Жаңалықтар

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН КIМ ҰРЛАДЫ?

ашық дереккөзі

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН КIМ ҰРЛАДЫ?

Таяуда болған апаттардың құпия астары

Жаңа жылдың бiрiншi онкүндiгiнде Қырғызстанның бiрқатар аймақтарында электр қуатының жеткiзiлуi тоқтап қалғаны мәлiм. 5 қаңтарда Ош облысындағы су-электр станциясында, 8 қаңтарда өлкенiң солтүстiк аймағын электрмен қамтамасыз ететiн Бiшкектiң жанындағы Аламидин подстанциясында болған апаттар, тiптi көршi Жамбыл облысының, сондай-ақ Оңтүстiк Қазақстан және Қызылорда облыстарының ортаазиялық ортақ электр желiсiне қосылған елдi мекендерiн жарықсыз қалдырды.

Бұл төтенше оқиғалар электр энергиясын өндiру және тасымалдау iстерiмен айналысатын мекемелердi әбiгерге салып, оларды бұл мәселеге өте байсалды қарауға мәжбүр етуде.

Қырғызстанның Энергетика министрiнiң орынбасары Автандил Қалмамбетов бұл қырсықтар кәсiпорындар мен мекемелердiң және халықтың электр қуатын мөлшерден тыс пайдаланып жатқандығына және станциялардағы жабдықтардың ескiрiп кеткендiгiне байланысты екенiн мәлiмдедi. Мысалы Аламидинде қырсық шалған күндерi бiшкектiктер тәулiгiне 53 млн. кВт электр энергиясын пайдаланған. Өткен жылдың осы күндерi көрсеткiш 41 млн. кВт сағатты құраған. Аламидиндегi электр конденсаторын оңдау үшiн, оны уақытша тоқтатқанда, Бiшкек жылыту-электр станциясына салмақ түсiп, энергия шығару тоқтаған. Бiр жақсысы, аварияның алдын алушы бу қазандары өз мiндеттерiн ойдағыдай атқарып, жарылыс болмаған.

5 қаңтарда Қазақстанға электр қуатының жеткiлiктi бармай қалуының себебiн Қырғызстанның "Ұлттық электр тармақтары" кәсiпорнының бас директоры Раимбек Мамыров Ош облысындағы су-электр станциясы iстен шыққанда, Өзбекстанның Қазақстанға баратын желiден энергияны жырып алғандығымен түсiндiрдi.

Қырғызстанның кеншiлер бiрлестiгiнiң төрағасы Орозбек Дүйшеев электр станцияларындағы апаттар тозығы жеткен тетiктердi өз уағында ауыстырып, жеткiлiктi бақылау жасалмағандықтан болды деп есептейдi. "Министрлiк әрдайым жаңа жабдықтар алуға қаражат жетiспейдi деп келедi, энергетика – кiрiсi көп сала, мұнда ақшаны сол қалтаға ұрмай, жаңа технологияларды кiргiзуге көңiл бұру керек. Қырсықтардың негiзгi себебi – саланың сыбайлас жемқорлыққа жол бергендiгiнде", – дейдi ол.

Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанға Кеңестер Одағынан қалған ортақ мұралардың бiрi – электр энергиясын пайдаланудың бiртұтас жүйесi екенi белгiлi. Жүйе бойынша электр қуатын жеткiзуде 2008 жылы – 44, 2009 жылы – 27, 2010 жылы – 2, ал ендi биылғы жылы қаңтарда ғана – 2 үлкендi-кiшiлi iркiлiстер болған. Мұндай жағдайларға байланысты республикалардың ортақ жүйеден шығу мәселелерi де оқтын-оқтын көтерiлiп қалуда.

Қазақстан Үкiметiнiң селекторлық жиынында "Электр салаларын басқару бойынша қазақстандық компанияның" (KEGOC) президентi Алмасадам Сатқалиевтiң айтуынша, қазiргi мезгiлде Қазақстанның ортаазиялық жүйеден шығуы тиiмдi емес. Қазақстандық желiде 12 581 мВт электр қуаты айналыста болуы қажет, оның 11 854 мВт бөлiгiн республика өзi өндiредi, қалғанын Ресей және Қырғызстаннан алады. Ортақ жүйе Азиада ойындарын өткiзуде де септiгiн тигiзбекшi.

Қырғызстанның Энергетика министрi Асқарбек Шадиев егер Қазақстан ортақ электр жүйесiнен шығатын болса, ол Қырғызстанға үлкен дағдарыс алып келетiнiн, республиканың солтүстiк аймағы электр қуатынсыз қалатынын айтты. Өйткенi Тоқтағұл ГЭС-iнен өндiрiлген электр қуатының жартысы Қазақстан және Өзбекстанның желiлерi арқылы өлкеге қайта келедi.

Бүгiнгi күнде өлкенiң электрлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында бiрқатар iс-шаралар атқарылуда, оңтүстiктегi "Қамбарата-1 және 2" iрi ГЭС-терiнiң жобаларынан тысқары, Германиядан 23 миллион еуро көлемiнде несие алған Бiшкектегi "Солтүстiкэлектр" кәсiпорны жақын арада Шу өзенiнiң жоғарғы ағысынан шағын ГЭС-тi салуды қолға алмақшы.

Сондай-ақ, Қырғызстан электр қуатын экспортқа шығару арқылы да әжептеуiр пайда табуда. 2010 жылдың соңғы 8 айында Қазақстанға АҚШ долларымен есептегенде, кВт-сағаты 2,96 цент бағамен (1,4 қырғыз сомы) 1 млрд. 467 млн. 999 мың киловатт-сағат электр энергиясы, Қытайға 4,66 цент бағамен 1 млн. 135 мың 540 кВт-сағат электр энергиясы сатылған.

Қазiр Қырғызстанда электр энергиясының 1 кВт-сағатын халық 70 тиыннан (теңгемен алсақ – 2,50), заңды тұлғалар 1 сом 40 тиыннан тұтынуда. Үш фазалы электр қуатын пайдаланушылар үшiн тарифтi жоғарылату мәселесi көтерiлуде.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