Жаңалықтар

АЛТАЙ ЖЫРШЫСЫ

ашық дереккөзі

АЛТАЙ ЖЫРШЫСЫ

Мен үшiн Әлiбек Асқаровтың жазушылығы "Ерте түскен бозқырау" кiтабынан басталады.

Оған дейiн жазылып, жарық көрiп жататын очерктерi, әңгiме, повестерi қылқаламды жазушылық қаламға айырбастағанын ақтады деген сөздiң сiрағасына ғана жүредi. Олар – бәсiрелеу тақырыпты жазу өнерiнде өзiндiк мәнер iздеу жолы ғана. Әдебиетте тақырыптың тағдыр екенiн, көзiң көрген өмiр көрiнiсi көркем дүниеге айналып, өзiңнен бұрын өзгенi сендiруi де, көндiруi де керек екенiн шын сезiнген, жазушылықты шын пайымдаған тұсы – "Ерте түскен бозқырау." Әмсе онда да кiтап атымен аталатын, бiр иiрiмi кем, аттас әңгiме де емес, кейiпкерiн тағдыр ретiнде таңдай да, талғай да бiлген, трагедиялық бояуы қалың, әлеуметтiк салмағы мол iштi шығармасы – "Жазатыр оқиғасы." "Жазатыр оқиғасы" – повесть. Роман жүгiн көтергендей оқиғасы қалың, сюжетi қою, оны өзара байланыстыра өрiп тарқатуда шып-шырғасын шығармай бабымен суыртпақтап, шеберлiкпен алып шыққан шымыр шығарма. Әлiбек Асқаров мен үшiн осы шығармадан бастап, өзiнiң көркемдiк әлемi бар, кейiпкерлерiне әлеуметтiк жүк арқалата алатын байсалды жазушы. Алғашқы адымынан жырлап келе жатқан күллi табиғатты бiр тақырып десек, ол бәсiре тақырыбын жан-жағынан алып, оны ана тұтқан, пана тұтқан әрқилы адамдарды әлеуметтiк тип ретiнде қарап, сан-қилы тағдыр ретiнде жазып келедi. Жазғанда да шығармадан шығармаға өсiп келедi. Жазушылық жол, бейнелеп айтсақ, бұлғын мен қоян, сусар мен күзен салатын ат тұяғы әзер сияр сыңар аяқ сүрлеуден бұғы мен бұлан, қабан мен аю салар, аттылы кiсi еркiн жүретiн тас соқпаққа, суреткерлiк сара жолға айналған.

Жазушы үшiн тақырыптың бәрi бiр деп қарай алмаймыз. Бiр жазушы бәленбай тақырыпта шығарма жаратқанымен соның iшiнен оң жамбасына келетiнi, оң жамбасына келмей, қарадай жатсырап тұратыны бар. Әлiбек не туралы жазсын, бәрiбiр Алтай табиғатына соқпай өте алмайды. Оның қандай тақырыпта жазған шығармасын да, көздi жұмып тұрып: "Е, өзiнiң Алтайы туралы шығарма!" – дей салсаң, қателеспейсiң. Ол Алтай табиғатын зерттеп, зерделегенi соншалық, түн ұйқысынан оятып, орманның орналасуын, аң-құсын, ауа-райын сұрасаң, бөгелмей сөйлеп, мүдiрмей жауап берерiне кәмiл сенемiн. Қазақ даласына ырыс-несiбе саналатын, бiр шетi Ресейге сұғына кiрiп кете баратын, келесi шегi Қытай, тағы бiр бүйiрi Монғолия асып жатқан Алтай – оның әуелден ен таққан, еншiм деп бiлген меншiк тақырыбы. Кейбiр қаламгердiң табиғат туралы қалам тартуы әсiре көрiне беретiнi бар. Өйткенi ол жазушы тақырыпты бойына табиғи сiңiрмей, дарынына сенiп көңiл ауанымен ғана барады. Әйтпесе толғатқан мәселесiне табиғатты әлеуметтiк фон жасау үшiн барады. Өкiнiшi – ондай көзжұмбайлықтан туған шығарма әсiреқызылдың кебiн киедi. Әсiреқызыл – оңғақ әрине! Қазақ прозасының Қалихан Ысқақтай классик жазушысын алдына ұстаз тұтып, әдеби жолын бастаған Әлiбек – қазiргi таңда орыс әдебиетiндегi В.Белов, В.Шукшин, В.Распутин, Е.Носов, Н.Думбадзе шығармашылық тәжiрибесiн бойына қоса жинақтай, өзiнiң бәсiре тақырыбында iздене өсiп келе жатқан жазушы. Бiздiң бiрсыпыра замандас, қатар құрбы қаламгерлерiмiз бүгiнгi таңда шығармашылық жолын жинақтағандай айналасына аңтарыла қарап, тоқырап демейiн, аңысын аңдып тоқтап тұрған жайы бар. (Оны несiне жасырайын?) Ал, Әлiбек кешегi кеңестiк кезеңде жинаған қорын бүгiнгi еркiн уақыт, тәуелсiз заманаға қарай тынымсыз iзденiспен ұштап, жаңаша көсiлiп, тың өрiске шыққан суреткер.

Көпке дейiн көрген-бiлгенiн көңiлiне тоқудан аса алмаған ол тәуелсiздiктен кейiн кейпкерлерi бойындағы аңғалдықты – табиғаттан бойын аластамаған тазалыққа ұластыра, кейiпкерi бойындағы аярлықты әлеуметтiк сипат берiп, қоғамдық дертке сабақтастыра типтендiрiп, қилы-қилы көркем образ жасауға жеттi.

