БҰЛ – "ҰСАҚ-ТҮЙЕК" ЕМЕС
БҰЛ – "ҰСАҚ-ТҮЙЕК" ЕМЕС
Ұлттық киiм мен ұлттық биiмiздi қашан жөнге келтiремiз?
Бiзде кей нәрселерге "ұсақ-түйек қой" деп, жете мән берiлмей, ал шын мәнiнде олардан мемлекеттiң мәдени саясатына нұқсан келiп жатады. "Ұсақ түйектен маңызды нәрсе жоқ", – дейдi қытай халқының мақалы. Тарихи санамыздың мәңгүрттенуiнiң бiр салдары болып отырған жәйт – қазiр қолданыста жүрген, яғни сахнада, теледидардан көрсетiлiп жатқан қазақтың ұлттық киiмi шынайы дәстүрден алшақтап кеткенi. Осы мәселе реттелмей, ешқандай бақылауға алынбағандықтан, әр адам қиялына ерiк берiп, ұлттық киiмдi "артық қыламын деп тыртық қылып" жүр. Негiзiнен бұл үрдiс Кеңес дәуiрiнен басталған.
"Театр киiм iлгiштен басталады" деген сияқты, ұлттық мәдениетiмiздi насихаттау, ұлттық намыс осы ұлттық костюмнен басталмай ма? Тарихшы ретiнде туындап отырған басты келеңсiздiктерге назар аударуды жөн көрдiм. Дәстүрлi киiмдер өз ережелерi бойынша тiгiлуi керек, олардың жалпы нұсқасына, пiшiмiне өзгерiстер енгiзуге болмайтынын әншi, күйшiлерiмiз, әртiстер, т.б. түсiнуге тиiс. Әрине, заманға сай жеңiлдету, арзандату, өзгерту (стилизация) әсiресе эстрада әншiлерi үшiн мүмкiн. Жақында ғана Тәуелсiздiк күнiне орай өткен мерекелiк шараларда ұлттық киiмге қатысты өрескел бұрмалаулар тағы да көзге ұрып тұрды.
Бас киiмдер. Әсiресе қыздардың бас киiмдерi сын көтермейдi. Қазақ қызының классикалық бейнесiн бiлдiретiн зер тақия соңғы жылдары мүлдем жоғалып кеттi ("Абай жолында" Әбдiрахман қалыңдығы Мағрипаны алғаш кездестiргенде ұзақ уақыт суретi көз алдынан кетпей тұрып алған осы қазақ қызының ғажайып тақиясы емес пе едi?). Оның орнын бүгiнде абажадай бөрiктер алмастырды. Жалпы қарасаңыз бiзден басқа еш халық қыстық киiмдi тұрақты ұлттық костюм етiп алған жоқ, яғни сахна төрiне шығармайды (әйтпесе орыстар да малақай мен тон киген). Әрине, чукчалар, якут-сахалар болса бiрсәрi, себебi, олар да жаз мезгiлi аз. Құдайға шүкiр, қазақтың барлық салтанатты жиындары, ойын-сауығы, алтыбақаны, т.б. жайлауда өткен. Әйел қауымы нағыз сәнденiп шығатын жыл мезгiлi жаз болған. Оның үстiне тақия бiздi барлық Орта Азия халықтарымен байланыстырып тұрған мәдени символ iспеттес. Оны өзбек қызы, түркiмен қызы, татар қызы да киген (сол сияқты ерлер қауымына да қатысты). Әрине қазақ дәстүрiнде қыздың тақиясы ерекше өнер туындысы болған, ол қымбат тастармен, зермен әшекейлеген, төбесiне бiр шоқ үкi тағып қойған немесе үкiсiз де кие берген.
