АЛАУЛАТҚАН АҚ ОЙЫНДАР
АЛАУЛАТҚАН АҚ ОЙЫНДАР
Азиада келедi. Ақ қарға оранған Алаш ауылына Азиада келедi, ағайын!
Азаттық алып, айналамызға ақ пейiлiмiздi ашып тастағалы берi алыс аймақтағы елдер Алаш жұртына аңтарыла назар аударатын болды. Тарихы – таңбалы, салт-дәстүрi – сындарлы, жаны – жайсаң, жүрегi – жалаулы қазақ халқы аршынды адыммен өз еркiндiгiнiң жемiсiн жарқырата жайып сап, асқақ арманын абыроймен айғақтап жатса, мұндай елдiң барын ұмыта бастаған жұрт аңтарылмай қайтедi, алаңдамай қайтедi?!
Азияның кiндiгiнен аз уақытта Астана сияқты ертегiден келгендей әсем қала орната салған елге елiге илiкпей қайтедi?! Барынша бауырмал ақжүрек адамдар мекенi, табиғаттың бар сұлулығын бiр бойына сыйғызған, жер байлығын түгелiмен қойнына басқан бақытты елдi кiм көргiсi келмейдi?! Кiм бiле түскiсi келмейдi?! Бәрi бiлгiсi келедi, бәрi көргiсi келедi.
Бұрын картаның қай жерiнен iздейтiнiңдi бiлмейтiн елде бүгiн әлем басшыларының саммитi өтiп жатса, әлем дiндарларының жетекшiлерi қол алысып, рухани ынтымақ жолын ырғаққа келтiруге күш салып жатса, әлемдiк өнер сайыстары мен спорт жарыстары ту көтерiп, нақ осы жерде жалаулатқан жеңiстiң ғана емес, алаулатқан достықтың да буын бұрқыратып жатса, бұл елге қызықпағанда қайтедi, бұл жерге ұмтылмағанда қайтедi?!
Бұл жерде жазғы Ойындар да өткен, әлемдiк ауыр атлетика бәсекесi байрақ көтерген, боксерлар да бас қосқан. Бұл елге ендi, мiне, қысқы Азиада келедi. Қол соғыңдар, ағайын! Қазақ мерейiн тасытатын кезектi бас қосу өткелi тұр елiмiзде.
Әнеки, ауылдарды аралап, осы Ойынның алауы жүр алшаң басып аяғын. Ойынның символына айналған барыстың балпаң бас бөлтiрiгiне де көзiмiз үйренiп кеткенi қашан. Көгiлдiр экрандағы мұз айдындары мен тау жоталарында шаңғымен қалай сырғанап, конькидi қалай тебу керек екенiн үйретiп күндiз-түнi ұйқы көрмей, ұршықтай йiрiледi. Соны көрiп болашақ доданың қарқыны көз алдыңа елестейдi. Бой бермес қызу шайқас боларына сенесiң.
Сондықтан кеуде керiп, масаттанбай, қуанбай қайтесiң. Әрине, сол додада күтпеген жеңiске жетiп желпiнсек жарасар едi. Бiрақ сайыстың аты – сайыс, мүддесi – жеңiс. Онда денi сау, еркi күштi, намысы одан да басым адам тұғырға көтерiледi.
Осындайда сонау өзiмiз егемендiк алғаннан кейiн, жеке тәуелсiз ел ретiнде тұңғыш рет қатысқан 1996 жылы Харбинде өткен Қысқы Азиада еске түседi. Сонда бiз 10 алтын медаль алып, Қытайдан кейiнгi екiншi орынға көтерiлiп, төрткүл дүниенi таңғалдырған жоқ па едiк? Жапония мен Оңтүстiк Корея әрқайсысы 8 алтын медальдан алып, бiзден кейiнгi екiншi, үшiншi орынға жайғасқан едi-ау. Оны қалай ұмытарсың?!.
