Жаңалықтар

ӘСЕМ ЖИҺАЗДЫҢ ӘДЕМI ӘСЕРI

ашық дереккөзі

ӘСЕМ ЖИҺАЗДЫҢ ӘДЕМI ӘСЕРI

Әдетте елiмiзде отандық өнiм жоқтың қасы деп жатамыз. Бiрақ жиһаз жасаудағы негiзгi компонент – поролонның Қазақстанда жасалатыны туралы бейхабармыз. Тәуелсiздiк алған жылдардан берi iрi зауыт құрып, тұңғыш поролон өндiрiсiн өркендеткен кәсiпкер Қуанышбек Өнерхан бүгiнде орта кәсiпкерлiктi дөңгелетiп отыр. Бұрындары Ресей мен Қытайдан тасымалданатын өнiм ендi өз елiмiзде көптеп өндiрiледi. Отандық өнiм мен кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында Қуанышбек мырзадан кәсiпкерлiктiң қиын да күрделi жолы туралы айтып берудi сұраған едiк.

– Поролон өндiрiсiн қалай бастадыңыз? Зауытты құру идеясы қашан дүниеге келдi?

– Туған жерге келген бетте айналысар шаруа көп болған жоқ. Екi қолға бiр ермек iздеп, ананың басын, мынаның басын бiр шалдық. Сөйтiп жұбайым екеумiз базарда саудамен айналыстық. Алматының талай аязды күндерiнде, қақаған қыста далада тұрдық. Поролон жетiспеушiлiгiн сонда байқаған едiк. Себебi арғы беттен келген қазақтардың көпшiлiгi жиһаз жасауға, ұсталыққа бейiм келедi. Поролонды бiресе ана жақтан, бiресе мына жақтан тасиды. Кейде тiптi таппайды, уақытында жеткiзiлмей қалады. Әрбiрден соң өндiрiске кедергi жасайды. Бiз де сол iстiң айналасында болдық, поролонның қажеттiлiгiн аңғардық. Жиһаз жасауда поролонның ең басты компонент екенiн ұққан соң, осы кәсiптi меңгерудi мақсат тұттым. Әуелде үш адам болып бастап, қолдан құятын техниканы пайдаланып жүрдiк. 2000 жылдары Алматы қаласы бойынша екi-ақ поролон цехы болды. Сол жерде қызмет iстеп жүрiп, Айтуған деген жiгiтпен таныстым. Поролон жасаудың қыр-сырын содан сұрап алған соң, әлгi цехтың бiреуiн сатып алдым. Сөйтiп 2001 жылы "Отау" ЖШС-ын құрып, бiрден iске кiрiсiп кеттiк. Бұл кәсiптi бастау оңай болған жоқ, әрине. Поролон жасауға қажет шикiзаттың барлығын шетелден алдырамыз. Мәселен ең басты шикiзат – полиэфирдi Германиядан аламыз. Поролон жасайтын технология Қазақстанда жоқ, алғашқы қондырғыны Тайваньнан әкелуге тура келдi. Мiне, заманға сай технологиямен қамтамасыз етiп, аумағын кеңейтiп, бүгiнде поролонның 7 түрiн шығарып отырмыз.

– Әрбiр кәсiп иесiне бiр iстi бастау оңайға соқпайтыны белгiлi. Ал сiздiң кәсiпкер ретiнде көрген қиыншылықтарыңыз көп пе?

