Жаңалықтар

ҚЫЗМЕТI ҚЫМБАТ ӘУЕЖАЙЛАР

ашық дереккөзі

ҚЫЗМЕТI ҚЫМБАТ ӘУЕЖАЙЛАР

Қазақ ұшқыштары ендi тiзгiндi қолға алады

Дүниежүзi бойынша Қазақстан әуежайларының қызметi қымбатқа түседi екен. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнде Көлiк және коммуникация вице-министрi Азат Бектұров атап өттi.

Республика аймақтарында қалыптасқан мұндай қымбатшылықтың себебi әуежайлардың мүмкiндiгi шектеулi және қызмет түрлерiнiң саны аздығына байланысты екен. Расында жекелеген өңiрлерден шетелдерге тiкелей ұшып шығу мүмкiндiгi әлi толық қамтылмаған. Сондықтан да транзиттiк әуе көлiктерi қымбат тарифтi Қазақстанда жағармай құюдан бас тартып отыр.

Еуропадан Азияға ұшып шыққан ұшақтардың жағармай құятын тиiмдi аялдамасы – Қазақстан. Елiмiз қос құрлықтың орталығында орналасқандықтан, көптеген жолаушылар жол-жөнекей ҚР әуежайларына дамылдайтыны белгiлi. Бiрақ елiмiзде әуе қызметiн көрсету бағасы аспандап тұр. "Сондықтан ұшақтар тарифi арзан әуежайды таңдайды да, аялдамасыз өтiп кетедi", – дейдi Азат Бектұров.

Қазақстанның транзиттiк әлеуетiн күшейту мақсатында аймақтардағы әуежайларда қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп келедi. 2010 жылға дейiн жүргiзiлген бұл жұмыстар әлi де жалғасын таппақшы. Сондай-ақ авиация төңiрегiнде туындап отырған даудың бiрi – бiлiктi ұшқыштар мәселесi. Өткен жылдан берi кесiмдi шешiмi шықпаған түйткiлге Парламент депутаттары мен министрлiктiң араласуына тура келдi. Олардың уәжi мынадай: Қазақстан көгiндегi көшбасшы "Эйр Астана" компаниясы "Боинг" және "Эйрбас" ұшақтарына қазақстандық ұшқыштарды жiбермейтiн болған. Сөйтiп ұшқыштарды тек шетелден шақыртуға мәжбүр көрiнедi. Аталмыш компанияның Ташкент пен Санкт-Петербор жаңа бағытының ашылу салтанатында "Эйр Астана" президентi Питер Фостер 300 ұшқыштың оқып жатқанын, жуық арада жұмысқа кiрiсетiнiн айтып жұбатқан едi. Компанияның вице-президентi Ербол Оспанов: "2008 жылы шетелдiктерден 80 ұшқыш жұмыс iстедi. 2009 жылы 62 шетелдiк болды. 20 пайызға кемiдi. 2010 жылы 66 ұшқыш сырттан келген. 2009-2010 жылдары шетелдiктердiң деңгейi өскен жоқ. 2009 жылы 12 жергiлiктi ұшқыш алынды. 2010-да 22-i тағы да жергiлiктi мамандар қабылданды", – деген мәлiмет бере келiп, 2007 жылы Голландияға халықаралық емтихан тапсыруға жiберiлген 4 ұшқыш сынақтан сүрiнiп, ал 2008 жылы 22 жергiлiктi маманның да салы суға кеткенiн айтты. Соның салдарынан компанияның 104 мың АҚШ доллары желге ұшыпты. Ал өткен жылы бағын сынауға Амстердамға барған 5 үмiткер 20 мың АҚШ долларын желге ұшырған.

Парламент депуттаттарының да бас көтерiп, дауласып отырғаны – осы мәселе. Жергiлiктi ұшқыштар өз елiнiң көгiн бағындыра алмаса, авиациялық оқу орындарының елiмiзге не қажетi бар? Оның үстiне жергiлiктi мамандарды жұмысқа тарту анағұрлым арзанға түспей ме? Бұл мәселе де ескерiлген, десе де отандық ұшқыштар Амстердамдағы сынақтан сүрiне бередi екен. Осы орайда Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов:

– Жұмыстардың iшiнде кемшiлiктер болады. "Air Astana-да" да кемшiлiктер бар. Бiрiншiден, қазiргi уақытта мына бiздiң елде жетiспей жатқан әуе кемелерi. Соның арқасында мезгiлiнде ұшақтар ұшпайды. Соның кесiрiнен наразылық туып жатыр, – деп iле-шала, – "Үкiмет "ұшқыштардың қауiпсiздiгi" деген Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын құрды. 25 адам оқып жатыр. Жыл соңына дейiн олар Еуропалық үлгiдегi сертификат алады", – деп жұбатқан болды. Жалпы жуық арада бұл мәселенiң шешiлетiнiне Министрлiк басшысы қанағаттанарлық уәде бердi:

– Бiздiң ел бойынша бiраз мамандар дайындалып жатыр. Негiзiнде 4-5 жылдың iшiнде осы мәселенi шешуiмiз керек. Өз кадрларымыз дайындалған соң, шетелдiк кадрлар кетедi, – деп қадап айтты. Айтқандай-ақ, ағымдағы жылы "Эйрбас", "Боинг" секiлдi әуе кемелерiне 35 командир жергiлiктi ұшқыштар қатарынан алынып, наурыз айында "Эмрарайр" ұшақтары келе бастайды, оған да жергiлiктi ұшқыштар алынады.

А. БЕЙIМБЕТ