Жаңалықтар

АҚАН СЕРI МЕН МӘМБЕТ ӘЛI

ашық дереккөзі

АҚАН СЕРI МЕН МӘМБЕТ ӘЛI

Газетiмiздiң өткен санында (№2) "Шаһнаманы" жырлаған Сердалы деген кiм?" атты материал жарияланған едi. Сондағы Сердалы – мына мақаладағы Мәмбетәлiнiң әкесi. Бұлар – Октябрь революциясына дейiн-ақ көп жерге аты шыққан белгiлi тарихи тұлғалар. Мәмбетәлi Сердалыұлы Шөбековтiң орыс отаршылдарына кеткен атақонысын даулап, Ақ патшаға дейiн барғаны туралы жазушы Жайық Бектұров өзiнiң "Ақиқаты осы едi" атты кiтабында да жазған болатын.

Есiмi алты Алашқа мәшһүр болған, ғашықтық лириканың құдiреттi күшiн танытқан үлкен суреткер Ақан серi мен Шоқанның iзбасары атанған Сердалыұлы (Шөбеков) Мәмбет Әлiнiң арасындағы достық жайында көп адам бiле бермейдi.

Ақан серi (шын аты – Ақжiгiт) Қорамсаұлы 1843 жылы Көкшетау уезiнiң Шалқар болысында Үлкен Қоскөл жағасында дүниеге келдi. Ақжiгiт алғашқыда ауыл молдасынан бiлiм алып, хат таниды. Сонан соң Қызылжардағы Уәли медресесiнде оқыған. 16-17 жасында өнер жолына түседi. Тарихтың алтын парағына анасы еркелетiп қойған Ақан есiмiн мәңгi өшпестей етiп қалдырды.

Қазақтың кең даласын жезтаңдай даусымен баураған ақын Ақан серiнiң туған ауылына көршiлес Кiшi Қоскөл жағасында 1865 жылы Мәмбет Әлi (Ол өз қолжазбаларында "Мамбет-Али" деп жазған. Ал басқалар "Мәмбетәлi" дейдi.) дүниеге келедi. Әрине бесiкте жатқан жас сәбидi сол кезде халқының сөзiн сөйлеп Ақпатшаның алдында тұрады деп ешкiм ойлаған жоқ. Мәмбет Әлi ауыл молдасынан дәрiс алып, соңынан Көкшетаудағы үш кластық училищенi тәмамдап шығады. 1884 жылы Омбының техникалық училищесiне оқуға түседi. Бұл оқуда ол қазақтың аяулы азаматы, училищенiң оқушысы Әлихан Бөкейхановпен танысып, жақсы қарым-қатынаста болады. Мұрағат деректерiне сүйенсек, осы Омбы техникалық училищенiң толық 4 сыныбын тек Әлихан Бөкейханов бiтiрiп шыққан. Ал Мәмбет Әлi Сердалин "саяси сенiмсiздiгi" үшiн оқудан шығарылады. Бүркiт Ысқақовтың айтуынша: "Мәмбетәлi 1886 жылы Петербург университетiне оқуға түсiп, онда Лениннiң ағасы – Александр Ильич Ульяновпен бiрге жаратылыстану факультетiнде оқыған". Ол сондай-ақ 1887 жылы III Александрға қастандық жасалғаннан кейiн қамауға алынған көптеген студенттердiң қатарында Мәмбет Әлi Сердалин де болғандығын айтады. Қастандыққа қатысы бар-жоғына қарамастан көптеген студенттер Сiбiрге жер аударылады. Т.Боранғалиұлының "Петерборда оқыған талай қазақ жастары" атты мақаласында 1890 жылдары осы қала университетiн бiтiрген жетiсулық Барлыбек Сыртанов, ырғыздық Абдолла Темiров, оралдық Бақытжан Қаратаев оқығандары туралы айта келiп: "Бұлармен бiр жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлi Сердалин саяси көзқарасы үшiн қудаланып, университеттi бiтiре алмағанымен, зиялы экономист-ғалым ретiнде танымал болды", – дейдi. Оқудан шығарылған Мәмбет Әлi ауылына қайтады. Елге оралған соң, халық арасында демократиялық көзқараста үгiт-насихат жүргiзе бастаса керек. 1889 жылдан бастап 1904 жылға дейiн полицияның жасырын бақылауында болады.

