Жаңалықтар

Қазақ хандығының құрылғанына – 555 жыл!

ашық дереккөзі

Қазақ хандығының құрылғанына – 555 жыл!

ӘЗ ЖӘНIБЕК ПЕН КЕРЕЙДI ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМIЗ?

Қазақтың мемлекеттiк тарихы туралы толғаныстар бүгiнде әрқилы. Қазақ тарихының бастауын сонау ғұн, сақ дәуiрiнен бастаған жөн дейдi бiрқатар тарихшылар, екiншiлерi ұлы Түрiк қағанаты дәуiрлеген V-VII ғасырдан бүгiнге қарай ойысуды ұсынса, үшiншiлерi Жошы ұлысы немесе Алтынорда дәуiрi қазақ мемлекеттiгiнiң тарихының бастауы бола алады, төртiншiлерi Ақорда дәуiрiнен бастау алады деп топшылайды. Бiрақ бiр нәрсе айқын – қазақ тарихшылары бұл тұрғыдан әзiрге бiр пiкiрге тоқтай алмай жүр. Ал биыл Қазақ хандығы деген ресми атпен тарих сахнасында пайда болғанымызға 555 жыл толып отыр.

АЛҒАШҚЫ ХАНДАРЫМЫЗДЫҢ АТЫНДА КӨШЕ БАР МА?..

Жалпы Қазақтың мемлекеттiк санасы туралы ойды жиi айтамыз. Бүгiнгi өсiп келе жатқан жас буын қазақ тарихын қаншалықты бiледi? Олар үшiн Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек кiм? Оларды ұлықтау әлi күнге дейiн өз деңгейiнде емес, өкiнiшке қарай, тарихи жадымызды жаңғырту тұрғысынан, жас ұрпақты өз өткенi үшiн мақтана алатындай дәрежеге жеткiзу үшiн iстелiп жатқан шаралар да мардымсыз.

Кезiнде социалистiк мемлекеттердiң бас көшесi Лениннiң атымен аталатын. Мемлекеттердiң астанасындағы орталық көшеден бастап, облыс, аудан, ауылдың бас көшелерiнiң бәрi "Күн көсемнiң" атында болушы едi. Бұл – бiр идеологияға жұмылдырудың басты мақсаты болғаны әлемге аян. Ал тәуелсiздiк алғанына 20 жыл толып отырған Қазақ мемлекетiнiң ортақ идеологиясы не? Оны айту – қиын. Әр облыстың, әр өңiрдiң өз батыры, өз ханы атқа мiнген заман болды. Әр өңiр өз руының батырларын ұлықтап, соларды дәрiптеп әуре. Ал Әбiлқайырдан бөлiнiп, Қазақ хандығын құрған тұңғыш хандарымыздың атында ешқандай елдi мекенде, қалада әлi күнге дейiн көше жоқ! Бар болса, саусақпен санарлық. Алматыда бұрынғы коммунистер көшесiнiң атын Абылай хан иеленсе, Астанада iрi көшелердiң бiрiнiң атын Хан Кенеге берген. Ал орталық көшелерiмiздiң кейбiр атаулары әлi күнге дейiн отаршылдық таңбасы ретiнде коммунистердiң берген атауымен тұрса да, тұңғыш хандардың атына көше беру жағын әлi ескермей келемiз.

ЕСIК ҚАЛАСЫНДА БАРЕЛЬЕФ АШЫЛДЫ!

Керей мен Жәнiбек есiмiн ұлықтау iсiн әуелi болып Оңтүстiк Қазақстан облысы Созақ ауданы қолға алды. Тарихқа жүгiнсек, Қазақтың алғашқы ордасы осы Созақ өңiрiнде Қозыбасы деген жерде тiгiлген екен. Қазақ хандарының қасиеттi мекен Түркiстанға жерленуiнiң де сыры осында жатса керек. Созақ ауданының әкiмi Созақбай Әбдiқұлов мырзаның бастамасымен Керей мен Жәнiбектiң асқаралы ескерткiшi Созақ ауданының орталығы Шолаққорған кентiндегi кiре берiсте "Жастар саябағында" бой көтерген. Ал екiншi ескерткiш кешен елордамыз – Астанада былтыр маусым айында тұрғызылды. Әуелi бұл ескерткiш Қазақ Елi монументiне орналастырылады делiнген едi. Алайда Қытайда жасалынған Керей мен Жәнiбек ханға арналған ескерткiштер жарамсыз деп танылып, қоқысқа тасталды. Сосын арнайы байқау жариялап, қазақтың тұңғыш хандарының ескерткiш мүсiнiн тұңғыш Президенттiң мұражай саябағына орналастыруға шешiм қабылданды. Сөйтiп, 2010 жылдың 1 маусым күнi Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзi ашқан ескерткiш мүсiн ел болып, мемлекет болып Қазақ хандығының негiзiн қалаған ұлы хандарды ұлықтаудың басы болғаны белгiлi.