Бiрақ ол кезде елiмiздiң құрамасында бұрынғы Кеңес Одағының сапында болған, үлкен сайыстарда шыңдалған, тәжiрибелi спортшылар әлi де аз емес едi. Солардың пайдасы да кем болған жоқ шығар. Ал төрт жылдан кейiн Оңтүстiк Кореяның Кангвон провинциясында өткен кезектi Азиада байқауында сол 10 алтын медальмен үшiншi орынға ие болдық. Қоржынымызға сол жолы мұнан басқа 8 күмiс, 7 қола медаль түскен. Екпiнiмiз басылмаған екен. Бұл бiздiң ең соңғы жоғарғы табысымыз болды. Бұл да тақиямызға тар емес едi.
Алайда содан кейiн командалық жүлделi орын көзiмiзден бұл-бұл ұшатын болды. Биыл да Жапония мен Оңтүстiк Корея екiншi, үшiншi орындарды өзара бөлiсiп аламыз деп екiленiп-ақ отыр. Қытай бiрiншi орынды ерттеп мiнетiнiне алдын ала сенiмдi. Ал бiз болсақ, нақ осы биыл жүлделi орынға барамыз деп белдi бекем буған сияқтымыз. Лайым, Алла жарылқап, дегенiмiзге жетейiк.
Шынында, сол межеге биыл жетпесек, кейiн ол биiкке қайта қол созу оңай болмайтын шығар. Қанша айтқанмен, бұл ойындар биыл бiздiң топырағымызда өтедi емес пе? Бiздiң спортшыларымызға осы фактор қосымша күш берер-ау деп үмiттенемiз. Жанкүйерлердiң басым көпшiлiгi өздерiне қол соғатынын олар да бiледi.
Астана мен Алматыда үстiмiздегi жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында алауы жетiншi рет лапылдайтын дүбiрлi додаға Азия құрлығының қабырғалы елдерi түгел қатыспақ. Осы бәсекеде спорттың 11 түрi туын тiгiп, 70-ке тарта медальдар жиынтығы сарапқа салынады екен. Ал ендi бағыңды сынай бер. Жеңiс тұғырына жүгiн.
Жүлденiң көбi шаңғышылар мен конькишiлер жарысында анықталады. Конькиден ерлер мен әйелдер – 500, 1000, 1500, 5000 метр қашықтықта сынға түседi. Одан бөлек командалық жарыс пен масстарт бар. Шаңғыдан ерлер арасында: спринт (1,6 шақырым – классикалық жарыс), командалық спринт (1,6 шақырым – еркiн жүрiс), 4х10 эстафетасы және 10, 15, 30 шақырымдық қашықтыққа аламан жарыс. Әйелдер спринтi (1,4 шақырым – классикалық жүрiс), командалық спринт (1,4 шақырым – еркiн жүрiс), 4х5 эстафетасы және 5, 10, 15 шақырым бойынша жанкештi жүгiрiс.
Шорт-тректе 8 медальдар топтамасы сарапқа түседi. Жарыс жобасында 500 метр, 1500 метр, 3000 метр (ерлер); 500 метр, 1000 метр, 1500 метр (әйелдер) және қос эстафеталық сайыс белгiленген.
Дәл сондай мөлшерде спорттық бағдарлау тәсiлдерi бойынша да жүлделер бәсекеге түседi.
Биатлоншылар 7 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Iзге түсу (ерлер – 12,5 шақырым), спринт (ерлер – 10 шақырым, әйелдер – 7,5 шақырым), жеке жарыс (ерлер – 20 шақырым, әйелдер – 15 шақырым) және эстафета (ерлер – 4х7,5, әйелдер – 4х6 шақырым) сайыстары өтедi.
Тау шаңғысы мен фристайлдан 6 жүлдеден таратылады.
Мәнерлеп сырғанаушылар ерлер мен әйелдердiң жекелей сыны, жұптық сырғанау және спорттық биден өнер көрсетедi.