Оның шығармалары әлеуметтiк үлкен жүк көтерiп тұрады. Ол суреттеп отырған аңғал-саңғал "монша-үйлерден" қоғамдық үйлесiмсiздiк, жерге сiңiп бара жатқан жалғыз "күркенi" қоныс етiп, тiршiлiк етiп жатқан адамдар, жойылып бара жатқан шағын ауыл өмiрiнен "мемлекет адам үшiн бе, әлде адам – мемлекет үшiн бе?" – деген әлеуметтiк салмақты сұрақтар туындайды. Ол – кешегi кеңестiк кезеңге ғана тиемел емес. ХХ ғасыр басындағы "ақ", "қызыл" болып қырқысып, бiрi қашып, бiрi қуып, қазақ ауылдарының үстiнен қан кешiп, ауыртпашылық болып өтетiн өмiр кезеңдерiнен бастап шығармаларына арқау ететiн жазушы табиғат пен адамзат арасындағы үйлесiмнiң азайып, үндестiктiң құрып бара жатқанын бүгiнгi күн сипатымен сабақтастыра, адамзат баласының ертеңiне төнiп келе жатқан қасiрет ретiнде әдемi айта бiледi.

Айта бiлу – жазушылық iсте жаза бiлу. Жаза бiлу шарты – Әлiбек Асқаров жағдайында суреткерлiк! Оның шығармалары – бiр бояулы емес, көп бояулы. Соның қайсысы да өзi өнген Алтай топырағынан тамыр тартып, өзi өскен, өзi сүйген Алтай табиғатынан нәр алады. Тұтастай алып қарағанда оны Алтай жыршысы деп атасақ жарасады. Табиғат жыршысы ретiнде ол тапқан суреткерлiк, ол игерген мiнездеу, ол тапқан архаизм сөздер, этнографиялық пайымдаулар, ол кейiпкер аузына салып пайдаланатын жергiлiктi говорлар … бәрi жинала келе Әлiбек Асқаровтың жазушылық стилiн құрайды. "Стиль – это душа, и нужно быть очень деликатным и чувствующим, чтобы говорить так, как говорил Лабрюйер о создании ума, о женщинах, о сердце, о природе", – дейдi Андре Моруа.Әлiбектiң жазушылық стилiн бұл күнде ешкiммен шатастыруға болмайды. Ол стилист жазушы райында қазақ прозасының айтулы жүйрiгi – ұстазы Қалихан Ысқақтан да еншiсiн алып, қонысын бөлек қондырып үлгердi. Әдебиетте бұл – даралық! Даралық – әдебиетте үлкен жетiстiк! Үлкен жетiстiң иесi – бiздiң Асқаровтай жазушымыз! Әлiбек осы жазушылық жолға қайдан келедi, қалай келедi? Ендiгi бiр жауап тiлеген сұрақ осы болса керек.

Өнер атаулыға адам баласын жетелеп алып келер – қызығушылық. Қызығушылықпен әдебиетке келген ол – осы екi аралықта баяндаудан әңгiмелеуге, әңгiмелеуден суреттеуге, суреттеуден мiнездердi ашып, жүректiң сыр сандығын басып, кейiпкерлерiн мiнездеуге қаламымен жүрiп жеткен, табиғатты жалаң қызықтаудан оның (табиғаттың) жанарына жәутеңдей қарап, жанына үңiлiп, болса шаттығын қызықтап, болмаса мұңын мұңдай жүрегiне ұялатып, сыңсып салған әнiн өз жүрегiне құйып, табиғаттың жан сырын шым-шымдап ашудан толайым толғауға дейiн жеткен, сөйтiп баяндау мәнерiндегi очерктен ойлы лирикалық прозаға ойыса еңбектенiп, тынбай iзденiп толыса қалыптасқан беделдi қаламгер досымыз.

Оны жазушы еткен – табиғатқа сұқтанушылық, онда да Алтайдай туған жерi табиғатына iңкәрлiк! Алтайда бiз де болғанбыз. Алайда Алтай табиғатына Әлiбектей бауыр баса алмадық. Сырттай сұқтанумен тындық. Ал Алтай Әлiбек үшiн өнер пәнi. Ол бiз көрмес сұлулықты көредi, сұлулыққа құштарланады, шырайын шығарып жырлайды. "Жырлайды" деген сөздi бiз саналы түрде қолданып отырмыз. Сүйiспеншiлiк прозашы Әлiбектi ақындық табиғатқа көтерген. Бiз Алтайды танып, бiлу үшiн ат сабылтып арнайы барып жатпай-ақ, алтайшыл жазушы Асқаров шығармаларын оқысақ та жетiп жатыр. "Неткен кең дүние десеңшi! Жүгi нарда, қазаны теңде көшпелi қазақтың бармаған жерi, баспаған тауы, сiрә да бар ма екен?! Әйтсе де, үйрек ұшып, қаз қонған Алтайдай берекелi жайлауды, шұрайлы жердi қазағым тапқан жоқ шығар. Жер сұлулығы қайталанады дегенге Қараман әсте сенбейдi. Алтайға ұқсас ару өңiр бар да шығар, бiрақ ол Алтай емес қой." ("Жазатыр оқиғасы" "Ерте түскен бозқырау". Жалын. 1989 ж. 70 бет.")– деп толғанады тағдырлы кейiпкерi Қараман. Кейiпкер ойы – қаламгер ойы. Кейiпкер махаббаты – автор махаббаты. Бiз ол махаббатты бiр шығармасынан емес әр шығармасынан, шағын "Ерте түскен бозқырау", "Жекпе-жек", "Нағашымның әнi", "Задаш пен Балғаным", "Долдаш ағайдың кiтаптары" әңгiмелерiнен тартып, көлемдi "Бiр күн, бiр түн" секiлдi роман, "Жазатыр оқиғасы", "Бiздiң жақтың шалдары", "Жұртта қалған жетi үйдейiн" орта көлемдi шығармаларының қай-қайсысынан да табамыз. Тiптi сол сұлулықты, сұлулыққа iңкәр көңiлдi кiтап ақтарып iздеп те жатпайсың, кез келген шығармасының кез келген бетiн ашып қалсаң-ақ, жер-жаннаты – Алтайдың сұлу табиғатына кезiгесiң, оны сырбаз жырлап отырған суреткермен бетпе-бет ұшырасасың.

