ТАЗША БАЛАНЫҢ ТОСЫН ТАРИХЫ
ТАЗША БАЛАНЫҢ ТОСЫН ТАРИХЫ
Алаш арысы Жүсiпбек Басығарин туралы бiрер сөз
Жүсiп Басығарин атақты би Алтыбайұлы Басығарыдан 1852-1853 жылдар шамасында, қазiргi Қызылорда қаласы маңында туған. Жасынан бiлiктi кiсiлермен дәм-тұздас, ауыз-әдеби мұраларға, жалпы рухани дүниеге жақын болып өскен ол 1880 жылы алғаш рет әкесiнiң тапсырмасымен Ташкент, Самарқан қалаларында 11500 сомға бидай сатып алып, оны су жолымен Перовскiге жеткiзiп, аштықтан күйзелген жұртшылықты аман сақтап қалған. Бұл дерек – Перовскi уездiк құжатта әлi күнге сақтаулы.
Сыр елiне есiмi танымал арғы атасы Алтыбай Көбекұлы, өз әкесi Басығара Алтыбаевтар туралы орыс-қазақ қатынастары құжаттарында, Перовскi уездiк және "История Казахстана в русских источниках ХVI-ХХ веков" атты кiтаптарда қызықты деректер кездеседi. Онда Басығаринның ұл-қыздарының аты жазылған. Сол деректе Жүсiпбектiң (1867 жылы 14 жаста екенiн нақтылаған) есiмi де бар.
Жүсiпбек Басығариннiң Перовскi қалалық училищесiн, Ташкенттегi семинарияны бiтiргенi анық. Бiрақ кейбiр зерттеушiлер өсiрiп айтып, Петербордағы университеттi бiтiрдi дейдi.
Ресейлiк құжаттарда Ж.Басығаринның орысша таза сөйлеп, жазатыны сөз етiледi. Жүсiпбек 1890-1907 жылдар аралығында Перовскi уезiне қарайтын "Кеңтүп" болысы болып тұрғанда ауыл ортасынан мешiт, мектеп салдыру, арықтар қаздырып, егiн егуге ықпалын тигiзген. Тiптi оның тапсырмасымен 10 үй арнайы ағаш еккен. Ол жәй ғана патша шенеунiгi болып қалмай, ел аузындағы аңыз-әңгiмелердi, тарихи, архитектуралық ескерткiштердi зерттеу, оларға қатысты аңыздарды жинаумен де айналысқан. Атақты зерттеушi Әбубәкiр Диваев өзiнiң 1907 жылы жазған "Көк кесене" атауының маңызы туралы" мақаласында: "… "Ақ кесене" және "Көк кесене" терминiнiң шығу тегiн айқындағым келгендiктен мен Перовскi уезiнiң қазақтары Жүсiпбек Басығарин мен сұлтан Ерәлi Қасымовқа хат жаздым. Қай уақытта мұның болғанын Басығарин айта алмады, бiрақ онша алыс емес дәуiрде қазақтар арасында Қожамқұл деген бiреудiң тұрғанын айтады. Бұл термин (кесене) Басығариннiң айтуынша, парсы (қошан) сөзiнен шыққан, демек "ғимарат" деген ұғым бередi. Қазақтар болса өзiнiң қатқыл тiлiмен бұл сөздi "кесене" деп атаған. "Көк" қосымшасы ғимаратқа сол түске боялғаннан қосылған болуы керек, өйткенi "көк" қазақ тiлiнде де осы ұғымды бередi" деп жазыпты. Бұл сөздерден Басығариннiң халық ауыз әдебиетi мен араб, парсы тiлдерiнен мол хабардар болғанын аңғарамыз.