Ал тiптi бөрiктi алсақ, оның да түпнұсқасын ешкiм ұстанып жүрген жоқ. Кезiнде ақын Тұрсынхан Әбдiрахманова осы мәселенi көтерiп, "бөрiктi песецпен (ақ түлкiмен) көмкерген қай қазақты көрдiңдер?", – дегенi бар едi. Сосын "шошақ бөрiк" деген бас киiм кейбiр өңiрлерде кездескенi рас, бiрақ оның да ақылға сиятын көлемi, биiктiгi болған. Яғни адамға, көшпелi қоғам мүшесiне эстетикалық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан қолайлы әрi әдемi киiм болуы шарт емес пе?! Қазiргi кезде кейбiр қыздарымыздың тiптi еш кезде болмаған, әжелерiмiздiң түсiне де кiрмеген тымақ секiлдi ме, батырдың дулығасы тәрiздi ме, әйтеуiр ұсқынсыз бас киiмдердiң түр-түрiн көрiп таңқаласың.
Ер адамдардың бөрiктерiнiң де пошымы өзгерiп кеткен. Әбден жауыр болған қалпақтарды алсақ, шын мәнiнде бұл бас киiм түрi тек белгiлi бiр кезеңде және нақты бiр әлеуметтiк ортада (шонжарлар арасында) орын алған сияқты. Сондықтан оны жалпыұлттық, қазақы бас киiм деуге мүлдем келмейдi. Қазақ адамының ұлттық символына айналуға құқылы бас киiм түрi – ол мұсылман тақиясы. Өкiнiштiсi, ешкiм мұражайларға барып немесе ескi фотосуреттер мен арнайы зерттеулердi ақтарып аталарымыз бен әжелерiмiздiң киген шынайы киiм үлгiлерiн анықтағысы келмейдi.
Киiмге, әсiресе қыздардың көйлегiне қатысты сын. Ешқашан тарихымызда болмаған, тек суретшi Гүлфайрус Исмайылованың көркемдiк қиялынан шығып ("Қыз Жiбек" фильмiнiң костюмдерiнiң эскиздерiн осы кiсi жасаған) "мода" болып кеткен етегi мен жеңiне желбiрдi аямай сала берген, оның үстiне шамадан тыс кең пiшiлгендiктен сүйретiлiп жататын "сыған" көйлектерiн қоятын кез келдi. Классикалық "қос етек" көйлекте тек бiр ғана желбiр болған. Тiптi мұражайлардағы фотоқұжаттарды қарасаңыз, етегi де, жеңi де адамның өзiне шақ, ыңғайлы көйлектердi ғана көресiз. Сол сияқты, камзол, бешпент, шапан, т.б. киiм түрлерiнiң де өзiндiк ерекшелiктерi бар және олар мүмкiндiгiнше бұрмаланбауы керек. Әйелдiң де, еркектiң де көйлегiнде тiк жаға болған, ешқандай ойық жоқ, т.с.с. Қысқы киiмдердi қазақ ешқашан жүнiн сыртына қаратып кимеген: түлкi iшiк, қасқыр iшiк, жанат iшiк дегендердiң барлығында аңның терiсi астарына салынып, киiм сыртынан қымбат, барқыт секiлдi қалың матамен тысталады. Үстiне аңның терiсiн жамылған еркек – қазақ қоғамының көрiнiсi емес. Мүмкiн ол викингтерде немесе ежелгi грузиндерде кездескен шығар (Шота Руставелидiң "Жолбарыс терiсiн жамылған батырын" еске түсiрсек ).