Шаңғымен тұғырдан секiрудiң К-95, К-125 (жеке) және К-125 (командалық) түрлерi сыналады.
Шайбалы хоккейден ерлер мен әйелдер шеберлiк байқасса, допты хоккейден жарыс тек ерлер арасында өтедi.
Ақ Азиаданың ашылу салтанаты 30 қаңтарда Астанадағы Орталық стадионда өтсе, жабылу салтанаты 6 ақпанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткiзiледi.
Сөйтiп апта бойы Астана мен Алматыдан Алаш жұрты ғана емес бүкiл әлем ақ Азиаданың байрақты бәсекелерiн тамашалайды. Бiрiмiз жарыс жолдарының жиегiнде тiкелей бақыласақ, екiншiмiз кәдiмгi қажымайтын көгiлдiр экран арқылы өз үйiнiң диванында жатып көредi. Қандай қуанышқа кенелiп, қандай ләззат аламыз – оны жарыс жолдарына түскен қыздар мен жiгiттер көрсетедi.
Қазiр бiздiң егемендi елiмiзде қысқы спорттың қай түрiнен болса да жүлделi орын алуға мүмкiндiк мол. Әйгiлi Медеуiмiз бар. Әлемдi тамсандырған рекордтық көрсеткiштер туған, берекелi мұз айдыны. Шымбұлақ шатқалы шаңғышылардың жаңа жетiстiктерге жетуiне демеу болады деп сенемiз. Тау шаңғысы үшiн бұл жерде жүйелi жолдар салынған. Алатау бөктерiнде бұрын болмаған биатлон стадионы салынды. Одан бiз жаңа Бьерндалендер мен Нойнерлерден жаңа жеңiстердi күтемiз.
Алматыдағы жаңадан салынған қос трамплин бiздiң ғана қуанышымыз емес, бүгiн оған бүкiл әлем назар аударып отыр. Әлемдiк тұғырдан секiру федерациясы кубок жарыстарын Алматыда өткiземiз бе деген үмiттен де аулақ емес.
Бұл – әрине, даңқы арта түскен бiздiң туған топырағымыз үшiн үлкен абырой. Тек жерлестерiмiз сол жарыстардың шыңынан көрiнiп жатса, қандай мәртебе. Сол жеңiстiң басын биылғы Азиада көрсетуi керек.
Бiздiң спорт шаруашылығын жүргiзiп отырған мамандарымыздың айтуларына қарап, сондай жеңiске көп ұзамай куә боламыз-ау деген жылы үмiт кеудемiзде ұялағаны қашан. Бiрақ осындай үлкен жарыстар алдында екпiндi уәде берiп, билiктегiлер бiз бейбақты дәмелендiрiп қояды да, жарыс аяқталған тұста көбiмiз жерге қарап қалатынымыз соңғы жылдары дағдыға айналып барады. Сондықтан сорлы кеудеде күмән да аз емес.
Мен өзi – қысқы ойындардан әлемдiк жарыстарды жiтi қадағалап отыратын жанкүйерлердiң бiрiмiн. Сондықтан шаңғыдан (Полторанин, Черепанов, Чеботько, Малахова, Коломина, Яцкая…), биатлоннан (Лебедева, Кенешов, Хрусталева, Савицкий, Можевитина), мәнерлеп сырғанау (Тен), шайбалы хоккей, допты хоккей, шорт-трек сияқты спорт түрлерiнен әжептәуiр үмiт күтем.
Ал ең жақсы көретiн трамплиннен үмiттен гөрi күдiгiм басым. Өзiм ұнататын Радик Жапаров соңғы жылдары тоқырауға ұшыраған сияқты. Бұрын осы баладан бiрдеңе шығар-ау деп сенетiн едiм. Қазiр түсiнбей қалдым. Табысқа масайрап, басы айналып жүр ме, әлде бапкерi болмай бабына келе алмай әуре ме, әйтеуiр қазiр оған көңiлiм толмайды. Өзiм үзбей көретiн әлем кубогының жарыстарында көбiне iрiктеу сайыстарынан да өте алмай қалып жүр.