– Мiндеттi түрде қиындықтар алдыңнан шығады. Онсыз болмайды. Шикiзат табу мәселесi де оңай болған жоқ. Шикiзат жеткiзушi компаниялармен келiсiмшартқа отыру ұзаққа созылды. Өйткенi шикiзат Қазақстан тұрмақ Ресейден табылмайды. Бiрақ қазiр бәсекелестермен тiл табысып, қалыптасып қалдық. Бiз Баян Өлгийден Қазақстанға 1991 жылы келдiк. Көштiң басында бiз болдық. Бастапқыда қағаз-құжаттарымыз дайын болғанша екi жылдай Талдықорған маңында Қабанбайда тұрдық. Кейiннен Алматыға көшiп келдiк. Осы жерде ұн диiрменiнде iстедiм. Диiрменде ауысыммен жұмыс iстегендiктен бос уақытта Райымбек пен Сейфуллин көшелерiнiң қиылысында жалданып, жұмыс iстеуге тура келдi. Ол кезде жүк түсiру, жүк басу секiлдi қара жұмыстар көп. Ақшасы да жаман емес едi. Диiрменде iстеген бiр айлығыңды көшеде тұрып, 2-3 күнде тауып алатынсың. Жас болған соң жұмыстың ауыр-жеңiлiн талғамайсың: үй де салдық, жер де қаздық. Қара жұмыстың түр-түрiн iстедiк жiгiттермен. Осылай үш жылдай диiрменнiң ауысымы мен қара жұмыста жүрдiк. Күнкөрiстiң қамымен базарға шықтық кейiннен. Мiне, осы базарда жүргенде нарықтағы поролон жетiспеушiлiгiн байқап, осы кәсiпке мойынбұрдық қой.

– Поролон өнiмi жалпы неде пайдаланылады?

– Поролонның қолданылу аясы кең. Жиһаз өнiмдерiнен өзге киiмге, жағалы киiмдердiң иығына салуға, аяқ киiмге, ыдыс-аяқ жууға, көлiк жууға пайдаланылады. Бұрын Ресейден, Қытайдан итшiлеп жүрiп әрең табылатын поролон елiмiзде жасалатын болды. Поролонның 7-8 түрi нарыққа шығарылады. Нарықта қазiр поролон тапшылығы жоқ, отандық өнiммен қамтамасыз етiп тұрсақ та, шетелден тасымалдау тоқтаған жоқ. Ол тоқтамайды да. Нарық болған соң бәсекелестер келе бередi. Ал бiз бiр орында тоқтап қала алмаймыз, техниканы жаңартып, ауыстырып отырамыз. Биыл да бiрқатар жаңа қондырғылар орнаттық.

Бiздiң кәсiпорында қайта өңдеу құрылғысы бар. Яғни өндiрiстiк қалдық қалмайды, ысырап жасамаймыз. Жиһаз жасаушы кәсiпорындар поролон қалдықтарын бiзге қайтарып бередi, соны ұсатып, қайта өңдеу арқылы өте тығыз поролон дайындалады. Оның пайдалану аясына келер болсақ, балуандардың күресетiн кiлемiн жасауда осы тығыз поролон қолданылады. Жалпы поролонның бұл түрi спортта жиi қолданылады: спорттық матрацтар, кiлемдер осылай жасалады.

– Тұтынушылар нарығы қалай?

– Негiзiнен Алматы қаласы бойынша бiз ғана поролон өндiремiз. Ал жалпы Қазақстан бойынша Қарағанды мен Семейде цехтар бар. Басты бәсекелестерiмiз де – солар. Ендi нарық болған соң барлық шығынды есептей келе бағаны белгiлеймiз. Негiзi бәсекелестер кез келген кәсiпте бар ғой. Бiздiң нарықта шетелден келетiн өнiм көп. Мәселен Ресейлiк поролондарды елiмiзге алып келiп, арзан сатуға тырысады. Тiптi бiр жылдары тура бiздiң зауыттың қасына қойып тұрып, өте арзан бағамен сатты. Кейiннен олармен тiл табысып, тауар нарығында келiсiмге келуге тура келдi. Себебi арзан баға оған да, маған да тиiмдi емес қой. Бiздiң негiзгi жұмыс iстеу принципiмiз – арзан және сапалы өнiм өндiру. Әйтпесе нарықта ысырылып, шетте қаласың.