"Алтай жерi әсiресе маусым шыға үкiлi ботадай елпiлдеп, өзгеше жасанып шыға келер едi. Бұл кезде қырат-қырқаны ойдымдап, қызыл ала күнгелдi гүлi(!) қаптап кететiн. Қызыл ала қалың гүл үп еткен қыр самалымен тербелген кезде – дала төсi қызыл шоқтай құбылып, алаулап салушы едi. Ондайда көңiлiңдi нөпiр шаттық кернеп, алақайлап қуанатынсың, делебең қозып, далақ қағып, дала төсiнде арлы-берлi шапқылайтынсың. Бiрақ Жер-ананың үлбiреген мұндай нәзiк шағы тым ұзаққа созылмайтын. От болып өртенген бел-белестер бiрер күнде өңiн өзгертiп, тотияйындай көгерiп шыға келетiн. Жел өтiнде майда толқыған көгiлдiр дала ондайда ұшы-қиыры жоқ теңiздей көрiнушi едi." (32 бет.) – деп суреттейдi ол көңiлi сүйген Алтай табиғатын. Әрине кейiпкер көзiмен берiлетiн сурет. Шынайы әсем сурет көзiңдi арбайды, жүрегiңдi жаулайды. Шынайы суреткерлiк жаныңды марқайтады, көңiлiңе шуақ құяды. Тағы бiр суретке көңiл аударсақ.

"Саумал иiстi, сары ала жапырақты ой күзiнiң жөнi бөлек екен. Бұл шақта ой жерiнiң табиғаты барша бояуын сыртына теуiп, ұзатылар қыздай жасанып шыға келушi едi. Онымен салыстырғанда, қырдың күзiн жоққа балағандайсың… Балқарағай мен самырсынның жаздағы жасыл реңi аздап қошқылданады да, табиғат қанын iшiне тартып, тоңтерiс сазара қалады. Ала жаздай тау алқымын тұмшалаған қорғасын бұлттар күзге қарай төмен түсiп, жер бауырлап жатып алады. Сосын тұманды тескiлеп, күнi-түнi шiркей жаңбыр ұрады да тұрады. Мұндай ақ жауын үйдегi жанды ығыр етiп әлегiн шығарса, түздегiнi сүмелектей сүмпитiп жiберетiн." (28-бет.) Бұл не? Бұл – суреткердiң Алтай табиғатын тағы бiр қырынан ашуы, ашып алдыңа жайып салуы. Оқиға өрiсi, соған орай кейiпкер тағдырын алға сала әр қырынан суреттелер табиғат көрiнiсi. Ол кейiпкер табиғатынан туып, кейiпкер табиғатын ашатын суретке айналады.

"Аңшы iшiгiн қымтаныңқырап, сығырайып төңiрегiн шолып өттi. Салба-салба самырсындар ай нұрына малынып тұр. Қыс бойы иықтан басып, милықтатқан қарды серпiп тастап, ендi ғана бой түзей бастағандай. Алыста, түн пердесi астында болар-болмас мұнартып, таулар сiлемi созылып жатыр. Мұнартқан таулардың шығыс жақ төрiнде Мұзтаудың қос емшегi жылтырайды. Әлдеқайдан бiреудiң сыңсып салған әнi естiлгендей болады." (73-бет.). Сурет. Сурет болғанда бiрiн-бiрi қайталамайтын табиғаттың әр кезеңiнiң суретi, жайқалған жапырақтар қаракөк теңiздей тербеледi, теңiздей толқыған табиғат, сары күз келiп, алтын тартады, ендi бiрде боқыраудағы бұрқ-сарқ мiнезге көшедi, келесiде ол "кәрi құда" – қысқа ұласып, қыс қысқан кездегi қатаң да қытымыр суреттерге ойысады. Көркем әдебиетте жазушы сызған сурет мәтiнге табиғи енiп, етенелесе кiрiгiп, көркемдiк компонентiне айналмағы шарт. Онсыз суреткерлiктiң парқы не? Әлiбек шығармашылығында табиғат суретi бар бояуымен көрiнедi, көркемдiкке қапысыз қызмет етiп жатады. Ол – табиғатпен етенелескен суреткер жазушы.

Табиғатпен етенелесу – оны тек қызықтаудан тұрмаса керек. Табиғат үнiне құлақ түрiп, оның шаттықты сәтiн ғана емес, өксiктi күңiренiсiн де тыңдай бiлу деген сөз. Ол – табиғаттың экологиялық қасiретiне де ден қою. Табиғат экологиясының бұзылуы Әлiбек тынбай айтып келе жатқан бiр мәселе де, Табиғат-ана бауырынан жаралып, "болып-толып" Табиғат-ананың өзiне қол көтеруге жеткен адам экологиясының бұзылуы – көркем прозасында қилы-қилы кейiпкер арқылы шынайы бейнелеп келе жатқан екiншi бiр жоталы тақырыбы. Әдебиет пәнi әзелден – Адам! Ол – аксиома! Алайда А.Кимнiң "Орман – әке", В.Астафьевтiң "Патша балық" секiлдi шығармаларын еске алғанда Табиғат – Ана да өнер пәнi бола алар-ау деген ойға келесiң. Табиғат және Адам үйлесiмi, өзара үндестiгi – оның қаламгерлiк азығы, көркем прозасының адами суреткерлiк философиясының қазығы. Өзара бiрлiкте алып, қамшы өрiмiндей жымдастыра өрiп, екеуiн де бiлiп жазады, сүйiп жазады. Табиғатты сүйiп жазған жазушы оның бауырындағы хайуанат өмiрiн де бiр өзгеше қызыққа бөлеп, асқан бiлгiрлiкпен суреттей жазады.