Түркiстан генерал-губернаторы (патша ағзам атынан) Жүсiпбек Басығариндi 1901 жылдың 27 сәуiрiнде және 1906 жылы күмiс, алтын медальмен және иығына тартатын Станислав лентасымен марапаттайды. Ол патша шенеунiктерi мен жұртшылық арасында да аса сыйлы, беделдi болса керек. Өйткенi Ақмешiт (Перовскi) уезiне қатысты оқиғалар мен рулар арасында кездесiп қалатын дау-жанжалдарды шешудi Жүсiпбектен сұрайтындар көп болған. Оны "Қазақ" газетiнiң (1914 ж. 71 бет): бiр санында: "…Достиярлардың iшiнде Жүсiпбек Басығарин деген бiздiң өлкеге мәшһүр жiгiт ағасы бар, мұсылманша және орысшадан бiраз мағлұматы бар, өзi газет, журнал көп оқиды, қаламға да ұста жiгiт. Көзi ашық, көңiлi жетiк заманаға түсiнген едi, елге өрнек көрсетер деп халық көңiлiне тоқ санап жүрген кiсi едi. Достиярлардың бұл орасан жұмысын естiген бұлайғы жұрттар: "Иапырмай, Жүсiпбек қайда!" деп таңырқап қалды" – деген мақала кездеседi. "Жиен" деп қол қойған автор әзiл-шыны аралас өкпе-назын бiлдiрiптi.
"Алашорда" қозғалысына үн қосып, қазақ басылымдарына мақалаларымен қатар, өлең-жырларын жариялаған ол "Қазақ" газетiнiң алғашқы саны шыққанда басылымды құттықтаған: "Қазақ" деп ат қойылған газеттiң бiрiншi номерiн осында көрiп, оқып қуанғандықтан ақындығым болмаса да бес-алты ауыз өлеңмен құтты болсын айтудан өзiмдi тоқтата алмадым", – деп жазады. Одан әрi:
"Тумаңыз құтты болсын, барлық қазақ,
Халық едiк кетпей жүрген бастан азап.
Тағы бiр жас иiске ернiң тидi,
Бағыңыз, тәрбиелеп болмай мазақ", – деп өрнектейдi.
Және бiр құттықтауды "Бiрлiк туы" газетiне де арнапты.
Орынборда (1917 ж.) өткен Қазақ съезiне делегат болып "Азамат" серiктестiгiнiң, "Шора Ислами" қоғамының мүшесi ретiнде сол кездегi қазақ қоғамындағы iргелi iстерге қатысқаны айқындала түседi.
Жүсiпбек Басығариннiң (Басығараұлы) өз кезеңiнде бiлiмдi, терең ойшыл, халықшыл азамат болғанын 1914 жылғы "Қазақ" газетiндегi "Билiк" атты мақаладан да бiле аламыз (77-78 б.б.). "…Бiздiң ойлауымызша, халықтың жол-жорасын жақсы бiлетiндер және жолдан шығып, жора бұзғандарды тексерiп, билердiң айтатын бiтiм-билiктерiн жақсы бiлетiн адамдар бұрынғы билердiң билiк айтқанын көзiмен көрген иә құлағымен естiген қазақтың қария қарттары, атасы хан болған ханзадалар, атасы би болған бизадалар. Сондықтан бұл туралы толық мағлұмат берер деп, бiз бiлетiн адамдардан ойлайтынымыз мыналар: Ахметкерей Қосуақұғлы, Бiрмұхаммед Қауманұғлы, Қожа Ахмет Оразайұғлы, Шаһангерей Бөкеев, Шәкәрiм Құдайбердiұғлы, Мейрам қажы Жанайдарұғлы, Жүсiпбек Басағаринұғлы". Елге сыйлы кiсiлердiң есiмдерi аталып, билiк, бiрлiк хақында өз ойларын ортаға салуды сұраған екен.
ХХ ғасырдың басындағы қайраткер тұлғалардың қатарынан берiк орын алған Жүсiпбек Басығарин туралы академик, жазушы Сәбит Мұқанов "Халық мұрасы" (1974 жыл, 13-б.) атты кiтабында: "Жүсiпбек Басығаринның (бiздiң ғасырдың басында жасаған адам) айтуынша, "Мақпал" оқиғасы Сырдария бойында болған" деп жазады.
