаланып жатады. Демек бұл – бюджеттi алдын ала болжауға байланысты. Бiр өкiнiштiсi, бiзде болжам да дұрыс жасалмайды. Соның салдарынан жыл бойы өзгерiске ұшырап, ақша уақытында игерiлмейдi. Үш жылдық бюджеттi де шығарып отырғаны сол. Бұл бiр жылда пайдаланылмай қалған ақшаны келесi жылға жаратамыз деген ойдан туған сияқты.
ТЕҢГЕ ЕРКIН АЙНАЛЫМҒА ЖIБЕРIЛЕ МЕ?
– Ұлттық банкi: "20 наурыз күнi теңгенi еркiн айналымға жiберемiз", – дедi. Осыны естiген жұрт дүрлiгiп жүр. Бұл – дұрыс процесс пе, бұрыс па? Мұның экономикаға ықпалы бола ма? Ел арасында бiр доллардың бағасы 180-200 теңге болады деген де қауесет бар.
Қазақстаның ұлттық валютасы неге күшейедi? Доллар мен теңгенiң бағасы Қазақстан экономикасына шетелден қанша валютаның келетiндiгiне қарай өзгередi. Бұл – ең бiрiншi мұнайдың бағасына қатысты. Екiншiден, бiздiң банктердiң шетелден қаржыландырылуына да байланысты. Мұнай бағасы өсiп жатса, оның нәтижесiнде салық, кiрiстер жоғарылап жатса, әрине бұл теңгенi күшейтедi. Менiңше, Қазақстанда Қытайды зерттейтiн институт ашу керек сияқты. Қазiр Еуропа үстемдiк жасаған бұрынғы позициясын жоғалтты. Оның орнына Қытай келдi. Олар он-он бес жылда юаньды үшiншi халықаралық валюта ретiнде енгiземiз деп жатыр. Оған Қытайдың экономикалық саясаты да, әлеуметтiк мүмкiншiлiгi де жетедi.
Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