Оның Қараман есiмдi кейiпкерi бiрде былай толғанатын: "Бала кезiнде тау мен тас, орман-тоғай тұнған жұмбақ болып көрiнетiн Қараманға. Жұмбақ боған соң да, табиғат бойына қорқыныш пен үрей бұқтырған сұсты едi. Зейiнмен көңiл қойып, тереңiне көз жiберсең – табиғаттан қарапайым дүние жоқ екен. Тек алуан құбылысқа толы сол табиғаттың өзiн түсiне бiлу керек екен." (66-бет.) Осы – Әлiбектiң өз танымы, танымынан туған өз ұстанымы, суреткерлiк мұраты. Табиғат құбылыстарын, iшкi иiрiм құйылыстарымен қоса суреттеп құлпыртып, жан берiп құбылтып, бауырындағы хайуанат бiткеннiң тiршiлiк сырына үңiлiп, өзегiне ой ұялатып, дүние философиясына айналдырып суреттеудi мұрат тұтады.

"Қалтасын қарманып, түнеугүнi қарағай қабығынан шетiген мөлтештi (шайыр. Қ.Е.) тауып алды." (60 бет.). "Төңiрек қарақұрақтанған кезде орманның жиегiне жеттi. Қараған-тобылғысы шұбартқан жазаңдау тепсеңге әдейi бұрылып, бұта басында қалтыраған жалғыз қауырсынды көтердi. Қатты сайысқа түскен құр қоразының құйрық қанаты. Тепсеңнiң әр жерiнде құстың шашылған мамық жүнi ағараңдайды. Құр ойнағы басталған тәрiздi." (64 бет.). "Дар етiп, аяқ астынан көтерiлген ұлардан шошып, Найзакүрең мұны тастап кете жаздады. (70 бет.). "Астына құрғақ бүрдi мол етiп төсеп, оның үстiне тоқым салып, ердi жастанып қисая кеттi." (64 бет.). "Iле жерде жатқан шiрiк бөрененiң тасасынан қара жолақ баршатышқан(!) жылтың еттi." (19 бет.) "Үңiрейген әлгi кеуек iшiнен сылаң етiп, әдемi қызыл түлкi жүнiн төгiлтiп шыға келген."(30 бет.), "Бұл отырған тастың төбесiнен жорғалап кiшкентай бiр аң өте шықты. Шамасы, отты қызықтап, адамды төңiректеп жүрген ақкiс болар. Төмендегi арша арасынан тарғақ тарқылдады."(31 бет.)

"– Қозықа ма едi? – деп сұрады сосын.

– Жо – жоқ, кәдiмгiдей iрi бұғы…"(45 бет.)

"Бiрақ, бұл кеше тауда жүргенде, салмадағы сорғытып қойған құдырдың (!) жас етiн бiреу боршалап жеп кетiптi. …Өзге хайуан адам иiсi бар жерге жоламайды, аңшының ежелгi жауы – сасық құнудың (!) әрекетi сияқты" (56 бет) "Бұлақтың жағасында қылтың қағып шақшақай (!) жүр. Сып берiп су түбiне сүңгiп кетедi де, сылаң етiп бiр жақтан шыға келедi. Кiшкентай торғайдың суыққа мықтылығына таңырқап, аңшы басын шайқады."(57 бет.). "Ақбұлақтың бойындағы қақпанның бiрiне құндыз(!) түсiптi."(61 бет.), Ол көбiне жәй хабарламайды, аң-құстың мiнезiн берiп, бiраз жерге апарып тастайды. Хайуанатты табиғатқа, табиғатты текстке қызмет еткiзедi. "Қорымның арасындағы қос қақпанның бiрiне күзен түскен екен. Оны түлкi жеп кетiптi. Жүнiн бұрқырата шашып, құйрығын қарға шаншып қойыпты. (Түлкiнiң мiнезiн беруi. Қ.Е.) Қақпанға елiк мүйiз шәңгек (этнографиялық қосымшалар Қ.Е.) байлап қойған едi, күзен шәңгектi сүйреп, iз қалдырып бiраз жерге барыпты. Түлкi күзендi дәл осы жерде, шәңгек тас қуысына iлiнiп, дiңкесi құрыған шақта үстiнен түссе керек."(63 бет.) секiлдi етiп табиғат құбылыстарын этнографиялық бiлiкпен күшейтiп, табиғат хайуанаттарының өзiн бiрiн-бiрiне аңдытып, бiрiн бiрiне алдырып, оның бәрiн өмiр үшiн күресiп жүрген аңшы кейiпкерiнiң кәнiгi қырағы көзiне шалдырып суреттегенде, жазушының табиғатпен етенеленген болмысы келiп шығады.

"Баяғыда қауырсынын бұрқыратып, қоянның шiлдi жегенiн көргенде, түлкiнiң түлкiнi жеп, пәршелеп, жұлмалап жатқан сұмдықтың үстiнен түскенде – бұл құбылысқа жауап таба алмай басы қатушы едi. Күнi бойы суға телмiрiп, балық аулаған аюдың қылығы, ала жаздай ақ тиiннiң жинаған қорына кезiгiп, балқарағай шаққан бұлғынның мiнезi де қайран қалдыратын. Өзiне шапқан қасқырды мүйiзiне iлiп ағашқа жаныштап, жүрегi жарылып, сол жерде тас мүсiндей қатып қалған бұланның да үстiнен түскенi бар. Жылдар өте соның бәрiне жауап табылды… Табиғатта өмiр үшiн тынымсыз күрес жүрiп жатады екен."(66 бет.) Дәл осылай жазу үшiн қаншама табиғат iлiмi керек жазушыға?!