Көкшетауға оралған көкiрегi ояу, көзi ашық жас Мәмбет Әлi ел iшiндегi танымал өнер иелерi Ақан серi, Үкiлi Ыбырай, Науан Хазiрет сынды бiлiмдi адамдардан сүйенiш табады.

Ол ауылда мал өсiрумен, ағартушылық бағытта үгiт-насихат жүргiзумен қатар жер мәселесiне байланысты бiрнеше орыс тiлiнде кiтап жазып, Омбы қаласында бастырып шығарады. Айта кетсек: "Аренда казахской земли" (1900 ж), "Эксплуатация карсакпайских копей" (1901 ж) атты кiтаптары және "По вопросу об эксплуатации степей Западной Сибири путем скотоводческой культуры" деген тақырыптағы баяндамасы 1904 жылы Петербургте "Труды общества для содействия русской промышленности и торговли" атты жинақтың 25 томында жарық көрдi.

Мәмбет Әлiнiң Ақан серiмен шынайы достығы Ресей жерiнен оралғаннан кейiн басталады. Мәмбет Әлiнiң әкесi Сердалы Ақанмен қоныстас, қатты сыйласқан дос және құдандалы болған. Құдандалы деп отырғанымыз, Шөбектiң ұлдарының бiрi, өз заманында қажыға барып, мешiт ұстаған, атақты бай атанған (Мырзалының iнiсi) Бегалы деген адам. Осы Бегалының үлкен ұлы Ералы Ақанның туған қарындасы Айшаға үйленген.

Ресей патшалығының саяси өмiрi жайына қанық Мәмбет Әлi Ақан серiнiң айналада болып жатқан жағдайларға дұрыс көзқараспен қарауға әсер еткенiн байқауға болады. Мысалға алпысыншы жылдары шыққан Н.Оспановтың "Ақан серi хақында" деген мақаласында Ақан серiнiң Көкшетау қаласына жиi келiп, онда ол Александр Андреевич Тарличев үйiне тоқтайтындығы жайында айтады. А.А.Тарличевтiң Петербург университетiнде оқып, II Александр патшаның өлiмiне және студентер қозғалысына белсендi қатысқаны үшiн сотталып, қуылғандығы, Қызылжарда адвокат болып iстегенi, 1886 жылы Көшетауға келгендiгi жайында баян етедi. Тарличев қазақ тiлiн өте жақсы бiлiп, iс қағаздарын аударумен айналысқан. Оның үйiне қонақ ретiнде жас Мәмбет Әлi де жиi барып тұрады екен. Ақан серiнi Тарличевпен таныстырып жүрген Мәмбет Әлi болуы керек. Бұл әңгiменiң өзiн Тарличевтiң немересi айтып, сөз барысында ол: "Ақан серi келгенде менiң атама өзiнiң сүйiктi "Қаратайы" туралы өкiмет орындарына арыз жазғызып алып едi" – дейдi. Ақан серi ауылы қонысынан айрылып, орнына қазiргi Коморовка селосы орнағанда, ескi мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серiнiң мiнген аты) егiнге түстi деген сылтаумен ұстап алып, сатып жiберiптi. Бiрақ ол выборнайға, сотқа арызданғанмен әдiлдiкке жете алмай, содан "Қаратай" өлеңiн жазған.

