Жаңалықтар

ДОМОДЕДОВОНЫ ДҮР СIЛКIНДIРГЕН ЖАРЫЛЫС

ашық дереккөзі

ДОМОДЕДОВОНЫ ДҮР СIЛКIНДIРГЕН ЖАРЫЛЫС

35 адам өмiрмен қош айтысты 

Бүкiл Ресейдiң жанын түршiктiрген қайғылы оқиға дүйсенбi күнi орын алған едi. Мәскеу уақытымен 16:32-де Домодедово әуежайында жарылыс болып, 35 адамның өмiрiн қиды. Халықаралық рейс жолаушыларының келу залындағы жүк алатын жерде жанкештi өзiн жарып жiберген. Бұл лаңкестiк апат кесiрiнен 110 адам түрлi дәрежедегi жарақат алып, ауруханаға түстi.

Бұл тосын жайдың алдын алу мүмкiн емес едi. Ресей ұлттық антитеррорлық комитеттiң өкiлi Николай Синцовтың айтуынша, Домодедово әуежайындғы қауiпсiздiк шаралары тиiстi деңгейде емес, әйтпесе жарылыс болмас та едi. Жарылыс болған залға жолаушылар еркiн кiрiп-шығады, ал олардың жүгi тексерiлмейдi. Қарапайым халықтың мұңына айналған бұл апаттың бiр себебi – осы. Осынау қайғылы жағдайда Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев Швейцарияда өтетiн Бүкiләлемдiк экономикалық форумға сапарын шегеруiне тура келдi. Ажал құшқан бейкүнә жандардың туған-туысқандарына көңiл айтқан президент әуежай басшылығына тексеру жүргiзудi қатаң тапсырды. – Әуежайдың жаңа, заманауи талаптарға сай екенiнде сөз жоқ. Бiрақ болған оқиға қауiпсiздiк шараларының оңбай бұзылғанын байқатып отыр, – дедi президент. Оқиға орнын тексерген мамандардың айтуынша, лаңкестiк әрекеттi ұйымдастырушылар жоспар бойынша қимылдап, бүге-шiгесiне дейiн дайындап қойса керек. Жарылыстың мақсаты – барынша кең ауқымды қамтып, көп адамды жаралауға бағытталған. "Қазiр барлық жұмыстар рет-ретiмен орындалып жатыр. Терроризмнiң не екенiн бiз жақсы бiлемiз", – дедi Д.Медведев. Лаңкестiк оқиға әйгiлi әуежай жолаушыларының зәресiн алса да, Домодедово әуежайында ұшыру кестесi бұзылған жоқ. Әуежай кешкi сағат бес жарымдарда толықтай iске қосылып, сақтық шаралары күшейтiлiп, есiктерге бақылау қойылды. Мәскеудегi жойқын жарылыс 7-ден 10 келiге дейiн тротил күшiне тең болған дейдi мамандар. Жапа шеккендердiң тiзiмi Ресейдiң Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң ресми сайтына енгiзiлген. Бұл тiзiмде Қазақстан азаматтарының жоқ екенi анықталды. Десе де жарақат алғандардың көпшiлiгi Словакия, Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия мен Тәжiкстан азаматтары болып шықты. Ендi оларға Ресей Үкiметi жәрдемақы тағайындамақшы. А.Бейiмбет