Әлiбектiң кейiпкерлерi қазақ әдебиетiнде өзге қаламгер қалыптаған кiсiлерге ұқсамайды Өзге қаламдасы тұлғалаған образға ұқсамас, өз кейiпкерiңдi әдебиетке әкелу – жазушылық арман! Әлiбек кейiпкерлерi оның өзi секiлдi, табиғатпен етене адамдар. Аяулы жары мен жалғыз ұлы өлiп, басы кәңгiрiп қалған Қараман дүниенi тәрк етпес пе? Құдайын қарғамас па?! Ал Әлiбектiң Қараманын "тұлдыр тiрлiк, тұрлаусыз ғұмыр" атандырса да ұстап тұрған, өмiрге деген майы таусылған бiлте шамның жарығындай жарық дүниеге деген сам-соз үмiтiн өлеусiретсе де өшiрмей келе жатқан жалғыз үмiт – оның туған жерi – өр Алтайы!

Кейiпкер қайғысы – қою. Кейiпкер – жазушы перзентi. Оның сыр-сымбатына көз салмай, ол сауған ойдың орамын ашпай, жазушылықтың орайы табылар ма? Қараман кейiпкер бойындағы табиғатқа деген iңкәрлiк, асқар Алтайға арқа сүйеушiлiк, табиғатпен бiте қайнасушылық – кiсiнi иландырады, тiптi қызықтырады. Бiр Қараман ғана емес, табиғат аясында тiршiлiк етiп жатқан күллi кейiпкерi өзгеге ұқсай бермейдi. Ойы, iс-әрекетi, сөйлеу мәнерi бәрi де басқарақ. Қара орманды анасындай сүйетiн Қараман ("Жазатыр оқиғасы") Анненков әскерiнiң жеңiлiс тауып Қытайға қашып бара жатқан азып-тозған бiр бөлiмiнiң iс-әрекетi, алтын сынығы үшiн мұның ұлын оққа байлап жiберген Ерофейдiң көзiн жою үшiн сыңсыған орманды өртеп тынды. Байсұлтан ("Қорық") құтты қоныс етiп отырған жерi – қорыққа өтiп кеткенi, жаңа буын азаматтардың оны адам санатына қоспағаны үшiн "көш" десе де көшпей, ақыры дықарттықтан көз жұмды; орманды адал қорғап жүрген Айтмолда ("Айтмолданың соқпағы") еңбегi еш болғанын кеш түсiнiп, дүниеқоңыз Миябайдың арам әрекетiнен кейiн жан-дүниесi қаңырап, босап қалса да, ақырында өзiнiң адами табиғатынан айни алмай, бұғы аулаған қарақшылардың оғына ұшты; жасы егде тартқан Бектұрғанның ("Көңiлдiң көк дөненi") елге монша салып берсем деген арманы желге ұшты, жаңа буын үшiн уақыты өтiп кеткен екен; өзiнiң адалдығын дәлелдей алмай, елге сыймай жалқы тағдыр кешетiн Жекебай ("Сарсаң");бастыққа жағынуды бiлмей өтiп келе жатқан Әубәкiр қария ("Басқарманың қымызы"); өзiн өлiмнен аман алып қалған қарияға аюдың қонжығын сыйлаймын деп аю-ана талауына түсiп өлетiн Есалы ("Қарымта") әлеуметтiк жүк арқалап жүрген қилы-қилы тағдырлы кейiпкерлер. Жазушы өз кейiпкерлерiн табиғатпен барынша етене әкелiп тұлғалайды да тосын шешiмдермен тағдырын түйiндеп отырады. Күтпеген түйiн оқырманды селт еткiзедi. Әдемi әңгiмешiл стилдi ұстанған жазушы кейiпкерiн шуақты күлкiге шомылдырып, ойға шомдырып сенi де жетелеп отырады.

В.Беловтың "Ағаш шеберiнiң әңгiмелерiн" еске түсiретiн "Жұртта қалған жетi үйдегi" Қасиман, Байғоныс, Мелс, Кәрiм қария, Сәлима, Қабден, Метрей шал, моторист Сәрсен өздерiнiң қызық-қызық әрекеттерiмен ерекше есте қалады. Туған жерi Талдықорғаннан алма көшетiн алып келiп қондырған көшенi (Алма ағашы семiп қалса да) "Алмалы көшесi" атандырып жүрген, немесе қалаға көше-көше бiр ауылдан жетiмсiреп жетi үй ғана қалғанына қарамастан "қазiргi уақыттың талабы" деп тау басына "дача" салып әлек болатын Мелс әрекетiне күлерiңдi де, күйiнерiңдi де бiлмейсiң. Алайда әдеби кейiпкер тiлiмен, iс-әрекетiмен, өмiр сүру дағдысымен ерекшеленетiн олар – суреткерлiк талғаммен жасалған көркем образдар. Күлiп оқып бастап, ойланып аяқтайсың.

Әлiбек кейiпкерлерiн қалай тұлғалайды? Оның кейiпкерлерi – ойшыл. Бектұрсыны былай толғанады:

"Ауыл қыбырлап, күнделiктi қаракетiне кiрiсе бастапты. Ес бiлiп, етек жапқалы көрiп-бiлiп келе жатқан таныс тiрлiк. Бiр күнi бiр күнiне ұқсас, жазы – қысқа, қысы – жазға ұласқан зымыраған уақыт. Сөйтiп жүргенде өмiр дегенi аңшыдан қашқан түлкiдей бұлаң қағып өте шығыпты-ау. Бойда ерiк, ойда көрiк бар кезде адам дегенiң уақыттың нарқын бағалай бермейдi екен. Қаншалықты өкiнгенмен, көңiлден ұшқан көк қаршыға ендi қайтып кеудесiне қонар ма?"("Бiздiң жақтың шалдары" 166 бет.)