Мәмбетәлi мен Ақан серiнi 1906 жылғы Столыпиннiң жер реформасы қатты ойландырады. Олар қазақ жерiн орыс переселендерiнен сақтап қалу үшiн көп iс шаралар атқарған. Әсiресе Мәмбет Әлiнiң еңбегiн ерекше атап кетуге болады. Ол шұрайлы жерлердi Ресейдiң iшкi губернияларынан орыс мұжықтары мен шаруалары қоныстанып, жергiлiктi халықты ығыстырып жатқанға наразылық бiлдiрiп, жергiлiктi патша үкiметiмен қызу айтыс-тартысқа түседi. Нөгербек Мағзұмовтың мақаласында мынандай сөздерi мысалға келтiрiледi: "Бұларың барып тұрған заңсыздық. Бұл жерлерден ештеңе ала алмайсыңдар. Өйткенi ата-бабаларымыздың зираттары бар. Ал, заң бойынша ата-бабаларымыздың зираттары орналасқан жерге қол сұғуға тыйым салынған", – деп талай шенеунiктердiң табалдырығын тоздырса керек. Степан Емильянович Герасимовтың аузынан жазылып алынған Ақан серi жайында мына дерекке назар аударсақ: "1906 жылы көшiп келетiн шаруаларға жер өлшеп кесiп беру үшiн жоғарғы жақтан келген Еличев, Мельников деген екi инженердi Ақан ауылы Қараталға (қазiргi Коморовка селосы) атпен алып бардым, бiз Баялы (Сердалының iнiсi – Ы.С.) байдың үйiне түстiк, кешiкпей Ақан да келдi. Көркем, орта бойлы, қызыл шырайлы адам екен, басына құндыз бөрiк киген, жiбек шапан сыртына жiбек белбеу буынған. Ақан екi инженерге өзiнiң атамекен жерiнен көшiрмеудi, басқа жерге орналастыру керектiгiн айтты," – дейдi. Бұдан байқайтынымыз, 63 жасқа келген қарт ақынның ата қонысының жайын ойлап тыныштық таппай жүргендiгi. Осы жылдары ол ел iшiнде патшаның сойылын соғып жүрген әкiм-болыстарға сықақ өлеңдер жазып және Столыпин ылаңы тұсында елдiң жер-судан, қоныстан айрылуына наразылық бiлдiргенiн азаматтық сарындағы әндерiнен айқын байқауға болады. Ақан:

Қор болып крәсиянның табанында,

Қалайша күн көремiз дәурен кешiп?

Темiр айыр, ақ балта қолдарында,

Тiлге келмей ұрады өңмендесiп…

Қасиеттi ата-баба зиратының

Үстiне егiн салды, жайлап есiп.

Қонысынан айрылған елдiң мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Осы жылдары өткiзiлген Мемлекеттiк Думадан әдiлдiк, үмiт күтедi. Ал Мәмбет Әлi Ақан ағасының шерiн мемлекеттiк деңгейге көтерiп, арманын жүзеге асыру жолында болды. Бұл ретте Мәмбет Әлiнi де, Ақан серiнi де жақын бiлген Хамит Тiлеубаевтың "Мен Ақан серiнi көрдiм" деген деректi-мақаласына сүйенсек: "…Мәмбетәлi Петербургте оқыды. Социал-демократтар қатарында болатын. 1903 жылы Думада Қазақ-Қайсақ жұртының халы туралы сөз сөйлептi",-дейдi. Мәмбетәлi Сердалиннiң "Орыс өнеркәсiбi мен саудасының дамуына көмектесу қоғамының" отырысында жасалған "Мал шаруашылығы мәдениетi арқылы Батыс Сiбiр даласын пайдаға асыру" атты баяндамасында ол: "Ежелден мал кәсiбiмен айналысып жүргендердiң ең шұрайлы жерлерiн алумен қатар бiздерге мал шаруашылық мәдениетiн жалғастыруға үлкен кедергi келтiрiп отыр. Себебi суаттардың барлығын десе кесiп-жауып тастаған. Малдарымызды суару үшiн, бiздер жаңа келген крестьяндардан суатты қымбат бағаға жалға алуымыз керек" – деп Ақан серiдей мұңын шағады. Баяндамасын қорытындылай келе Мәмбетәлi амалы құрыған адамдай туған жерi үшiн сол қоғамнан: "Мен сiздерден ғасырлар бойы қалыптасқан далалық өмiр құрылысын рахым етулерiңiздi сұраймын…" – деп сөзiн аяқтайды.