Киiмнiң түсi мен әшекейленуi. Қазақ қоғамында ер адамдар қызыл, жасыл, ақ, сары сияқты ашық түстi киiм кимеген. Ер-азаматтың киiмi көбiнесе қара, қоңырқай, қара көк болып келген. Тек iшкi киiм ғана (жейде, дамбал) ақ матадан тiгiлген. Бүгiнде сахнаға домбыра ұстап шығатын кейбiр әртiстер, айтыскер ақындар сыпайылықты, ер адамға тән ұстамдылықты ұмытып бұтына әппақ шалбар, үстiне жарқылдатып оюлап-кестелеп тастаған ақ бешпент, тiптi ақ бөрiк (?) киiп, әлем-жәлем болып шығады. Ақ киiмдi қазақ арасында тек диуаналар, кейбiр молда-сопылар киген. Әрине, сал-серiлер болғаны рас. Бiрақ олардың да басым көпшiлiгi шектен шықпаған. Келесi бiр мәселе – ою-өрнекке, әшекейлеуге қатысты. Ең басты қағида: қазақ халқы ешқашан үстiне алабажақ киiм кимегенi камзолға да, тақияға да ою-өрнек, әсiресе сырмақ-текеметке салатын "қошқар мүйiз" жапсырмаған. Бұл халықтың мәдениетiнiң, эстетикалық талғамының өте биiк болғанының айғағы (Әрине кейде орынды жерiнде ұсақ өрнек, алтын жiптермен зер кесте салу қыздардың киiмiне қатысты практикада кездескен. Сол сияқты хан-сұлтандар салтанатты жиындарда зер шапан киiп шыққан). Соңғы кезде "Көшпендiлер", "Бiржан сал" сияқты жаңа тарихи фильмдерде қазақтың киiмдерi ғылыми-этнографиялық негiздер бойынша "түзелiп", бiршама тарихи шындыққа жақындай түскенi қуантады (Тарихи картиналарды, сериалдарды түсiргенде киiм-кешектiң сол заманға сәйкестiгiн қатаң талап ететiн әлемдiк киноиндустрияның ережелерiн ескерген болар). Аталмыш фильмдерде қазақ бұқарасының киген сыртқы киiмдерiнде ою-өрнек атымен жоқ. Ер адамдардың тақиялары – нағыз дәстүрлi үлгiмен сырылып тiгiлген кәдiмгi тақиялар. Ендеше, әртiстерiмiз бен әртүрлi салтанатты шараларда ұлттық киiмдi насихаттайтын бикештерiмiздiң киiмдерiн де осы жолмен жөндеудi тезiрек қолға алу керек сияқты.
Көне дәуiрлердiң киiмдерi қазақтың ұлттық киiмi болып санала ма? Бiзде сақ дәуiрiн, көне түркi дәуiрiн насихаттаушылар жеткiлiктi. Бiрақ олар түсiнуi керек: қазiр мәдени саясатқа сәйкес дәстүрлi киiм нұсқасын нақтылап, оны жалпыға бiрдей ортақ үлгi ету үшiн сол халықтың әбден қалыптасқан, мәдениетi тұрақтап, гүлденген тарихи кезеңiнiң үлгiлерi жетекшiлiкке алынады. Жалпы, "қазақ" деген этнос тарих сахнасына осы атаумен XV ғасырдың аяғына таман шыққаны белгiлi, ендеше "қазақтың дәстүрi", "қазақтың киiмi" деп бiз тым ертедегi ғұн тайпаларының киiмi мен шаш қою үлгiсiн алғанымыз қисынға келмейдi (мәселен, ғұндар мен түркiлерде еркектер ұзын шаш өсiрген, бұрым өрген немесе жалбыратып жайып та жүре берген). Ондай замандарды шатастыруды "анахронизм" деп атайды. Соңғы кезде "Қазақ халқының ұлттық киiмi" деген жаңа кiтап-альбом шығыпты, сонда тiптi "ежелгi қимақтардың киiмi", "қола дәуiрi адамдарының киiмi" деп таза қиялдан туындаған суреттер берiлген екен (оны жасырмай "киiм үлгiсiнiң авторы – пәленбаев" деп қойыпты). Мұндай плюрализм басқасын қойғанда жастарды, бала-бақша, мектептегi жеткiншектердi шатастыруға әкеледi. Шын мәнiнде "қазақтың ұлттық киiмi" деп шартты түрде Абылай мен Абай арасындағы заманғы киiмдердi айтуға болады. Және ол кезең туралы нақты құжаттар, суреттер, заттай мұралар жақсы сақталған.