Кейiпкер ойшыл болуы үшiн алдымен автор ойшыл болуы керектiгi бесенеден белгiлi. Әлiбек Алтайдың "шалдарының" жан-дүниесiне кiре бiлiптi. Олардың ой қазынасын ақтарып, дүниенiң өткiншiлiгi, өмiрден барқадар табу мен таппау, өмiрлiк мұрат, соңына ұрпақ қалдыру, тiршiлiк деп тепеңдеумен өтiп келе жатқан жандардың өкiнiшi мен жұбанышы, өмiрлiк ұстанымы… дегендей неше түрлi ойын саууға барыпты. Онысы алдымен кейiпкерiн даралай тұлғалауға, сосын ойшылдығымен шығармаға құнар дарытуға, соңында қазақтың тiл жұпарын жасаңытуға мейлiнше жарап жатыр.

Алғашқы бөлiмдегi "Бойда ерiк, ойда көрiк бар кезде адам дегенiң уақыттың нарқын бағалай бермейдi екен. Қаншалықты өкiнгенмен, көңiлден ұшқан көк қаршыға ендi қайтып кеудесiне қонар ма?" – деген қанатты ойдан туып, қанатты сөзге сұранып тұрған жолдар қандай?! Егер де, Әлiбек "шалдарын" өмiрдiң талай соқпа-соқпасынан өткiзiп осы ойларға дайындап алып келмесе, онда бұл ойлар кейiпкер табиғатынан тыс қалар едi. .

Әлiбек кейiпкерлерi тiршiлiк кешкен өңiр, еткен кәсiпке орай туындайтын тiл ерекшелiгiмен айырықшаланады. Оның бiр парасы – жергiлiктi сөздер "…дүкертпен (!) мұртын басты." (13 бет.), "Киiм бiткеннiң қолтырмашы(!) сөгiлiп, шабуы(!) сетiнеп, жырымдалып түсiп қалудың аз-ақ алдында жүр. Көк тебенмен iлекерлеп, әр тұсынан бiр жөрмеп(!) қойған."(13 бет), "Жалма-жан терезеге тұтқан қарынның тесiгiнен сығалап, шықарға(!) үңiлдi…"(14 бет), "Етiгiнiң белтiрi(!) сетiнеп жүр едi, тiлерсегiнен жүгiрген суық жел қара санын өрлей жөнеледi."(22 бет), "Талдыбұлаққа соңғы рет айдың екiншi тоғамында(!) бiр барып, аңғардың бойын үш күн аңдып қайтқан едi."(27 бет.), "Қараман салмадағы(!) сүрленген елiктiң етiн қапқа салып,…"(20 бет.) "Қанайдың отаулаған(!) шөбiн көрiп қайтты." (44 бет.), "Биылғы жылы Жазатырға қар қалың түстi. Кiбiсе(!) жылы ғой, қыс қатты болар деген Байсал шалдың жорамалы бекерге шыққан. Қары қалың болса да, қызылы аз, адамның арқасын қыздырған шуақты күндерi мол едi. Күннiң жылымық шуағы қардың астын жiпсiтiп, әр тұстан күркiретiп көшкi(!) түсiрген, сөйтiп, ақпан туа күнгей қыраттың бiразы жалаңашталып салған болатын" (45 бет.), "Бой жазып керiлмек едi, бурыл басын аңдаусызда мәткеге оңдырмай ұрып алды."(127 бет.), – секiлдi үйме-жүйме етiп ұсынғанда, кiсiнi өзiне тарта қоймайтын сөз қолданыстары кейiпкерiн даралауда өзiндiк мiндет атқарып жатады. Көркем образ тұлғалауға септеседi.

Жергiлiктi сөздер ғана емес, тұтас сөз орамдарымен кейiпкер тiлiн даралауда да Әлiбек қиялы ұшқыр, қаламы жүйрiк.

" – "Батырдан сауға, мергеннен сыралғы"(!) деген осы да! – деп, Байсал бұған риза болып, сақалын саумалады."(20 бет.), "…сенiң иманыңа қамшы басып тұрғаным жоқ."(11 бет.) "Қолыңнан келедi екен, бұл өмiрде боз жорғадай желiп өтпеймiсiң?…"(11-12 бет)

"– Бiзден нендей хал сұрайсың… тiсi сары қақ қайрақ болдық"(14 бет)

"– Тектiң атасының өлгенi қашан, Бейсеке! – дедi Қараман, – Бiреудiң тауығын алсаң – қаз байла, малын алсаң – қыз байла" – деген. Бұл да артында аманаты бар дүние ғой" (15 бет.)

"– Кездескен сайын өзiңiзден сұрауды ұмытып жүрмiн, айтыңызшы, Бейсеке, осы сiз нешеге жидыңыз?" (16 бет)

"– Мақтасам, орнымен мақтап отырмын. Бозбаласында оғы жаза кетпеген жұпар кiндiк едi ғой бұл Байсекең." (123 бет.)

"…үйiрiн сұйылтып алған шiрiк шөңге боп қалдық қой бүгiнде…" (171 бет.)

" – Әй, шырағым,-дедi Әбекең ашу шақырып. – Сен тасқа шыққан текедей албаты бақылдай берме!" (219 бет.)

Орманды өңiр, аң-құсты ауылдың баламалы, бейнелi тiл, бедерлi сөз қолданыстары. Соны жазушы кейiпкер табиғатына орай тамаша қолданып отырады. Әлiбек тiптi Кержак кейiпкерiн де орыс говоры арқылы сөйлетiп жатады. Онысы жарасымды. Диалогтiң өзiн жергiлiктi тiл ерекшелiктерiне сүйене құрған соң ол характер жасауға сәттi ұласып кетiп жатады. Бiрер сәтке аялдайық.

