Жаңалықтар

БЕНЗИН ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

БЕНЗИН ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Жылдағы үрдiс бойынша Қазақстанда жыл басталмай-ақ, барлық тауарлар айтарлықтай қымбаттап кеттi. Соның бiрi – халық жиi тұтынатын бензин бағасы.

КӘСIПКЕРЛЕР БАҒАНЫ ӨЗ БЕТIНШЕ ҚОЯ АЛМАЙДЫ

Былтыр жыл соңында iшкi рынокты мұнай өнiмдерiмен және жанар-жағармай өнiмдерiнiң бағасын реттеудi қамтамасыз ететiн жұмыс тобының кеңейтiлген мәжiлiсiнде 2011 жылдың қаңтарына арналған жанармай құю бекеттерiндегi бензин бағаларының өсуiн тоқтатқан едi. Онда 2011 жылдың қаңтар айындағы бензин бағасы орта есеппен 2 теңгеге өседi делiнген едi. Бұл жайында Мұнай және газ министрлiгiнiң Мұнай өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi департамент директоры Қуандық Құлмырзин мәлiмдеген.

Қазiр АИ-92 маркалы бензин ең өтiмдi бензин болып саналады. Алматы қаласындағы "Гелиос" жанармай құю бекеттерiнде бұл бензиннiң бағасы 88 теңгеден 91 теңгеге өстi. Солтүстiк Қазақстан облысында АИ-92 маркалы бензиндер 88 теңгеден 92-94 теңгеге дейiн өскен. Облыстық әкiмшiлiктегiлер бұл қалыпты жағдай деп түсiндiрсе, бизнесмендер бұның себебiн мұнай өндiрушi зауыттардан тиiстi өнiм жеткiзiлмей жатқандығымен түсiндiрген. Жалпы келiсiлген келiсiмшарттар бойынша қазақстандық жанармай құю бекеттерi АИ-92 бензинiнiң бағасын 94 теңгеге дейiн өсiруге құқылы екен.

БАҒАНЫ РЕТТЕУДIҢ АМАЛДАРЫ

Өткен жылдың 3 қарашасында Қазақстан билiгi мұнай өнiмдерiнiң экспортын Кеден одағы елдерiнен өзге мемлекеттерге экспорттауды алты айға уақытша тоқтату жайлы шешiм қабылдаған. Сөйтiп мұнай өнiмдерiнiң iшкi рыногын тұрақтандыруды қолға алмақ. Кеден одағы ережесi бойынша оған мүше мемлекеттер өз бетiнше экспортты шектей алмайды. Бұндай шектеу барлық одаққа мүше елдердiң қолдауымен болуы тиiс. Қазақстан Ресей мен Белоруссияға автомобиль бензинiнiң шикiзаты болып табылатын керосин, дизель отыны және жеңiл дистилляттi экспортты 6 айға шектеудi ұсынып отыр.

Бiрақ бұл шектеу Ресей үшiн де, Беларусь үшiн де тиiмсiз көрiнедi. Өйткенi жыл сайын Беларусь кәсiпорындары өндiрген мұнай өнiмдерiнiң 60 пайыздайы экспортқа шығарылып келсе, Ресейде өндiрiлген автобензиндер мен әуе керосиндерi iшкi рынокта жоғары сұранысқа ие болғанымен, шикi бензиннiң iрi бөлiгi экспортқа шығарылады. Сондай-ақ, Ресей мұнай өндiрушi зауыттарында өндiрiлетiн дизель отынының 50 пайызы ғана iшкi рынокта сұранысқа ие. Сол себептi де бұл шектеудi алып тастау қажеттiгi туындап отыр. Өйткенi бұл – Кеден одағы елдерiнiң заңына қайшы.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЖЫЛ БОЙЫ ЖАЛҒАСАТЫН БОЛАДЫ

Мұнай және газ министрлiгiнiң өкiлдерiнiң айтуы бойынша мұнай өнiмдерi бағасының өсуi мұнымен шектелмейтiн көрiнедi. Бiздiң Кеден одағы бойынша әрiптесiмiз Ресейдiң мұнай өнiмдерi бағасымен теңестiрiле отырып, қымбаттай бермек. Оның үстiне Еуро-3, Еуро-5 стандарттарын енгiзу де бензин бағасының қымбаттауына әжептәуiр әсер ететiн болады. Өйткенi Еуро-3 стандарты бойынша елiмiзге 10 жылдан астам уақыт ұсталынған автокөлiктер енгiзiлмейтiн болса, оған жұмсалатын көгiлдiр отынның да сапасы айтарлықтай жоғары болуы керек. Демек бiзде өндiрiлетiн бензиндерге қойылатын талаптар да өзгередi. Бұл бағаның өсуiне де әсер етедi. Сарапшылар бензин бағасы шамамен 30%-ға дейiн қымбаттайды деген болжам айтып отыр.

Есенгүл Кәпқызы