Нысанбай жыраудың "Кенесары-Наурызбай" жырын даңғайыр жазушы Мұхтар Әуезов Қызылордада 1927 жылы шыққан "Әдебиет тарихы" кiтабына енгiзген. Мұқаң аса мән берген Кенесары дастанын алғаш рет ел аузынан жазып алып, баспада алғаш жариялағандардың бiрi – Жүсiпбек Басығарин болған. Ол кiсi құрастырған "Кенесары-Наурызбай" жырына редактор болған Халел Досмұхамедов: "…Нысанбай ақынның "Кенесары-Наурызбай" деген сөзiн дұрыстап, 1897 жылы Әбубәкiр Диваевқа берген Жүсiпбек Басығарұлы екен. Бiздiң естуiмiзше, Жүсiпбек сумұрын жаппас Ораз деген ақынға жаздырып алған" десе, тарих ғылымының докторы Е.Бекмаханов "Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында" атты зерттеу кiтабында (1994 ж.) "…Нысанбай жырларының Жүсiпбек Басығарин редакциялап, 1924 жылы жарияланған нұсқасында жыр текстi одан бетер бұрмаланған.
Нысанбай жырын Басығариннiң әдейi бұрмалау себебi бәрiнен бұрын оның қазақтардың халық-азаттық қозғалысын жек көрген Алашорда идеологтарының бiрi болуынан деу керек" – дейдi. Сондай-ақ бұған Алтыбай Көбеков пен зауряд-хорунжий Жанғабыл Төлегеновтердiң ауылдарын хан әскерiнiң шабуы себепкер болған деуi де – шындық. Атасын тiрiдей отқа тастап, ағайындарының зорлыққа ұшырағанын жасынан естiп өскен Жүсiпбектiң Кенесары жасақтарын қанiшерге теңемеуге пенделiк намысы жiбермесе керек. Дастанды (жырды) баспаға ұсынған (1923 ж.) Нәзiр Төреқұлов басқарма атынан жазған алғы сөзде: "Жүсiпбектiң ұлы атасы Алтыбай бидi Кенесарының қолы өлтiрген. Сонымен Жүсiпбек ақын жолынан қия шығып, Нысанбайдың жырын кiрлеген көрiнедi. Бұл мынадан көрiнiп тұр:
Өңшең бұзық қанiшер,
Қасына ерген қарашы.
Қашқан-бұсқан жиылып,
Қарашы нөкер ел болды.
Ақылы жетпей қырылып,
Ақырында қор болды", – деген сөздердi қосқан", – деп жазады. Ал Жүсiпбек Басығариннiң өзi:
"Түзеттiм Кенесары-Наурызбайды,
Мұндай боп сөз ретi табылмайды.
Маржандай жiпке тiзген реттедiм,
Сынасын сынаушылар бiздiң жайды" десе, осы кiтап қосымшасының соңында:
"Бұл айтқан кiтапшаның насихаты,
Осы деп насихаттың ақиқаты.
Мына сөз терiс деген адам болса,
Дәлелмен тисiн бiзге жазған хаты",– деп өзiнiң құрастырған "Кенесары-Наурызбай" жырының дұрыстығына шүбә келтiрмеген тәрiздi. Дегенмен Ж.Басығарин пендешiлiктен бас тарта алмаған сияқты.
Қоғам және мемлекет қайраткерi Нәзiр Төреқұловтың Жүсiпбектi ақын деп атауы орынды тәрiздi. Өйткенi1913-1918 жылдар арасында жазылған оның "Құттықтау", "Ақымақтарға", "Өлең-жыр", "Интеллигент", "Жазушыларға", "Отағасы", "Қызбалаларға", "Бозбалаларға" "Жас әйелдерге", "Ғылым мен надандықтың айтысқаны", тағы басқа өлеңдерi дәлел бола алады.