"Әрине, бұл пәниге кiмдер келiп, кiмдер кетпедi дейсiң. Атағы әлемдi әлдилеген патшалар да, жұртты аузына қаратқан жақсы мен жайсаңдар да өткен. Солардың бәрiн жалмап, бәрiн жұтып жатыр – бәрiбiр қара жердiң талысы тоят табар түрi жоқ. Сiрә, тоймайтын шығар…"(70 бет.) Кейiпкер ойы. Өмiр өткiншiлiгi туралы жазушы философиясында жаңалық жоқ. Алайда "қара жердiң талысы" – деген ұғыммен, жаңа баламамен ескi ойды жаңғыртып отыр. Сондай-ақ, кейiпкер ойы райында айтылар толғам ұлттық реңiмен кейiпкердi iштi ете түседi. Осы ойға қарап отырып Қараманды анау-мынау қатардағы көгенкөзден жоғары қоярың анық. "Шамданса – шабына шоқ түссiн!.. Бұларға салсаң бас пайдасы үшiн Алтайды өртеп жiберуге әзiр". (11 бет), "Жаратқан ие адамдарға сен патша бол, сен бай бол, сен аңшы бол, сен жалшы бол деп өмiр сыйламаса керек, тегi. Сен адамзат әулетiнiң алтын жiбiн жалғастыр, бала өсiрiп, ұрпақ қалдыр деп жарық дүние сыйлайды. Ал құйрық-жалсыз тұлдыр қалған бұл Қараман ертеңгi күнi құдай алдында не деп жауап бермек?" (71 бет) -деген қазақы философия да Қараманды кейiпкер райында iрiлендiрiп (қарапайым аңшы ғой), iрi iстерге бастайды. Оның кейiн ақ гвардияшыларды отқа өртеп жiберер ерлiгiне осындай ой ерлiгiнен кейiн күманданбайсыз. Кейiпкер табиғатынан туындаған табиғи әрекет ретiнде жантартып бағалайсыз. "Жазатыр оқиғасын" iштi шығармаға айналдыратын да кейiпкер табиғатының iрiлiгi.

"Бiздiң жақтың шалдары" – кешегi кеңестiк кезеңнiң тоғышар бейiлiн сынайтын шығарма. Аңқау шалдарды әңгiмеге тарта отырып астарында қоғамның, қоғамды құратын адамның табиғатқа жатсыраған көзқарасын ашып-ашып айтады-ау. Шығарма сондай астарымен де мiнездi шығарма дерлiк. Кеше ғана ма? Әлiбектiң шалдары – әпендi дерлiк аңқау, Алтай табиғатына тартып туған ақ-адал күн кешушi таза, айналасының аңқаулығын пайдалана бiлетiн жытқыр, қу тақым, бiрдi-бiрге ұрып жүрер алаяқ… бәрi де бар. Бiрқилы деуге келмейдi, әрқилы. Олай болатын ретi де бар. Өмiрдiң өзi сан қилы емес пе?! Дегенде сонда бiр сарын ерекше күшейiп көрiнер едi, ол шығармада айқұлақтана түсiп, арна тартар едi. Кеңестiк қоғам бойындағы тоғышарлық, дүниеқоңыздықты сынау сияқты көрiнетiн.

Өзiмiз сағынғандай болып, оның қарасын қолдан қоқырайтып жүргенiмiз болмаса, Кеңестiк қоғамның қарасы батты. Әлiбектiң әлгi кейiпкерлерi таяныш – түптұлғасы баяғыда бақилық болған шығар-ау. Адам кетсе, ол жаратқан кеңестiк қоғам кетсе, Әлiбектiң әлгi кейiпкер "шалдары" да әдебиет әлемiнен бiржолата көшуге, көңiлден өшуге тиiстi ғой. Жоқ, олай емес, оның "шалдары"– көңiлде әлi тiрi. Тiрiң не, олар бұрынғысынан да өмiршең бола түскен. Олар кезiнде жалқы көрiнiс ретiнде көрiнген тоғышарлықтың бүгiн тұтасып, тұтас қоғамдық дертке айналған шағында да әлеуметтiк тип райында өмiр сүрiп, әдеби кейiпкерлер ретiнде өз сөзiн айтып, дiн аман жүрiп жатыр. Жазушы әлгi кейiпкерлерiн көркем образ ретiнде жаратқан кезде меншiкшiлдiк дерт әлде бiреулердiң бойынан көрiнiп саяқтық танытар болса, бұл күнде қабындаған, дертке айналған. Меншiкшiл психология тұтас қоғамды иектеген. Осындай жағдайда суреткер көзбен шынайы тұлғаланған кеңестiк қоғам үшiн күресiп жүретiн кейiпкерлерi түп-түгел әпендiге айналған (өйткенi жеке меншiктiк капиталистiк қоғамға айналдық емес пе?), керiсiнше дүниеқор, алаяқ, сұм кейiпкерлерi осы бүгiнгi қоғамға сұмдық сұранып тұрған тип болған да шыққан. Мұның сыры неде?

