Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ӨКIЛДЕРIНIҢ БАРЛЫҚ МҰСЫЛМАН ЖАМАҒАТҚА ҮНДЕУI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ӨКIЛДЕРIНIҢ БАРЛЫҚ МҰСЫЛМАН ЖАМАҒАТҚА ҮНДЕУI

Елiмiздiң бүкiл мұсылман қауымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiндегi бастаманы толық қолдайды. Тәуелсiздiкке қол жеткiзiлген 20 жылдың iшiнде Елбасымыз экономиканы өркендетiп, халықтың әл-ауқатын көтерiп қана қоймай, республикамыздағы ұлтаралық келiсiм мен дiнаралық татулықты қалыптастырды. Соның нақты көрiнiсi – қазiргi таңда республикадағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, сондай-ақ 40-тан аса конфессиялардың өкiлдерi Қазақстан атты берекелi бiрлiктiң ортақ үйiнде тату-тәттi өмiр сүруде. Осы жылдарда елордамыз Астанада 3 рет әлемдiк және дәстүрлi дiн өкiлдерiнiң сьездерi болып өттi. Жер жүзiндегi алуан түрлi дiн басшылары әлемнiң әр түкпiрiндегi ұлт пен ұлыстың, дiннiң арасында қырғи-қабақ қақтығыстар болып жатқан алмағайып заманда қазақ елiн сүттей ұйыған тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбiтшiлiктiң мекенiне айналдырған Елбасымызға және бүкiл Қазақстан халқына бата-шапағаттарын төгiп, өзге мемлекеттердi бiзден үлгi алуға шақырды.

Елiмiз егемендiкке қол жеткiзгелi берi асыл дiнiмiз – Ислам барынша өркендедi. Егер тәуелсiздiк алған кезiмiзде республикада бар-жоғы 68 мешiт болған болса, Елбасының қамқорлығы нәтижесiнде қазiр олардың саны 2371-ге жеттi. Халқымыз жаппай дiни сауаттылыққа бет бұрып, имандылыққа ден қойды. Осы уақыт аралығында елiмiздiң көптеген жастары шет елдердегi белгiлi дiни оқу орындарында ғибратты бiлiм алып, жұртымызды ислам дiнiнiң шуағымен нұрландыруда.

Елiмiздiң өткен жылы ғана Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасап, оның тамаша табыспен аяқталғаны – күллi әлемге белгiлi. Ал биыл бiздiң Президентiмiзге Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ету абыройы бұйырды. Мұның өзi – Нұрсұлтан Әбiшұлының бүгiнде Жер шарының 57 мемлекетiнде тұратын 1,5 миллиардтан астам халықты бiрiктiрiп отырған мұсылман дүниесiндегi аса беделдi әлемдiк қайраткер екендiгiнiң айқын дәлелi. Елбасының сабырлы һәм сарабдал саясаты арқасында Қазақстан Батыс пен Шығыстың арасын жалғастыратын руханият пен өркениеттiң алтын көпiрiне айналды. Тәуелсiздiк алған жылдардан берi Қазақстанда ұлтаралық келiсiм мен дiнаралық татулықтың берiк орнығуы Елбасының кемел де дана саясатының арқасында мүмкiн болды.

Құрметтi мұсылман бауырлар!

Бiз Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елiмiздiң Тұңғыш Президентi болуы – Алла тағаланың бәрiмiздiң бағымызға берген зор бақыты мен үлкен нығметi деп бiлемiз. Соған шүкiрлiк етемiз. Сондықтан Қазақстандағы барлық мешiттердегi жұма намаздарға қатысатын намазхандарды – мұсылман жамағатты Қазақстан Республикасының Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкiлеттiк мерзiмiн 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiнде бүкiлхалықтық референдум өткiзудi қолдауға шақырамыз.

Ә.Дербiсәлi, Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының төрағасы, бас мүфти; М.-Х.Алсабеков, Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының наиб мүфтиi; Қ.Жолдыбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының аппарат басшысы; Қ.Заңқоев, Астана қаласының өкiл имамы; М.Құлмұхаммед, Алматы қаласының өкiл имамы; М.Әбсаматов, Атырау облысының өкiл имамы; Қ.Қыдырмин, Ақмола облысының өкiл имамы; Б.Есмахан, Ақтөбе облысының өкiл имамы; Н.Есмағанбет, Атырау облысының өкiл имамы; С.Сейiтбеков, Батыс Қазақстан облысының өкiл имамы; А.Керiмбек, Жамбыл облысының өкiл имамы; Н.Утпинов, Қарағанды облысының өкiл имамы; Р.Рысбай, Қызылорда облысының өкiл имамы; Т.Жәкиев, Маңғыстау облысының өкiл имамы; Б.Мырзагелдиев, Оңтүстiк Қазақстан облысының өкiл имамы; Е.Балахмет, Қостанай облысының өкiл имамы; Ж.Бердiмұратов, Павлодар облысының өкiл имамы; Т.Мырзаев, Шығыс Қазақстан облысының өкiл имамы; С.Маханбет, "Ислам және өркениет" газетiнiң бас редакторы; О.Өмiрбек, "Иман" журналының бас редакторы.