Атақты Кете Жүсiп (1873-1924):
"…Ақназар, Алданазар һәм Жүсiпбек,
Аппаз би, озық ақыл Ер Мұңайтбас" десе, Жарылқап ақын (1860-1925 ж.):
"…Жүлделi Жүсiпбек те өнерге бай,
Жасынан жарысып тұр дәрежесi" – деп, оны жүйрiктер қатарына қосқан.
Жүсiпбек Басығарин 1918 жылдың аяғында Ташкент қаласына барып, ұстаздықпен айналысады. Оның туып-өскен жерiнен қол үзуiне 1918-1919 жылдарда Ақмешiт совдепiн басқарған И.Гержод себепкер болады. Өйткенi Гержод Сыр елiнiң белгiлi тұлғалары М.Шоқай, И.Тоқтыбаев, Ж.Басығариндердiң соңына түсiп, олардың көздерiн жою үшiн қанды әрекеттер жасаған.
"Ақжол" газетiнiң 1920 жылдың 20 желтоқсанындағы "Гержодтың ылаңы" атты мақаласында авторы Ескерген: "…Алаш баласына тегiс белгiлi десе боларлық Юсупбек Басығарин отағасының өзiн қолға түсiре алмай, маңдайындағы бары – үш баласын ұстап жапқан екен. Бұларды айтушылар рас айтса, үшеуi бiр оққа тiзiлiп атылған. Ташкентте қартайғанда мұғалiмдiк қылып, мұғалiмдер курсында оқып жүрген Юсупбек ақсақал балаларының артынан көп ұзамай қайғы-қасiреттен дүниеден көштi", – деп жазған.
Жүсiпбек Басығарин "Гром и молния" атты ("Күн күркiреу мен найзағай") кiтапты оқулық ретiнде орысшадан аударған. Бұл кiтап 1923 жылы Ташкент қаласында баспадан шықты. Осы кiтапқа редактор болған Халел Досмұхамедов:
"…Бұл кiтаптағы сөздердiң жүйесi, тiзiлiсi Жүсiпбек марқұмдiкi, бұнан бiр ноқат өзгертiлген жоқ", – деп жазса, Ж.Басығарин кiтаптың алғы сөзiнде:
"…7-8 айдан берi қазақ мектебiне мұғалiм болып тұрғанымда байқадым: қазақ тiлiнде пән кiтаптарынан бiр де кiтап жоқ екен. Соның үшiн қолымнан келгенше бiрер пән кiтабын қазақтың ата тiлiне аударып жаздым. Егер мұным мағариф шорасына ұнап, бастырып шығарса, жоқтан гөрi бары игi" – деген.
Ж.Басығарин құрастырған "Тазша" атты өтiрiк сөздер, өлеңдер жинағы 1926 жылы Мәскеуде басылып, шықты.
Көптеген жинақтар мен газет басылымдарын саралай отырып, Жүсекеңнiң 1920 жылы Ташкент қаласында өмiрден өткенiне көзiмiз жеттi.
Қазақ халқының белгiлi тұлғалары және "Алашорда" басшылары болған Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, С.Қожанов, Ахмет ишан, Сералы Лапиндермен аралас-құралас, сыйлас болыпты. Олар өз кезегiнде (1923-26 ж.) Ж.Басығариннiң шығармаларының жарыққа шығуына көп үлес қосқан.
Зерттеу мен талдау нәтижесi көрсеткендей, Жүсiпбек Басығарин (Басығараұлы) шын мәнiнде қоғам қайраткерi дәрежесiне көтерiлген азамат, тұлға болған. Қазақтың белгiлi ағартушысы Ж.Басығаринге Қызылорда қаласынан көше атын берсе, нұр үстiне нұр болмақ.
Тынышбек Дайрабай, зерттеушi, этнограф