Ендi бiр қарным ашатын жерi – осы қысқы спорт түрлерiнен қандас бауырлардың бой көрсете бермейтiнi. Қазақ елi деген жерде жарыс өткiзiп, оған жүзден астам жүйрiк қосып, сол елдiң бiр төл баласы медаль алғанына өзге жұрт куә бола алмаса, бұл кiмнiң намысына тиюi керек? Қазақ намыссыз ел емес едi ғой. Неге бiз қазақ жастарын спорттың осы түрiне дендеп баули алмаймыз?
Алтай мен Үстiрттiң, Алатау мен Қаратаудың, Ұлытау мен Көкшенiң қай қойнауына барсаң да алты ай бойы қар жамылып жатқан Алаштың апайтөс өлкесi алдыңнан шығады. Қысқы спортпен айналысуға Қазақстан жастарының мүмкiндiгi жоқ деп айтуға кiмнiң аузы барады? Қазақ баласы қысқы спортты қаламайды деп кiм айтады? Олай болса, бiздiң осы саладан тыс қалуымызға не себеп, мұнда не гәп бар? Бiздiңше, мәселе бұл iспен шұғылдануда ғана.
Бұрын бұл мәселеге батыл бара алмайтынбыз. Өйткенi ашығын айту керек, тiрлiктiң құйқалы саласы саналатын спортты өзге ұлттар билейтiн. Сондықтан олар жергiлiктi ұлт өкiлiн оған тартуға мән бермейтiн. Ал қазiр кiм осыған кедергi болып отыр? Менiңше, еш кедергi жоқ. Мен қазақ жастарын намыссыз деп айта алмаймын. Ол өзiн 1986 жылдың 16 желтоқсанында әлемге ақаусыз танытқан. Намыссыздық – сол көтерiлiстi басқан билiкте. Бүгiн сол билiкте қазақтардың өзi отыр. Қарғайын десем жалғызым…
Өкiнiшке қарай, соларда ұлттық сана қалыптаспаған. Оларға мына бiздiң сүйiктi Отанымыз ұлтсыздардың Отаны болса тiптi жақсы сияқты. Әсiресе, спортта. Бұрыннан әзiр тұрған адамдарды, тiптi жалдап алған жолбикелердi аренаға шығару оңай. Оларға жедел жеңiс қажет, бүгiнгi қол жеткенге риза. Сол үшiн ақшаны да аямайды. Ал асықпай бесiктен бастап өз ұрпағыңды тәрбиелеп шығару – оларға үлкен машақат. Бiр теңге бөлiнсе де ерiнбей ауылға барып, осы салаға бейiм бала iздейiншi дейтiн пенде жоқ. Билiктегi атқамiнерлер тобын айтып отырмын. Әйтпесе ел iшiнде дарын жоқ дегенге кiм сенедi.
“Ел iшi – алтын қазына” дейдi дана халқымыз. Ия, ел iшi – ерге бай. Әлемдiк аренада елiмiздiң даңқын шығарып келген қайбiр спорт тарланын алып қарасаңыз да оның ауылдан шыққанына куә боласыз. Сондықтан да ұлттық кадрды елден iздеу керек. Өйткенi қазақтың қаймағы – әлi елде. Ұлттық санасы ояу басшы мәселенi төтесiнен осылай қояр болар. Кәнi, қайсың барсың? Қолға түскен қаржыны ауылға тартайық. Сонда алтын тұғыр әрқашан сенiкi болады! Бұл – келешектiң жұмысы дейiк.
Ал әзiрше бүгiнге дейiн әзiрленген қабiлеттi ұл-қызымызды ауылымызға келген Азиаданың ақ жолына салайық, маңдайы ашық Алаштың омырауын алтын алқа аймалап жатсын! Жанкүйердiң сезiмiн шаттық оты алаулатып жатсын!
Садықбек ХАНГЕЛДИН