Оның ұзындығы – 12 метр. Мүсiндiк композицияның барлық элементтерi бiр қалыпта әзiрленiп, таза қоладан құйылды. Салмағы – 16 тоннадан асады. Бұл туындының авторы – астаналық сәулетшi Ринат Әбенов.

Жақында Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданының орталығы Есiк қаласында Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек хандарға арналған барельеф ашылған екен. Бұл жағымды жаңалыққа қуанып, Есiк қайдасың деп тартып отырдық. Бiз барғанда Есiк қаласында аудан әкiмiнiң кезектi есебi болып жатыр екен. Халықпен жүздесу аяқталғаннан кейiн, осы барельефтi ұйымдастырушы, идея авторы, Еңбекшiқазақ аудандық мәслихатының хатшысы Әдiлбай Талқанбаев және Есiк қаласының әкiмi Асхат Алмабеков мырзалармен кездесудiң сәтi түстi.

Барельеф Есiк қаласындағы күре жол – Алматы көшесiнде, қалалық әкiмшiлiктiң қарама-қарсысында орналасқан екен. Тым биiк те емес, тым көлемдi де емес, алайда қаланың көрнекi жерiнде бой түзеген барельефтiң негiзгi идеясы да, айтар пәлсапасы да айқын – Қазақ хандығының негiзiн қалаған тұлғаларды ұлықтау, олардың тарихи тұлғасын болашақ ұрпақ зердесiне ұялату. Идея авторы Әдiлбай Талқанбаев былтыр Астанада хандарға арналған ескерткiш кешендi ашып тұрып Елбасының қазақ үшiн аса маңызды тарихи қос тұлғаны бiр-бiрiнен бөлiп қарауға болмайтындығын айтқандығын еске алды:

– Бiздiң Есiк қаласы Түркияның Тарсус қаласымен бауырлас қала болған едi. Осы ретте бiз Түркияда Аданада, Тарсус қалаларында болып, өзара бауырластығымызды насихаттап қайттық. Ендiгi кездесу бiзде Есiк қаласында өтетiн болды. Мен Республикалық Түрiк этно-мәдени орталығының президентi Зиятдин Хасеновқа осы кездесу барысында қазақтардың мәдени-рухани гүлденуi үшiн бiз де септiгiмiздi тигiздiк деп мақтанып жүретiн бiр iс жасасаңыз деп айттым. Ол бұл ұсынысты қуана қабылдады. Сөйтiп, iске кiрiсiп кеттiк. Болашақта осы Алматы көшесiн Керей мен Жәнiбек хандардың есiмiмен атауды да ойға алып жүрмiз. Сөйтiп, ұзындығы 3-4 шақырымға созылатын, 260 мыңдай тұрғыны бар Алматы облысының Еңбекшiқазақ ауданының орталығындағы бас көшенi ұлы хандарымыздың атымен атап, ұлттық тарихымыздың түгенделуiне үлес қосуды мақсат етiп отырмыз, – дейдi Әдiлбай Талқанбаев.

Барельефтiң бас сәулетшiсi – Мәдениетке еңбегi сiңген қайраткер Абдалиев Әбдiкәрiм, мүсiншiсi – Сiргебаев, бас демеушiсi – З. Хасенов.

P.S. Бұл – төл тарихымызды қастерлеудiң басы. Елдегi еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейiн қазақтың тұлғалары жайында жатқа бiле жүруi тиiс. Кезiндегi "Бұл – Қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында тер төккен әрбiр тұлғаны бүгiнгi ұрпаққа насихаттау, олардың ерлiгiн болашаққа паш ету – бiзге аманат!

Есенгүл Кәпқызы