Жаңалықтар

ЕНДIГI СӨЗ – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТЕ

ашық дереккөзі

ЕНДIГI СӨЗ – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТЕ

Депутаттар Президент пiкiрiне құлақ аспады

14 қаңтарда Парламент палаталарының бiрлескен отырысында Президент өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту үшiн референдум өткiзу мақсатында ел Конституциясына жаңа өзгертулер мен толықтырулар енгiздi.

ҒАНИ ҚАСЫМОВ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ УАҚЫТЫН АТАДЫ

Бұл жиында Конституцияның 46-бабының 4-тармағындағы "Қазақстанның тұңғыш Президентi" деген сөзге сызықша арқылы "Елбасы" деген сөз жалғанды. Яғни "Елбасының" ерекше мәртебесi мен өкiлетi конституциялық заңмен айқындалады. Конституцияның 42-бабындағы 5-тармағына да өзгерту енгiзiлдi. Онда: "Бiр адам қатарынан екi реттен артық республика президентi болып сайлана алмайды. Бұл шектеу президенттiк өкiлетi республикалық референдумда ұзартылуы мүмкiн Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентiне-Елбасыға қолданылмайды", – деп толықты.

Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесiне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 14 қаңтарда Парламент палаталары қабылдаған конституциялық өзгерiстердiң Конституцияға сай келетiн, келмейтiндiгiн қарауын өтiнген өтiнiшi келiп түстi. 17 қаңтарда жиын өткiзген Конституциялық кеңес жұмысқа кiрiсiп кеткендiктерiн мәлiмдеген. Бұл мәселеде шешiм қабылдау үшiн отандық және шетелдiк сарапшылар iске жұмылдырылмақ.

Конституция бойынша Парламент қабылдаған заңның Конституцияға қаншалықты сай болатындығын нақтылау үшiн бiр ай уақыт керек. Демек, Конституциялық кеңес ендi бiр айдан соң шешiм қабылдайтын болады.

Бiрқатар сарапшылар Парламент қабылдаған бұл өзгерiстер қалайда жүзеге асады деген ой айтады. Өйткенi Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес Президент Парламенттiң ұсынысын керi қайтарып, әуелi референдум өткiзу туралы ұсынысты жалпыхалықтық референдум өткiзуге салады. Бiрақ парламент мүшелерiнiң бестен төртi дауыс берген жағдайда ол заң бәрiбiр күшiне енедi екен. Бұл да осы бапқа сәйкес.

Zonakz.net сайтына сұхбат берген сенатор Ғани Қасымов референдумның уақыты наурызға белгiленедi деген болжам айтты.

Бастамашыл топ пен Орталық сайлау комиссиясының есебi бойынша, Президент Назарбаевтың өкiлеттiгiн ұзартуды Қазақстан тұрғындарының 55 пайызы, яғни 5 миллионнан астам адам қолдаған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ НЕ ДЕЙДI?

Елiмiздiң шығысында басталып, Парламент депутаттары қолдап-қолпаштап кеткен Елбасының президенттiк өкiлеттiгiн референдум арқылы ұзарту туралы идея халықаралық қауымдастық тарапынан iшiнара сынға ұшырауда. Ең әуелi АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд: “бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, оның 11 жыл бойы өтпеген Саммитiн дүрiлдетiп өткiзген Қазақстан үшiн сайлауды жалпыхалықтық референдумға айырбастау, демократия үшiн керi шегiну болып табылар едi”, – деген мәлiмдеме жасаған едi. Елбасының бұл ұсынысты қабылдамайтыны жайлы мәлiмдеме тарағаннан кейiн, Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс шешiм қабылдады деп құптаған да Ричард Хоугланд болды.

Ал 14 қаңтардағы Парламент палаталарының бiрлескен шешiмiнен кейiн ЕҚЫҰ да референдум өткiзу туралы шешiмдi сынаған. Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесiнiң басшысы Янез Ленарчич: "Референдум ешқашан тұрақты сайлаудың орнын баса алмайды", – деген ойын жеткiздi.

14 қаңтардағы Парламент палаталарының шешiмiнен кейiн Еуроодақ та референдум өткiзудi қолдамайтындықтарын бiлдiрдi. Еуроодақтың пiкiрiнше, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн ұзарту демократияға сай емес. Халықаралық беделдi ұйым Қазақстанды тұрақты және әдiл сайлаулар өткiзуге шақырды. Онда: "Еуроодақ президенттiң 2020 жылға дейiн ұзарту жайлы кез келген шешiмi Қазақстанның демократия жолында дамуына және мемлекеттiк басқару жауапкершiлiгiне қарама қайшы. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы өте жоғары деңгейде өттi, әрi Қазақстан оның алғаш үштiгiне енетiн мүшесi ретiнде, Еуроодақ Қазақстанды өз Конституциясына және ЕҚЫҰ алдындағы мiндеттерiне сәйкес тұрақты, еркiн және әдiл сайлау өткiзуге шақырады, бұған орай Қазақстан Парламентiнiң ерекше жауапкершiлiгiн де атап өтедi" делiнген.

Есенгүл Кәпқызы