Тұтынушыларға келер болсақ, поролон алатын iрi кәсiпорындар бар. "Жиһаз", "Арива", "Зетта", "Рамазан", "Кардинал" жиһаз фабрикалары бiздiң поролонды тұтынады. Олардың берген тапсырыстары бойынша поролонды өлшеп-пiшiп беремiз. Қай фабриканың қай уақытта, қанша мөлшерде алатыны бiзге белгiлi. Сондықтан алдын-ала дайындап отырамыз. Бұдан өзге де iрiлi-ұсақты жиһаз жасаушылар бар, өз ауласында жұмыс жасайтын шеберлер де алып тұрады.

Алдыңғы жылдары жақын шетелдерден де тапсырыс алып тұратынбыз. Бертiн келе оны тоқтатттық, тек Қазақстан аумағында ғана жұмыс iстеймiз.

– Үкiмет шағын және орта бизнеске қолдау көрсетiп отырғанын жиi айтады. Сiз өзiңiз кәсiпкер ретiнде қолдау көрдiңiз бе?

– Кәсiпкерлiкте алдымен қаражат жағы қиындау болады. Iшкi қажеттiлiктерге "Даму" бағдарламасы желiсi арқылы несие алғанбыз. Оның пайызы төмендеу. Негiзiнде Үкiметке көп қол созбаймыз. Жалпы бiз кәсiпорынды бастаған кезде экономикалық жағдай оңып тұрған жоқ-тын, яғни шағын және орта кәсiпкерлiкке қол ұшын бере қоятын дәрежеде болған жоқ. Ел экономикасы ендi-ендi көтерiлiп келе жатқан кез едi. Бастапқыда қаражат мәселесiнен қатты қиналдық. Жұмысшылардың айлығы, орынжайды ұстап тұру керек, үкiметке төленетiн салық бар, коммуникация, үстiнен 5-6 пайыз пайдамызды қосамыз – осының барлығы бағаға әсер етедi. Қазiр бәсекелес көп, тауарды орынсыз қымбаттатсам, оны ешкiм алмайды ғой.

– Синтепон өнiмiн шығаруды қолға алыпсыздар…

– Қазiр нарықта синтепонға сұраныс бар. Сондықтан синтепон жасайтын қондырғыны 2010 жылы орнаттық. Ол технологияның өзiн Қытайдан алдырттық. Бұл жерде шикiзатты тағы да шетелден алуға тура келедi. Мәселен, негiзгi компонент – полиэфирлi талшықтар Кореядан тасымалданады. Ал ендi бiздiң шикiзатты жекелеген кәсiпорындар көрпе-жастық, жиһаз, киiм өндiрiсiнде пайдаланады. Себебi поролоннан жасалған матрацтар қалта-қалта болып кетпес үшiн, сыртынан синтепонмен қапталады.

– Отандық өнiм және кәсiпкерлiктi қолдау алға қойылып отыр.

– Бiздiң өндiрiс Қазақстандағы ең iрi және тұңғыш кәсiпорын болып табылады. Техникалық мүмкiншiлiгiмiз өте зор. Егер де екi-үш ауысыммен жұмыс iстесек, бүкiл Қазақстанға поролон шығарып бере аламыз. Яғни республикадағы жиһаз кәсiпорындарын толықтай поролонмен қамтамасыз ете аламыз деген сөз. Бұл құрылғы сағатына 10 тонна поролон құя алады. Қазiр аптасына 2-3 рет қана қосамыз, онда да 1 сағатқа ғана.

Кәсiпорында 30-дан астам жұмысшы бар. Түсте жұмысшыларға түскi ас берiледi. Ал қайырымдылық шараларына аздап қатысып қоямыз. Негiзiнен жұмысшылардың көпшiлiгi – оралмандар. Құжатпен жүгiрiп анда барады, мында барады. Соларға өз тарапымыздан жеңiлдiк жасап тұрамыз, бiр мүгедек апайдың жыл сайын шипажайда ем алуына ақшалай көмектесiп тұрамыз. Баянөлгейдiң 70 жылдық мерейтойына шама-шарқымызша қатысып, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына көмек берiп жүрмiз. Ал үлкен деңгейде жәрдем жасауға мүмкiндiгiмiз шектеулi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Ақниет ОСПАНБАЙ