Жаңалықтар

"MyKaz" ГАЗЕТI – ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ МIНБЕРI

ашық дереккөзі

"MyKaz" ГАЗЕТI – ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ МIНБЕРI

Бүгiнде Малайзия мен Қазақстан арасында саяси, мәдени-экономикалық байланыс нығая түскен. Әсiресе бiлiм беру, туризм, ақпараттық және технологиялық жағынан күрт дамып кеткен мемлекет қазақ жастарын да құшақ жая қарсы алуда. Бiр қуаныштысы, осы елдiң жоғары оқу орындарында оқитын студенттердiң саны мыңнан асып жығылады.

Малайзия мемлекетiнде бiлiм алып жатқан елiмiздiң жастары Қазақстан студенттерiнiң қауымдастығын құрған болатын. Оның төрағасы – ХЕЛП университетiнiң бизнестi басқару магистрi Абзал Оспанов: "Қауымдастықтың құрылуындағы негiзгi мақсат – студенттер арасында ауызбiрлiк пен ынтымақтастықты қалыптастыру арқылы, оларды екi ел арасындағы болып жатқан барлық қоғамдық-мәдени шараға белсене қатыстыру, жағдайы қиын студенттерге көмек көрсету, халқымыздың мәдениетi мен салт-дәстүрiн әлемге таныту, отансүйгiштiк қасиетiн қалыптастыру, екi елдiң арасындағы өзара байланысқа дәнекер болу сияқты мiндеттер", – екенiн де жеткiздi. Ал қараша айында қауымдастықтың мұрындық болуымен қазақ-ағылшын тiлiнде 16 бет болып "MyKaz" газетi жарық көре бастады. Қазiргi таңда газеттiң үшiншi саны жарық көрдi. Басылым редакторы, ХЕЛП университетiнiң бизнестi басқару магистрi Тiлек Темiрбековтiң айтуынша, Малайзиядағы тұңғыш қазақ басылымы болып саналатын "MyKaz" газетi Қазақстанда да жарық көру мүмкiндiгiне ие болды. Жарық көрген басылымның үшiншi санында "Малайзияға сапар" деген жаңа айдарда жергiлiктi елдiң мемлекеттiк құрылымы, экономикасы, жалпы халықтың тұрмысы жайлы қызықты деректер келтiрiлген. Сондай-ақ нашақорлықтың ұлт денсаулығы мен қауiпсiздiгiне төндiретiн қаупi жайында "Есiрткiге елiкпе, жас қазақ!" атты мақалада кеңiрек қозғалады. "Бұл – адамның тұлғалық қасиетiнен айырып, қоғамның интеллектуалды әлеуетiн төмендететiн, ұлттың генофондын деградацияға ұшырататын iндет", – дейдi мақала авторы Абзал Оспанов.

Д.ДҮРМӘН