Сосын географиялық аймақтарға байланысты, ру-тайпаларға тән киiм киюдiң белгiлi айырмашылықтары болғаны рас. "Арғын кимешек", "адай бөрiк", "матай тымақ" деген сөздер соны аңғартады. Арнайы мамандар оларды ажыратып берер. Алайда олар принциптi айырмашылықтар емес және оларды әсiрелеудiң еш пайдасы жоқ. Бiзге қажет нәрсе – "бiр ұлт", "бiр жалау" деген сияқты бiрыңғай ұлттық киiм үлгiсi. Яғни халықты, болашақта барлық қазақстандықтарды бiрiктiре алатын қазақтың ұлттық костюмiн, соның басты ережелерiн анықтау мәселесi. Басқа халықтар, шет елдiктер "мынау – қазақтың ұлттық киiмi ғой" деп бiрден тану үшiн киiмдердiң түр-түрiн қаптатып шатастырмай, әсiресе ойдан шығаруды доғару керек. Оның есесiне бiрнеше әдемi, көз тартатын үлгiлерiнiң кеңiнен таралуына мүмкiндiк жасалуы тиiс. Сонымен қатар кейбiр жағдайларда, айталық, тарихи-хореографиялық қойылымдарда, көне замандарға арналған спектакльдер мен фильмдерде ғұндар, сақтар мен түркiлер киiмдерi де көрсетiле берсiн. Аса көркем және шынайы тарихи негiзi бар ұлттық киiм үлгiсi анықталып дұрыс насихатталса, оған басқа ұлт өкiлдерi бала кезiнен-ақ қызығып, сөйтiп қазақ халқының дәстүрi мен мәдениетiне өз еркiмен бас иетiн бiр фактор табылар едi. Ал әзiрше (шындықты жасырудың қажетi жоқ) қазақтың ұлттық киiмiне, әсiресе қыздардың басындағы шоқпардай қауырсындарға басқа ұлт өкiлдерi езу тартып, кекесiнмен қарайтынын талай байқап қалғанбыз.
Тағы бiр өзектi мәселе – ұлттық би дәстүрiнiң толық қалпына келтiрiлiп, кеңiнен насихатталуы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өнер адамдарымен соңғы бiр кездесуiнде "ұлттық бидi қолға алу керек" дегенiн теледидардан қалың жұртшылық естiдi. Президенттiң өзiн осы жетiспеушiлiктi байқап ескертпе айтуға дейiн апарған бұл жәйт өнертанушыларға, өнер адамдарына, әрине, ауыр сын. Өзбекәлi Жәнiбеков сияқты ғалымдардан кейiн қазақтың ұлттық биiн зерттеп, қалпына келтiру мәселесi тоқтап қалған сыңайлы. Аңызға айналған Шара Жиенқұлованың тамаша билерi болған. Тәуелсiздiк жылдары Қытайдан елiне оралған дарынды бишi Шұғыла Сапарғали, т.б. кәсiби мамандардың жаңа буыны қазақтың ұлттық биiн дамытуға үлес қосқанымен,бұл iс әртүрлi себептермен жалғасын таппады ма, қалай болғанда да сахнадан қазақтың тәуiр биiн әлi көре алмай жүрмiз.
Түсiну керек, қазiр жұрттың талғамы күннен күнге өсiп келедi, мәдениет кеңiстiгiнде бәсекелестiк күштi, әсiресе жастар оңайлықпен бiрдеңеге қызықпайды. Өнердiң шарты – еркiндiк, шынайылық. Қалың бұқараға күшпен, әкiмшiлiк шарамен жаратпаған әнi мен биiн қабылдата алмайсыз. Әрине, талғамды тәрбие арқылы да аздап өзгертуге болады. Бiрақ қалай десек те, лезгинка, испан, араб, өзбек, ұйғыр билерiн тамашалағаннан кейiн қазақ қыздарының екi қолын бұлғаңдата ары-берi жүгiре беретiн тым қарапайым, еш экспрессиясы жоқ биi адам баласын аса тарта қоймайды. Барлық халықтар үлкен жиындарда өздерiнiң ұлттық биiн жаппай билеп кетедi. Қазақтың тойларында ондай рухты көтеретiн ұлттық би жоқ. Әрине, тарихи-этникалық негiздi талдасақ, көшпендi-әскери қауымдарда би өнерiнiң онша дамымағаны да рас. Алайда заман