Әлiбек – әңгiмешiл жазушы. Әңгiмешiлдiк – жазушылық стиль. Оны әсiресе қазақ жазушыларына өгейсiтуге болмайды. Қазақ әдебиетiнiң небiр асылдары – осы әңгiмешiлдiк мәнер жемiсi. Әңгiмешiлдiктi жазушылық мәнер тұтқан қаламгерiмiздiң бiрi – Әлiбек! Ол жаймашуақ әңгiмелей отырып, жадырай сөйлеп, сенi Алтай табиғатына бастайды, бауырындағы аң-құсы тiршiлiк сырына сүңгiтедi. Соның баршасында әңгiмешiлiкпен сүйiндiре отырып күлдiрiп, сүйiндiре отырып күңiрентiп ала жөнеледi. Шығарманың үстiңгi қабатында юмор шуағына бөленген күлкi, астыңғы қабатындағы елдiк (ұлттық), топырақтық трагедияларға жетелеп "қуартып" отыру – оның жазушы ретiнде лирикалық проза өкiлi екенiне кепiлдiк. Лирикалық прозаға тән сентиментализмдi де, табиғатқа құл болған натурализмдi де, адамдар тағдырына араласып кеткенде тегеурiндi драматизмдi де жазушы прозасынан молдап табасыз. Ол қуандырып отырып өкiндiре алады, өкiндiрiп отырып қуандыра алады. Қуанатының күллi шығармасы жеңiл юмормен әдiптелiп, күлкi шуағы шығарма шыбығына шуақ шашып, әңгiмешiлдiкке әр, кейiпкер тұлғалауға нәр болып сенi жетелеп отырады, өкiндiретiнi – ол суреттей бастап, ынтықтыра жетелеп апарып, сенi қилы-қилы тағдырлар оқпанына тастап кеп жiбередi. Өзiң күнде көрiп, ауыл-аймақ, ағайын-туыс арасынан күнбе-күн кездесiп, қол алысып, қол берiсiп жүрер кәдiмгi ауылдың қарапайым адамдарының тағдырының соншалық қиын, күрделi екенiн Әлiбек шығармалары арқылы танисың, табасың, сөйтесiң де өмiрден өз сыбағасын ала алмай дiңкелеп, есесi кетiп еңсесi түсiп пақыр қалыпта өтiп бара жатқан адами тағдырлар үшiн кәдiмгiдей өкiнесiң. Қуандыра бiлген, өкiндiре бiлген жазушы – алымды-шалымды суреткер!

Федор Достоевскийдiң бiр сөзi бар едi. "Жазушыға материалды ойдан шығару не керек. Ол – бос әурешiлiк. Айнала өмiр. Өмiр толы тақырып емес пе? Ойдан шығаруға әсте құмартпаңдар!" – дейтiн. А.П.Чеховтың "Қаласам, алдымдағы сия сауыт пен қаламсап та маған тақырып…" – дейтiнi тағы есте. Ол аз болса, В.Шкловскийдiң бiр сөзi бар едi, Лев Толстойға қарата айтылған, "Шын жазушы өтiрiк айта алмайды. Шын жазушы өтiрiк жаза алмайды. Ол ойдан шығарып қисындандырып отырып та өмiрлiк шындықты бәрiбiр айтып қойғанын бiлмей қалады…" – дейтiн. Осы ұлағатта жазушылық болмыс, қаламгерлiк құпия жатыр, өмiрдi көшiр деп отырып та өмiрдi көшiрме дейтiн; өмiрдi көшiрме дей отырып та өмiрдегi көркем шығармалық көрiнiстi көре бiл, тани бiл, сұрыптап ала бiл – дейтiн! Осының бәрi жинақталып келiп өмiрден өнер жасай бiлуге саяды. Ол үшiн боямасыз өмiр ғана емес, болмысты суреткерлiк керек. Ол үшiн қайталай айтсақ, мөлдiреген өмiр суретiн көрер суретшi көз, көргенiне ой ұялатып айтып бере бiлетiн суреткерлiк сөз керек. Бiздiң Әлiбек доста сол бiрiнен бiрi туып, бiрiн-бiрi жетелей толтырып, толықтырып тұратын осы екi қасиет бар. Соған сүйiнемiз. Ол – бүгiнде жазушылық ноқтаға басын бiржолата сұққан, сұққан да өз әдеби әлемiн жасап үлгерген соқталы суреткерiмiз! Әлiбектiң әдеби әлемiн ешкiммен де, тiптi өзiмен тақырыптас түсiп жататын ағалары Қалихан мен Дидахметпен де салыстыруға келмейдi. Өйткенi ол – Әлiбек Асқаровтың қол саусағын сүйелдеп жаза жүрiп қалыптастырған дербес әлемi!

Оның шығармаларында ұрпақ алмасуы – толайым мәселе. Жобамен орыстың тамаша лирик жазушысы И.С.Тургеновтен бастау алатын кейiнгi ұрпаққа көңiлi толмаушылық, содан туындайтын "ата мен бала түсiнiспеушiлiгi", кейiнгi буынды уақыт құбылысының жаңаша, ата дәстүрге алакөз етiп қалыптайтыны бiр қарағанда дәстүрге берiк – әке-шешеге мейлiнше адал бейiл берiп өсер қазақ жағдайында қалай бұзылатыны – Әлiбек шығармаларында, әсiресе "Жұртта қалған жетi үй" хикаятында мейлiнше шыншыл суреттеледi. Тозған ауыл мен ауылды тосырқар ұрпақ арасындағы сәйкессiздiктiң қалай туып, қоғамнан қалай орын алатыны – қилы-қилы кейiпкерлер өмiрi, тұрмысы, мiнез-құлығы, ұстанымы, дүниетанымы арқылы әдемi жеткiзiледi.

Жазушы шығармашылығы туралы әңгiмеде "суреттеледi" деген етiстiктi жиi қолданып отырғанымды шамалаймын. Жайшылықта "жазушылық", "қаламгерлiк" баламасына жүрер "суреткер" сөзi бiздiң қолданыста әлгi Алладан қалап алған кәсiптiң баламасы емес, анықтаушысы райында қолданылып отырады. Егер "суреткер" сөзiн адым сайын айтып, астын сызғандай етiп жатсақ, оның да өз жосығы бар. Әлiбек Асқаров – табиғатында суреткер жазушы. Көркем прозаға стилистика ендi, форма билiк жасады, диалог кимеледi…бәрi де орынды. Алайда көркем прозаға осындай жаңа көркемдiк компоненттердiң еркiн енуi бiр ыңғайда қазақтың қара сөзiнен сөзбен салынған