Ақан серi мен Мәмбет Әлi екеуiнiң достығының мықты болу себебi – олардың ойлары мен мақсаттары бiр, көксегендерi – ел бостандығы. Ресей жерiнен оралған жас ғалым Мәмбет Әлiмен сырлас болуы Ақанның адам танығыштығында шығар, себебi ақын Шөбектiң ұрпақтарының көбiн сықақ өлеңдерiмен сынап, жақтырмай жүрсе, ал Шөбектiң үлкен немересi Сердалының үй iшiмен қатты араласқан. Дәлел ретiнде Хамит ақсақалдың мақаласынан мынандай дәйектемелер келтiре кетуге болады: "Ақанның соңғы өмiрi Сердалының балалары – Мәмбетәлi, Жәмшитпен тығыз байланысты болды. Ата-қонысынан айрылған әйгiлi әншiге Сердалы балалары үй салып бередi, қасына бiр жiгiт күтушi қояды, – дей отыра мынандай қызықты жайтты айтады, – 1906 жылы Жәмшит жездемнiң үйiне бардым. Петербургтен Абылайханов Сұлтанғазы әйелiмен Мәмбетәлiнiкiне келiп дем алып, үй тiктiрiп жатыр екен. Сұлтанғазы Ақанды шақыртып алдырды. Ақан қазақтың екi зиялысына көсiлiп бiрқатар өлеңдерiн айтып бердi. Сонда киiз үйде Ақанды ортаға алып, Мәмбетәлi мен Сұлтанғазы суретке түстi." Үш тұлғаның бiрге тұрған бейнесi қағаз бетiне түскенмен бiздiң күнге дейiн жетпеген көрiнедi. Мәмбет Әлiнiң басқа да түскен суреттерi болған. Мысалға 1905 жылы Лондонға барған сапарында фрак киiп түскен суретi. Хамит Тiлеубаевтың шығармасының тағы бiр ерекшелiгi – ол Ақан серiнiң бұл дүниедегi соңғы күндерiнiң куәгерi болуында. 1913 жылы Жәмшит жездесiне барғанында Мәмбет Әлi мен оның iнiлерiнен Ақан серi ауыр күйде жатқанын естiп, көпшiлiкпен ақынның халын бiлуге барған. Ақан серi қайтарынынң алдында да есiн бiлiп, өлең ұйқастырып жатқан екен. Екi күннен кейiн атақты Ақан серi бұл фәниден озыпты. "Атығай, Қарауылдың ат жетер жерiне жаназа айтты. Ақанды арулап жөнелтудiң жауапкерлiгiн Мәмбетәлi өзi алды, – дей отырып, – Ақанның сүйегiне елдiң әншi, ақындарын түсiрдi. …Ақанның сүйегiн Мәмбетәлi бастаған елдiң игi жақсылары көтерiп үйден алып шықты. Зират басында Мәмбетәлi сөз сөйледi. Жай сөйлемедi, көзiнiң жасы омырауына тамшылап, жылап сөйледi. "Мың кiсiлiк Ақан ағам-ай, бiр кiсiнiң өлiмiнде кеттiң-ау",– деп көп жылады", – дейдi. Осыдан бiздердiң байқайтынымыз, Мәмбет Әлi Ақанның қасиетiн жоғары бағалап, туған ағасындай болып кеткен досы да сырласынан айырылу ауыр тиген көрiнедi. Бiр жылдан соң, яғни 1914 жылы 49 жасында жерiм деп егiлген, елiм деп еңiреген Мәмбет Әлi Сердалин де бұл дүниемен қош айтысады. Ақан серi мен Мәмбет Әлiнiң бiзге белгiсiз шығармалары да көп болыпты, екi азаматтың өмiрлерi қалай ұқсас болса, еңбектерiнiң де тағдыры бiр. Ақанның артынан қалған жалғыз тұяқ Ыбан деген мылқау баласы әкесiнiң кiтаптары мен қолжазбаларын 1919-20 жылдарға дейiн сақтаған. Ол 1925 жылға дейiн Бегалының (Шөбектiң баласы) мешiтiнде тұрған. "Ақанның қолжазбалары араб, парсы, түрiк тiлдерiнде оқыған кiтаптары Ыбанның қолында, осы Бегалы мешiтiнде сақталды" деп жазады өз естелiгiнде Хамит ақсақал. Арпалыс заманнан қорқуы керек, Ыбан әке мұраларын мешiттiң iргесiне көмедi. 1921 жылы оқыған Бiләл Малдыбаев сұрап барғанында алып бермекшi болған. Бiрақ қолжазбалары мен кiтаптарын егеуқұйрық тышқанның түтелеп тастаған үгiндiлерiн табады. Осы Ақан мұраларының iшiнде халық арасына толық таралып бiтпеген мыңдаған өлеңдерi, бiрнеше құнды да үлкен дастандары болса керек. Мәмбетәлiге келетiн болсақ, ол қайтқаннан кейiн жары Айша, күйеуiнiң бiр сандық жазбаларын дүрбелеңнен қорқып, қарт туысына көмдiрiп тастапты, көп ұзамай қария да Айша да қайтыпты. Бiр өкiнiштiсi, Мәмбет Әлi мұрағатын қай жерге көмгендерiн ешкiмге айтпай кетуiнде.