талабына сай көне дәстүрлердi қалпына келтiре отырып (мысалы, түрiк, әзiрбайжандардың қол ұстасып билейтiн топтық билерi көне замандарда бiзде де болған), қажет жерде батыл экспериментке де бару керек: қазаққа мәдениетi жақын болып табылатын түркi-мұсылман халықтарының билерiне тән кейбiр элементтердi, қимылдарды қабылдаудың еш сөкеттiгi жоқ. Ол – табиғи үрдiс. Айталық, Шара билеген қазақ биiнде өзбек биiнiң әсерi бар. Шынтуайтқа келгенде "сенiкi-менiкi" дейтiн емес, көп жағдайда бiз белгiсiз себептермен жоғалтып алған, ал дұрысында бәрiмiзге ортақ мұралар мен өнер тәжiрибесiн алып отырғанымызды дәлелдей алуымыз керек. Мысалға айта кетейiк, керней, сырнай сияқты музыкалық аспаптар ертерек кезде, хандар тұсында қазақ жерiнде де тараған. Оны неге "өзбектiкi" деп қойдық? Тәуелсiздiк Күнi, Наурыз мейрамында салтанаттың әсерiн арттыру үшiн сол үрмелi аспаптарды, сол сияқты соқпалы, барабан iспеттес музыкалық аспаптарды (дабыл) неге кеңiнен қолданбасқа? Өзiмiз сияқты көшпелi, жауынгер халық болған түркмендердiң жiгiттер тобы билейтiн тамаша, отты билерiнен немесе Кавказ халықтарының би дәстүрiнен де үйренуге болады. Сөзсiз, тарихи-өркениеттiк даму жолымыз үнемi бiр болған түркмен, түрiк, ноғай, өзбек, ұйғыр, т.б. бауырлас халықтардың мәдениетiнен белгiлi тәжiрибе алу арқылы бiз ұлттық өнерiмiздiң кейбiр тұстарын жетiлдiруге мүмкiндiк аламыз. (Ал әзiрше бiзде тек Сiбiр, Қиыр Шығыстағы чукчалар мен шүршiттерден үйренгендi жақсы көредi. Сөйтiп, баяғыда ұмыт болған жабайылық жаңғырып, қазақ қазақ болғалы көрмеген сұмдықтарды – қасқырша ұлып "өлең" айтқанды, отты айналып секiрудi, т.б. үйренiп әрi тамашалап жатқан жайымыз бар).
Биге ыңғайлы музыканы табу да жауапкершiлiктi, нағыз шығармашылықты талап етедi. Көп мәселелердiң бiрi – домбыраның сапасы, үнi мамандар қанша жазып дәлелдесе де шешiлмей қойды. Қобыз, сыбызғы, дабыл, сырнай, жетiген сияқты аспаптар ылғи екiншi орынға ығыстырылады. Сөйтiп мәдениетiмiздiң жұпыны болып көрiнуiне өзiмiз жол беремiз. Президенттiң бiр ауыз сөзiнен кейiн болар, бiреулер "Қаражорға" биiн дайындап насихаттауға кiрiсiптi. Бiрақ салт аттыларға тән жылдамдық, әскери рухта болуға тиiстi "Қаражорғаны" моңғол-буряттардың буын биiмен алмастырып жiбердi деп басқа бiреулер қарсы шыққаны да естiлiп қалды. Осының барлығы "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында неге шешiлiп реттелмедi? Әлi де болса мемлекеттiң бұл мәселенi улатып-шулатпай, басқа ұлт өкiлдерiне жария етпей-ақ, байыппен, арнайы қаржыландырумен ғылыми жобаларды жүзеге асыру арқылы шешуге мүмкiндiгi бар.
Жалпы, келешекте қазақ балаларын ән мен домбырадан гөрi биге көбiрек баулыған жөн сияқты. Әлем халықтарының, әсiресе қазақтың биiн билесiн. Би спортқа, дене жаттығуына жақын, денсаулыққа, қан айналымының жақсаруына пайдалы. Психологиялық салдарын алсақ, би жалқаулық пен көп сөздiлiктен арылтады, қайраттылыққа, шапшаңдыққа, тәртiптiлiкке, еңбекқорлыққа, яғни заман талаптарына сай мiнез-құлыққа тәрбиелейдi.
Назира НҰРТАЗИНА, тарихшы, әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дың доцентi