ТЕК ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ХАБАР ТАРАТАТЫН АРНА АШЫЛМАҚ
ТЕК ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ ХАБАР ТАРАТАТЫН АРНА АШЫЛМАҚ
Биыл алғаш болып алқа мәжiлiсiн Байланыс және ақпарат министрлiгi бастады. Жаңа жылда атқарылатын шаралар мен тың идеяларды Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке таныстырған Асқар Жұмағалиев соңғы кезде елiмiзде интернет қолданушылардың саны 4 млн.-нан асқандығын қуана жеткiздi.
Әрине, игi бастаманың өз жемiсiн берiп жатқаны рас. Алайда әлi күнге кейбiр ауылды аймақтағы бiлiм ұяларына ғаламтор желiсi жетпеген. Бұл түйткiлдiң шешiлетiндiгiне сенiм бiлдiрген министр 2012 жылға дейiн барлық ауыл-аймақты интернетпен қамтамасыз етемiз деп отыр. Шын мәнiнде, тап қазiр ауылдағы ағайынға ғаламторды шарлағаннан гөрi iшетiн ауызсуға қол жеткiзу арман болып тұрған жоқ па?! Жә, қазiргiдей жаһандану заманында көштен кейiн қалмау керек шығар. Мұның да беретiн өз жетiстiгi бар екендiгiн мойындаған жөн.
Бүгiнде Байланыс және ақпарат министрлiгi байланыспен қатар ақпарат саласына да оң көзбен қарап келедi. Нәтижесiнде сандық телеарнаның пилоттық жобасы жүзеге асуда. Сәтiн салса, 2015 жылы елiмiздiң бар өңiрiне сандық телеарна тарайтын көрiнедi. Былтыр бүлдiршiндерге арналған "Балапан" телеарнасы да жұрттың көкейiндегi ойын дөп басқан-тұғын. Бұл – әсiресе баласының тiлiн қазақша сындырғысы келетiн отбасы үшiн таптырмас арна болғаны рас. Бiрақ оны үйiнде кабельдiк желiсi барлар ғана тамашалай алса, шалғайда жатқан ауыл балалары қайтпек?
Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиевтiң айтуынша, 2011 жылдың наурыз айында "Қазақстан" мен "Хабар" телеарналарының базасында "Мәдениет" радиосы ашылатын болса, қыркүйекте "Қазақстан" ұлттық телеарнасының негiзiнде таза қазақ тiлiндегi "Мәдениет" телеарнасы көрермен көзайымына айналмақшы. Сондай-ақ "Бiлiм", "Ақпарат" және "Iскерлiк" арналарының тұжырымдамасы да дайын. Тек тиiстi қаржы бөлiнсе, соны идеяны 2012 жылға дейiн iске асыруға мүмкiндiк мол.
Бұл – Байланыс және ақпарат министрлiгi қолға алған iстердiң бiр парасы ғана. Мәселен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың iшкi жалпы өнiмдегi үлесi 3,7 пайызды құраған. Ендi 2 жылдан кейiн мемлекеттiк қызметтiң, нақтырақ айтқанда, құжаттарды дайындау, анықтама беру секiлдi жұмыстардың 100-ге жуық түрi электронды үлгiге көшiрiледi. Сонымен бiрге бүгiнгi таңда электронды үкiмет интернеттiк жүйесiн пайдаланушы тұрғындардың да қатары өсiп келедi. Қазiрдiң өзiнде осы желi 1 миллион 600 мыңнан астам анықтама мен құжаттарды тұтынушыларға үлестiрген. Ұялы телефонмен сөйлесудiң құны да арзандап, 3G байланысы iске қосылды.
Тәуелсiздiк алғанымызға аттай 20 жыл толса да, елiмiзде тәулiк бойы тек қазақша сөйлейтiн телеарнаға жарымай келемiз. Сол себептен қазақ тiлiнде қанша телеарна ашылса да, көптiк етпейдi. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов министрлiк басшылығына қазақтiлдi телеарна ашу мәселесiн жедел қарастыруды тапсырды. Бұдан былай белгiлi бiр көрерменге бағытталған салалық телеарналардың қатары қалыптаса бастайды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