Екi биiк тұлғаның бейiттерi Солтүстiк Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы "Карасевка" ауылының жерiнде орналасқан. Ақан серi қайтқаннан кейiн Сердалының балалары шебер жалдап, ағаштан айшықтап зират тұрғызды. Бiрақ 1932 жылы қатты өрт болып Ақан бейiтiн жалмап кетiптi. Сонан соң ел болып, қаржы жинап қайта тұрғызса керек. Ал Мәмбет Әлiнiң зираты егiстiк танаптарының ортасында қалып қойып, ескерусiз қалған екен. Үстiнен техникамен байқаусыздан жыртып та кете жаздапты. Ағайындары бас болып, елмен бiрге басын көтеру үшiн қаржы да жинапты, бiрақ ақшаларын бiреу иеленiп кетiптi.

Қорыта айтқанда, өз заманының нағыз ұлдары Ақан серi мен Мәмбет Әлi шынайы достықтың үлгiсiн көрсеткен, қиындыққа қайыспай, замана қиыншылығына төзе бiлген асыл жандар. Сөзiмен де, iсiмен де арттарында өшпес iз қалдырған ұлы аталарымызды ұмытпау – келер болашақтың парызы. Ақан серi жайында көп жазылып, айтылып жүргенi, әрине жүректi қуантады. Ауыл, көше аттарына ақын атамыздың аты берiлiп жатқаны да нұр үстiне нұр. Бiрақ шыны керек, бұл орайда Мәмбет Әлiнiң халық үшiн, ел үшiн атқарған қызметi еленбей келедi. Патша алдына жер мәселесiмен кiрiп, шындықты айтқан да, Науан Хазiрет түрмеге жабылып, ел рухани көсемiнен айрылғанда Шәймерден Қосшығұловпен бiрге шырылдап, қараңғы зынданнан босатып алған да, талай адамның қиналғанда қорғаны, қамқоршысы бола бiлiп, саналы ғұмырын елiне арнаған аяулы арысымызға мектеп пен бiр көше атын берудi айтпағанда, қабiрiне ұрпақтарының, елiнiң ризашылығы ретiнде көрнектi құлпытасты да орната алмағанымыз – баршамызға сын. Бүгiн тарих алдында, ертең әруақ алдында қалай жауап берерiмiздi ойласақ дұрыс болар.

Саят Баймұратұлы, тарихшы